Бір кездері теңізі шал­қыған Арал өңірінің тір­шілігі қайнап жатты. Сол шақта су маржанын сүзген халықтың ырзық-несібесі де мол болды. Аралдың өз порты, балық өңдеу ком­бинаты талай жанның тұр­мысын оңалтты.
Жағада қалған кемелер
1,243
оқылды

Мұражай сыр шертеді

Кеңес кезеңінде Аралдан жө­нелтілген 14 вагон балық орыс­тарды аштықтан аман алып қал­ғаны бел­гілі. Сол кез теңіздің не­сібесі ар­тып, балықшы қауымның бағы шал­қыған сәт еді. 

Тіршілігі теңізбен біте қай­нас­қан аға буын өкілдері өткенін сағынышпен еске алады. Айдында жүзген кемелер мен тіршілігі түле­г­ен теңіздің әр күнін аңыз қылып айтып отырады. 

Тарих парақтарына жүгінсек, 1962 жылы Арал айдынында 362 кеме жүзген екен. Сол жылдары теңіз жағасында 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт пен 2 ба­лық комбинаты жұмыс істепті. 

Арал суының тартылуымен ел­дің ырзығы кеміп, толағай тірліктің тамырына балта шабылды. Теңіз ұлта­нын тұзды сор басып, ақ ай­дын­ның орны тастанды кемелер зираты болды. Арал өңірі портты қаладан экологиялық аймаққа ай­на­лып шы­ға келді. 

Бір кездері ашық теңізде оңды-солды жүйткіген алып кемелер ешкімге керексіз күйде шөл далада қараусыз қалды. Бұл құбылыстың бәрі теңіз төскейінде түлеген тұр­ғындардың көз алдында өтті.

2012 жылы Арал қаласында «Ба­лықшылар мұражайы» ашылды. Бұл теңізін аңсаған тұрғылықты халық пен туристердің жиі тамаша­лайтын орнына айналды. 

Негізінен, 1962 жылы теңіз тар­тылған тұста Арал теңіз порты жа­былып, оның орнына спорт ке­шені мен алаң тұрғызылып, кө­галдандырылып, ашық аспан ас­тындағы мұражайға айналдырыл­ған. Кейін жойылып бара жатқан кемелерді осы орынға қойып, мұ­ражайдың ауқымын кеңейте түс­кен. Балықшылар мұражайы ре­тінде қайта жаңартылған орынға жеткізілген кемелердің әрбірінің тарихы да кеңінен түсіндірілген. Мұражайға қойылған әрбір кеме­нің сыртына капитандарының аты-жөні жазылған.

Музей экспозициясы Арал те­ңізінің алғашқы пайда болуы, зерт­теушілердің тағылымды тұжырым­дамаларына негізделген. Соның ішінде ашық аспан астындағы мұражайда көптеген құнды жәдігер сақтаулы. 

«Негізінен, «Балықшылар» мұражайы ХІХ ғасырдағы орыс архитектурасы үлгісінде салынған орыс көпесінің үйі. Бұл Қазан төң­керісінен соң балық тресіне бе­рілген. 2012 жылы Арал ауданы әкімінің шешімімен «Балық­шы­лар» музейі болып қайта құрылды. Музейде «Балықшылар», «Кеме­лер» залы және ашық аспан ас­тындағы музей көрмесі ұйымдас­тырылған», – деп таныстырды бізге Арал аудандық тарихи-өл­кетану музейінің «Балықшылар» музейі бөлімінің меңгерушісі Әлішер Саржанов. 

Жалпы, музей қорында 4 000-нан астам құнды жәдігер жинақ­талған. Ашық аспан астындағы музейде 4 кеме және балық шаруа­шылығына пайдаланылған бұйым­дар бар. Сондай-ақ В.Ленин сыйға тартқан токарлық станок, порт жа­ғалауындағы көтерме жүк кран­дары орналасқан. 

Теңіздің соңғы кемесі

Қазір Арал өңіріне табан ті­реген қонақтар осы мұражайға бас сұғып, теңіз тарихының өткені мен бүгініне үңіліп жатады. Музейдің кең ауласында кезінде ашық те­ңізде жүйткіген «Лев Берг», «Тө­ле­ген Әлімбетов», «Төлеген Тоқ­та­ров» атты кемелерді көруге болады. 

Соның ішінде «Төлеген Тоқ­таров» ашық теңізде ондаған жыл бойына қызмет істеген, теңіз тір­шілігі тұралай бастаған сәтте «Арал балық өндірісі» бірлестігінің ең соңғы боп тоқтаған кемесі екенін көпшілік біле бермейді. Бұл кемені мұражайға қою арқылы өз құнды­лығын жоғалтпай, сақталып тұр. 

Тарихи кеме жайында тереңі­нен зерттеп, зерделеген Арал ауда­нының тұрғыны, қаламгер Ерғали Абдулла естелігін айтып берді.

«Жалпы, бұл кеменің капи­танын іздестірдік. Нәтижесінде, кеме капитаны болған Сәндібек Әлиевтің қоңыр мұқабалы еңбек кітапшасын таптым. Еңбек кі­тап­шасында 1979 жылы 22 наурызда жылдағы үрдіспен кезекті бастау ала­тын теңіз навигациясының ашыл­мауына байланысты «Төлеген Тоқтаров» кемесінің экипажы та­ратылып, кеме капитаны осынау өндірістік бірлестіктің көп бөлі­мінің біріне жұмысқа ауысуына берілгені көрсетіліп, мөр басылған. Соған сәйкес Арал теңізінің соңғы кемесі сортаң жағалаудың қайыр құмына тоқтап, ең соңғы кеме ка­питаны капитандық формасын шешіпті», – дейді ол қолда бар де­рекке сүйеніп.

Ең соңғы кеменің капитаны болған Сәндібектің өмір жолы теңіз толқынымен тығыз байла­нысты. Жас кезінен Эстония же­рінде Балтық теңізінде болған. Әс­керден оралғаннан кейін Арал­дағы балық комбинатында еңбек еткен. Ең алғаш «Восточный» ке­месіне рөл ұстаушы ретінде орна­ласып, бертін келе нағыз теңізші болып қалыптасқан. 

1971 жылы Арал оқу комби­­натында кеме жүргізушілердің білік­тілігін көтеру курсын оқып, кеме капитаны қызметін атқару құ­қы­ғын алған. Бертін келе «Арал ба­лық өндірісі» бірлестігінің бас­шылары білімді жас капитанға сенім біл­діріп, «Төлеген Тоқтаров» ке­месінің капитаны етіп таға­йындапты.

Құрдымға кеткен кемелер

Жалпы, бүгінде ашық теңізде толқынмен алысқан алып кеме­лерде қызмет еткен капитандардың түгелі дерлік бақилық болып кет­кен. Осы тақырыпты зерделеу ба­рысында сол шақта теңіз тіршілігін көзбен көрген жалғыз куәгері, бар­жа капитаны болған, шкипер Сүлеймен Тоқпамбетовті тауып жүздестік. Бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан шкипер-капитан теңіз тақырыбын қозғағанымызда көсіліп сала берді.

«1962 жылға дейін теңізде тақ­тайдан жасалған кемелер болды. Ал мен еңбек еткен тұста темірден жасалған 150 келі тартатын алып кемелер ашық теңізге жіберілді. Бір кемеде 7 адам жұмыс істедік. Біз ауланып, қақталған балықтар­ды Ұялы, Құланды дейтін жерден ­ке­меге тиеп, Арал балық комби­­натына жеткізіп тұрдық. Жұмыс оңай болмады. Ашық теңізде кеме үс­тінде 15 күнге дейін жүретін едік», – деп теңізші қария өткен күндерін еске алды.

Теңіз ұлтаны тартылған тұста кемелердің талайы шөлді алқапқа айналған аймақта күннің астында тот басып жатты. Өңірде балық шаруашылығы тұралап, халықтың күнкөрісі де қиындады. Соның салдарынан жұртшылық жан бағу мақсатында қараусыз қалған ке­мелерді кесіп, темірге өткізуге көшті. Осылайша, теңіз тарихынан сыр шертетін көптеген алып кеме қолды болып, жойылып кетті. Тек жоғарыда айтып өткеніміздей, дер уақытында ашық аспан астындағы мұражайға қойылған 4 кеме ғана теңіз тарихынан сыр шертіп тұр.

«Теңіз тартылған тұста талай кеме қайраңда қалды. Елдің ырысы қашты. Жан бағу қиынға соқты. Жоқшылықтың зардабын тартқан жергілікті халық қиналды. Соның салдарынан теңіз орнында қарау­сыз қалған кемелерге қол сұқты. Бір кездері теңізде жүйткіген иесіз қалған алып кемелер бөлшектеліп, темірге өткізіліп жатты. Оны ба­қылауға алған жауапты орындар болған жоқ. Нәтижесінде, талай жәдігеріміз кесіліп, құрдымға кетті. Сол шақты көзбен көрген біздерге бұл өте қиын жағдай болды. Қазір теңіздің қүрғаған ұлтанында бірде-бір кеме жоқ», – деп күйінеді бұл жайында байырғы теңізші.

Сол кездері қорғансыз қалған кемелердің құрдымға кеткеніне шкипер-капитан өкінішін білдірді. Теңіз тіршілігі дүркіреп тұрған дәуірде асау толқындармен арпа­лысып, ашық теңізде жүйіткіген алып кемелерді сақтап қалу ешкім­нің қаперіне кірмегенін айтады. 1985 жылы зейнетке шыққан те­ңізші өткен өмір өрнегін әрдайым сағынышпен еске алып отырады. 

Теңіздің қазіргі ахуалы қандай?

Бүгінде Арал теңізінің аяныш­ты халі әлемді алаңдатып тұрғаны жасырын емес. Өңірде тартылған теңізді қалпына келтіруге бағыт­талған Сырдария өзенінің арна­сын реттеу және Арал теңізінің сол­түстік бөлігін сақтау жобасы жү­зеге асты. Соның нәтижесінде тұ­ралаған теңізді аймақтың тір­шілігі сәл де болса жанданғандай болды.

Теңіздің бүгінгі ахуалы тө­ңірегінде Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетовтен сұрадық.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасына орай Кіші Аралды сақ­тап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдануда. Өткен жылы «Көк­арал бөгетін сақтап қалу және Сыр­дария өзенінің атырауын қал­пына келтіру» жобасы бастау алды. Жобаны бастауға былтыр 500 млн теңге бөлінсе, биылға 1 млрд 200 млн теңге қаралды. Соған сәйкес Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қа­рашалаң-2 каналдарына меха­ни­калық тазарту жұмыстарын жүр­гізу қолға алынды. Сол сияқты Бө­ген ауылдық округінде орна­ласқан «Сарытерең» каналын қазу жұмыстары аяқталды. Бұл жұ­мыстар 1 500 гектардан аса шабын­дық аумақты суландыруға және теңіз суының тұщылану аумағын ке­ңейтуге септігін тигізетін бо­лады. Сонымен қатар ауданда «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы» бекітілді. Жол кар­тасы 3 бағытта, яғни егін шаруа­шылығы, мал және балық шаруа­шылығы бойынша жүргізілмекші. Бұл да теңізді аймақтың байырғы тіршілігіне тың серпін беретініне сенім зор», – дейді бұл жайында бізге аудан әкімі.

Қай кезде де Аралдың суы тар­тылып, экологиялық ахуалы ас­қын­ғанымен, халықтың үміті өше қоймағаны байқалады. Жергілікті жұртшылық көне жағалауда тол­қындар қайта толқып, Кіші Аралда кемелер шеруі тағы сап түзейтініне сеніммен қарайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы