Солтүстік Қазақстан облы­сында мүмкіндігі шектеулі жандардың қордаланған мә­селелері жетерлік.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңы көп
867
оқылды

Мәселен, тұрғын үйге қатысты түрлі қиын­дықтары, мүгедектік то­бы­мен келіспеушілік, оңалту орталықтарының жоқтығы сияқ­ты жайттар кезігеді. Олар­дың басым бөлігін жа­рым­жан адамдар өз бетінше шешуге қауқарсыз. Сондық­тан көмек сұрап «AMANAT» партиясының қоғамдық қа­был­дауына жүгінушілер қа­тары қалың. 

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық фи­лиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен тақырыптық қабылдауға келушілердің қарасы қалың. Олардың көтерген мәсе­лелері де әртүрлі. Біреулері жеке басының қиындығымен бөліссе, басқалары қоғам өміріне қатысты түйткілдерді көтерді. 

Олардың айтуынша, әсіресе мүгедектік алу қиын және берілген мүгедектік тобымен келіспеушілік көп. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын Ольга Осло­пова науқас ұлы Григорийдің мү­гедектігі алынып тасталғанына үзілді-кесілді қарсы. Сап-сау жүр­ген бала 2012 жылы басынан әткеншек соққысының салдары­нан жарымжан болып қалған көрінеді. Қайғылы оқиғадан соң балаға берілген мүгедектік биыл сараптама қорытындысы бойын­ша алынып тасталыпты. Бірақ ана­сының айтуынша, Григорий ау­руынан айықпаған, ұмытшақ­тығы тағы бар. Сондықтан ол ұлы­на мүгедектік тобының қайта­рылғанын өтінді. Жалғызбасты ана аурушаң баласына күтім қажет болғандықтан, жұмысқа да шыға алмайтынын, тіпті оны үйде жал­ғыз қалдырып кету қауіпті екенін алға тартты. Бүгінде ол ұлының мүгедектегі үшін төленетін тиын-тебеннен де қағылып, мүлдем та­быссыз қалған. Тіпті, баласын аудандық, облыстық аурухана­ларға, департаменттің сарапта­масына апару үшін жолақысына қаражат табу қиын. Толық емес отбасын таныстары тек жақсы жағынан ғана сипаттап, қолайсыз отбасылардың қатарына жат­қызуға әсте болмайтынын атап айтты. Анасы Ольга Васильевна балаларының үсті-басын үнемі тап-тұйнақтай етіп, екеуі де мүм­кіндігі шектеулі болса да, қосымша және шығармашылық білім алуы­на көп көңіл бөледі екен. Үлкен қызы – туабітті мү­гедек. Қолының бір бөлігі жоқ екеніне қарамастан, тігіншілікті, кесте тігуді, сурет салу­ды жақсы мең­геріп алыпты. 

Ольга Ослопованың сұрағына жауап берген облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Елена Сүгірова мұның себебін баланың құжаттары жеткіліксіз болғанымен түсіндірді. 

Облыстық мәслихаттың де­путаты, журналист Юлия Пронина комиссияның мұндай шешімімен мүлдем келіспейтінін білдірді. «Менің ойымша, комиссия бірден мүгедектікті алып тастау туралы шешім қабылдамауы тиіс. Құжат­тары толық болмаса, бұл істі кейін­ге қалдыруға не басқа күнге ауыстыруға болмай ма? Баланың анасына құжаттарын түгендеп әкелуге уақыт берілуі керек еді. Бала сау емес екені көзге көрініп тұрса, неліктен істің нүктесін қою керек? Енді бұл шешімнің дұрыс емес екенін дәлелдеу үшін кү­ресуге тура келеді. Екіншіден, тіп­ті қоғамдық қабылдауға келген­нің өзінде мекемелердің толық атауын, нақты мәліметтерін айт­пайсыздар. Қабылдауға жүгінген адамға сыпайы және егжей-тег­жейлі кеңес берілуі тиіс деп есеп­теймін. Бұл кісіні тексеру және қайта куәландыру мәселесін ба­қылауға алайық», – деп ұсыныс жасады. Бірақ Елена Сүгірованың түсіндіруінше, комиссия мүше­лерінің басқаша шешім қабылдау-ға құқығы жоқ көрінеді: не бүк, не шік. 

Григорий Ослопов биыл 18 жасқа толған екен, бірақ МӘМС жүйесіне тіркелмеген әрі ешқан­дай төлем төлемеген. Сол себепті енді ауруханаға да қарала алмай­тын болып шықты. Оның бұл тө­лемдерін депутат Юлия Пронина өз мойнына алды. 

Бұл күні науқас баланың анасы тағы бір әңгіменің ұшығын шы­ғарды. Соңғы рет ауруханада жат­қанында емдеу мекемесіндегі өзге науқастар оның басын жарыпты. «Сәрсенбі күнгі төбелестен соң ба­сы жарылған баламды жұма күні ауруханадан шығарып жіберді. Аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазып едім, іс қозғаудан бас тарт­ты. Содан бері балам ауруханаға аяқ аттап басқысы келмейді», – деді Ольга Ослопова. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Аманжол Қазиев оған баласының мүгедектігін қайтару үшін сотқа жүгінуге кеңес берді. 

Тағы бір мүмкіндігі шектеулі адам Алексей Сибатров ауыр науқасқа шалдыққанына қара­мастан, оған үшінші топ берілген екен. Оның өкілі, қоғамдық 

қор төрайымы Алма Таласпаева бұл – жалғыз Сибатровтың проб­ле­масы емес екенін айтады. Департамент басшысының орын­басары Елена Сүгірова Алексей Сибатровтың мүгедектік тобы еш қиындықсыз ауыстырылатынын айтып сендірді. 

Мүмкіндігі шектеулі Ильдар Қошанов баспана кезегі келмей жатқанын айтып шағымданса, қоларбамен жүретін Дмитрий Яковенко өзіне жатақхананың үшін­ші қабатынан бөлме берілге­ніне риза емес. Жоғары қабатқа қоларбамен көтерілу үшін не лифт, не пандус жоқ. Сондықтан кіріп-шығуы қиын. Әрі бөлмеде сантехникасы да жоқ екен. Тағы бір мәселе – сексеннен асқан көр­шісі антисанитариялық жағдай қалыптастырып отырған көрінеді. Көп жылдар бойы автопаркте жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан ол бүгінде көрші-көлем­нен қайыр тілеп, тамақ сұрап жүруге мәжбүр. Бөлмесі лас, қан­дала қаптаған. Зейнетақысын жа­ратып отырған қызы әкесінің күтіміне көңіл бөлмейтін көріне-ді. Бұл жайт қоғамдық қабылдауды жүргізген Петропавл қалалық мәс­ли­хатының депутаты, мүгедек­терге арналған «Тең жол» автомек­тебінің негізін қалаушы Сәлімхан Сәбитовтың наразылығын ту­ғызды. «Зейнеткердің қызы үшін қатты ұялдым. Тіпті, зейнетақы­сын тартып алса, тым болмаса азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үйін жинастыруы керек қой. Бұл қалай? Түсінбеймін. Еліміздің Конституциясына сәй­кес, балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға тиіс. Тиісті органдар мұндай ба-лаларға шара қолдануы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет мұндай адамдарға жалғыз қалу үшін емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін баспана бөледі. Келешекте ата-анасын тастап кеткен жастар мүлдем болмайды деп үмітте­немін», – деді Сәлімхан Жанатұлы. 

6 жасар баласы қояншық ауруына шалдыққан Анастасия Григорьева-Яковлева баласына мүгедектік алу оңайға соқпағанын айта келіп, осындай балаларға ар­налған оңалту орталығы жоқ еке­нін және басқа қалаға апару үшін жәрдемақы аздығын ауызға алды. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасы бастығының орынбасары Аманжол Қазиев бұл тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, барлық өңірлерге тән мәселе еке­нін алға тартты. Солтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігінің Жұмыс-пен қамтуды үйлестіру және әлеу-меттік бағдарламалар басқармасы бас­шы­сының орынбасары Татьяна Берес­кая оның баласын қалауы бо­йынша күндізгі немесе тәулік бойы жұмыс істейтін орталыққа ор­­на­ластыруға көмектесуге уәде берді. 

Бұл күні қоғамдық қабылдауға әртүрлі мәселемен он шақты адам жүгінді. Аманаттықтар мүмкіндігі шектеулі жандарға арнлаған қа­былдауды тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отыр. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанованың айтуын­ша, жыл басынан бері 150 шақты өтініш келіп түскен. Олардың 40 пайыздан астамы оң шешімін тапса, жартысы бойынша ақыл-кеңес берілген, 8 пайызы бойына жұмыс атқарылуда. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы