16 мыңнан астам тұрғыны бар Краснояр кенті тұрғындарының саны күн санап өсіп келеді. Дегенмен талай жылдан бері халыққа қызмет еткен аурухана 2018 жылы жабылды. Тұрғындардың аурухана стационарын қайта ашу туралы өтініші де қанағаттандырылмаған.
Краснояр ауруханасы кезінде Көкшетау ауданының орталығы болған тұста бұл ғимарат аудандық аурухана ретінде қызмет көрсеткен. Аурухананың емханасымен қоса тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бөлімі, қабылдау, жедел жәрдем бөлімдері халықтың саулығына жауапты еді. Дегенмен 2018 жылы Краснояр ауруханасы жабылып, шағын емхана бөлімі мен қалалық аурухана стационарын ғана қалдыруға шешім қабылданыпты. 16 мыңнан астам красноярлықпен Зеренді ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындарына қызмет көрсеткен аурухананың жабылуына наразылық білдірген тұрғындар облыстағы салалық мекемелерге, тіпті Денсаулық сақтау министрлігіне дейін хат жолдап, аурухананы бұрынғы қалпына келтіруді сұраған. Мұнымен қоса, тұрғындар аурухананың материалдық-техникалық базасының да тозғанын айтады.
– Қазір Красноярда 16 мыңнан астам адам тұрады. Олардың арасында жоспарлы медициналық көмек қана емес, стационарлық, оның ішінде шұғыл көмекті де қажет ететіндер жеткілікті. Мұнда Краснояр тұрғындарымен бірге Зеренді ауданына қарасты Элитное, Абай, Қызыл Жұлдыз, Симферополь, Жолдыбай, Жылымды ауылдарының азаматтары да ем-дом қабылдайтын. Жалпы саны 20 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Тұрғындар медициналық көмек алу үшін соңғы бірнеше жыл бойы Зеренді ауданының орталығы Зеренді селосына қатынауға мәжбүр. Яғни, 100 шақырым жол жүреді. Ауылдағы белсенді топтың шағымын арқалап, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Жуырда облыстық қоғамдық кеңеске жазған хатымыздан кейін сең қозғалғандай болды. Ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілетін болды. Бірақ бұл біз көтерген кейбір өзекті мәселелер сол күйі шешілмеді. Салалық министрлікке, тіпті Президентке дейін хат жаздық. Әзірге өзгеріс жоқ, – дейді Краснояр кентінің тұрғыны Базарбай Абуев.
Түйінді мәселе бойынша Краснояр ауруханасының бас дәрігері Серік Қанатұлымен тілдесіп көрдік. Ол қазір Көкшетау қалалық ауруханасына қарайтын стационар жұмыс істеп тұрғанын, бірақ жоғарыдағы мәселе бойынша жауап бере алмайтынын жеткізді.
Бұдан соң толымды жауап аламыз деген үмітпен Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қалымжановпен хабарластық. Алайда алғашқыда «15 минуттан соң хабарласыңыз» деген бас дәрігермен сол күйі тілдесу мүмкін болмады.
Тақырыпты зерттеу барысында жақында Краснояр ауруханасына Ақмола облыстық қоғамдық кеңесіне жолданған шағымынан кейін екі мәрте халықпен кездесу ұйымдастырылып, облыстық денсаулық сақтау, қалалық және облыстық мәслихаттың төрағасы, басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен арнайы комиссия құрылғанын анықтадық. Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғымановтың айтуынша, жаңа нормативтерге сәйкес халық саны 100 мың адамнан аспаса, жеке аурухана болмайды. Дегенмен қоғамдық кеңес құзырлы органдар және Краснояр ауылы тұрғындарымен өткізген жиыннан кейін мәселенің шешіле басталғаны байқалады.
– 2018 жылы жаңа норматив шыққан. Соған сәйкес аурухана болуы үшін халық саны 100 мыңнан кем болмауы тиіс екен. Ал Краснояр Көкшетаудың дәл іргесінде тұр. Арасы небәрі 12 шақырым ғана. Қорғалжын ауданында 7 мыңдай ғана халық болғанымен, ол тұтас ауданға қызмет етеді. Сондықтан аурухананы бұрынғы қалпына келтіру мүмкін болмайды екен.
Қазір облыстық мәслихаттың сессиясының шешімімен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге 425 миллион теңге, медициналық қызмет ауқымын кеңейту және амбулаториялық хирургия орталығын құру мақсатында медициналық құрылғылар алу үшін 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Амбулаториялық хирургия орталығы міндетті медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде амбулаториялық көмектің қажетті қызметін көрсетеді, – дейді Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов.
Сонымен, басы ауырып, балтыры сыздаған, қайда барарын білмей дал болған тұрғындардың мәселесі әзірге шешілмей тұр. Соған қарамастан красноярлықтар соңына дейін баруға дайын. Бірақ бюджет қаражатын үнемдеуді сылтау ететін шенділер тұрғындар айтқан уәжді құлаққа ілер емес.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы