Өткен жылдары Бурабайдың іргесіндегі Абылай хан ауылында да тұтас қайың мен терек түгелдей түбінен кесілгенінен көзі қарақты оқырмандарымыз хабардар. «Бұқпа» орман шаруашылығына қарайтын ондаған гектар алқаптағы ағаш көзден бұлбұл ұшқан. «Маңайымызда жылқы ықтайтын шоқ қалмады» деп жыларман болған ауылдағы ағайын жергілікті әкімдіктен бастап талай есікті тоздырғанымен, аталған мәселеде құзырлы органдар «бәрі заңды» дескен. Жергілікті билік пен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ағаштардың «қартайғанын» алға тартып, кесуге мәжбүр болғанын айтқан.
Бұл жолы Бурабай курорттық аймағына Ақылбай ауылы арқылы кірер тұстағы ондаған гектар орман оталды. Аппақ қайыңдар тіпті мемлекет қорғауындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіретін болып шықты. Жүрек жұтқан біреу болмаса, кім көрінген мемлекеттік ерекше бақылауда тұрған ағашқа балта шаппасы түсінікті. Алайда балта емес, ауыр техникалар ойқастап жүріп ойран салған.
Ұзыннан-ұзақ ит тұмсығы батпастай болып өскен қайың ағаштардың жаппай сұлап жатқанын жергілікті тұрғындардың бірі видеоға түсіріп жіберген. Жай емес, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына кіретін территорияда қалың ағаштың аяусыз оталуы тұрғындардың жанына батқан. Өз наразылығын білдірген жұрт әлеуметтік желілерде де шу көтеріп, ел арасында ащы қоғамдық резонанс тудырды.
– Орманды отағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Ұсақ-түйек үшін айыппұл сала бермей, табиғатқа орасан көлемде зиян тигізгендерді қадағалау қажет. Керемет сұлу аппақ қайың алыстан менмұндалап тұратын. Енді не болды? Ағаштардан тек түбірлер қалып барады. Жақын маңдағы табиғатқа барып демалғымыз-ақ келеді. Бірақ олардың көбі тұтастай оталып тасталған. Табиғатты қорғайтындар қайда? Тіпті, бұл түрімізбен ормандарды түгелдей жоқ қылып жіберерміз. Сұлу табиғатымыздың осылай көз алдымызда құрып жатқанына ішіміз удай ашиды, – дейді Бурабай ауданының тұрғыны Виктория Грошева.
Бұл бұйрықты берген кім?
Алайда жергілікті билік өкілдері мен тиісті саладағы құзырлы органның бәрі де кезекті мәрте өз-өздерін ақтап алуға тырысып бақты. Олардың айтуынша, мұның бәрі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы негізінде жүзеге асырылған. Әуелі Бурабай ауданының әкімдігі ағаштардың жаппай оталуына жоғарыда аталған комитеттің бұйрығы себеп болғанын жеткізді.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақылбай орман шаруашылығы аумағының 35 кварталында болған қысқы кезеңдегі жаппай санитарлық кесу Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығымен бекітіліп жүргізілді. Аталған отын «Бурабай» паркінің ағаш өңдейтін цехына тасылады», – дейді Бурабай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Ақмола облысының Экология департаменті де бұл мәселеге өздері жауапты емесін алға тартты. Олардың айтуынша, орманды, ондағы жануарлар мен өсімдік дүниесін қорғау құзыретті инспекцияның құзыретіне кіреді.
«Орманды өсіру, қорғау, орман қорын пайдалану саласына мемлекеттік бақылау жүргізу заңнамасымен бекітілген. Осыған байланысты мемлекеттік бақылаудағы орман қоры аумағындағы орманның оталуының заңды-заңсыздығын қарастыру үшін Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жүгінген жөн», – дейді Ақмола облысы Экология департаментінің өкілдері.
«Бурабай» МҰТП басшылығы да қайыңдардың жаппай оталуына Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығы басты себеп болғанын айтып ақталды.
Ағаштар заңсыз оталған
Осылайша, жауаптылар бірінің аузына бірі түкіргендей қайыңдардың оталуының басты себебі ретінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығын тілге тиек етті. Алайда комитет бұл бұйрық біршама уақыт бұрын шығарылғанымен, оның өз уақытында орындалмағанын алға тартты. Сондықтан жаза басып, ағашты заңсыз отағандарды полицияға тапсырып, қылмыстық іс қозғалғанын баян етті.
«Видеодағы орман алқабы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Ақылбай орман шаруашылығының 35 орамындағы 17,19 телімі. Аталған учаскеде өткен жылдың 18 қаңтарында 187 текше метр көлемінде жазылып, жаппай санитарлық кесуге берілген ағаш кесу билеті бар. Онда дайындау мерзімі өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін, ал тасымалдау мерзімі осы жылдың 1 мамырына дейін деп көрсетілген. Алайда бұл тапсырма уақытылы орындалмады. Сол себепті осы жылдың қаңтар-ақпан айына белгіленген мерзімді бұзып, орманның оталғаны анықталды. Жалпы көлемі 70 текше, яғни 351 түп қайың ағашы кесілген» делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жолдаған ресми хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, ағашты заңсыз отағандар заң алдында жауапкершілікке тартылған. Яғни, ағаш кесу билетінде белгіленген мерзім сақталмай кесілген. Сол себепті Орман кодексінің 4-бабының 4-тармағы өрескел бұзылған.
«Инспекция ағашты отағандарды анықтап, жауапкершілікке тарту үшін осы жылдың 3 наурызында ағашты заңсыз кесу жөніндегі материалдарды Бурабай ауданының полиция бөліміне жолдады. Осы факті бойынша Бурабай аудандық полиция бөлімі 7 наурызда қылмыстық іс қозғады», – деп толықтырды комитеттің баспасөз қызметінен.
Расында да, соңы ағаштардың заңсыз оталғаны анықталды. Дегенмен өңірде тіпті республика аумағында орман алқаптарының оталып жатқаны ащы да болса шындық. Санитарлық жаппай кесуді «сылтау» еткендер жылдар бойы өскен табиғат байлығына қол салуда. Жауаптылар анықталды. Олар жауапкершілікке тартылды дегенмен, табиғатқа келтірілген орасан зор шығынның орны толмайтыны анық.
Сондықтан табиғат байлығын қорғау, оған қол салғандарды жазалау ісіне баса мән беретін кез жеткен сияқты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы