Мемлекет басшысының жерді тиімді пайдалану үшін түгендеу жүргізу, жылдар бойы қараусыз қалған ауыл шаруашылығы телімдерін мемлекетке қайтарып, халыққа беру туралы тапсырмасынан кейін барлық облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізілді.
Өткен жылы қолға алынған осындай жұмыстар барысында Жетісу жерінде мыңдаған гектар кәдеге аспай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар екендігі анықталыпты. Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, облыс бойынша аэроғарыштық зерттеулер нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 857,2 мың гектар жердің мүлде кәдеге аспай жатқаны анықталыпты. 4 166 адам иелік етіп отырған осыншама жер не егістікке, не жайылымға пайдаланылмай, жер иеленушілерге де, егіншілерге немесе жайылым таппай тентіреп жүрген жұртқа да пайда әкелместен, мүлде қараусыз қалған. Соған қарағанда, қожайындардың да жерді игеруге шамасы келмейді. Мүмкіндігі жетпейтіндігіне қарамастан, кезінде заңды, заңсыз жолмен жекесіне шығарып алған жерді басқаларға да қимайды.
Қазір Жетісу облысында жайылым мәселесі өте күрделі. Халқының басым бөлігі ауылда жерде тұратын өңірде тұрғындардың негізгі күнкөрісі төр түлікке тіреліп тұр. Аяқты малға жазда өріс, қыста жемшөп керек. Ал ауылдар маңындағы жайылым жерлердің барлығына жуығы жекенің қолында. Кейбір елді мекендегілер күн жылысымен қауымдасып, малын жайлауға жіберіп жатады. Алайда бүгінде иен жайлаудың да көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Ауылдан шалғайдағы жайылымға мал апару өз алдына үлкен мәселе. Бірер жыл бұрын жекеменшік жері арқылы малды айдап өтуге рұқсат бермеген шаруа қожалығының иесімен халық арасында үлкен дау-дамай болғаны да есімізде. Осы орайда жоғарыда Жетісу облысы бойынша пайдаланылмай жатқан 857,2 мың гектар жердің тең жарымына жуығы немесе 401,7 мың гектары жайылым екені де біраз нәрсені аңғартса керек. Соның ішінде Талдықорған қаласының іргесінде орналасқан аудандарда жайылым мәселесі аса өзекті. Күні кеше Көксу ауданында аяқты малын бағып барар жер, басар тау таппаған Жамбыл ауылының тұрғындары тайлы-тұяғымен күре жолға шығып, Алматы – Талдықорған трассасын жапты. Бұған дейін жұрттың жайылым жайлы айтқан арыз-шағымдарын жүре тыңдап, аудан бойынша 191 субъектіге тиесілі пайдаланылмай жатқан 61,8 мың гектар жайылым болғанына қарамастан, азулы алпауыттармен алысқылары келмеген аудан басшылары оқиға орнына дереу жетіп, ашынған тұрғындардың арынын әупірімдеп жүріп, әрең басты.
Аудан әкімі Марлен Көлбаев бастаған атқамінерлер сол жерде жұртшылықпен ашық әңгіме құрды, ақылдасты. Мәселенің жай-жапсарына үңілді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде ауылдағылардың жеке аулаларында тіркелген ауылшаруашылық жануарларының аналық басына шаққандағы санына қажетті ортақ пайдаланудағы жайылым көлемі артығымен жеткілікті. Аудан әкімдігімен қосымша жерлер де белгіленген. Бүгін Жамбыл ауылындағы тұрғындар аулаларында 272 бас мүйізді ірі қара, 855 бас қой-ешкі және 22 бас жылқы болса, әр түліктің аналық басына шаққандағы қажетті ортақ пайдаланудағы жайылым көлемі 1 420 гектар екен. Ал жалпы ауылға белгіленген жайылымның аумағы – 3 044 гектар. Бұл – әкімдіктің анықтауы бойынша. Бірақ жұртшылық мұны жоққа шығарады. Қалай болғанда да, жайылым жерді барлық тарапқа тиімді пайдалануда өзара түсінбестіктер бар. Сол жерде Жамбыл ауылы тұрғындарының атынан сөз алған белсенді топ өздерінің талаптарын қойды. «Бірінші кезекте мал басына қайтадан нақты санақ жүргізіліп, қолдағы төрт-түліктің жайылымы үшін қажетті жерлер қайта қарастырылсын. Жұртпен ақылдаспастан, келіспестен, бұрын жайылым ретінде пайдаланылып келген жерлерге соқа салып, егістікке айналдыру тоқтатылсын. Қажет болған жағдайда мемлекет меншігіне қайтарылып, халықтың ортақ жайылымы ретінде бекітілсін. Суат мәселесі де күрделі күйде. Су көздері де халықтың ортақ игілігіне пайдаланылуға тиістілігі ескерілсін» деген нақты талаптарын көлденең тартқан соң аудан әкімі арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, бірер күнде мәселені заң аясында қарастырып, барлық тарапқа тиімді жағдайда шешуге уәде беріп, оның орындалуын өзі бақылайтынын айтқан еді.
Аудан әкімдігіндегілердің хабарлауынша, қазір ауыл тұрғындары мен жер иелері арасындағы түсінбестіктің түйіні тарқатылыпты. Халық наразылығынан соң ауылдың белсенділері, сол елді мекен маңындағы жерлердің басым бөлігінің меншік иесі, кәсіпкер С.Ержұманов пен аудандағы атқарушы билік өкілдері, жерге қатысы бар салалардың мамандары жиналып, жайылымдарды аралап, бұлақтың басына барып, жағдайды өз көздерімен көріп, ортақ шешімге келіпті. Анықталғаны – Жамбыл ауылы тұрғындарының қолындағы мал санына артығымен жететін жайылым бар. Мұндағы негізгі мәселе, сол жайылымдар денінің мал жаюға ыңғайсыздығы мен суатқа қатысты туындаған.
Аудан әкімі Марлен Көлбаев аймақта бұған дейін жерге қатысты ешқандай дау-дамай болмағанын айтады.
«Лабасы ауылдық округінде Жамбыл, Мәмбет, Еңбекшіқазақ және Талапты елді мекендері орналасқан. Осылардың барлығына ортақ 122 370 гектар жер бар. Оның 113 503 гектары жайылым.
Бұған дейін жерге қатысты ешқандай дау-дамай болмаған еді. Биыл Жамбыл ауылы маңындағы жерлердің басым бөлігінің иесі Ержұманов пен тұрғындар арасында түсініспеушілік туындады. Бұл 1 386 гектар кәсіпкерге 2005 жылы заң аясында өткізілген конкурс бойынша 2017 жылы тағы 200 гектар жер беріліпті. Ол мал шаруашылығымен айналысады. Барлығы белгіленген мөлшерлемелерге сәйкес. Бір ғана мәселе жемшөп жетіспейтін көрінеді. Сондықтан өзінің меншігіндегі жердің 200 гектарына арпа екпек болған. Тұрғындар ауыл маңындағы бұрын жайылым ретінде пайдаланылып келген алқапқа соқа түскелі жатқанын көрген соң айқай-шу шығарған.
Барлығын саралай келе, ортақ мәмілеге келдік. Кәсіпкер жайылымға қатысты дауға себеп болған жердің нақты шекарасы белгіленгеннен кейін ауылға қажетті бөлігін қайтарады. Қайнардан алынатын судан мал суаруға арналған арнайы суат жабдықтап береді. Алдағы сенбіде тұрғындармен бірге барып, бұлақты тазалауға келістік. Барлығы заң аясында реттеліп, құжаттар рәсімделгеннен кейін мәселе түбегейлі шешіледі», – дейді аудан әкімі.
Болат Абаған,
Жетісу облысы