2020 жылдан бастап «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-на қарасты автобустарға Алматы қаласындағы Alem Pay компаниясы тарапынан электронды жол жүру билеті енгізілген. Сол кездері қолма-қол төлем ересектерге 90 теңге, оқушыларға 40 теңге болып бекітілді. Ал электронды төлем арқылы 85 теңге төлеуге мүмкіндік жасалатын болды.
Содан бері үш жыл уақыт өтті. Электронды төлем жүйесі енгізілгенімен, оны пайдаланушылардың қатары артты деп айтуға келмейді. Себебі тұрғындар компанияның арнайы төлем картасын сатып алуға ынталы емес. Есесіне банктердің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасаушылардың қарасы қалың. Дей тұрғанмен, қоғамдық көлік сапасы сын көтермейтін күйге жетті. Автобустар кестеге сай жүрмейді. Жолаушылар автобустарды аялдамаларда сағаттап күтуге мәжбүр. Ал сағат кешкі 19.00- ден кейін автобус тоқтап, тұрғындардың жүріп-тұруы тіптен қиындайды. Оның үстіне, қоғамдық көліктердің көбінің тозығы жеткені де жығылғанға жұдырық болып тұр.
«Қызылорда автобус паркі» ЖШС 2013 жылы құрылып, жұмысын бастаған болатын. 2017 жылы облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы үшжақты меморандумға қол қойылып, Zhongtong LCK 6105 HGC маркалы 92 автобус несиеге алынған. Парктің заманауи ғимараты бой түзеп, ішкі техникаларымен толық жабдықталған. Алайда қоғамдық көлікке қатысты түйткіл мұнымен түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Автобус паркіндегі қордаланған қарыз бен автобустардың ескіруі мекемені одан бетер тығырыққа тіреді.
Былтыр Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қосымша 150 автобус лизингтік жолмен алынды. Осылайша, серіктестік меншігіндегі ескі автобустар жаңарып, кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің бірқатары үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустарға ауыстырылды. Бірқатар жаңа бағыт ашылды.
«Бүгінде қалаішілік бағыттардағы қатынау интервалы 12-15 минутты құрайды. Автопарк меншігіндегі бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы көліктердің 40 данасы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қосымша бағыттарға қосылып, қалаішілік жолаушылар тасымалдау жұмысын жақсартуға өз үлесін қосатын болады. Облыс орталығы тұрғындарымен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету мақсатында соңғы үлгідегі қоғамдық көліктер санын арттыру жұмысы жалғасады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша 150 дана үлкен сыйымдылықтағы автобустар сатып алу көзделіп отыр. Автобустар облыс әкімінің қолдауымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке алынбақ. Автобус алу жөніндегі ұсынысқа облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп отыр. Осы арқылы ескі автобустар мәселесін шешуге иек артамыз», – деп түсіндірді бұл жайында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.
Осылайша, қаладағы ескі автобустардың мәселесі рет-ретімен шешіле бастағанымен, қоғамдық көліктің жүру кестесі әлі де өзекті болып тұр. Жуырда оған жолақы қымбаттайды деген жайсыз хабар қосылды.
Негізінен, сирек те болса жолақыны қымбаттату жайы бұған дейін де сөз болып жүретін. Бұл жолы жолақыны қымбаттату мәселесі іс жүзінде қолға алына бастаған сияқты. Серіктестік директоры жолақыны көтеру арқылы жүргіншілерді Alem pay ұсынған бірыңғай электронды төлем жүйесіне ауыстыруды көздеп отырғандарын алға тартты.
«Бүгінде ALEMPAY ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес электронды түрде төлем 85 теңге болса, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген. Жуырда қалалық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттарының І сессиясында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс берілді. Алайда электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала береді. Бұл өз кезегінде жолаушылардың электронды төлем жасауына мүмкіндік беріп, көлеңкелі кәсіптің алдын алады», – деп түсіндірді Мақсат Өмірбекұлы.
Жалпы, бүгінде серіктестіктің 201 млн теңге қарызы қалыпты. Алдағы төрт айдың шамасында қордаланған қарыздарынан түбегейлі құтылуына иек артады. Содан кейін өткен жылы алынған 150 автобустың несиесін төлеуге кіріспек. Оған алдағы уақытта алынатын қосымша жаңа автобустар бар.
Ең бастысы, серіктестік тарапынан ескі көлік мәселесі шешімін тауып, көлік қатынасы жүйеленетініне сендіріп отыр. Ал жолақы құнын көтеру жолаушыларды жаппай электронды төлем жүйесіне көшіруге бағытталған бастама екенін алға тартады. Әйтеуір, халықтың қалтасына салмақ салмай, сапалы қызмет жүйесі жолға қойылады деп сенейік.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы