Кеден дәлізі – келелі жоба

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында жеңілдетілген кеден дәлізін құру жөніндегі келісімді ратификациялау жобасын қолға алды.

 Келісім түркі тілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәлізін дамытатыны сөзсіз. Алайда бұл бастама үлкен кеден одағының қабырғасына қаланған алғашқы кірпіш деп түсініп отырғандар қатары көп. Біз сөзге тартқан мамандар осы деңгейге жету үшін жеке мүдделерді ортақ іс үшін ысыра тұру, ортақ игілік жолында мемлекеттік көптеген ішкі құжатты біріздендіру секілді қыруар жұмыс тұрғанын алға тартады. Дегенмен бұл алынбайтын асу емес. 

Кеден дәлізі құрыла бастады

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында жеңілдетілген кеден дәлізін құру туралы келісімге 2022 жылы 11 қарашасында Самарқанд қаласында ұйымға мүше мемлекет басшылары қол қойған. Ал Қазақстан Үкіметінің қаулы­сымен бекітілген келісім жобасын Қаржы министрлігі әзірлеп, «Ашық» НҚА порталында жариялады.

Былтыр қарашада Самарқандтағы жиынға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси, геоэкономи­калық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-ло­гистика жүйесі ыдырап бара жатқанына тоқталған еді. 

Мемлекет басшысы түркітілдес ха­лықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды екенін жеткізіп, шекара бе­кеттерін жаңғыртуға, «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыруға баса мән берген болатын. 

Жиында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан өз араларында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кеден­дік бақылаудың тиімділігін арттырып, оңайлатылған кеден дәлізінің дамуын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уағдаласқан еді. 

Келісім жобасын әзірлеген Қаржы министрлігінің түсіндірмесінде: «Құжат­ты ратификациялау кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату және сыртқы эко­номикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау нәтижесі ретінде, кедендік ба­қылаудың тиімділігін арттыруға және мерзімін қысқартуға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Тараптар мем­лекеттерінің аумақтары арасында өт­кізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты ақпарат алмасуды дамытуға мүмкіндік береді» делінген. 

Премьер-Министрдің орынбаса­ры – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұған дейін бір сөзінде осы құжат өзара кедендік бақылаудың тиім­ділігін арт­тыруға мүмкіндік беріп, мем­лекеттер ара­сында жүретін көліктер мен тауар­ларға қатысты мәліметтерді элек­тронды алмасу жолға қойылатынын атап өткен еді. 

– Кеден дәлізін құру арқасында бі­рін­­шіден, кедендік бақылауды жүргізу мер­­зімдері қысқартылады, оның қауіп­сіздігі артады. Екіншіден, түркітілдес мем­­ле­кеттер аумақтары арасында қоз­ға­латын көліктер мен тауарларға қатыс­ты ақпа­рат алмасу ісі дамытылады. Нә­ти­же­сінде, сыртқы экономикалық қызметке қа­ты­су­шылар, мүше елдердің экспорттау­шы­лары, импорттаушылары үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жа­салады, елдеріміз үшін кедендік бақылау рәсімдері оңай­латылады, – деді ол. 

Аталмыш құжат 26 сәуірге дейін көпшілік талқылауында болады. Кейін Үкімет ұсынысымен Мәжiлiстің қа­рауына енгiзiледі.

Айта кетерлігі, осындай заң жобасын Әзербайжан парламенті қарастырып жатыр. Наурыз айында Милли Мәжіліс комитетінің отырысында талқыланған келісім жобасы Парламент отырысының қарауына ұсынылды. 

Тауар айналымының әлеуеті жоғары

Қазақстанның сыртқы сауданың негізгі көрсеткіштерінде Түркі ұйымына мүше мемлекеттердің тауар айналы­мының жалпы көлеміндегі үлесіне көз салсақ, Қырғыз Республикасы – 0,8 пайыз, Түрікменстан – 0,3 пайыз, Өзбекстан – 3,7 пайыз, Әзербайжан – 0,3 пайыз, Түркия 4,7 пайызды иеленеді. Ұлттық статистика агенттігінің мәлі­меттеріне сүйенсек, Түркиямен байла­ныс біршама жоғары деңгейде, ол им­порт пен экспорттағы негізгі әріптес ел­дердің қатарына кіреді. Қазақстандағы импорттың үлесі – 3,2 пайыз (1,6 млрд) және экспорттағы үлесі – 5,6 пайыз  (4,7 млрд). Одан кейінгі орында Өзбек­стан тұр, экспорт – 4,4 пайыз (3,6 млрд) пен импорт – 2,6 пайыз (1,2 млрд). 

Жоғарыда келтірілген деректерді назарға алсақ, Түркі ұйымына мүше мемлекеттер өздерінің арадағы сауда-сат­тық әлеуетін толыққанды пайдала­нып отырмағанын көреміз. Қазақстан­мен шекаралас елдердің өзімен тауар айналымы бойынша ал­ғаш­қы бестікке де ілікпейді. Сондықтан жақыннан өз­а­ра алыс-берісті жақ­сартып, экономи­ка­лық даму қарқынын арттыру үшін ке­ден­дік жеңілдіктер бар­лық тарап үшін оң­тайлы болып шықпақ. Алайда ол үшін алды­мен кеден бекет­терін жаңғырту, элек­тронды ақпарат алмасу тетіктерін жол­ға қою және осы бағыттағы қолда­ныс­­тағы заңнамалық актілерді бірізден­діру үшін біршама іс атқаруға тура келеді. 

Еске сала кетсек, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ташкентте өткен 4-өңір­ара­лық өзбек-қазақ бизнес-форумы барысында 2022 жылдың 10 айында Өзбекстанмен арадағы өзара сауда қатынасы 35 пайызға өскенін атап өткен еді. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2021 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкімет­терінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұрғанын мәлім еткен болатын. 

Әзербайжанмен экспорт былтыр шамамен 30 пайызға артып, 375,3 млн дол­ларға жеткен. Алайда экспорт кө­лемін­дегі үлесі 0,4 пайыз ғана. Ал им­порт 0,2 пайыз болса да рекордтық 95 пайызға жоғарылап, 86,6 млн долларға жеткен. 

Еске сала кетсек, сәуірдің басында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев­тің Астанаға ресми сапары аясында өткен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізе аламыз деп мәлімдеген еді. 

Мемлекет басшысы сауда-экономи­калық серіктестік әлеуеті әлі бар екенін айтып, экспорттық-импорттық тауарлар тізілімін одан ары кеңейту үшін пәр­менді іс-шаралар қабылдауға уағдалас­тық жасалғанын мәлімдеді. 

Қырғыз Республикасымен экспорт 0,9 пайызға (156,8 млн), ал импорт 0,8 пайызға (383,9 млн) тең. Қазақстан мен Қырғыз Республикасы екі ел арасындағы тауар айналым көлемін 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 17 па­йызға өскен. Қазір екіжақты сауда-сат­тық көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты жоспарға сәйкес жүр­гізіліп жатыр.

Біз сөз етіп отырған жеңілдетілген кеден дәлізін құру жөніндегі келісім жемісті боларына сарапшылардың күмәні жоқ. Өйткені оған бәсекелес үлкен транзиттік-логистикалық дәліздің ең ірісі санкция бұғауында қалды. Сонымен қатар кеден дәлізі дефицит өнімдерді импорттауға және дайын ішкі өнімдерді экспорттауға тең мүмкіндік тудырады. 

Солтүстіктің «салқынынан» сақтанудың жолы

Біз сөзге тартқан сарапшылар кеден саласындағы бастамаларды түбінде Түркі елдерінің кеден одағына айнал­дыруға кедергі жоқ екенін айтады. Өйт­кені қазіргі геосаяси ахуал оған оңтайлы сәтті тудырды. Сонымен қатар тоғыз жолдың торабында орналасқан Орталық Азия елдерін батыс шығыс арасындағы қауіпсіз дәлізге айналдыру пен саяси-экономикалық зор мүмкіндік ұсынып отыр. 

Халықаралық заңгер, аймақтанушы Мақсат Жақаудың айтуынша, осындай келісімдер арқылы Орталық Азия елдері арасындағы шекарадан өтуге қатысты және кеден саласына қатысты ұсақ-түйек кикілжіңдерден бас тартуы керек. 

«Кедендік жеңілдіктер мүмкіндігі дегеніміз – ең алдымен макроэко­номикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, аймақтық интеграцияның тереңдей беруі екенін көреміз. Бұл жерде түр­кітілдес халықтардың ауызбіршілігі бұл рухани-мәдени тұрғыдан ғана емес, эко­номикалық тұрғыдағы интеграция­лану процесіне терең әсер етеді. Кез келген кедендік одақтың құрылымын саралап қарасақ, ол интеграцияның тереңдеуінен басталатын көреміз. Еуро­одақтың құрылуы кезінде дәл осындай процестерден басталды, ЕАЭО-ның да қалыптасуы алғашында Кедендік одақ­тың құрылуынан басталды. Сондықтан бұл қадамдарға бару үшін әуелі осындай түрлі экономикалық келісімдердің негізін, әсіресе кедендік жеңілдіктерге қол жеткізу мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Сонда өзара тауар айналымы жеңіл­дей түседі, сондықтан процесті тоқ­татпау қажет», – дейді аймақтанушы. 

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, экономист Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, Украина­дағы соғысқа дейін Қазақстан импор­тының 40 пайызы көршіміз Ресейден келді. Сарапшы ұлттық мүдде тұрғысы­нан бұл көрсеткіш 15 пайыз шамасынан аспауы керек екенін айтады. «Геосаяси жағдайлардың шиеленісіп кетуіне байланысты осы импорт көлемі азайып келеді. Ресейдің өзінен немесе Ресей арқылы транзитпен келетін тауарлардың бізге жетуі қиындады. Осы тауарлардың көбінің бағасы өсіп кетті. Сол себептен біздің билік Түркі әлемі платформасын пай­далану үшін осындай шешімге бар­ды. Әлбетте, кез келген оңайлатылған кеден режимінің макроэкономикалық тиімділігі бар. Ол ішкі бағалардың тө­мен­деуіне әкеледі. Әрине, құқықтық жа­ғынан бұл келісім ЕАЭО шартының баптарына қайшы келмеуі тиіс, осыны да пысықтаған дұрыс», – дейді ол. 

Қайырбек Арыстанбеков Ресей ар­қылы келетін импорт жолынан басқа екі бағытты дамытуды қолға алуды ұсынды. 

«Біріншісі – түркі әлемі, Орталық Азия арқылы Түркияға кететін бағыт, екіншісі – Қытай бағыты. Қандай бір жағдайда осы үш бағыттың біріне қауіп-қатер төніп жатса, онда басқа балама бағыттар осы жүктемені өз мойнына алып, ұлттық экономикалық мүддеге жұмыс істей бастайды. Басқа елдерден, әсіресе инвестициялық тауарлар келген жағдайда оңайлатылған процедуралар болса, ол әрине өте тиімді. Жоғарыда айтылған жеңілдетілген кеден дәлізіне қатысты келісімнің біздің экспортқа да пайдасы бар. Біз құр импорт қана емес, сонымен қатар өз өнімімізді сол елдерге де шығарамыз. Сол жағынан да пайдалы болмақ. Өйткені бұл шаралар екіжақты болуы тиіс. Қазақстан ғана емес, келісімге қосылған мемлекеттер де біздің қолға алған ісімізге сәйкес келетін шешімдерге баруы қажет», – дейді экономист. 

Ал аймақтанушы Мақсат Жақау Қазақстанның кеденге байланысты бірнеше одақ құрамында болуына кедергі жоқ екенін жеткізді. «Әлемдік тәжірибеде бір мемлекет бірнеше кедендік одаққа мүше болып кіре алады. Ондай жағдайлар тәжірибеде болған», –деді сарапшы.

Сарапшы Ресейге санкциялар са­лын­ғандықтан, ол жақтағы транзиттік-логистикалық байланыстар әлсіреп, оның орнына оңтүстік дәліздерді ашу қажеттілігі туындады деп санайды. 

«Оңтүстік дәліздер дегеніміз – Ор­талық Азия мемлекеттері аумағы арқылы өтетін жолдар. Қазір ол жерде бір мем­лекеттен екіншісінің аумағына өткен жағдайда транзиттік, логистикалық ахуал­­дарда кедендік кедергілер бар. Сон­д­ықтан да осы оңтүстік дәлізді кү­шейту керек. Жалпы, батыстан Ресей ау­мағы арқылы тауар тасымалдау толы­ғы­мен тоқтап тұрса, бұл оңтүстік дәліз арқылы тауар тасымалдауға жаңа мүм­кін­діктер ашады. Ал ол мүмкіндіктерді пайдаланып қалу үшін кедендік жеңіл­діктер енгізу қажеттілігі туындай­ды», – деді Мақсат Жақау.

Аймақтанушы болашақта кедендік одақ қалыптастыру ұсынылып жатса, одан бас тартпау керек деп санайды. 

«Кезінде Еуропадағы 27 мемлекеттің ұйысуындағы түрлі бағыттағы келісім­дердің негізгі тұсы да осы кедендік одақ мәселесі болды. Ол Еуропалық одақтың қалыптасуына мүмкіндік берді. Сон­дықтан бұл жерде кедендік келісімдер тұтас тек қана экономикалық интегра­циялық процестердің оңтайлануына үлкен ықпалын тигізетін алғышарт деп қабылдау керек. Өйткені бұл саяси одақ емес, экономикалық интеграциялық одақ болып қалыптасуға мүмкіндік береді. Бұл жерде тілі, ділі, діні бір түркі тілдес мемлекеттердің арасындағы сау­да-саттықтың тереңдеуі барысында өзара тауар айналым, қызмет көрсету, тә­жірибе алмасу бағытында үлкен мүм­кіндіктері бар ауқымды нарық кеңістігі ашылады», – дейді Мақсат Жақау. 

Оның айтуынша, кеден одағы құры­ла қалса, ол жерде ЕАЭО секілді бір ғана монополист мемлекеті бар ұйым секілді емес, барлық елге экономикалық тең мүмкіндіктер беріледі. 

Сарапшы осындай ауқымды нарық кеңістігінде кедендік жеңілдіктер, кедендік ережелердің ортақ талаптары  қалыптасуы керек екендігін атап өтті. Сол кезде ғана еліміздің экономикалық интеграциялық даму мүмкіндігі артып, инвестициялық ахуалдың күшеюіне де мүмкіндік туады. 

Қысқасы, кеден саласындағы жеңіл­детілген режимнен бірер жылда толық­қанды одақ құрыла салады деп күту асығыстық болар еді. Алайда бұл терең экономикалық интеграцияның бастауы екенін ешкім жоққа шығармайды. Со­нымен қатар санкциялар соғысы кезінде елімізге батыстан жеткізілетін тауардың ағыны баяулап, оларды тасымалдаудың балама жолдары ізделіп жатқаны белгілі. Сондықтан бұрын ортақ шешімге то­қайласа бермейтін Орталық Азия елдері ішкі мүдделерінен бас тартып, ауқымды логистика-транзиттік жобасының не­гізін қалауға атсалысуына тура келді деп түсінеміз. Осы тұста ортақ интеграцияға бет бұру үшін тек қана ниет жеткіліксіз болатынын түсіндік. Оның іске асуына геосаяси, геоэкономикалық оңтайлы ахуал қажет, қазір сондай күн туып тұр.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ