Қарағандыда қалдықтар мәселесі бұрыннан өзекті болатын. Не санитарлық, не экологиялық нормаға сай келмейтін қоқыс орындары тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып кеткендей. Облыс орталығындағы жағдай да осы. Рас, Экология департаментінде атап өткендей, ғарыштық мониторинг оң нәтиже беріп, уәкілетті органдарға жабайы қоқыс полигондарын анықтауға оңайырақ болды, дегенмен мәселе түбегейлі шешілмей отыр. Әйтсе де, Қарағанды облысы Экология департаменті өңірде жыл санап рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері азайып келе жатқанын айтады. Мәселен, 2020 жылы Қарағанды қаласында 382 рұқсат етілмеген полигон анықталған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 350-ге, 2022 жылы 162-ге дейін азайған.
– Былтыр ауданда 25-ке жуық полигон жойылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Полигондарды жою жұмыстарын экологтармен бірге жүргіземіз. Олар бізге қоқыс үйіліп қалған аумақтарды көрсетеді. Сондай-ақ әкімдік мамандары полигондарды анықтау үшін айналма жол жүргізеді. Біз Полиция департаментімен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Бірақ аудан тұрғындары қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастаудан тыйылмай тұр. Аудан тұрғындарынан көптеген шағым келіп түсіп жатыр. Қалаған жеріне қоқыс тастайтындарды жазаламай, іс өнбей-ді, – дейді Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдігінің абаттандыру және жедел басқару бөлімінің басшысы Сәбит Жансағымов.
Сондай-ақ абаттандыру және жедел басқару бөлімінің басшысы кейбір жеке сектордағылар үйлерінің жанына қоқыс жәшіктерін орнатудан бас тартатынын айтады. Осыдан кейін-ақ олардың қоқысты қайда шығаратынын түсіне беруге болатындай.
Сәуір айының басында Қарағанды облысының Экология департаменті мен Жергілікті полиция қызметкерлері арнайы рейд жүргізді. Рейд кезінде құзырлы орган қызметкерлері 20-дан астам ауыр жүк көлігімен қоқыс төккен азаматтың заңсыз әрекетінің үстінен түсті. Экология департаменті қолға түскен азаматты заң аясында жауапкершілікке тартпақ. Негізі, рұқсат етілмеген жерге заңсыз қоқыс төккендер «Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы» кодекстің 344-бабына сай жазаланады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға 50, заңды тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Өткен 2022 жыл Қарағанды облысында 745 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды. Олардың 725-і жойылған еді. Сонда да көрінген жерге қоқыс тастайтындардың әрекетіне тоқтам болмай тұр. Оның соңы қалай аяқталатыны белгілі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы