Қазақ әдебиетін сатирасыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені әдебиетті сынмен түйреу арқылы, оны алға сүйрейтінімізді әсте естен шығармағанымыз абзал.
Қазақ сатирасына қамқорлық қажет!
1,962
оқылды

Сол секілді сатирасыз қоғам да дамымайды. Себебі қоғам мен адамды сын-сықақ пен әзіл-әжуа арқылы келеке етіп, келемеждеп, түркілеп отырмасаң, еркінсіп, есінеп, қалғып кетеді немесе ауруы асқынып, ажалы ерте жетеді. Кезінде хакім Абай да өлеңге қатысты өзінің сын-пікірлерін айтқан. Сондықтан сатира қоғам мен әдебиеттің дамуына қалтқысыз қызмет етеді деуге толық негіз бар.

– Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді, – дейді академик Зейнолла Қабдолов. Бұл пікір біздің жоғарыда айтқан сөзімізді қолдап, қуаттай түседі.

«Күнің барда – күліп жүр» дейді атам қазақ. Біз күлкіден кенде қалған халық емеспіз. Әзіл-қалжың айтуға келгенде, біздің алдымызға түсетін ел жоқ. Әсіресе астарлап айтуға, мысқылдауға ұстамыз. Қамшы салдырмаймыз. Мәселен, нағашы мен жиен, жеңге мен қайны, құда бала мен құдаша, құрдастар мен құрбылар, әріптестер арасындағы әзілдерді алып қараңызшы, тұнып тұрған қалжың-қылжақ емес пе?! Сондықтан да «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп кез келген адаммен еркін әзілдесеміз. Ойнап болса да ойымыздағыны айтамыз.

Қазақ оттан да, шоқтан да, соттан да қорықпайтын халық. Бірақ елге күлкі болудан қатты қорқады. Оны өлімге теңейді. Қазақ сатирасының көрнекті өкілі Сейіт Кенжеахметовтың «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» дейтіні – содан.

2019 жылы «Егемен Қазақстан» газеті «Қалың қалай, қазақ сатирасы!» атты дөңгелек үстел өткізіпті. Оған қазақтың бір топ сатира сардарлары мен сарбаздарын шақырыпты. Сол жиында сықақшыларымыз «Қазір памфлет, эпиграмма, фельетон сынды жауынгер жанрлар жоқ» деп құрғақ шөппен ауыз сүртіпті. Қазақ баспасөзінде памфлет жанрының қара көрсетпей жүргені рас. Бірақ фельетон мен эпиграмма жоқ дегенге келісе алмаймын. 1999 жылы «Жас Алаш» газетінің «Біртүрлі бет», 2004 жылдан бастап, Астанаға көшіп кеткенге дейін «Айқын» газетінің «Жатыпатар» сатиралық қосымшасының редакторы болдым. Ара-арасында «Дала мен қала» газетінің «Қисық қоржын», «Айқап» газетінің «Қисық ине» атты беттерін жүргіздім. Сол басылымдардың бәрінде там-тұмдап болса да фельетон мен эпиграммалар жарық көріп тұрды. Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-байтақ даламыздың барлық аймағынан тұрақты авторлар бар еді. Олардың еңбегін қалай жоққа шығаруға болады?!

2003 жылы «Ара» журналы жарыққа шықты. Кейін ол «Айқын» газетінің қосымшасы болды. Сонда журналдың да, қосымшаның да әрбір нөмірінде Көпен Әмірбектің, Мұхтар Шерімнің, Кемелбек Шаматаевтың, Үміт Зұлхарова және менің фельетондарым жиі жарияланатын. Мұны неге ұмытамыз?! Ал эпиграмма бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып келеді. Менің бірнеше кітабыма эпиграмма және пародия жанрында жазылған шығармалар енгізілді. Дәл осы фельетон, эпиграмма, пародия жанрында қалам тербеп жүрген Александр Алхан, Күләш Керімбекқызы, Төреғали Тәшен, Кәдірбек Құныпияұлы, Асхат Қылышбек, Үміт Зұлхарова, Олжас Қасым тағы басқа авторларды неге ескермейміз?! Олар не, тоқалдан туып па? Осы жиында тағы бір сықақшы ағамыз: «Қазір газеттердегі беттер мен бұрыштар да жоғалып кетті. Бардың өзі лайықсыз» депті. Бұл да ұшқары пікір!

«Еге­мен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» га­­­­зетінде «Бұзаутіс», «Ай­қын­» газетінде «Ара.кz», «Ана тілі» газетінде «Оспанхана» атты сатиралық беттер, ал басқа аймақтық және аудандық басылым­дарда сатиралық мүйістер мен бұ­рыштар бар. Қазақ телеарналары мен ра­дио­ларын­да сатиралық бағдарламалар мен ойын-сауықтық отаулар баршылық. Бұған «Фейсбук», «Тик ток», «Ютуб» «Инстаграм», «Телеграм» секілді әлеуметтік же­лілердегі портал, сайт, канал, парақшаларды қо­сыңыз. Олардың тұрақты автор­ла­ры, озық ойлы оқырмандары, көзі қарақты көрермендері бар. Сондай-ақ жыл сайын мем­ле­кеттік тапсырыс және демеушілер арқылы һәм ав­тор­лардың жеке қаржысымен қанша­ма сатиралық жинақтар тасқа басылып жатыр. Олардың бірін көрсек, енді бірінен хабарсызбыз. Сонымен бірге елімізде жиырмаға жуық сатиралық театрлар мен әзіл-оспақ отау­лары бар. Олардың бірі ашылып, бірі жабылып жатады. Соның өзі қазақ сатирасының өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізеді деп сенімді түрде айта аламыз. Айтпақшы, былтырдан бері Жамбыл облыстық телеарнасында «Қаламгер» атты әзіл-қалжыңға арналған бағдарлама ашылды. Бұл хабарды белгілі журналист Оралхан Дәуіт жүргізеді. Көрерменнің көзайымына айналған осы бағдарлама айына екі рет эфирге шығып тұрады.

Осы орайда 2019 жылы Арқалық қаласында сатира сардары Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі ашылғанын айта кеткеніміз абзал. Осы өнер мерекесі 2021 жылы Тобыл қаласында жалғасын тапты. Оған Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарының әзіл-сықақ театрлары қатысты. Дәл осы сияқты «Айтқыштар – Ақтөбеде» атты әзіл-сықақ байқауы Нұрлыбек Жұбатқанның ұйымдастыруымен 2002 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Бұл – жоғарыда айтылған ұшқары пікірге берілген нақты жауап.

Биылғы әдеби жыл қорытындысының өтетін жері мен уақыты және шыққан кітабын тапсыру керектігі туралы қазақ қаламгерлері толық құлақтанды.  Соған қарамастан біздің қо­лымызға екі-ақ кітап тиді. Оның бірі – Үміт Зұлхарованың «Келеке керек пе?» деп аталатын кітабы. Ал екінші кітап «Анау-мынау» деп аталады. Авторы – Самат Слямғазин. Үміттің жинағына сатиралық әңгімелер мен сықақ өлеңдер, фельетон мен тұрмыстық пародиялар, мағынасы майысқан мақалдар мен жағымсыз жаңылтпаштар топтастырылған. Негізі, Үміт Зұлхарова – қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Ол кез келген жанрда кең де көсіле жазады. Тілі мен ойы – ұшқыр, қаламы – үшкір. Көтерген тақырыптары – өзекті. Тіпті туынды та­қырыбының өзі оқырманды оқу­ға шақырып тұрады. Қане, нақты мысалға жүгінейікші. Мысалы, «Жын» ұсынған жұмыс», «Өй, бетімен кеткендер!», «Мұрындар мұңы», «Тесік тамақ», «Министрдің мәселе есебі», «Сот қанша пайда тапты?», «Кадр алмасу ойыны», «Депутат отыр партада», «Жемқорлар жыры» тағы басқа. Міне, енді осы тақырыптағы туындыларды оқымай көріңіз?! Оған сабырыңыз жетпейді. Қалай оқып қойғаныңызды сезбей қаласыз.

 

Күндіз-түні бір тынбай,

Мәселе шешкен нақтылап.

Құмар едім өзіңе,

 Келдім, міне, шапқылып.

Сынап тастап билікті,

Кейде ерлеп қаласың.

Ештеңеге килікпей,

Кейде «терлеп» қаласың.

Сенің келіп алдыңа,

Халық талай сын айтқан.

Билік келіп алдыңа

Сені талай мұңайтқан.

Айналайын, Парламент,

Бәзбіреуге арман ең.

«Үндемеген жөн-ау» деп,

Дау-жанжалға бармаң ең.

Жер сатылып жатқанда,

Жақ ашпаған Парламент.

Тілі үшін қайғырып,

Таласпаған Парламент.

Сен болмасаң маңдайым

Ашылмайды, Парламент.

Саған деген құмарым

Басылмайды, Парламент.

 

Бұл – автордың «Депутаттың ариясы» атты тұрмыстық пародиясы! Осы шығармадан-ақ қаламгердің шеберлігін байқауға болады. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген – осы! Сондықтан Үміт Зұлхарованың шығармаларын оқуға шақырамыз!

Самат Слямғазин – сықақшылардың сапына енді қосылып жатқан сатириктердің бірі. Бұған дейін оның шығармаларын оқып көрмеппін. Қолымызға тиген «Анау-мынау» деп аталатын жинағына әзіл әңгімелері мен өтірік өлеңдері топтастырылыпты. Кітапты бір деммен оқып шығып, автордың сатира жазуға ебі де, құлшынысы да бар екенін байқадық. Сөз саптасы да көңілден шықты. Ең бастысы, тілінде тікен, айтар ойында астар бар. Сатирикке керегі де – сол.

 

Тіл басқарды тасбақа,

Жылжымады масқара.

Өзі білмей мемтілді

Үйретпекші басқаға.

 

Немесе:

 

Таудан төмен – еңісте,

Қаптап өсті шемішке.

Шемішкені шақсаңыз,

Сіз сөйлейсіз немісше.

 

Айналайын шемішке,

Сөйлеттің ғой немісше.

Шыға тұра қазақтан,

Сен тидің бе неміске?!

 

деп ой қорытады автор сатиралық өтірік өлеңдерінде. Тәуелсіздік алғалы бері отыз жылдан асса да мемлекеттік тілдің есіктен сығалап жүргені – шымбайға батса да шындық.

Самат Слямғазин – әскери адам. Соған қарамастан сатира жазуға әбден төселіп алыпты. Алдағы уақытта қазақ сатирасының теоретигі Темірбек Қожакеевтің «Сатиралық жанрлар», «Сатира негіздері» атты ғылыми еңбектерімен танысып, жанрларды терең игерсе, Саматтан тәп-тәуір сықақшы шығарына бек сенеміз!

Жақында Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр» атты бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Бірінші томына автордың сатиралары топтастырылса, екінші томына қаламгердің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары енгізіліпті. Үшінші және төртінші томына «Жол-жөнекей» атауымен жазған шығармалары топтастырылыпты. Ал бесінші томы толық фотошежіреге арналған. Біз бұл мәліметті газетке шыққан ақпараттан алып отырмыз. Кітапты іздеп, Астана мен Шымкентке сұрау салып едік, бірақ әлі қолымызға тиген жоқ. Сондықтан бұл кітап туралы келте қайыруға тура келді.

Қазіргі қазақ сатирасының мүйізі қарағайдай сатириктерінің бірі – Мұхтар Шерім.  Өткен жылы оның «Біз ұялмаймыз» және «Ештеңенің керегі жоқ» атты екі жинағы жарық көріпті. Автордың айтуынша, бұл екі басылымға сықақшының соңғы жылдары жазылған сатиралық шығармалары топтастырылыпты. Бұл екі кітап та қолымызға тимегендіктен, жинаққа енген туындылар туралы ештеңе айта алмай отырмыз. Бірақ оның «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Мистер Мұхтар» және «Қышқыл сөз» атты сатиралық парақшалары бар. Сол жерден сықақшының шығармашылығымен толық танысуға болады.

Қазіргі қазақ сатирасы сардарының бірі – Аймұханбет Бейсембек. Бұл кісі сонау Семейде тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Садықбек Адамбеков атындағы сыйлықтың иегері. Бұған дейін «Бетің қисық болса...», «Өмірдің өзі күлкі», «Бірі – қалжың, бірі – шын», «Күлместерді күлдірген», «Қазағым-ай», «Сайтан алғыр сатира» атты жинақтардың авторы. Бұл жолы бізге «Сақ-сақ күлген сатира» атты жинағының электрондық нұсқасын жолдапты. Қаламгердің бұл жинағына сықақ әңгімелер мен өлеңдер, әзіл-қалжыңдар, эпиграмма мен пародиялар, фельетондар топтастырылған. Сайыпқыран сатириктің сықағы семсердей, тілі тікенектей, күлкісі күмістей, әзілі – әңгелектей әдемі һәм мәнді де нәрлі. Тек рақаттана оқып, ішегіңіз қатқанша күле білсеңіз болды. Сенбейсіз бе, оқыңыз!

 

Бүгіні биліктің «көгіндегілер»  –

Ертеңгі түрменің «төріндегілер».

                      ***

Пара бермей, пара алатын «креслоға» отырмайсың.

                      ***

Алдымен «баксыңды» тық,

Содан кейін басыңды сұқ!

                    * * *

Полицей бар, сот та бар,

Жазықсыздар сотталар!

                    * * *

Шайпау қатын – ердің соры.

Жемқор билік – елдің соры.

***

Бұл – мағынасы майысқан мақалдары. Ал енді тікенек сөздерін оқып көрелік.

 

Қазақ тілі   қатын балаға ұрсатын, пара алғанда «ұғысатын» тіл.

                         ***                                  

Орыс тілі  –   мемлекттік тілдің түпнұсқасы.

***                                                                                               

Қазақ тілін  «мемлекеттік тіл» дейді,                                                                                            

Ал ол тілді министрлер білмейді. 

                         ***

Жазушы – жазғанын бастыра алмайтын, бастырса – саттыра алмайтын Жазушылар одағының мүшесі.

                          ***                                                                                                            

Ақын аты дардай, гонарардан жұрдай, әкімді «Әкем»  деп «көк үйдегілерді «көкем»  деп дастан жазғыш.

                         ***

Журналист мақтап жазса – атақты болатын, сынап  жазса   «шатақты» болатын қаламгер. 

Рас па? Рас! Өзін сынай білген елдің болашағы зор.

«Күлмес ханды» күлдіретін – сатира,
 Қоғамдағы былықты білдіретін – сатира.
 Жебесінің қарауылына ілінсең,
 Жонтеріңді тілдіретін – сатира.

  Көңіліңді жаз қылатын – сатира,
  Әзілімен мәз қылатын – сатира. 
  Газет, журнал соңғы бетке бастырып,
  Гонорарды аз қылатын – сатира!

  Сатираға әуестенсең жарқыным!
  «Көк иттерден» жараланар балтырың.
  Жүрек керек, сатирикке тіл керек,
  Сөзін айтар – айталмаған халқының!

  Әй, сатира! Сатир деген – сайтансың!
  Дәл өзіңдей шындықты кім айталсын?!
  Сатирикті – қарамайтын беделің мен бетіңе,
  Сатирасын оқығанда байқарсың! 

Автордың өзі айтып тұрғандай, Аймұханбет Бейсембектің қандай сатирик екенін өздеріңіз байқаған боларсыздар!

Жоғарыда әңгіме еткен дөңгелек үстелде белгілі сықақшы Мыңбай Рәш:

– Қазаққа ғана тән юмор қазақтың бай тілімен жазылуы керек. Тілге шор­қақ адамдардың «сатира» деп жазған­дары біздің күлкімізді келтіретіні де со­дан. Қазақтың тілінен суарылған қалам­гер­ден ғана тәуір жазу шығады. Мәселен, Көпен мен Еркін Жаппаста тіл құнары бар, – деп екі-ақ адаммен шектеліпті. Сонда жаңа мен атын атап, түсін түстеп шыққан сатириктерде тіл құнары жоқ па? Бұл пікір «Жұмыртқалаған тауық көбінесе кішігірім планета туғандай қоқақтайды» дегеннің кері емес пе?! Соған көбірек ұқсайды. Негізі, үлкен адам өзінен кішінің талант-талабын танып, оған ақ жол тілеп отырғаны дұрыс қой. Сондықтан адам өзінің ғана емес, өзгенің де жетістігін көре-білуі керек. Ол үшін ол адамда үлкен жүрек, кең пейіл болуы аса қажет. Бізге осы қасиет жетіспейді.

«Жыламаған балаға емшек бермейді» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, қазақ сатирасы жыласа да, жалынып сұраса да емшек берілмейтін сәби сияқты боп қалды. Мәселен, жыл сайын, тіпті жылына екі рет әдебиеттің басқа жанр өкілдеріне түрлі бәйгелер ұйымдастырылады да атақ пен дәрежені соларға үйіп-төгіп беріп жатады. Қай жерде қандай марапат берілсе, тағы да солар алып жатады. Мүшелікке қабылдауда да осы ретпен жүргізіледі. Қазақстан Жазушылар одағында әлгі тізімдегілерден басқа қаламгер жоқ сияқты. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде Қала әкімшілігінің қолдауымен 200 кітап шықты. Бұл – керемет бастама! Бірақ солардың ішінде де сатириктердің кітабы жоқ. Міне, осы қазір біз талқылап тұрған Үміт Зұлхарованың кітабы өз қаржысымен жарыққа шықты. Басқаны қоя беріңізші, Сатира кеңесінің төрағасы боп жүрген менің өзім бұл кітапты кімдер дайындап, тізімді кімдер жасайтынынан бейхабармын. Осындай кітаптың шығайын деп жатқаны туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде неге құлақтандыру берілмейді? Қазақстан Жазушылар одағына қарасты секцияларда неге талқыланбайды? «Ерте туып, кеш қалды» деген – осы.

Осы орайда мына әңгімені айтпай кетуге болмайды. Көпен Әмірбек ағамыз қайтыс боларынан берер ай бұрын хабарласып, Бейсебай Кірісбаевтың өмірбаянымен қоса, мықты деген шығармаларынан 15 бет дайындап беруімді сұрады. «Оны қайтесіз?» деп едім, «Қазақ сатирасының антологиясына береміз» деді. «Аруақ алдындағы парызым ғой» деп, сөзге келмей дайындап бердім. Көпен ағам риза болды. Бірер аптадан кейін тағы да хабарласып, Жарасқан Әбдірашевтің эпиграммаларын дайындап беруімді өтінді. Жақаңды өзіме ұстаз тұтушы едім. Дереу мықты деген эпиграммаларын іріктеп, өмірбаянымен қоса, дайындап бердім. «Мықты екен» деп тағы да риза болды Көпекең. Содан араға бірер күн салып қайта хабарласып, 70-80 беттік шығармаларды басып беруімді сұрады. «Көпеке, менде ондай мүмкіндік жоқ. Негізі, антологияны кім дайындап жатыр, сол адам істеуі керек қой» дедім. «Семейде Аймұханбет Бейсембек деген кісі дайындап жатыр. Бірақ ол көп сатириктерді білмейді екен. Соған көмектесіп жүрмін» деді. «Көпеке, Қазақ сатирасының антологиясы неге Қазақстан Жазушылар одағының Сатира кеңесінде дайындалмайды?» деп едім, «ол жағын білмеймін» деді. Кейін сол антологияны Көпекең Үміт Зұлхароваға аманат етіп тастап кетіпті деп естідім. Сонда деймін-ау, анау-мынау емес, Қазақ сатирасының антологиясы неге қолдан-қолға көшіп жүр? Оны неге Жазушылар одағы шығармайды? Неге Одақ жанынан редакция алқасы құрылмайды? Онда ертең Қазақ поэзиясы мен прозасының да антологиясы осылай кім көрінгеннің қанжығасында кете ме? Неге осы, тағы да басқа мәселелерді Жазушылар одағы Сатира кеңесімен ақылдасып істемейді? Сонда мұндай дау болмас еді.

Темірбек Қожакеев – қазақ сатирасының теориясын жазып, негізін қалаған ғалым. Ол – ондаған оқулықтар мен монографиялардың және жүздеген ғылыми еңбектердің авторы.  Таяуда ғалымның ұлы Мадет Қожакеев екеуміз ақылдаса келе, Қожакеев энциклопедиясын шығаруды қолға алдық. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Темірбек Қожакеев атындағы сыйлық тағайындаса деген ойға келдік. Ол сыйлық Қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан қаламгерлерге берілуі тиіс. Біздің осы ұсынысымызды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басшылығы мен мүшелері қолдайды деп сенеміз.

Сөз соңында айтарым, 1956 жылы Кеңес үкіметі Сатираны қолдау туралы қаулы шығарды. Сол жылы «Ара» мен «Шмель» журналы дүниеге келді. Сол кезден бастап, сатира өсті, өркендеді, дамыды. Қай жерде қандай сын айтылса, дереу жауап берілетін. Сыннан нәтиже шығатын. Сол сияқты Қазақ сатирасына Үкімет тарапынан да, Жазушылар одағы тарапынан да қолдау қажет! Сонда ғана қазақ сатирасының көсегесі көгеріп, қадамы құтты да қайырлы болады.

«Күлкі өлмес елдің өшпес күші» дейді қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов. Сол айтқандай, біз – күлкімен өсіп, өніп, өркендеп келе жатқан елміз. Сондықтан күлкіміз барда – өлмейміз һәм өшпейміз!

Ермахан Шайхыұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы
Сатира кеңесінің төрағасы