Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық педагогі өткізбеген дәрісі үшін 11 миллион 200 мың теңге айлық алған. Ал жалпы мүгедектігі бар 225 баланы үйде оқыту үшін қазынадан қаралған 24 миллион теңге қолды болған. Мұндай қулық пен сұмдықты облыстық прокуратура әшкерелеген.
Құзырлы орган өкілдері берген ақпаратқа сүйенсек, қазына қаржысын жымқыру әрекеті алты бірдей ауданда тіркеліпті. Аталған заңсыздыққа қатысы бар делінген білім саласының 253 қызметкері қазір жауапқа тартылып отыр.
– Ұстаздардан бөлек, 50-ден аса мектеп директоры, 6 аудандық білім бөлімінің басшысы, 100-ден аса мектеп директорларының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ең бастысы, қазынаға 24 миллион теңге кері қайтарылды, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев.
Негізі, бұл – өткен жыл ішіне жасалған мониторинг кезінде анықталған дүние. Ал Жамбыл облысындағы 8 мыңға жуық мүгедектігі бар жанның 10 пайызы үйде оқытылатынын ескерсек, соңғы 5-10 жыл көлемінде бес тексеріс жүргізілетін болса, тағы қандай сұмдықтың беті ашылатыны белгісіз.
Бұлай деуімізге себеп – өңірде мұндай жағдайдың тіркелуі бірінші мәрте емес. Мәселен, 2019 жылы білім саласындағы сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңсыз әрекеттер 3 есеге өскен. 2020 жылдың 11 айында тіркелген статистика да сананы сан-саққа жүгіртеді. 2021 жылы болса, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұстаздарға жалақы төлеудегі бірқатар заңсыздықтың жолын кесті. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы №3 мектеп лицейі желтоқсан-қыркүйек айы аралығында мұғалімдерге артық жалақы төлеп келген. Бұл аз десеңіз, №34 мектеп директоры жұмыста жоқ қызметкерге жалақы аударып, заңсыздыққа жол берген.
Білім саласындағы былық пен қулықтың тамыры біз ойлағаннан да тереңде жатса керек. Ал Жамбыл облыс әкімдігінің Білім басқармасы прокуратураның күні кеше жүргізген тексерісінен кейін «оянған» секілді. Олай дейтініміз, әкімдікте өткен жиындарда «бәрі керемет» дейтін басқарма тығырыққа тіреліп, оқу жылының аяғында тексеріс жүргізіп тастады. Басқарма облыстық прокуратура келтірген деректерді толықтай растап, алайда «сасқан үйректің» керін салды.
«Облыстық прокуратурадан заңсыздық жою туралы ұсыну келді. Берілген ұсынуда аудандық орталық ауруханаларының Damu Med кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың республика көлемінде ауруханаларда және оңалту орталықтарында жатқандары туралы мәліметтері алынғандығы, мәліметтерге сәйкес, балалар күндізгі стационарларда ем алып жатқан кезеңдерде мұғалімдерге 24,1 млн теңге заңсыз айлық жалақы төленгені анықталған.
Осыған орай, облыс әкімдігінің Білім басқармасы тарапынан аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдеріндегі заңсыздыққа жол берген басшылар мен жауапты мамандардан түсініктемелер алынды. Берілген түсініктемелерге сәйкес, кейбір балалардың денсаулықтары бойынша порталға тіркелгенімен, ауруханаларға жатпағаны да анықталды.
Сондай-ақ қызметтік қажеттілікке сәйкес, ағымдағы жылдың 08-10 ақпан, 13-14 ақпан күндері 6 аудандағы (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандары) үйден оқытылып жатқан балаларға беріліп жатқан білімнің сапасы, педагог кадрлардың біліктілік арттыру курстарынан өтуі сынды жұмыстары зерделеніп, зерделеу қорытындысы 2023 жылғы 9 наурыз күнгі басқарманың кеңейтілген мәжілісінде қаралды», – дейді басқарма мамандары.
Байқап тұрсаңыздар, басқарма тағы да түйткілді шешудің талқыға салумен шектеліп отыр. Кеңес хаттамасына сүйенсек, жиында 247 педагогке тәртіптік шара қолдану қарастырылыпты. Ал қызметіне салғырт қараған Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Мамырбаевқа, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы М.Қазанғаповқа,Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы И.Баймағамбетовке, Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы М.Базароваға «ескерту», Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Тыныбековке «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза белгілеген. Осылайша, басқарма жауаптыларды жазаға тартқандай кейіп танытып отыр. Алайда ескерту мен қатаң сөгіс жаза ма? Жазалаудың мұндай түрлері үш немесе алты айдан кейін «кешірілетіні» мәлім. Ендеше, неге аудан әкімдерінің білім саласына жетекші орынбасарларынан бастап, балға бармақ батырғысы келгендерді қатаң жазаға тартпады? Бұл біріншіден, өзгелерге сабақ болар еді. Одан кейін жылда қазына қаржысына майшам салып үңіліп, жауды іштен іздеп әлек болмас едік. Егер облыстық прокуратура тексеріс жүргізбесе, бюджеттің тағы қанша қаржысы қолды болатындығын ойлаудың өзі қиын.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда басы дау мен арыздан арылмайтын білім саласындағы мәселелерді ескерту, сөгіс немесе бақылауға алу сынды шаралармен шешу мүмкін емес. Мұндайда батыл қадамдар керек. Естеріңізде болса, бір жылдары Байзақ ауданындағы мектепте дүниеден өтіп кеткен адамға да жалақы төленгені туралы ақпар шыққан. Әйтеуір, соңы айқай-шуға ұласып барып басылған. Мұндай жағдайлар облыстағы кез келген мектепте болуы мүмкін. Сондықтан Білім басқармасы құзырлы органдардың тексерісінен кейін ғана әрекет етпей, мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескені абзал.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы