Солтүстік Қазақстан облысында қоғам белсенділері өңірдің мәселелеріне бейжай қарамайды. Соның ішінде жолдардың жағдайы да олардың үнемі бақылауында. Мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы мен тиімділігіне мониторинг пен зерттеу жүргізетін KUN JARYGY қоғамдастығының өкілдері жуырда Аққайың ауданындағы жолдардың талапқа сай жөнделмегенін анықтады. Аудан тұрғыны Амангелді Ковенов Смирново ауылының ішіндегі және Көктерек ауылына апаратын жолдардың сапасыз жөнделгені туралы мәселе көтерген болатын. Сол кезде аудан прокурорына бұл мәселені зерделеп, нәтижесін жариялау тапсырылған еді. «Бірақ бұған ешкім назар аударған жоқ. Енді, міне, қысқа ғана уақыт ішінде жол қайтадан таз қалпына түсті», – дейді Амангелді Ковенов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталықтың облыстық филиалы бұл жолдарға қатысты мәліметтерді сұратып, Аққайың аудандық әкімдігіне қайырылған болатын. Әкімдіктің жауабына сәйкес, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген «Компания «ГорСтройАвтоДор» ЖШС бір жыл кепілдік берген екен. Бірақ мердігерге қатысты қандай шара қолданғаны туралы сұраққа әкімдік жауап беруді «ұмытып кетіпті».
Кемшілік көп, нәтиже жоқ
Аққайың аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметіне автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу және жол қозғалысы туралы заңнаманы сақтауына тексеріс жүргізген аудандық прокуратура бірқатар заң бұзушылықты анықтады. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес қаржы оңтайлы және тиімді жұмсалуы тиіс, мемлекеттік сатып алу туралы шарт толық орындалуы қажет.
Алайда мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде мердігерлер де, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары да заңда көрсетілген талаптарды бұза отырып, айтарлықтай кемшіліктерге жол берген. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын жөндеуді орындау кезінде тапсырыс беруші тарапынан бақылау болмаған.
Мәселен, аудандық бөлім «Сана-Торг» ЖШС-мен 89 миллион 622 мың 842 теңгеге Ленинское ауылына апаратын жолды орташа жөндеу туралы келісімшарт жасасқан. Бірақ уағдаласқан мерзім сақталмағаны, жұмыс сапасыз орындалғаны, жөндеу толық жүргізілмегені анықталған. Бұған атқарылған жұмыс актілерінің жоқтығы дәлел. Сол себепті әкімдік мердігерге небәрі 22 миллион 499 мың теңге аударыпты.
Дәл осындай заң бұзушылық Дайындық ауылына кірме жолды, Власовка ауылындағы кентішілік жолдарды орташа жөндеу кезінде де анықталды.
Сонымен қатар нысанды тапсыру мерзімі сақталмағанына қарамастан, тапсырыс берушінің жұмысты қабылдап алғаны белгілі болды. Сондай-ақ прокурорлар кейбір жолдардың сапасыз жөнделгенін анықтады. Мәселен, Аққайың аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «ГорСтройАвтоДор» компаниясы» ЖШС-мен Смирново ауылындағы Октябрьская көшесін 22 миллион 680 мың теңгеге орташа жөндеу бойынша келісімшарт жасайды. Жүргізілген жұмыстарды зерттеу нәтижесінде жол бойында жарықтар, құбыр өтетін маңайда жол төсемінің құлап қалғаны, жолдың шөккені анықталған. Аудандық прокуратура бұған дейін де осы ақаулықтарды көзді шұқып тұрып көрсеткеніне қарамастан, жұмыс қабылданған.
Келісімшартқа сәйкес мердігер жұмыс нәтижесі техникалық талаптарға сәйкес келетініне, ақаусыз орындалатынына, сондай-ақ бір жыл пайдалануға кепілдік береді. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметі туралы» заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген кепілдік мерзімі ішінде анықталған кемшіліктерді жою мердігерге жүктеледі. Осыған байланысты прокуратура шарттық міндеттемелерді тиісінше орындалуы үшін жол жамылғысының ақауларын жою жөнінде шаралар қабылдау қажет деген қорытындыға келді.
«Осылайша, тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар жергілікті атқарушы органның жауапты қызметкерлері тарапынан лауазымдық міндеттердің тиісінше орындалмағанын, сондай-ақ басшылық тарапынан ведомстволық бақылаудың жоқтығын дәлелдейді» делінген прокуратураның хабарламасында. Осыған орай прокурор жіберілген заң бұзушылықтарды жою және «Сана-Торг», «СОТИС-Групп», «Қазстройсервис НС» ЖШС-лерін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану, сондай-ақ олардан тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізуді, әрі кепілдік міндеттемелері аясында ақауларды жою жөнінде шаралар қабылдауды, сонымен қатар кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарастыруды ұсынды.
Жүк көліктері кінәлі
Бұл жалғыз Аққайың ауданында ғана қалыптасып отырған жағдай емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталықтың облыстық филиалының жетекшісі Руслан Асаубаевтың айтуынша, басқа аудандардағы жолдың жағдайы бойынша да «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалына бірнеше хат жолдаған. Алған жауабына сәйкес, жөнделген жолдар ауыр жүк көліктері жүріп-өткеннен бұзылған. Мәселен, жуырда ғана «Петропавл Жолдары» ЖШС жөндеген «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» жолының 18-33 шақырымы, яғни Новопокровкадан Кривощековоға апаратын бөлігі осы аудан аумағында карьер орналасқандықтан мүшкіл халге түскен. Ауыр жүк көліктері инертті материалдар тасымалдайтындықтан жол жарылған, ой-шұңқыры көп. Сондай-ақ бұл жер тым ылғалды көрінеді. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» филиалының жауабына қарағанда, мердігер жолды қайтадан бірнеше рет жөндесе де, одан оң нәтиже шықпапты. Дегенмен мердігер компания 2022 жыл бойы бұл жолға қиыршық тас төсеп, тегістеп әлек болғанға ұқсайды. «2023 жылы күн жылынып, ауа райының қолайлы кезеңі туындаған кезде мердігердің кепілдік міндеттемелері аясында барлық анықталған ақаулықтар жойылады», – деп сендірді «ҚазАвтоЖол» филиалының басшылығы.
Ауыр жүк көліктерінің жолды бұзуы – көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Оның алдын алу үшін облыстық көліктік бақылау инспекциясы құқық қорғау, жергілікті атқарушы және бақылаушы органдармен бірлесіп ұдайы жұмыс жүргізеді. Мәселен, былтыр бақылау қорытындысы бойынша жүк тасу ережелерін бұзғаны үшін кінәлілерге қатысты 109 әкімшілік іс қозғалып, 17,9 миллион теңгенің айыппұлы салынған. Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Рустам Меңлібековтің мәліметінше, сонымен қатар былтыр ірі көлемді және ауыр салмақты көлік құралдарының жүруіне 82,9 миллион теңге алым сомасына 1 393 арнайы рұқсат беріліпті. Ал биылғы үш айда мұндай рұқсат саны – 455, алым сомасы – 40,7 миллион теңге.
Жол құрылысына бөлінген мол қаржыдан «үлесін» алуға тырысатын кейбір пысықайлардың кесірінен жол құрылысы сапасыз жүргізілетінін, мұндай жұмыстар кейде соңына дейін жеткізілмейтінін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет те жоққа шығармайды. «Алдағы уақытта бөлінген қаржы толық игеріліп, конкурстардың уақытылы өткізілуін, жұмыстың жоспарға сәйкес атқарылуын бақылауға аламыз. Өз мойнына алған міндеттемесін орындамаған мердігерлерді жосықсыз қатысушылар қатарына қосамыз. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын сарапшылардың жұмысы да қатаң бақыланады. Бұл жұмыстың ашықтығын барынша қамтамасыз етеміз», – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет.
Облыстағы 9 мың шақырым жолдың былтыр 860 шақырымы жөнделсе, биыл 650 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Сөйтіп, биыл өңірдегі сапалы жолдардың көрсеткіші 83-84 пайызға жеткізу жоспарда бар. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға жетеді.
Мемлекеттік сатып алу мониторингі жөніндегі KUN JARYGY қоғамдастығы бұл жұмысты бұдан әрі де бақылаймыз деп білек сыбанып отыр.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы