«Хабар» агенттігі көктемгі маусымға жаңа леппен, жаңаша қарқын­мен келіпті. Әрдайым жұртшылықтың көз қуанышына айналған арна теледидар саласының тың пішімін қалыптастырудан жалыққан емес. Жаңа маусымның да көрерме­ніне беретін сыйы көп.
«Хабар» агенттігі көктемгі телемаусымды тың жобалармен бастады
1,952
оқылды

Мәселен, биыл «Хабар» телеарнасы Наурызды, яғни біздің жаңа жылы­мыз­ды қарсы алудың тың теленұсқасын ұсынды деуге болады. Айрықша бастамалар мен көктемгі маусымның жаңалықтары туралы «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли мырзаның өзінен сұрап білген едік.

– Берік Уәлиұлы, біз отшашуы­мыз бен шампанымызды сайлап жаңа жылды жарым түнде қарсы алуды әдетке айналдырған едік қой, жасыратыны жоқ. Сіздер, яғни «Хабар» телеарнасы биыл жаңа жылды – Наурызды таң шапағымен қарсы алдыңыздар. Қандай мақ­сат­пен осындай қадам­ға бардыңыздар? 

– Ең алдымен баршаңызды төрімізге шыққан Наурыз ме­р­е­кесімен, жаңа жылмен құт­тық­таймын! Ырысымыз көбейіп, несібеміз артсын. Таңдайымыздан ақ, маңдайымыздан бақ кетпесін. Екіншіден, осы Наурыз мейра­мы­мен тұспа-тұс келген Рамазан айы құтты болсын, Ораза тұтқан барша жамағаттың ниеті қабыл болсын!

Көктемгі жаңаруды, түлеуді «Хабар» телеарнасы да бастап кетті. Жаңа телемаусымда кө­рер­мендерге тың жобалар, қызықты шоулар мен көрермен көзайы­мына айналған бағдарламалар­дың жаңа шығарылымдарын ұсынып отырмыз. 

Биыл жаңадан «ТаңҒажайып Наурыз» жобасын ұсындық. Ас­тана мен Түркістанды телекөпір арқылы байланыстырған бағ­дарламада Наурыз мерекесінің мән-маңызы, тойлау дәстүрі және тағы басқа да тарихи деректер келтірілді. Елдегі маңызды қо­ғамдық оқиғаларда жарқырай кө­рінген азаматтармен сұхбаттар ұйымдастырылып, театрлан­ды­рылған қойылым көрсетілді. Ән­нен шашу шашылды. Ең басты жаңалығы – Түркістандағы та­биғат аясында арнайы жасақ­талған ауылда таңды қарсы алып, жаңа күннің келуімен халықты құттықтау болды. Бұл халқы­мыз­дың ежелден келе жатқан игі дәс­түрін жаңғырту мақсатынан туын­дап отыр. Бабаларымыз күн мен түн теңесіп, әрі қарай жа­рықтың ұзаратын уақытын ықы­лым за­ман­дарда білген. Нау­рыз­дың 21-інен дайындалып, 22-інде жан­данатын тіршілік белгісі ре­тінде таң шапағын қарсы алған! Сіз жаңа дұрыс айтып отырсыз, Гри­гориан күнтізбесімен тойла­натын жаңа жылды жұрт 31 жел­тоқсан күні сағат түнгі 12-де кү­теді ғой. Ал біздің қазақы ұғымда жақсы­лық­тың бәрі таңмен, таң нұрымен, таң шапағымен келеді деген тү­сінік бар. Міне, сол се­беп­ті нау­рыздың 22-сі күні жұрт­пен бірге таңды қарсы алу рәсімін тікелей эфирде көрсеттік. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта жалғасады және басқа да азаматтар тара­пынан қызу қолдау табады деп ойлаймын. 

– Өте жақсы бастама екен. Наурыз мейрамына орай тағы қандай мерекелік бағдарлама ұсын­дыңыздар?

– Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлау жөніндегі Тұжырымдама 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет жүзеге асқан еді. Содан бері бұл жобаны еліміздің басқа аймақтары да қолданып, Наурыз мерекесін той­лаудың өзіндік үлгісіне ай­налды. Тоғыз күннің әрқайсысы игі іске, абзал амалға толы болды.

Сол дәстүрді жалғастырған «Хабар» агенттігі биыл Наурызға арналған мерекелік бағдарла­маларға ерекше басымдық берді. Мәселен, «Хабар» арнасының «Оян!» таңғы бағдарламасы Нау­рыз мейрамын Амал мерекесімен, яғни наурыздың 14-і күні сонау Маңғыстау облысындағы Отпан­таудан бастап 22 наурызға дейінгі әр күнді арнайы тақырыптармен сабақтастырды. Мәселен, Ше­жіре күні, Еңбек күні, Игі істер күні, Жоралғы күні, Ұлттық тағамдар күні, Бұқара күні болып, Ұлыстың ұлы күні дей келіп, Наурыз мейрамымен қорытын­дыланды. Айтпақшы, 22-сі күні таңды қарсы алған «ТаңҒажайып» жобасын осы «Оян» іліп әкетіп жалғастырды. Онда да салт-дәс­түріміз, ұлттық ерекшеліктеріміз дәріптелді.

Күн сайын эфирге шығатын «Айнаline» әлеуметтік бағдар­ламасы да 9 күн тақырыптарын Наурыз мерекесіне арнады. Бағ­дарламада дәстүрлеріміз дәріп­теліп, ұлттық киім мен бұ­йым­дарымыз, ырым мен тыйым­да­рымыз таныстырылды. Ұлттық таным мен құндылықтарымыз ұлықталды. 

Шымкент қаласындағы жаңа ипподромда «Ұлы қазақ ойын­дары» спорттық мега жобасы өтті. «Хабар» телеарнасы үш күнге созылған мерекелік жобаның не­гізгі сәттерін телекөпір арқылы тікелей эфирден көрсетті. 

EL ARNA телеарнасы Ұлыс­тың ұлы күні – Наурыз мей­ра­мына орай өнер жұлдызда­ры­ның қатысуымен ойын-сауыққа құ­рылған «Наурыз-Думан» теле­марафонын өткізді. Жеті сағатқа созылған бұл концерттік бағдар­ламада әуезді ән, әсерлі әңгіме, келісті әзіл, би мен күй, дәстүрлі өнер мен спорттық көріністер ұйымдастырылды. 

«Хабар24» телеарнасы да Наурыз мерекесіне орай ұйым­дастырылған іс-шараларды жаңа­лықтардан көрсетумен қатар, арна тележүргізушілерінің қаты­суымен Наурыз нақыштарын на­сихаттаған алты бейнеролик әзірлеп, эфирден көрсетіп отыр­ды. Ал жалпы алғанда, өзіңіз бі­лесіз, «Хабар24» – еліміздегі әлем­нің түкпір-түкпірінен тәулік бойы жаңалықтар тарататын жалғыз телеарна. Былтырғы Пре­зидент сайлауы кезінде де, биыл­ғы Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттар депутаттарын сайлау кезінде де үздіксіз хабар таратты. Жаңалықтардан бөлек күні бойы студияда тікелей эфирде сарап­шылармен белгілі бір тақырыптар бойынша пікірталастары толас­тамайды. Бұл өзі бір ерекше арна деуге болады. 

«Хабар» телеарнасы көрер­мендеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін мереке күндері эфир­ді ән мен күйге толтырды. Мә­селен, қайта түлеп, жаңа құ­рам­мен шыққан «Гүлдер» ансам­блінің концерті берілді. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Ару ана» мерекелік концерті, Майра Ілиясова ұйымдастырған «Жан анам» атты концерті, «Нау­рыз айы туғанда» концерттік бағ­дарламасы, Жұбаныш Жек­сен­ұлының «Жолдар, жолдар», Ұлық­пан Жолдасовтың «Сіздер үшін, арулар» ән кеші, күйші, сазгер Айбек Бекбосынның «Өне­рім саған, туған ел» күй кеші, әнші Дастан Оразбековтің «DasTOUR» шығармашылық кеші, «Хабар» арнасы арнайы тү­сірген «Наурыз келді, құт келді» концерттік бағдарламасы, Ұлыс­тың ұлы күніне орай «Наурыз» деп аталатын композитор Ринат Гайсиннің жаңа музыкалық бейнебаянының тұсаукесері де «Хабардан» көрсетілді. Осы­лай­ша, биыл «Хабар» агенттігі наурыз айының соңына дейін мерекелік эфирмен көрермендерге көте­ріңкі көңіл күй сыйлады. 

– Көктемгі маусымда көрер­менге ұсынған жобаларыңыз ту­ралы айтып берсеңіз. 

– Агенттік арналары әр мау­сымда көрермен талабына сай тың, айтары бар, сапалы жобалар ұсынады. Сонымен қатар халық жақсы қабылдаған жобалар жал­ғасын тауып жатады. Атап айтар болсам, бүгінде «Хабар» арна­сынан шығып жатқан 28 жобаның 9-ы жаңа, 19-ы жалғасын тапқан бағдарламалар. Олардың қата­рын­да көпшілік сұранысымен жалғасқан Cover show, «Бақыттың кілті еңбекте», «Бұл осылай бол­ған еді» бағдарламалары бар. Әу баста «Хабар» эфирінен шығып, кейінгі жылдары басқа арналарға кетіп қалған «Қызық Times» эфи­рімізге қайта оралды. Сондай-ақ «Алғашқы», «Құнды құжаттар», Startup kz, «Маңдай тер» сияқты тың жобалармен қатар ақпа­раттық ойын-сауық форматтағы «Ұйқым келмейді» сазды түнгі шоуының тұсауы кесілді. Бұл жо­балардың барлығы көрермен көңілінен шығып, қызы­ғушы­лығын тудырды. 

– Жаңа жобаларды дайын­дағанда көрермендердің жас ерек­шеліктері және бағдарламалардың өміршеңдігі мен құндылығы қан­шалықты ескерілді? 

– Әр жобаның өз мақсаты бар. Әр жоба белгілі бір аудиторияға бағытталады. Көрермендеріміздің жас шамасы, жынысы, әлеуметтік дәрежесі, қай көрерменді қай уа­қытта экран алдында ұстап қалуға болады деген мәселелердің бәрі мұқият зерттеледі. Бағдар­ламаны бас-аяғы жоқ, эфирге қоя сал­май­мыз. Оның бәрі қып-қызыл есеп. 

Жобалардың бірінде тарих та­разыланып, болашаққа болжам жасалса, бірі адал еңбекпен нан табуға, кәсіп меңгеруге үндейді. Сатиралық жанрда шығатын бағдарламалар да бар. Әзілмен астарлап отырып, ақиқатты айта­тын жобалар да қажет деп есеп­теймін. Осы тұста бір айта кететін мәселе бар. Былайғы жұрт эфир көңіл көтеретін жеңіл әзіл мен орынсыз күлкіге толып кетті деп жатады. Олай емес. Мен жоғарыда атап өткен тележобалардың екі-үшеуі ғана көңіл көтеретін бағ­дарламалар, өзгесі, еңбек адамы, жастар саясаты, инклюзия, жур­налистік зерттеулер мен деректі фильмдер. Көңіл көтеретін бағ­дарламалар негізінен түнгі уақыт пен демалыс күндері көрсетіледі. Оның да өз көрермені бар. Енді баланс болуы керек қой. Үнемі күңіреніп отырып, тек пробле­маларды айтпаймыз ғой.

Мысалы, «Бақыттың кілті еңбекте» бағдарламасында көпке үлгі болар кәсіпкерлер туралы сю­жеттер көрсетіледі. Кәсіпті қа­лай және неден бастауға бола­тынын, кәсіп түбі береке екенін жастар көруі керек. «Бұл осылай бол­ған еді» деректі фильмі түрлі жастағы көрерменге арналған. Кезінде қоғамды дүр сілкіндірген тарихи оқиғалар жайлы терең мағлұмат беріледі. Бұл – бола­шақта құнды мұрағат болатын жоба. «Құнды құжаттар» деректі фильмдер циклі өткеннен бүгінге дейінгі маңызды заңдық құжаттар туралы тың деректермен таныс­тырады. Студент жастар үшін, тарих ғылымымен айналысып жүргендер үшін ақпарат қамты­лады. IT саласын терең меңгеріп, ел игілігіне қажет заманауи тех­нология тізгінін ұстаған жаста­рымызды жұртқа таныстыра­тын Startup kz бағдарламасы – танымы өзгеше, өресі биік зият­кер ұрпаққа қанат бітіретін қажет жобалардың бірі. Кәсіппен айна­лысу идеясын насихаттап, көмек көрсетілетін мемлекеттік бағ­дарламалардан жұртты құлағдар ететін «Әрекет» бағдарламасының да көрерменге берері көп. Жоба қаржылық сауаттылық тақыры­бын да қамтиды. Оны көпшілікке танымал азамат, жақында Мә­жіліс депутаты болып сайланған Дәулет Мұқаев жүргізеді. Аман Та­сығанның «Алғашқы» ток-шоуы да өте әсерлі жоба. Қазақ­тың аяулы азаматтарының, бір­туар тұлғаларының өмірі жайлы мұрағат болатын бағдарлама. Талмай тер төккен адам үшін адал еңбектің нәтижесі құнды, жемісі дәмді болатынын түсіндіретін, еңбек етуді насихаттайтын «Маң­дай тер» жобасының маңызы зор. Танымал журналист Дана Нұр­жігіт пен актер Жанатбек Бай­теков жүргізетін бағдарлама ауыр­дың үстімен, жеңілдің асты­мен жүріп қана ақша табуды емес, адал еңбек ету арқылы биік жетіс­тікке жетуге үндейді. 

«Ұйқым келмейді» – кешкілік отбасымен отырып көретін ақпа­раттық-танымдық жоба. «Қызық таймс» та жастар үшін өте қызық болары сөзсіз. Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек ерекше шоу ұсынады. 

Мейрамбек Бесбаев пен Тұр­сынбек Қабатовтың Cover show жобасы да қайта жалғасты. Бұл жоба бірінші маусымда көрер­мен­нің ыстық ықыласына бөлен­генін айта кету керек. Осы сияқты өз елімізде ғана емес, шетел кө­рермендері тарапынан сұранысқа ие жобалар жалғасын табады. 

– Осы «Хабар» агенттігінің құ­рамындағы «Ел арна» деген те­леарна бар. Көбіне «Қазақ­фильм­нің» киноларын көрсетіп жатады. Осы телеарнаны өзгерту ойла­рыңызда бар ма? 

– Бұл мәселені өте орынды қозғап отырсыз. Айтпақшы, «Ел арна» телеарнасының құрылға­нына биыл 22 наурызда тура 23 жыл болды. Бастапқыдан өзде­ріңіз білесіздер, «Хабар-2» болып эфирге шыққан болатын. Кейін «Ел арна» деп атауын өзгертті. Осы «Ел арнаның» өзі бірнеше жыл бұрын жабылып, қайта ашылды. Кейінгі жылдары өзіңіз айтпақшы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бұрын түсірілген, мұрағаттарында жатқан фильмдерін, деректі фильмдерді көрсетіп келді. 

Былтырғы күзден бастап «Ел арнаның» да тамырына қан жү­гірді. Аз ғана бюджетпен көрер­мен көзайымына айналған бір­қатар тележоба жасалды. Күнде­лікті 1,5 сағат бойы тікелей эфир­де жүретін «Жаңа қадам» деп ата­латын бағдарлама бар. Со­нымен қатар былтыр арнамызға жастардың сүйіп көретін Есен Елеукеннің «Жайдарман» теле­жобасын тарттық. Бұл да көрер­мен тартуға оң септігін тигізді деп санаймын. Сонымен қатар таны­мал тележурналист Нұрділдә Ораз­дың «100 кеңес», Әсия Бағ­дәулетқызының Kinoscop, До­сым­жан Таңатаровтың «Ауыл кеші көңілді» жобалары, «Айтыл­маған тарих», «Білім жолы» сияқты жалпы саны 31 телеөнім көрерменге жол тартқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Көктемгі маусымға «Кешкі Vibe», Tik tok trend cияқты жаңа 13 жоба шығарып отырмыз. Айтпақшы, көрермен сүйіп кө­ретін Мейірбек Сұлтанханның «Кімнің есінде» жобасы да осы «Eл арна» өнімі. 

Жалпы алғанда, агенттікке қарасты үш телеарна да көктемгі маусымға тастүйін дайындықпен келді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты, патша көңілді көрер­меннің ықыласы мен талғамын ескере отырып, күзгі маусымда да жаңаша сипаттағы тың жобалар ұсынуды ойластырып жатырмыз. Және бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп те кеттік. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН