Кітап көрмесі – улап-шулайтын орын емес. Бұл туралы Мәжілістің экс-депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Экс-депутат кітап көрмесіндегі мәдениет мәселесін көтерді
837
оқылды

"Біз оны кітап атаулының маңызына ден қоятын, жаңа туындылармен, олардың авторларымен, белгілі шығармашыл тұлғалармен, өз ісінің шеберлерімен етене танысатын, іскерлік байланыс орнататын алаң деп білеміз. 

Сондай жерде қатысушылардың өзіндік мәдениеті қалыптасады. Ал келушілердің көптігіне малдану, яғни сан қуалау іс-шараның сапасына кері әсер етеді. Мектеп оқушыларын лек-легімен автобуспен тасымалдап, көрме ішіне апыр-топыр кіргізумен, бейберекет, еркімен жіберумен шаруа бітпейді. Одан ешкім ұтпайды. Көрмеге әлі бас сұқпаған мектеп директорлары да болуы мүмкін. Әйтпесе, оқуда озат, тәртібі үздік оқушыларын ынталандыру мақсатымен бастап әкелсе, өнеге көрсетсе құба-құп еді. Әйтпесе, сабақтан босату себебін толық түсінбеген ойын баласы кітаппен ісі бола ма, сөз тыңдай ма, ортаны сыйлай ма? Яғни, кітап жәрмеңкесінің маңызын түсіндіру, ұғындыру жағынан кемшіліктер көзге ұрып тұрғанын қалың көпшілік көрді. Сондай-ақ, тар залда үш жерде ұйымдастырылған кездесу алаңдарындағы микрофон үні бір-біріне кедергі келтіретіні  де ескерілмеген. Негізінде, жоғары сынып оқушылары мен студент жастарды, кітап әлеміне тарту – жақсы нышан. Тек ұйымдастыруды жан-жақты жетілдіре түскен абзал" делінген экс-депутаттың жазбасында.

Ол Ұлт данышпаны Абайдың:

“Артық білім кітапта, 

Ерінбе оқып көруге” дегені бала кезден даналық шаққа дейін адамзат құндылығынан ажырамауды меңзейтінін жеткізеді. Ақынның осы өсиетін орындауға бағытталған іс-шараның басында елімізге танымал  “Foliant” баспасы (басшысы Нұрлан Исабеков) жүрсе, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі ресми қолдаушылар қатарында екенін еске салады.

Осы күндері Астананың төрінде, ЭКСПО көрме залында Vl Еуразиялық халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Жазушылармен, ақындармен, аудармашылармен кездесулер, түрлі таныстырылымдар, жылдам оқу, мәнерлеп оқу тәсілдерін үйрету, брифингтер, ашық сабақтар, дәрістер, викториналар көрмеге келушілердің кез келгенін бей-жай қалдырмайды.

"Еліміздегі танымал баспалардың өкілдерімен, кітап қоғамдарымен, өңірлік кітапханалармен бірге көрші мемлекеттерден, сондай-ақ Испаниядан келген қонақтар өз өнімдерін насихаттап, жәрмеңкеге ерекше сипат беруде.

Осындай маңызды іс-шарада қаптаған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, кешегі сайлауға белсене қатысқан партия өкілдерінің бой көрсетпеуі де көп нәрсені аңғартса керек. Әйтпесе, көрмеге қатысу арқылы әрбір саналы, сауатты, зиялы адам, отансүйер азамат ұлы мәртебелі жазушының еңбегін құрметтеуді, озық баспаның, баспагердің өнімін бағалауды үйренетін еді. 

Бұл – мәдениеттіліктің белгісі", – дейді Дархан Мыңбай.