Науқасқа өмір сыйлап, ұзақ ғұмыр сүруіне мүмкіндік беретін – донор
Бір адамның органы шамамен 7 жанның өмірін құтқаруы мүмкін – Ғалымжан Елеуов
Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов донорлыққа оң көзқарасын қалыптастыру керегін сөз етті. Оның айтуынша, қазір елімізде ағза трансплантациясы күрделі мәселелерінің біріне айналып отыр. Қайтыс болғаннан кейін, бір адамның органдары шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады. Яғни, біраз науқасқа өмір сыйлап, ұзақ ғұмыр сүруіне мүмкіндік беретінін айтты.
Қоғамда түрлі пікір қалыптасып жатыр. Адам ағзаларын коммерциялық сатып алуға-сатуға бүкіл әлемге қатаң түрде заңмен тыйым салынған. Ол туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеяcының 2018 жылғы 17 желтоқсанда қабылдаған қарары бар. Осы халықаралық құжатты негізге алуымыз керек. Онда адам және адам ағзаларының саудасы адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын жүзеге асыруға зиян келтіретін және адам денсаулығын елеулі зардаптарға әкеп соқтыратын қылмыстар болатынын, сондай-ақ мұндай сауданың алдын алу және тоқтату жөніндегі шараларды қабылдауға баса мән берілген.
Екіншіден, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстанның 2020 жылғы 7 шілдедегі кодекстің 209-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, трансплантациялаған кезде адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады.
Белгілі бір қылмыстық топтар адамдардың ауыр тұрмыстық жағдайын, кедейлігі мен әлсіздігін пайдалануы мүмкін. Мысалы, Пәкістанда бұл нелегалды түрде жасалған. 2009-2010 жылдары Пәкістаннан оралған 14 адам қайтыс болды. Қазір онда тірі адамдардан ағзаларды трансплантациялауға тыйым салынды. Осыған байланысты сол елдегі бүйрек трансплантациясы бойынша операциялар жертөлелерде заңсыз жүргізілген.
Жалпы, кез келген азамат өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, eGov электронды үкіметі арқылы "Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркін білдіру құқығын тіркеу" арқылы бас тартады немесе ерікті түрде келісімін береді. Осы жерде ерекше айтып өтетін жағдай, бұл құжатты ешкім көре алмайды. (Дербес деректерді қорғау кодекске және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстанның 2013 жылғы 21 мамырдағы заңының 29-бабына сәйкес жүзеге асырылады). Адам көз жұмғаннан кейін мемлекеттік мекеменің «қайтыс болды» деп диагноз қойған анықтамасынан кейін ғана донор болуға "қарсымын" немесе "келісемін" деген өтінімі көрінеді. Мұны кез келген адам білмеуі мүмкін. Сондықтан eGov арқылы әр адам жергілікті учаскелік дәрігерінен сұрап  немесе өзі таңдауын жасағаны дұрыс.
Тағы да бір ерекше тоқталатын жағдай, қайтыс болғаннан кейінгі бір адамның органдары шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады. Яғни, бұл көптеген науқасқа өмір сыйлап, ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сол үшін қоғамның донорлыққа, оның ішінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек.
Сонымен қатар трансплантациялау операциясы бұл органдардың донорлары мен реципиенттерінің құқықтарын қорғауға арналған жағдайларда жүргізілуге тиіс. Яғни, органдарды транспланттау тиісті ұлттық денсаулық сақтау органдарынан осындай қызметті жүргізуге арнайы рұқсат алған орталықтарда ғана жүргізілуін қамтамасыз етуіміз керек. Атап айтқанда, тек мемлекеттік немесе жанама мекемелерде жүргізіледі. Жанама дегеніміз мысалы, бұрын Ұлттық ғылыми орталықтар министрлікке қарайтын. Қазір ірі орталықтар университеттердің қарауында. Яғни, акционерлік қоғамдар мен коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға қарайтын медициналық ұйымдар. Ал олар мемлекетке қарайды. Сондықтан жанама деп аталады. Лицензиясы бар болса да бұл операцияны елімізде жеке медициналық мекемелерде жасауға рұқсат етілмейді.
Елімізде тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды.
Әріптес дәрігерлерімнің ұсынысы бойынша, осы комиссия құрамына денсаулық сақтау саласына қарайтын Ішкі істер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдерін қосу керек. Себебі бұл іске трансплантация жасайтын дәрігерлер қызығушылық танытады деген күдік басым. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, донор болатын адамнан сұрақ-жауап алып, дәрігерлердің емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек.
Жалпы айтқанда, донорлардың саналы және ерікті келісіміне негізделуін және тірі донорға немесе қайтыс болған донордың отбасы мүшелеріне немесе кез келген басқа жеке немесе заңды тұлғаға ақшалай құндылығы бар қандай да бір ақшалай төлемдерсіз немесе өзге де сыйақысыз болуы керек. Менің пікірім халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қажетті ағзаны мидың өлімі болған адамнан (қайтыс болғаннан кейін) алынған дұрыс деп ойлаймын. Айта кету керек, барлық адам донор болуға жарайды деп айту қиын. Себебі 100 донор болса оның 30 пайыздан астамы ғана жарамды. Ол тек төтенше өлім болған жағдайда ғана алынады. Мысалы, бас миының жарақаты, инсульт, жол апаты болса (егер де ауруханаға жетем дегенше жүрегі соғып тұрған болса).
Конституциямызда көрсетілгендей, мемлекетіміздің ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан да біз үшін әрбір адамның өмірі мен денсаулығы маңызды, дейді ол.
 
Фото:www.forbes.ru сайтынан алынды