Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жетістіктерімен құттықтады.
Президент Азия чемпионатының жеңімпаз балуандарын құттықтады
1,498
оқылды

«Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Бозкілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі» деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін көтере беретініне сенім білдірді.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасының қорытынды нәтижесі:

Еркін күрестен:

4 алтын – Санжар Досжан (70 келі), Дархан Есенғали (74 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі);

2 күміс – Ризабек Айтмұқан (92 келі), Юсуп Батырмурзаев (125 келі);

1 қола – Рахат Қалжан (57 келі).

Жалпыкомандалық есепте – 1-орын.

Әйелдер күресінен:

2 алтын – Жәмилә Бақбергенова (72 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі);

3 қола – Марина Седнева (55 келі), Нилуфар Раймова (57 келі), Елена Шалыгина (68 келі).

Грек-рим күресінен:

1 алтын – Ибрагим Магомедов (72 келі);

2 күміс – Диас Қален (82 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі);

5 қола – Аманғали Бекболатов (55 келі), Мұхамедәли Мамырбек (63 келі), Алмат Кебіспаев (67 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі).

Еске салсақ, 9-14 сәуір аралығында Астанада Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ересектер арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтетіні хабарланып, Қазақстан құрамасы анықталды.

Азия чемпионатында жеңген балуандардың жаттықтырушыларына да ақшалай сыйақы берілетіні мәлім болды.

Сондай-ақ  Азия чемпионатының жарыс кестесі жарияланды.