Бала кезіңде бас алмай қызыға оқыған кітабыңды кейін, араға жылдар салып барып қолыңа алғанда, балалық шақтағы қимас досыңмен қайта табысқандай таң-тамаша күй кешесің. Мен үшін сондай бір қымбат та қазыналы дүниелердің бірі – жазушы Рахметолла Райымқұловтың «Жасыл белесі», дәлірек айтсам, 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан мұқабасы қызғыш түсті кітап.
Туған жердің суреті
1,977
оқылды

Осы бір кітапты көрген сайын ой-қия­лым балалық шаққа қарай саяхат шегіп кете барады. Ол кезде біз 14-15-тегі боз­бала­мыз. Ауылдағы шағын кітапханадан өзімізше таңдап, талғап алып, көркем әдеби кітаптар оқимыз. Жазушы Рахмет­олла Райымқұловтың «Жасыл белесі» біз секілді ауыл баласының назарын әуелде өзінің тақырыбымен аударған болар-ау, сірә. 

Кітаптағы алғашқы сөйлемдерге көз жүгірткеннен бастап-ақ өзіміз күнде көріп жүрген адырлы дала алдымыздан жарқ етіп шыға келгендей болғаны әлі күнге дейін есімде. Япыр-ай, қалай айнытпай бейне­леген десеңізші! Мынау баяғы есте жоқ ескі замандарда биігіне Нұх пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған киелі Қазығұрт тауы мен жарқыраған күміс айдыны ежелден-ақ ән-жырға арқау болған әйгілі Арыс өзенінің аралығындағы шөлейт даланың бір пұшпағында тіршілік етіп жатқан біздің Ақжар ауылының айналасындағы көрініс қой. Міне, қараңызшы: «Жел. Күз даласының соңғы түгі тәрізді селдір шөптерді түбірімен қопарып жіберердей екілене тартады. Кейде қатты жұлқынып, кейде жай ызыңдайды. Бірақ қаншама ышқынса да, жаз бойы ауыл малы шиыр еткен даланың мыртиған тықыр ажы­рығынан бөтен қолға ілінері де жоқ екен. Қыраттың топырағы жалаңаш. Жер түгін өткір шалғымен біреу әдейі қырып таста­ғандай. Көктемде қаулап шығатын қалың боздың көдесі ғана қалған». 

Иә, бұл тұп-тура біздің ауылдың ірге­сінен басталатын табиғат. Басқасын айтпағанда, айына бір рет қой кезегін атқаратын кезде қара есекке мініп алып, таңертеңнен кешке шейін тепеңдеп, ұзақ күнді батыра алмай жүретін боз даламыз.

Мына суреттің жан дүниеме әсер еткені сондай, жазушы Рахметолла Ра­йым­құловтың «Жасыл белес» повесіндегі үстіне әскери киім киген жас жігіт «Жылдың осындай мезгілінде «Шолпан» колхозының өкпе тұсындағы кішкене қырат басына» емес, тап біздің Ақжар ауылының желке тұсындағы төбенің үстіне шыға келгендей боп көрінгені-ай. Ол мені еріксіз өзінің соңынан ертіп алып, төмендегі ауылда болып жатқан қызық оқиғалардың ортасына қарай бастап ала жөнелген секілді. 

Бақсақ, сонау станциядан бері қарай салт атты біреу оның соңына түсіп, аңдып келеді екен. Неге десеңіз, ол мынау Дарқан есімді жігіттен ауылдағы Ақтоты деген сұлу бойжеткенді өлердей қызғанатын көрінеді. Сондықтан да Дарқанның соғыстан тірі оралғанына қарсы, мысық тілеулі пенде.

Міне, «Жасыл белес» повесіндегі тартыс – ниет, пиғыл, көзқарас, қарым-қатынас қайшылығы осылай басталады. Елге жеңіспен оралып, ендігі өмірін өзінің сөз байласқан сүйіктісі Ақтотымен бірге өткізгісі келетін Дарқанның алдынан тағы да бір майдан – адамзат ғұмырындағы мәңгі бітпейтін тіршілік майданы ашы­лады.

Жазушы, шын мәнінде, мынау дүние дүние болып жаратылғалы бері текетіресіп келе жатқан махаббат пен ғадауат арасын­дағы шайқастың белгілі бір уақытта бас­талып, белгілі бір уақытта аяқталатын соғыстан әлдеқайда қатерлі екендігін көрсетуді нысанаға алған секілді.

«Жасыл белесті» оқыған жан боз даланың бір қиырындағы ауылда болып жатқан оқиғаларға куә болып қана қоймай, сонымен бірге оның тынысын, саф таза ауасын сезініп, кеудесін кере кең тыныстап отырғандай күй кешеді. Өйткені жазушы ел тіршілігін табиғат құбылыстарымен етене байланыстырып, айна­ладағы көріністерді суреттеуге келгенде өзінің көңіл-палитрасындағы көркем тілдің бояуларын барынша құбылтады әрі құлпырта түседі. Міне, қараңызшы: «Жібек жел ақырын ғана желпіп тұр. Азаңғы дала сан түрлі бояумен әдейі сырлап қойғандай. Алуан зерден киім киіп, сабат самалға құлпыра, жайнай түскен. Жер беті адам қолымен әдейі жасаған гүлзар тәрізді. Жұпар иісті гүлдер шешек атып, ырғалып тұр. Сарғалдақ, қызғалдақтар күрең көде мен селеу, бетеге арасында шоқтай жайнайды. Бұлтсыз ашық аспан да күндегісінен бөлек. Жел лебіне болар-болмас жыбыр қағып, толқып жатқан жер теңізіне үңіле телміріп қалғандай. Көз ұшында, сонау алыс көкжиекте екі алып біріне-бірі қабысып, құшақтасқан тәрізді. Кең аспан, жазық дала – дәл қазір бұйдалап байлағандай бір түстес».

Иә, біздің өлкенің табиғаты да көктем айларында дәл осылай құлпырады. Ал ауыл... Ауыл қазір өзгерген. Қанатын жайып, кең далаға қарай жайыла түскен. Бұрынғы мал жайылатын жазықта қазір ақ, қызыл, көк шатырлы үлкен-үлкен үйлер бой көтерген. Тек баяғы шағын кітапхана ғана көзге түспейді. Себебі оны тоқсаныншы жылдардың басындағы оптимизация кезінде трактормен сүріп тастаған. Ал ішіндегі кітаптарды тележкаға салып, ауыл сыртындағы сайға апарып төгіп, өртеп жіберген...

Иә-ә, сөйтіп, үй-жайы кеңейіп, қора-қопсысы көбейіп жатқан ауылға кіп-кішкентай кітапхана керек болмай қалған. Сондықтан да біз кітап туралы әңгіме қозғалған кезде кешегі күндерге қарап жаутаңдап, өткен-кеткен оқиғаларды еске алуға мәжбүр боламыз.

...Ол кезде жылына екі-үш рет аудан орта­лығында малшылар мен механиза­торларға арналған семинар-кеңестер өткізіліп тұратын. Міне, сол семинар-кеңес­терге таң азанда бір топ болып жүк машинасына тиеліп кететін кісілер кешкілік ауылға бір-бір кило үнді шайы мен бір-бір бума кітап алып келуші еді. Себебі оларға, яғни, семинар-кеңеске қатысушыларға үнді шайы мен дүкенге жаңа түскен кітаптар сыйлық ретінде тегін беріледі екен.

Үнді шайының рақатын, әрине, ата-әжелеріміз көреді. Ал таң бозынан жұ­мысқа кетіп, түннің бір уағында үйге шаршап-шалдығып әрең жететін әке-көкелеріміздің кітап бетін ашуға уақыты болмайды. Есесіне біз – балалар үйдегі қора-қопсының шаруасынан қолымыз қалт еткен шақта әлгі кітаптардың қызы­ғына батып, бас алмай оқып жатамыз.

«Жазушы дүниеге келген өлке қандай бақытты! – дейтінбіз сонда тамсанып. – Себебі ол ең алдымен өзінің туған ауылы туралы жазады ғой!»

Сондай шуақты күндердің бірінде аудан орталығына кеткен әкеміз тағы да бір бума кітап әкелді. Кешкі шай үстінде әлгі кітаптарды әуес көріп парақтап отырған шешем кенет: «Ой, мынау біздің Дулаттың кітабы ғой!» деді қуанып.

Енді біз де сол кітапқа қарай мойны­мызды созып, үңіле қалдық. Ол «Қара шаңырақ» деп аталады екен. Авторы – Дулат Исабеков. «Бұл кісі шынымен-ақ біздің жақтан шыққан жазушы ма?» дейміз таңырқап. «Иә», – дейді шешем басын изеп. – Анау совхоз орталығында тұратын Нәбиалы мен Пәрменнің туған інісі ғой!».

Осы сәтте біздің де жан дүниеміздегі бір аппақ арман селк етіп оянып: «Япыр-ай, өз ауылымыздан шыққан жазушы да бар екен ғой!» деп қанатын жайып, көкке самғай жөнелгісі келгендей болады. 

Біз содан бастап Дулат ағаның шығар­маларын да іздеп жүріп оқитын болдық. Сөйтіп оның «Дермене» повесіндегі: «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс. Адырлы даланың бірте-бірте биіктеп барып, аспан тебетін шоқтығын әлдекім қылышпен қиып түсіп, айналаны қор­­шап алған сағым теңі­зіне шым батырып жібер­ген секілді. Сәскеге дейін немесе бесін ауғаннан кейін сонау-сонау алыстан бозарып тұратын Алатау да, қапталдағы нар өркеш Қазығұрт та көзден ға­­йып болған. Қай жағыңа қарасаң да тұңғиық теңіз, енді бірер сағаттың ішінде бұл аралықты да су қаптап алатындай. Жолдың май топырағын жалаңаяқ бассаң табаның күйеді. Шұбар жы­лан­ның бауырын қарып, арқасын жидітетін осындай аптапты далаға да бір кезде қыс түседі дегенге иланғың келмейді», де­ген жолдарға кезік­кені­міз­де көзімізді жұмып, басымыз­ды шай­­қап қалай таңғалғаны­мызды көрсеңіз ғой, шір­кін.

Міне, сурет! Көр­кем сөз­дің құдыреті! Қай қиырда болмасын, тіпті аспанда, ұшақта отырып оқыса­ңыз да біз туып-өскен өлкенің май топыра­ғына топ етіп түсе қал­ған­дай боласыз. Өз еліңе, отаныңа деген ма­ха­б­бат ең алды­мен, өз үйің­нен, өзің ту­ған өлкеден басталатынын кеуде­ңіздегі лүп-лүп соққан жұдырықтай жүрегіңіз анық сездіріп тұрады. 

Әдетте біздің шө­лейт далаға алыстан, сулы да нулы өңірден қыдырып келетін қонақтардың көбі­сінен еститініміз: «Өй, мынау қу тақырда қалай өмір сүріп жатырсыңдар-ей?!» деген дөңайбат сөз болғандықтан ба, «жер түгін әлдекім өткір шалғымен қырып тастаған­дай» («Жасыл белес»), «май топы­рағын жалаңаяқ бассаң табаның күйеді» («Дермене») дейтін туған өлкеміздің табиғаты мен қарапайым адамдарының тағдыры міне, осындай көркем шығарма­ларға арқау болып жат­қанын көргенде, расымен-ақ, біздің де мәр­те­беміз өсіп, мерейіміз тасып кеткен­дей болушы еді.

Әркімге өзінің туған елі, туған жері қымбат. Тауға шықсақ та, теңізде жүзсек те, орман-тоғайдың ішінде жүрсек те біз өзіміздің шөлейт даламыздың ауасын, аңқылдаған самалын, хош иісті жусаны мен дерменесін ұмытпаймыз.

Жасыл белес! Көз алдыңа көктем мезгіліндегі керім даланың суреті келеді. Өз-өзіңнен жүрегің өрекпіп, әлдеқайда-а, тым-тым биікке құстай самғап ұша жөнел­сем бе дейсің. Сонда бар ғой, шетсіз-шек­сіз жалпақ даланың о шеті мен бұ шетін түгел шолып шығар ем-ау деп қиялдайсың.

Алыстан көз тартып, қол бұлғап шақы­рып тұрғандай болатын жасыл белестер, әрине, өзінің баурайындағы тіршілік иеле­рімен базарлы. Сәнді. Көрікті.

Қайсыбір жылдары ел тұрмысы қиын­дап, қолыңдағы бар малын сатып, жер си­пап қалғандай болған шақта мынау ке­рім даланың да құлазып, қаңырап қалға­нын өз көзімізбен көрдік. Маң далада төрт-түлік мал жайылып; түйе боздап, жылқы кісінеп, сиыр мөңіреп, қой-ешкі маңырап жатпаса, үнсіз-тілсіз табиғаттың да құты қашады екен.

Сондықтан да осынау кең далада түтін түтетіп, тіршілік етіп жатқан ауылдардың жөні тіпті бөлек. «Жасыл белестегі» Дарқанның, Ақтотының, Меңсұлудың өмір жолы белестен белеске ұзап, оқыр­манды өз ортасына, өз заманына қарай тарта береді.

Шығармадағы жағымды және жағым­сыз кейіпкерлердің арасындағы махаббат драмасы, әрқайсысының өз мақсатына жетуге ұмтылуы, қара ниеттілердің ақ ниетті адамдарға қиянат жасауы, бір сөз­бен айтқанда, ежелден келе жатқан тір­шілік тартысы кім-кімді де толғандырмай қоймайды. 

Оқиға кешегі, екінші дүниежүзілік со­­ғыстан кейінгі жылдары өтсе-дағы, олар­­дың басына түскен шырғалаң бүгін­гілердің де жанына батып отырады. Себебі бүгінде киімі жаңарып, тұрмыс-тіршілігі оңалып, пошымы өзгергенімен, мазмұны сол баяғы қалпында қалып қойған тіршілік тартысы әлі де жалғасып жатыр.

Әйткенмен, қаламгердің түпкі ойы, мақсаты оқырманды қалың ой тұманында қалдыру емес. Алдағы күннің ашық, жылы, шуақты болатынына сендіру. Осы ретте шығарманың неліктен «Жасыл белес» аталғанын да түсіне бастағандай боласыз. Әсіресе, сіз оны автор пролог ретінде ұсынған соңғы түйінге жеткен сәтте анық аңғарасыз.

«Жасыл белес» – поэтикалық рәміз. Жазушының өз кейіпкерлерінің өмір жолында кездесетін қиындықтар мен кедергілерді алдын ала табиғат көрі­ніс­тері арқылы сездіріп отыратыны да сондықтан болса керек.

Ендеше, оның «Жасыл белес­ті» не­ліктен күзгі жұтаң табиғат сурет­терінен бастауы­ның сыры да ашы­ла бастағандай. Осы ретте «Алтын рау­шан» атты керемет шығарма­сында көркем әде­биеттің теориясы мен тәжі­рибесін соқырға таяқ ұстатқан­дай етіп түсіндіретін Ко­н­с­тантин Паустовскийдің пікіріне жүгін­сек, қызылды-жасылды бояуы мол табиғатқа қарағанда қара­пайым табиғат жүрекке жақын, сырласуға бейім. Себебі «Қара­пайым­­дылық туған жердің қадір-қасиетін анығырақ көрсетіп тұрады, көзқара­сыңыз өткір, ой-қиялыңыз жинақы бола түседі», деп жазады.

Жазушы Рахметолла Райым­құл­овтың туған жері бұл күнде Өз­бекстан мемлекетінің ау­ма­­ғын­да қалған Бостан­дық ауданындағы Қара­манас ауылы. Естуі­мізше, ол жақта әлі де қаймағы бұзыл­маған қазақ ауылдары бар. Сулы, нулы өлке. Негізгі кә­сіптері диқаншы­лық болса керек. Шарбақ жағалата еккен мырзатеректері үп етіп соққан самал жел­мен шулап, бау-бақшасы «билеп», ырғалып тұрады де­седі.

Иә, айтпақшы, сол Бостандық ауданының бір пұшпағы біздің Қазығұрт ауданымен шектеседі. Ол жаққа баратын тас жол да, темір жол да біздің өлке ар­қылы өтеді.

Қазір ойлаймын, «Жасыл белес­тің» алғашқы бетін ашқан сәтте-ақ өзіміз күнде көріп жүрген табиғатты танып, ерекше таңқалған бала көңіліміз сонда нені сезді, нені білді екен деп. Бұған жауапты тағы да Константин Паустов­ский­дің: «Өмірді, айналамыздағы қор­шаған ортаны поэ­тикалық көзбен қабыл­дау – бізге бала күнімізден берілген баға жетпес ұлы қасиет» деген жазбасынан алатын сияқ­тымыз.

Ендеше, «Туған жердің тауы да ыстық, тасы да ыстық» деп өсиет қалдырған бабаларымыздың ізі қалған май топырақты борпылдата кешіп, жалаңаяқ, жалаңбас доп қуып жүрген шағымызда әдебиет атты көркем әлемнің сәулесі біздің  өлкеге де түсіп тұрғанын алғаш сездірген жазушы­ның рухына бас иіп, алғыс айтсақ болмай ма.

Бүгінде жазушы Рахметолла Райым­құл­ов­тың суреткерлігі, қайраткерлігі және еңбекқорлығы жайында жазылып жатқан дүниелер аз да, көп те емес. Шығармалары дана Абай бастаған қазақ жазба әдебиетінің ұзын шалқар көшінің нақ ортасында, жүгі аумай, еш жерде аялдап қалмай, сол баяғы мығым да сенімді қалпында замана белес­терінен асып өтіп келеді.

Биыл жазушы Рахметолла Райымқұл­овтың туғанына жүз он жыл толады. Қазақ әдебиетінің қазынасына «Жасыл белес», «Тү­йелі адам», «Балдақты адам», «Қыз айна», «Бала жігіт», «Қара жорға» секілді сүбелі шығармалар қосып, соңына рухани мол мұра қалдырған қаламгердің шығар­ма­шылығына құрметпен қарайтын оқыр­ман қауым үшін бұл Рақаңның өмір жо­лын, шығармашылығын тағы да бір еске алып, ой елегінен өткізетін белес екені анық.

Қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі классигі, ҚР Еңбек Ері Дулат Исабеков айтқандай: «Өткеннің бәрі өгей емес. Ол үшін өткенге өзіміздікі деп қарап, оның керектісі мен тазасын тани білуіміз қа­жет».

Біздіңше, бұл бүгінгі замандас­тары­мызға ғана емес, келер ұрпаққа да өсиет болып қалар аталы сөз. 

 Нұрғали ОРАЗ