«AMANAT» партиясы мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің өңірлерге сапары жалғасып жатыр.
«AMANAT»: Ақтөбе мен Алматы облысында жайылым, өрт сөндіру, ауызсу, жол проблемасын талқылады
11,199
оқылды

Осы аптада партиялықтар Ақтөбе және Алматы облыстарына барды. Барлығы 4 ауылдық елді мекен қамтылып, 200-ден астам адам қабылданды.

Ақтөбе облысының Алға ауданында аманаттықтар 40-қа жуық азаматты қабылдады. Қарахобда ауылында инфрақұрылым, кәсіпкерлерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғын үй құрылысы мәселелері көтерілді. Жайылым жердің тапшылығы да тұрғындар үшін өткір мәселе болып отыр.

 

«Жер тапшылығы мәселесі бүкіл ел аумағында өте өзекті. Ауыл тұрғындарының көпшілігі өз малын көбейткісі келеді. Бірақ оған жағдай жоқ. Бізге мал жаюға жер жетіспейді», – дейді жергілікті тұрғын Жұмамұрат Райымқұлов.

 Бұдан соң партиялықтар Алға ауданы Үшқұдық ауылына барды. Тұрғындар фермерлер үшін несие қаражаты мен субсидиялардың қолжетімділігі, медицина мамандарының тапшылығы және жалақы деңгейі мәселелерін алға тартты. 

«Ауылдың игілігі үшін жұмыс істегісі келетін жастарымыз бар. Алайда оларға жағдай жасалмаған. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа жаңадан орналасқан жас мамандарға көтерме жәрдемақы мөлшерін көбейтсе жақсы болар еді. Сондай-ақ  оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Сонда жастар қалаларға ағылмайды. Бұл әрі ауылдың өмірін жандандырар еді», – деді ауыл тұрғыны Индира Досқалиева.

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында 90-ға жуық адам қоғамдық қабылдауға келді. Олар көтерген ең өзекті мәселелер: мектептер мен балабақшалар салу, ауызсумен қамтамасыз ету және республикалық маңызы бар жолдарда бейнебақылау камераларының болмауы. Жергілікті тұрғын Айнұр Құмаева Алматыға автобустар тұрақты қатынамайтынына және олардың нақты кестесіз жүретініне шағымданды. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Шайдан Ноғайбаев өрт сөндіру бөлімін ашуды өтінді.

«Қауіпсіздікке немқұрайды қарағаннан қаншама қайғылы жағдайлар болады. Егер төтенше жағдай бола қалса немесе тұрғын үйдегі сымдардың тұйықталуынан күтпеген оқиғалар болса, өрт сөндірушілер бізге қанша уақытта жетеді? Ауылымыз үлкен, сондықтан бізге өрт сөндіру бөлімі керек», – деді Ш.Ноғайбаев.

 

Аталған ауданға қарасты Тұздыбастау ауылының 80 тұрғыны өз ұсыныс-пікірін аманаттықтарға жеткізді. Мәселен, көпбалалы ана Айжан Айтқажанова көшеге жарық шамын тарту мәселесін шешуді өтінді.

«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов көшпелі мобильді топтардың басты міндеті –тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті. 

«Былтыр 740-тан астам мобильді қоғамдық қабылдау өткізілді. Оның барысында 1 мыңға жуық ауылдық елді мекен қамтылып, 7,5 мыңға жуық өтініш қабылданды. Бұл өтініштердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарға жер учаскелерін, жайылымдар мен шабындық алқаптарын беруге – 29%, жолдарды күрделі және орташа жөндеуден өткізуге – 17%, абаттандыру, инфрақұрылым жүргізу және ауылдарға газ тарту мәселелеріне – 16% қатысты болды», – деді ол.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын.  

Еске сала кетейік, қазақстандықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады: 

Сall-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); 

 

WhatsАpp: 8 700 800 4441; 

 

E-mail: komek@amanatpartiasy.kz. 

Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.

Сонымен бірге партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.