Атап айтқанда, қазір терминқордың базасын толықтыру, оларды жетілдіру, техникалық терминдерді халықаралық стандарттарға сәйкес автоматтандырылған веб платформаларға енгізу, қазақ тілінің терминдер корпусын біріздендіріп жүйелеу, сала мамандарын даярлау шаралары өзекті бола түсті.
Бұл мәселелер Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Қазақ тіліндегі техникалық терминдерді жетілдірудің лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлары» тақырыбында өткен республикалық дөңгелек үстелдің де күн тәртібіне қойылды. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері қатысты. Ғылыми жиынға келген Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшелері, республикаға танымал терминология саласымен айналысып жүрген жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, техникалық сала мамандары, жас ғалымдар аталған тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбектің алғы сөзімен ашылды. Ұлттық ғылым академикасының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Қарлығаш Айдарбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының директоры Сәрсенбай Құлманов қазақ тіліндегі техникалық терминдерді жетілдіру, біріздендіру факторларын талқылап, мәселені шешу жолдарын ұсынды.
Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, профессор Асқарбек Құсайынов Терминологиялық сөздіктер топтамасын жасаудың маңызына тоқталса, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының профессоры Әділхан Байбатша, Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының директоры, қауымдастырылған профессоры Қанай Рысбеков сынды сала мамандары соңғы түзілген сөздіктердегі техникалық терминдердің электронды толық нұсқасы әлі күнге қолжетімсіздігін тілге тиек етіп, тез арада осы мәселенің сандық ресурсын жүйелеуді ұсынды. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Нұрлыхан Аитова осы олқылықтардың орнын толтыруда орталықтағы жүргізіліп жатқан терминологияны қамтитын ұлттық корпус жайына тоқталды.
Шараға жиналғандар ғылым тілін сапалы игеруін қамтамасыз ету үшін ЖОО-лардағы оқу бағдарламалары мазмұнына терминология бағытындағы пәндер енгізу, жоғары оқу орындарындағы Қазақ тілі кафедралары жанынан терминологиялық зертханалар шығармашылық топ ұйымдастыру, техника саласындағы ғылыми әдебиеттерде пайдаланылған терминдерге мониторинг жасау сияқты шараларға баса назар аударды. Сондай-ақ электронды терминологиялық сөздіктер жасаудың нұсқаулығын әзірлеу, техникалық терминдер базасын жетілдіру, терминжасам, терминология салалары бойынша білімі мен біліктілігін көтеретін курстар, семинар-тренингтер ұйымдастыру, ғылым салалары бойынша терминдерді жүйелеу жұмыстарын жетілдіру, кәсіби маманданған терминологтарды дайындау мәселесін назарға алу секілді ұйғарымдар жасалды.
Бұл ұйғарымдардың орындалуына Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті жауапты.
Негізінде, техникалық терминологияны қалыптастыру, заман талабына сай жетілдіру мәселесі бір күнде шешіле қоймайды. Десек те, бұл істе техника ғылымның өкілдері мен тілші ғалымдардың бірлескен қимылы арқылы жүзеге асатыны анық.
Бауыржан ЖӨНКЕШОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университеті
Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі,
профессор