Жиынға Премьер-Министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ Парламент палаталары, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысты.
Экономиканы әртараптандыру– стратегиялық міндет
Мемлекет басшысы өз сөзінде саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын атап өтті.
– Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы жүйелі әртараптандыру – стратегиялық міндет.
Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді, – деді Президент.
Сондай-ақ Президент былтыр және жыл басынан бергі үш айдағы экономикалық көрсеткіштердің тиісті деңгейде екеніне тоқталып, Үкіметтің экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі мақсаты айқын болуын тілге тиек етті. Бұл орайда мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. Сонымен қатар Президент «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керектігіне тоқталып өтті. Бұл орайда әлеуметтік лифт сияқты кәсіпкерлерге арналған экономикалық лифт құру ұсынылды.
Жиында елдегі азық-түлік бағасының өсу қарқыны соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткені де айтылды. Ақпан айындағы инфляция 21,3 пайыз болып, шарықтау шыңына жетті.
– Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті мәселені ушықтырады деуге болады.
Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз, – деді Президент.
Агросекторды қолдауда ашықтық керек
Мемлекет басшысы өнім өндіруден дүкен сөресіне дейінгі тізбекті зерделеп, бағаның шарықтауының нақты себебін анықтау қажеттігін айтты. Қымбатшылық кезінде тұрақтандыру қорының қызметін тиімді пайдалана білуге назар аударылды. Әйтсе де, қордың қызметіне ашықтық жетіспейді. Осыдан барып ара-тұра мұндағы сыбайлас жемқорлық схемасы анықталып жатады. Жең ұшынан жалғасып, бюджет қаржысына қол салу фактілері ауыл шаруашылығын субсидиялау шарасында да байқалады. Президент 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияның тең жартысы ғана субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тигенін атап өтті. Субсидия алу кейбір пысықайларға тым қолжетімді де, қарапайым шаруалар үшін қияметке айналған.
– Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен бірге сақтау да өзекті мәселе. Мәселен, елде жыл сайын 8 миллион тоннадан астам көкөніс пен картоп жиналады екен. Сөйте тұра, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы 1,7 миллион тоннаны құрайды. Президент бұл цифрдың өзі күмән туғызатынын айтты. Оның үстіне, қоймалардың 60 пайызы салқындатқыштармен жабдықталмаған. Тағы 30 пайызының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Салдарынан қоймаларда сақталған өнімнің кейде 35, кейде 40 пайызы шіріндіге айналады.
Бұл орайда Мемлекет басшысы көкөніс сақтау қоймаларына қажетті инфрақұрылым жасақтауда, көтерме-тарату орталықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға қолдау білдіру керектігіне назар аударды. Мәселені реттеуде мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің мүмкіндігін молынан пайдалануға болады.
Сонымен қатар инфляцияны бақылау – Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті ретінде танылды. Президент мұнан бөлек отандық өңдеу өнеркәсібін дамыту, шикізатпен қамтамасыз ету, өнімді терең өңдеу мәселелеріне тоқталды.
Одан бөлек халықтың табысын арттыру, тұтыншылық несие берудің тетігін қайта қарастыру жайы да сөз болды.
– Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады, – деді Президент.
Инвестиция – игілік бастауы
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте бюджет түсімінің азаюы жайыда назардан тыс қалмады. Президент соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскенін айтты. Сәйкесінше, ендігі кезекте салықтық жеңілдік жасау мәселесіне айрықша назар аударылады.
– Жалпы, салық саясаты икемді болуы керек. Айналып келгенде бұл қатып қалған қағида емес. Ең бастысы инвестиция тартуға көңіл бөлу қажет. Қазір сыртқы нарықта инвестиция үшін ауқымды күрес жүріп жатыр. Және бізге мұнда бұғып қалуға болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында Ұлттық қорды тиімді һәм мақсатты жұмсау, экономиканы монополиядан арылту маңызды міндет екені де аталып өтті. Экономиканы монополиядан арылту жұмыстары басталды. Нәтиже байқалады. Дегенмен Үкіметтің жекелеген салалардағы монополияға мән берілгені жөн. Сондай-ақ елден заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмысының барысы да жаман.
– Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек. Барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет. Осы орайда қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді. Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз, – деді Президент.
Өткен жылы соңғы 10 жылдағы тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Елге 28 миллиард доллар инвестиция тартылды. Әйтсе де, салымның көбі тау кен өндіру ісіне бағытталады. Бұл орайда қайта өңдеу өнеркәсібіне салынатын инвестицияның көлемін ұлғайту құпталады. Инвестициялық климатты жақсарту ісінде Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да жауапты міндеттер жүктелді. Ал елге келген әрбір маңызды инвестициялық жобаларды тікелей прокуратура қызметкерлері сүйемелдемек.
Инфрақұрылымды дамыту күн тәртібінен түспейді
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында экономикамен бірге коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру маңызды мәселе. Дәл қазір республика аумағындағы жылу электр орталықтарының жағдайы мәз емес. Жылу желілерінің тозуы 54 пайызды құрайды. Кей қалаларда тозу деңгейі тіпті 80 пайыздан асып кеткен.
– Тағы бір мәселені арнайы ескерткім келеді. Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Мұнан бөлек жанар-жағармайдың бағасын көтеру, суды үнемдеу мәселелеріне де назар аударылды. Ауыз сумен бірге ағын судың тапшылығын жою да стратегиялық міндет саналады. Бұл орайда ел аумағындағы гидротехникалық нысандардың жағдайы жан-жақты зерделенгені жөн. Қазірдің өзінде 200 гидротехникалық нысанда төтенше жағдай туындау қаупі бар.
Президент өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуында абаттандыру ісінің маңызды екенін тілге тиек етті. Бұл жұмыс барлық деңгейдегі әкімдерге жүктеледі.
Сонымен қатар тұрғын үй қорын бақсарудағы МИБ институтын енгізу мәселесі де талқыланды.
– МИБ институтын енгізу бойынша реформа толық аяқталмады. МИБ пен бірге ПИК-те өз қызметін жалғастыруда. Жалпы біз МИБ реформасын жүргізуде қатты қателестік. Қазір әкімдер Үкіметпен бірге осы жағдайды реттейтін амалды қарастыруы керек. Себебі мәселе шынымен өзекті, – деді Президент.
Кеңесте сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Сол секілді білім беру саласына жаңаша көзқарас қажет.
– Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді-өзің алдау жарға жығады, – деді Президент.
Соңғы кездері жұртшылықтың үрейін ұшырған оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауды ұсынды.
Тұрақты табыс – тұрмысты тіктеудің негізі
Нәтижелі жұмыспен қамту шаралары да әлеуметтік жағдайдың бағамдаудың барометріне айналып келеді. Бұл орайда Президент жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша тоқталды.
– Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Халықтың табысын және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды басты назарда ұстаған жөн. Үкімет Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Оны іске асыруға әкімдер де белсене атсалыспақ. Сол секілді ауыл тұрғындарын агросалаға қолдау білдіретін мемлекеттік бағдарламалардан хабардар ету де – басты басымдық. Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жолдарды жөндеу ауыл тұрмысын тіктеудің алғышарты саналады.
Сөзінің қорытындысында Президент көтерілген мәселелерді реттеуді мемлекеттік басқарудағы түбейгейлі өзгерістер жасалатынын атап өтті. Бұл орайда Үкіметтің құзіретін министрліктерге, министрліктердің құзіретін әкімдерге беретін әкімшілік реформа жалғаса береді. Тұрғындарды алаңдатқан мәселелер жергілікті жерде шешілуі керек. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымының басты қағидасы осы.
– Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті.
Бүгінде Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірге Бірыңғай азаматтарды қабылдау орталығын іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының азаматтармен тікелей байланыс орнатуының стандартын құрады. Әкімдерде жергілікті жерде осындай жұмыстарды жүргізуі керек, – деді Президент.
Кеңес барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева сөз сөйледі.