Соның салдарынан тазалық сақталмайды. Тұрғындар бұл түрлі аурудың таралуына себеп бола ма деп алаңдаулы.
Бір ғана мысал Петропавл қаласының Жамбыл көшесіндегі үшқабатты үй 2020 жылы ғана пайдалануға берілгенімен, қазірдің өзінде жағдайы мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, төбесі мен қабырғалары жарылып, іргетасы үгітіліп жатыр. Үйдің жағдайы күн санап нашарлап бара жатқан көрінеді. Тұрғындар бір күні төбесі опырылып, ортасына түсе ме деп алаңдаулы. Олардың жобалау-сметалық құжаттамасын жасап, барлық констуркциясының нығайтылғанын қалайды.
Сөйтсек, бұл жиырма жыл бойы қаңырап бос тұрған ғимарат болған екен. Кейін сақалды құрылыс нысанын бір кәсіпкер тұрғын үйге айналдырған көрінеді. Бірақ бұл ғимарат о баста баспана салу үшін жоспарланбағандықтан тұрғын үйдің кем-кетігі көп. Тіпті, үйдің желдеткіш жүйесі де жоқ, мүлдем қарастырылмаған. Пәтерлер ит байласаң тұрғысыз суық, тұрғындар қыс бойы дірдектеп, тоңып шығыпты. «Терезелер де талапқа сәйкес орнатылмаған. Бетон плиталардың арасы да, жан-жағы да тығындалмаған. Жылу ұстамайды. Жеке меншік компания өкілдерін шақыртып тексерттік. Олар терезелер мен плита арасын бекітуден қайыр болмайды, қабырғаларды жылыту керек деген қорытынды шығарды. Үй құрылысында кемшілік пен ақау көп. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес емес. Жалпы үйіміз апатты жағдайда. Қоныстанғаннан бері мердігерге бірнеше рет жүгіндік», – дейді осы үйде тұратын мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Майра Мусаранова. Оның сөзін басқа тұрғындар да қолдады.
Бұл үйдегі 12 пәтердің тоғызын тұрғындар 20 жылға ипотекаға, кейбіреулері қолма-қол ақшаға сатып алған. Үшеуін қалалық әкімдік бұзылған үйлердің иелеріне беру үшін мердігерден сатып алған көрінеді. «Мұндай үйден қалайша пәтер алуға болады? Үйдің тозуы 30 пайызды құрайды», – дейді тұрғындар.
Сотсыз шешілуі неғайбыл
Тұрғындар бұл үйді қабылдау шарасына күмән келтіреді. Олар үйдің тиісті құжаттары да болмауы мүмкін деген ойда. Бар білетіндері – үй орналасқан жер телімінің актісі бар. «Ал үйдің өзі ешбір санатта жоқ», – дейді олар. Соның салдарынан коммуналдық қызмет көрсететін компаниялармен келісімшарт та жасау қиындық туғызған. Бүгін олар тек жылу үшін ғана төлемақы төлеп отыр. Ал электр жарығы үшін келісімшарт жасауға «СевКазЭнерго» АҚ келіспей, бұл қызметті тұрғындар заңды тұлға ретінде жоғары бағада алып отырған көрінеді. Оны төлей алмағандары үшін бірнеше рет жарықтан ажыратылыпты. Амалсыз тұрғындар кейін тұрғындар барлығы бірігіп төлеген. Қазір де жарықты өшіру туралы ескерту келіп жатыр. Ал «ҚызылжарСу» кәсіпорнының базасында бұл үй мүлдем жоқ, сондықтан келісімшарт жасай алмайды. Бойлер бөлмесін автоматтандыру мүмкін емес, себебі жылу есептегіш құрал тіркелмеген болып шығыпты, пломбасы да жоқ. Су есептегіш құралдар да ескі үлгіде.
Осы мәселелерді көтеріп тұрғындар әкімдіктің, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, прокуратураның, антикордың табалдырығын талай тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ. Олар авторлық және техникалық бақылау бұл үйді қалай қабылдағанын, құрылыс сапасын, үйді пайдалануға беру құжаттары қалай ресімделгенін білгісі келеді. «Мемлекеттік органдар тек сырғытпа жауап беріп қана отыр», – дейді олар.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының ақпараты бойынша, «Петро-Строй Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 75-1-бабына сәйкес нысанға салыстыру жүргізген, бұл үй 2020 жылдың 10 желтоқсанында пайдалануға берілген. Яғни, «уәкілетті орган объектіні пайдалануға беруден бас тартудың себептерін анықтаған жоқ» делінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының мәліметіне сәйкес, объектіні пайдалануға беру 2020 жылы 11 желтоқсанда тіркелген.
«Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ осы үйдің тұрғындарына 2022 жылғы 13 сәуірдегі хатпен жеке дербес шоттарды ашу тәртібін түсіндіргенін айтады. Қажетті құжаттар тізбесін де ұсыныпты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «нысанды пайдалануға беру кезінде мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған жоқ. Бұл мүліктік даулар азаматтық-құқықтық реттеу саласына жатады және азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде шешіледі», – деп жауап беріпті.
Амалы құрыған петропавлдықтар «AMANAT» партиясының облыстық филиалына жүгінді. Олардың мәселесін қалалық әкімдік, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, «СевКазЭнергоСбыт» кәсіпорны өкілдерінің қатысуымен қарастырған партиялық бақылау комиссиясының мүшелері өтініш иелеріне ары қарай қандай шара қабылдау қажеттігін түсіндіріп, тегін заңгерлік көмек ұсынылатынын хабарлады. Бұл мәселе, антикордағылар айтқанындай, соттың араласуынсыз шешілмейтін сияқты.
Қаңғыбастардың қонысы
Жалпы, шағын ғана Петропавл қаласында апатты жағдайдағы көпқабатты 26 үй бар. Олардың дені қаланың шеткері аумақтарында орналасқан. Солардың бірінде тұратын мүмкіндігі шектеулі Валерий Лобов бір күні тірідей өртеніп кетемін бе деп алаңдайды. Себебі ол тұратын үйдің әкімдікке тиесілі екінші бөлігін тұрғылықты жері жоқ қаңғыбастар мекендеген.
«Олар сонда жиналып, ішімдік ішеді, күнде айқау-шу, төбелес. Әбден мазамды алды. Солардың кінәсінен екі рет өрт шықты. Үйдің осы бөлігін бұзып тастауды өтініп, қалалық әкімдікке талай жүгіндім» деген Валерий Николаевич та «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына араша сұрап келді.
Осындай үйлердің бірінде жұмысшысы тұрып жатқан жеке кәсіпкердің де өтініші осыған саяды. Ол да қараусыз қалған үйдің жартысын не бұзып тастауды, не жөндеуді, тым болмаса төбесін қалпына келтіруді сұрап отыр.
Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясындағылар бұл жайттан хабардар. Бірақ әзірге қолдан келер қайран жоқ.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы