Елдегі ересектерді айт­пағанда, балабақ­шадағы бүлдіршіндер де тіліне қарай екі лагерьге бөлінген. Яғни, азаттық алғалы тілдік кедергі еңсерілмеді, біртұтас халық құрылмады. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналмады.
Тілтүзер тұжырымдама төңірегіндегі түйткіл
1,187
оқылды

Билік, әсіресе соттар басым түрде ресми тілді пайдаланады. Тіл саясатын дамытудың жаңа тұжырымдасы жобасында көңілге кірбің түсірер, «төбе шашты тік тұрғызар» ауыр мәселелер аталған. Дегенмен сарапшылар Қазақстан моноұлтты мемлекетке айнала бастағанын айтып жүр. Осы орайда тіл мәселесі өздігінен шешіле ме әлде қоғам екіге жарылған күйі қала ма? Тілді өркендету үшін не істеу керек? деген сынды сауалдар туындайды.

Білімдегі тілдің тынысы

Тілдің өркен жаюы балабақ­шадан бастау алады. Алайда қазақ балдырғандардың үлкен бөлігі тәр­биені жат тілде алады. Елімізді жай­лаған өзге ұлт өкілдерінің ұр­па­ғына да мемлекеттік тілді үйрету – мем­лекеттік маңызды іс. Ол міндет қа­лай жүзеге асырылуда? Респуб­ли­када мектепке дейінгі білім, тәр­бие беру мекемелерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 2021 жылмен салыс­тырғанда 2022 жылы 233 бір­лікке артып, 11 104-ке жетті. Оларда 965 204 балақай білім мен тәрбие алып жатыр. Тіл жанашырлары жаңадан тек қазақтілді балабақша ашу ке­регін, сонда ғана болашақта Қазақ­стан халқының тіліне қарай екіге жарылуын доғаруға бола­ты­нын ай­тып жүр. Бірақ өмірде бәрі басқаша және қазақша балабақ­шалар үле­сінің ұлғаюы мардымсыз. Қазір ба­ла­бақшалардың 66,9 пайызы қазақ тілінде тәрбие береді. Салыстыра кетсек, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 65, ал 2021 жылы 65,5 пайыз болды. 

Бұл ретте қазақша тәрбие бе­ретін осы балабақшалар бүл­дір­шінге толған. Нәтижесінде, бү­гінде мектепке дейінгі ұйымдарға ба­ратындардың 742 мың 832-сі не­месе 76,9 пайызы қазақ топтарын толтырды.

Талап бойынша орысша және аралас балабақшаларда балалар педагогтің көмегімен, үлгілік бағ­дарламада жасына қарай айқын­далған қазақша сөздік минимумды күні бойы жаттап алуы, ауызша сөйлеуге үйренуі керек. Бірақ бұл іс жүзінде жүзеге аса бермейді. Өзге тілді балалар қазақ тілі түгіл, оның әліпбиін меңгермеген. Қазақ әліп­биіндегі төл дыбыстарды айта ал­майтын күйде мектеп табалды­ры­ғынан аттайды. Осылай оларға мемлекеттік тіл бесігінен жат болып қалады.

Сорақысы ары қарай басталады екен: біраз ата-ана балабақшада қазақша тіл сындырған перзент­те­рін орыс мектебіне береді. Салда­рынан мектепке дейінгі ұйымдар­дағы қазақша тәрбиеленгендердің үлесі мектепте 66,2 пайызға дейін құлдырайды. 

Сонымен, елімізде 6 909 мектеп бар. Оның 3 743-і қазақ тілінде бі­лім береді. Елдегі мектептерде оқу­шылардың 2 млн 307 мың 960-ы немесе 66,2 пайызы қазақ тілінде білім алады. 

Сарапшылар қазақтардың үл­кен бір бөлігі балаларын орыс мек­тебіне беретініне назар аудартты. Орта білім беру ұйымдарындағы ұлты қазақ балалардың жалпы са­ны – 2 815 736 болса, соның ішінде 472 мыңнан астамы үшін ата-анасы орысша білім беруді таңдаған. Бұл әлі де болса ата-аналардың өз ба­лаларының ана тілінде білім алуы­на мүдделі болмай отырғанын көрсетеді.

Ал болашақ мамандардың жар­тысына жуығы орыс тілінде даяр­ланып жатыр. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж бар. Оларда жалпы саны 517 337 шәкірт оқиды. Тарата айт­сақ, колледждерде қазақ тілінде білім алушылардың жалпы саны 312 мың 519 студент немесе 60,4 пайызды құрайды. Талдау көрсет­кен­дей, қазақ тілінде білім алушы­лардың саны 2020 жылдан бері 34 мыңға артқан. Яғни, техникалық, кәсіптік, жұмысшы мамандығын игерушілер арасында мемлекеттік тілді қалағандар қатары жылдан-жылға ұлғайып келеді.

Жоғарғы білім ше? Бүгінде республикада 119 ЖОО бар. Оларда 626 208 студент оқиды. Соның ішінде қазақтілді студенттер саны 377 467 немесе 60,3 пайызы. Мас­қарасы сол, жоғарғы білім алатын шәкірттер сапында қазақ тілділері азайып барады: 2020-2021 оқу жы­лында олардың үлесі 64,8 пайыз болатын. Бұл тығырықтан шығу үшін тіл жанашырлары тек мем­лекеттік тілде маман даярлауға ғана мемлекеттік грант бөлуді ұсынады. Алайда 2029 жылға дейінгі жаңа тіл саясаты стратегиясында ондай ба­тыл қадамға баруға биліктің жүрегі дауаламапты. Соның кесірінен алдына келген қазақ тілді сырқатты түсінбейтін дәрігерлерді, ғылымда орыс тілін өркендетуді өмірлік ұлағаты санайтын педагогтерді, ЖОО тәмамдаған соң Ресейге қо­ныс аударатын мамандарды және басқасын даярлауға ел қаржысы шығындалып жатыр.

Бұдан шығатын қорытынды көңіл көншітпейді. Білім саласында мемлекеттік тілдің дамуы балабақ­шада жап-жақсы бастау алғанымен, одан ары мектепте және жоғарғы білім беру ісінде төмен құлдырап кетеді.

Құжат айналымы қазақшалана ма?

Салаға талдау жүргізген Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті алаңдатарлық жайттарды әшкереледі. 

– Негізі, «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мем­лекеттің бүкіл аумағында қо­ғамдық қатынастардың барлық са­ласында қолданылатын мемле­кеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Соған қарамастан, Қа­зақстанда қоғамдық қатынастар негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Орталық және атқарушы орган­дар­дың құжаттары орысша әзірленіп, соңынан қазақшаға аударылады. Яғни, мемлекеттік тіл өз мәрте­бесіне сай негізгі тіл функ­циясын атқармайды, тек аударма тілі болып қалды. Заң шығарудың негізгі тілі де орыс тілі. Парламенттің VI, VII шақырылымдарында қабылданған 601 заңның барлы­ғының алғашқы нұсқасы тек ресми тілде әзірленіп, ке­йіннен қазақ тіліне ауда­рылған, – деп мәлім етті ведомство.

Тіл саясаты комите­тін­дегілердің байла­мын­ша, бұл мем­лекеттік тіл­дің барлық салада қол­данылуына, беделіне ке­рі ықпал етеді. Мемле­кеттік тіл ретінде қазақ тілінің рес­ми стилінің қа­лып­та­суы мен дамуын тежейді. 

«Сондай-ақ сот жүр­гізу ісінде де орыс тілі ба­сым тіл ретінде қолда­ны­лады. Қазақстан хал­қының басым көпшілігін қазақ ұлты құрайтын­дықтан, бұл азамат­тардың құқықтарының сақта­луы­на, сот залында өз ойын еркін, объек­тивті жеткізуіне кері ықпалын тигізеді. Сонымен бірге іс-қағаз­дарын жүргізуде де әлі күнге ресми тіл үстемдік етеді. Бұл мемлекеттік тілге деген немқұрайлы көзқарасты қалыптастырады, қо­ғамда мемле­кеттік тілге деген қа­жеттілік пен сұранысты тудыр­майды. Бұл жайт­тар «Тіл туралы» заңның орын­дал­майтынын анық көрсетеді», – деп түйді Тіл саясаты комитеті.

«Тіл туралы» заңның 8-бабында «Мемлекеттік тіл ҚР мемлекеттік органдарының, ұйымдарының, жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарының жұмыс және іс-қағазда­рын жүргізу тілі» делінген. Бірақ комитеттің байламынша, қазақ тілі мемлекеттік органдардың нағыз жұмыс тіліне айналмады. Халық­аралық тәжірибеге сәйкес, мемле­кеттік мекемелер күнделікті жұмы­сында кең қолданатын тіл ғана көпшіліктің қажеттілігі мен сұ­ранысына ие болады. «Егер мем­лекеттік тіл мемлекеттің жұмыс тіліне айнала алмаса, онда оның мәртебесі тек декларативті күйде қалады. Мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің мәртебесі көп жағ­дай­да осындай декларативті сипат­та», – деді Тіл саясаты комитеті.

Жауапты орган тағы бір қауіп тудырар түйткілді қаперге салды. Әкімшілік реформа аясында билік бірінші кезекте жергілікті жерде мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға бірден-бір жауапты орган – Тілдерді дамыту басқармаларын жойды. Салдарынан, бүгінде тек Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Же­тісу, Алматы облыстарында ғана дербес Тілдерді дамыту басқар­ма­лары сақталған. Алайда алдағы уақытқа жоспарланған мемлекеттік басқару саласындағы оңтайландыру аясында бұл басқармалар да өзге құрылымдармен біріктірілуі мүм­кін. Демек, тілді дамыту жұмыс­та­рының тиімділігі құлдырайды. Сон­дықтан тіл саясатының жаңа тұжырымдамасында Тілдерді да­мыту басқармасын дербес құрылым ретінде сақтап қалу ұсынылды. 

Жеті жылда нені жетістіреді?

Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұ­жырымдамасының іс-қимыл жос­парында тілді өркендетуге бағыт­талған 110 шара қарастырылған. Бірақ арасында әлемдегі ең озық үлгілерге құрылған, батыл бетбұ­рыстарға бастайтын жасампаз шара жоқтың қасы. Фильм, мультфильм түсіріп, қазақша контентті арттыру, зерттеу жүргізу, конкурс, конфе­ренция, семинар-тренинг, дөңгелек үстел өткізу сияқты үйреншікті іс­шараға толы. 2024 жылы сотқа жолданатын талап қою арыздары мен өтінішхаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілер жинағын әзірлеу, «Сот процесіне қатысатын аударма­шыларға ақы төлеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысының жобасын жазу жоспарланған. Фискалды чектерді негізінен қазақ тілінде шығару жайы пысықталмақ.

2025 жылға қарай «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңның жобасы жазылады. Келесі жылдың көк­те­мінде мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттейтін нор­мативтік құқықтық құжат әзірлеу мәселесі пысықталмақ. Бейне­са­бақ­тар әзірлеп, «Қазақ тілі» ашық онлайн курстары ұйымдас­ты­рылады.

Магистратураға, докторан­тураға түсуге үміткерлердің «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша В2 деңгейінен кем емес, ректор лауа­зымына үміткерлердің С1 деңге­йі­нен кем емес деңгейде тест тап­сы­руы міндетті болады. «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В2 деңгейінде меңгерген мем­ле­кет­тік қызметшілердің үлесі 2023 жыл­ғы – 35 пайыздан 2029 жылы – 43 пайызға дейін артуы тиіс.

Мемлекеттік телеарналарда қа­зақша телебағдарламалардың үлесі 2023 жылғы 70 пайыздан 2029 жылы 84 пайызға жеткізіледі.

Сарапшылар Тіл саясатын дамытудың жаңа тұжырымда­ма­сының бір олқылығы ретінде елде үш тілділікті дамытуға мән-маңыз беруін атады. Мысалы, онда славян тілдерін насихаттап, оны білуге ынталандыру үшін конкурстар, конференциялар, семинар-тре­нингтер, дөңгелек үстелдер өткізу, үш тілді қатар меңгерген халықтың үлесін 2029 жылы – 32 пайызға жеткізу үшін күш салу, қыруар ел қаржысын шығындау жоспар­ланған. Сонда көрші елдің тілін өркендетуге шығындалу қанша­лықты орынды?

«Қазақ тілі» халықаралық ака­демиясының президенті, фило­логия ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек жаңа тұжырым­даманың өзін орыстілді мамандар әзірлеп, аударған ба деген ойға қалыпты.

«Олар жоғарыдан түсірілген нұсқаулар шеңберінен шет басып, шыға алмағанға ұқсайды. Ал жо­ғарыдағылар үштілділікті дамыту сияқты ескі инерциямен келе жа­тыр. Кез келген мемлекеттің заңы да, бағдарламасы да сол елдің ісін ғана қамтиды. Мемлекетіміздің за­ңы да, бағдарламасы да тек мем­лекеттік тілді дамытуды мақсат тұ­туы қажет. Ал тұжырымдама жо­басына қазақстандықтардың орыс, ағылшын тілдерін үйренуін ынта­ландыру, орыс тілі деңгейін арттыру және басқаларын үйіп салыпты. Бұл түкке қажеті жоқ нәрсе. Тіл сая­сатындағы күш-жігерді бұлай шашыратпай, тозаң қылмай, тек мем­лекеттік тілді дамытуға шоғыр­ландыру қажет», – деді профессор.

2021 жылғы Ұлттық халық са­нағы Қазақстанның моноұлтты елге айнала бастағанын паш етті: қазақ ұлтының үлесі 70,4 пайызға жетті. Бірақ тілдің өрісін арттыруда пәрменді шаралар қабылданбаса, жалғыз демография ахуалды түзе­мейді. Тұжырымдамада айтылған­дай, Қазақстан халқы қазақтілділер, қазақ-орыстілділер, орыстілділер, этникалық-қазақша, этникалық-орысша тілділер, үш тілді білетіндер болып бөліне береді.

Қорыта айтқанда, тіл саяса­тының басты құжаты жобасының бір қайнауы ішінде қалған сияқты. Тіл жанашырлары мемлекеттік тілді меңгермеген адамдарды де­путаттыққа, мемлекеттік қызметке жібермеуді ұсынып келеді. Ол да ескерілмеген. Меморгандардағы, ұлттық компаниялардағы құжат ай­налымының үлесін 2029 жылы 94 пайызға жеткізу көзделген. Бірақ оның не тетігі, не сол межеге жет­кізер тегеурінді іс-қимылдары тұ­жы­рымдалмаған. Тіл саласында ха­лық көңілі толмайтын әрі түбі орын­далмайтын шалажансар ке­зекті құжат қабылданса, ол билікке абырой әпермесі даусыз.

Елдос СЕНБАЙ