Кітап сүйер қауымның жыл сайын асыға күтетін мерекесі – Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі. Себебі бұл жерде отандық және шет­елдік баспагерлердің басы қосылады. Ақын-жазушылар да оқыр­мандарымен қауышады. Жәрмеңкенің басты ұйымдастырушысы – «Фо­лиант» баспасы. Халықаралық деңгейдегі бұл көрме 2016 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. Биыл алтыншы рет өтіп жатыр.
Кітап кені көрмеде
1,637
оқылды

Дәстүрге айналған жәрмең­ке­ге қатысуға баспа, кітап сату, ғылыми, бі­лім беру және полиграфиялық компа­ния­лардың өкілдері саналатын 70-тен ас­там компания өтінім берген. Кітап оқу­ды насихаттау мен оқу мәдениетін қа­лыптастыру үшін көрме аясында ере­сектерге де, балаларға да қызық болатын әр­­түрлі мәдени шаралар ұйымдас­ты­рылу­да. Атап айтсақ, қазақстандық және шет­елдік жетекші баспалардың балалар, көр­кем, оқу және ғылыми-көпшілік әде­бие­тінің жаңалықтарының тұсаукесері, бел­­гілі жазушылар мен ақындармен қол­таңба сессиялары, кітап шығарудың өзек­ті мәселелері талқыланатын дөңгелек үс­телдер өтті. Балалар алаңында кітап оқу­­лары, тасқа сурет салу, кітаптарға бет­белгі жасау және басқа да шеберлік са­бақтары жүргізіліп жатыр.

– Биыл көрмеге 70-тен астам баспа қа­тысып жатыр. Көрме аумағында Абай алаңын жасақтадық. Абай алаңында Мә­дениет және спорт министрлігі 2022 жылы ме­млекеттік тапсырыспен шыққан 188 кітаптың таныстырылымын өткізуде. Күн сайын ақын-жазушылар оқырмандармен кездесу, қолтаңба сессияларын өткізіп жа­тыр. Ұлттық кітапханада мәдени шара­ларға үлесін қосуда. Жалпы жылдағы дәс­түр бойынша тұсаукесерге арналған екі ­форум ұйымдастырдық. Форумда сағат сайын әртүрлі баспалар кітаптарын та­ныстыруда. Биыл көрмеге Қытайдан, Өз­бекстаннан, Әзербайжаннан, Түркия­дан, Ресейден бірнеше баспа қатысып жа­тыр, – дейді «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова. 

Көрменің салтанатты ашылу рәсі­мі­не министрлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, шет мем­лекеттердің елшілері қатысты. Мәде­ниет және спорт министрі Асхат Оралов атал­ған жобаның отандық кітап ісі сала­сына тигізер ықпалы үлкен екенін атап өтті.

– Жәрмеңкені аралап, қонақтармен, зия­лы қауым өкілдерімен кездестім. Атал­ған іс-шара – еліміздің кітап ісі саласының кәсіп­керлеріне жаңа серіктестер табуға, ав­торлар үшін жаңа аудитория жинауға жақ­сы мүмкіндік. Оқырмандар үшін әр­түр­лі шеберлік сабақтарына қатысуға, жаңа кітаптармен танысып, қолтаңба сес­сиялары мен дәрістерге қатысудың тап­тырмас алаңы. Біз осындай іс-шара­лар­ды одан әрі қолдауды жоспарлап отыр­мыз. Оларды тек Астанада ғана емес, Қа­­­­зақстанның басқа өңірлерінде де өт­кі­зетін боламыз, – деді министр.

Жалпы «Фолиант» баспасы – кі­тап саласында 26 жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқан ширек ғасырлық та­ри­хы бар көпсалалы баспа. Бүгінде «Фо­лиант» баспасының кітап ассор­ти­менті 1000-ға жуық. Ең таңдаулы туын­ды­­ларды, әлемдік деңгейдегі шығарма­лар­ды оқырмандардың қазақ тілінде, яғни өз ана тілімізде оқып, көштен қалмай, та­ным көкжиегін кеңейту – баспаның бас­ты мақсаты. «Фолиант» баспасы 2022 жыл­да 300-ден астам кітап басып шы­ғар­ды. Жалпы көркем әдебиет 10 серия бойын­ша ұсынылады. Оның ішінде қазақ клас­сикасынан бастап, үздік шетел әде­биеті, Нобель сыйлығын иеленген жазу­шы­лардың шығармалары, балалар әде­бие­ті мен нон-фикшн жанрындағы кі­тап­тар бар. Соңғы басылып шыққан кітаптар іші­нен әйгілі Мұхтар Әуезовтың «Қилы заманын», Мұхтар Мағауинің «Ала­са­пыраны», Альбер Камюдің «Оба», Джон Стейн­бектің «Ыза шо­ғы», Гүзел Яхинаның «Самарқанға ба­ғыт алған эшалон», Сью­зен Коллинздің «Аш­тық ойындары» мен Ремарктің «Сал­танат қақпасы» романдары мен тарихи туын­дылардан Исай Кала­шни­ковтың «Сұм заман», Болат Жандар­бековтың «Сақ­тар» романын және тағы басқа әлем­дік һәм қазақ классикасының таңдаулы туындыларын ерекше атап өтуге болады. Одан бөлек балалар әдебиетіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Кез келген жас ерек­ше­лігі мен балалардың қызығу­шылығына бай­ланысты кітап ассорти­менті жеткі­лік­ті. «Фолиант» баспасының көрмеге әкелген кі­таптарының арасында жаңадан шық­қан­дары көп. Соның ішінде Медеу Сәр­секенің «Ноқталанған тарих­шы» атты кі­та­бының таныстырылымы өтті. Тоқсан жас­қа таяған жазушы бұл кіта­бында бел­гілі тарихшы Ермұхан Бек­ма­ханов жайлы сыр шертеді. Тұсаукесер рәсіміне Жазу­шы­лар Одағының төрағасы Ұлықбек Ес­дәулет және ғалым Серік Негимов қа­ты­сып, өз пікірлерін білдірді. Тимур Нығ­матуллиннің «1916» кітабы­ның, неміс ға­лымы Роберт Киндлердің «Ста­линдік көш­пенділер» атты туын­ды­лары таныс­ты­­­­рылды. Сондай-ақ алдағы күндері ба­ла­ларға арналған жаңа кітап­тардың, Әк­бар Гошалының «Тұранның бір түп жу­саны», Жадыра Шамұратованың «Сан­дық», нон-фикшн жанрындағы жаңа кі­тап­­­тардың тұсаукесер рәсімі жоспар­ланып отыр. 

Кітап жәрмеңкесінің бір бұры­шын­да жаңа кітап таныстырылып жатса, екінші бұрышында авторлар оқыр­мандарға қолтаңба беріп жатыр. Ал елі­міздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген баспалар жаңа шыққан кітаптарын оқырмандарға ұсынуда. 

– Кітап жәрмеңкесіне арнайы келіп қа­­тысып жатырмыз. Осы алаңда жаңадан шы­ғарған «Қош келдің, әз Наурыз» атты су­винерлік кітабымыздың тұсауын кес­пекшіміз. Бұл кітаптың идеясы шетелге кі­тап көрмесіне барған кез­де келді. Ол жақ­­тан рождество мерекесіне арналған әр­түр­лі сувинерлік кітаптарды көрдік. Ал мұн­­дай ерекше кітаптар біздің елімізде шы­­ғарылмапты. Сондықтан наурыз ме­ре­кесіне арналған арнайы жинақ жасадық. Бұл кітап сатылымға шықты. Бағасы – 9900 теңге. Меніңше, бұл қымбат баға емес. Себебі бір қорап конфет алсаңыз да осы баға шығады. Сондай-ақ біздің баспа «Ме­нің Қазақстаным», «Ұлы тұлғалар» се­риясы бойынша кітаптар шығарады. Был­тыр Ыбырай Алтынсарин туралы еш жер­де жарияланбаған деректерді тауып, ар­найы кітап шығардық, – дейді «Алма­ты­кітап» баспасының вице-президенті Гүл­нұр Құдайберген. 

Көрме аясында «Жылдың үздік кі­та­бы» байқауы өтеді. Бұл дода «Үз­­дік оқулық кітабы», «Үздік өлкетану ба­ғы­тын­дағы басылым», «Балалар мен жа­­­­сөс­­пі­рім­дер­ге арналған кітап», «Мәдениет пен өнер саласына арналған басылым», «Ғылым және инновация саласына арнал­ған басы­лым» және Гран при аталымдары бойынша ірік­теледі. Жәрмеңкеге қатыс­қан бас­па­лар аталған байқауда бақ сынап отыр. Жеңіс­­тен үмітті кітаптар, ең алдымен са­­па­­сына, көркемдік-эстетикалық безен­дірілуіне қарай бағаланады.

– Steppe & World Publishing баспасы осы көрмеге биыл екінші рет қатысып жа­­тыр. Көрмеге шамамыз келгенше дайын­далып, тобымызбен келдік. Жаңа­дан шық­қан комикстер сериясын, ағылшын ті­лін үйренуге арналған кітаптарды, ба­ла­ларға арналған әдебиеттерді де ұсынып отырмыз. Баспамыздан шығатын кітап­тар­дың 70 пайызы – балалар әдебиеті. Көр­меде бізді іздеп келген оқырмандар көп екен. Солармен кездесіп, пікір алма­суда­мыз, – дейді Steppe & World Publishing бас­пасының негізін қалаушы және бас­шысы Райса Қадыр. 

Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы көрмеде жүр. Барлығын бірік­тіретін бір ғана күш. Ол – кітап құ­діреті. Айта кету керек, VI Eurasian Book Fair 23 сәуірге дейін жалғасады.

Көктем ҚАРҚЫН