Кіші Аралды сақтап қалуда Көкарал бөгетінің атқаратын рөлі ерекше. Алайда соңғы жылдары бұл стратегиялық нысанның мүшкіл халде тұрғаны жиі айтыла бастады. Бұл жайында 2019 жылы Қызылорда облысына сапары барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бөгеттен қауіп көп екенін тілге тиек етіп, Үкімет пен облыс әкіміне қатаң шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Аралды құтқарудың амалы қайсы?
1,698
оқылды

Жалпы, бұл бөгет кенезесі кеп­кен теңіз ұлтанын қайта тол­тырып, айдынды жағалап, нәпа­қа­сын тапқан халықтың ырзық-несібесін еселеуге бағыт­талған жоба болатын. Алғаш бұл тоспа 2006 жылы Саратс жобасы ая­сын­да пайдалануға берілді. Сол кез­де ұзындығы 13 шақырым бола­­тын тоспа кіші теңіздің тұз­ды­лық мөлшерін азайтып, балық шаруа­шылығын қайта жан­дан­дыру­ға жол ашты. Бір жылдары тұз­дылығы жоғары теңізде кам­бала балығын өсіру бастамасы жол­ға қойылған еді. Бұл судың тұз­дылық мөлшері көп бол­ған­дықтан, тұзды суда өсуге бейім балық түрін жерсіндіріп, елдің байырғы кәсібін жандардыруға бағытталған алғашқы жоба бол­ды. Даниялықтар қолға алған жо­баның игілігін ел көрді. Дей­тұр­ғанмен, ақ сазаны мен жайы­нын сағынған аралдық ағай­ын­­ның аңсағаны басқа еді. Уақ­ыт өте келе тоспа салу ар­қылы су­дың тұздылығы азай­ып, теңіз жа­ғасын қоныс­танған ха­лық ата­кәсіпке қайта ден қойған. Ау­дан орталығында тұралап қалған балық зауыты қайта жанданып, елдің берекесі кірді.

Бірақ бертін келе аталмыш бөгет­тің су тастау қүрылысының бір бөлігі сумен шайылып, за­қымдалды. Гидротехникалық құ­рылыстарды зерттеу жөніндегі комиссия бөгеттің ақауын анық­тап, жедел қалпына келтіру қа­жет­­тігін алға тартты. 

Осыдан кейін бөгеттің бола­шағы сала мамандарын толған­дыра бастады. Тіпті, көршілес Өз­бекстан мемлекет­інің билігі де стратегия­лық ма­ңызы зор ­тос­паның келе­шегіне алаңдап, екі елдің арнайы құрыл­ған жұ­мыс тобы мәселені жан-жақты талқылады.

Президенттің тікелей бақы­лау­ын­­дағы осы мәселеге о­­рай был­тыр «Көкарал бөгетін сақ­тап қа­лу және Сырдария өзені­нің а­­тырау­­ын қалпына келті­ру» жо­ба­­сын жүзеге асыруға шешім қа­­был­­­­данды. Респуб­ли­ка­лық қа­зына­­дан жоба-смета­лық құ­жат­тамасы әзірленіп, мем­лекет­тік сарап­таманың оң қор­ы­тын­дысы да алынды. 

Жалпы, аталмыш жоба 4,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Не­гізінен, Кіші Арал теңізін сақ­тап қалу мақсатында салынған Көк­арал бөгетінің рөлі аса ма­ңыз­ды. Бір кездері «ғасыр жо­ба­сы» атанған нысанның негізгі ма­қ­са­ты – Сырдария суын сол­түстік Аралда сақтау, су дең­гей­ін 42 метрде ұстау, оған жалпы кө­лемі 27 млрд текше метр су сақ­тау болатын. Бұл жайында «Тұ­­ран ойпаты – Арал теңізі» қо­­­ғам­­­дық бірлестігінің пре­зиден­­ті Нұртуған Тұржанов жан­-жақты түсіндіріп өтті.

«Негізі, 2005 жылы салынған бө­гет ескіре бастады. Соның ­сал­дарынан 2019-2022 жылдар ­ара­лығындағы құрғақшылықта Сол­­­­түстік Арал теңізі 8 млрд тек­­­­ше метр шамасында су жо­ғалт­­қан. Осы Көкарал бөгетін су шайып кету қаупі ұлғайған соң бірнеше жыл облыс, аудан әкім­дері де орталықтан 5 млрд теңге шамасында қаржы сұрағаны белгі­лі. Бұл мәселе «Аралға су келе ме?» «Экомарафон-2022» акция­сы­ның және Қазақстан Респуб­ли­ка­сы мен Өзбекстан Респуб­ли­касы­ның Парламент­тері депу­тат­­тарының көшпелі отырысы­­­­­нан кейін шешілген. Нәтижесін­­­де, 4,5 млрд теңге ша­масын­да қаржы бө­лін­ді. Оның 500 млн тең­ге­сі был­тыр бөлініп, Қаз­су­шаруа­шылығы меке­ме­сімен біраз жұмыс жүргізіл­ді. Биыл 1,2 млрд тең­ге бөлін­ді. 2024-2025 жыл­­дары қал­ған қаржылары бе­рі­леді деп күтілу­де. Бұл жоба­дан үлкен үміт кү­теміз», – дейді бұл жайын­да қо­ғам­­дық бірлестік президен­ті. 

Оның айтуынша, аталмыш жоба аясында теңіз ұлтаны қайта то­л­ып, тіршілігі жанданатынына сенім білдіреді. Алайда аталмыш жобаның өз деңгейінде жұргізілуі қатаң бақылауда болуға тиіс. 

«Жуырда тұрандықтар гидро­техникалық мамандығы бар аза­маттармен бірлесіп, теңізге ар­найы барып, жағдайға қанық бо­лу­ға тырыстық. Біраз атқарыл­ған жұмыстарды көрдік. Шеші­мін күткен мәселелер де жоқ емес. Сол кезде байқаған­ымыз, то­­­ғыз көз шлюздерінің темір қақ­­паларының ескіргенін көр­дік. Бір қақпасы толық жабыл­маса, кей­бірінде сыздық­тап су ат­қылап тұр. Тағы бір айта кете­тіні, Қа­ра­терең-1, Қара­терең-2 каналда­рының тиісті жұмыс­тары толық аяқталмаған сияқты. Алай­да 500 млн теңгеге ат­қа­рылған жұмыстар қатарында тұр. Ең сорақысы сол, Арал ауда­нын­да жауапты Қаз­су­шаруашылығы мекемесінің бө­лімшесі жоқ екен. Негізгі мекеме­нің бөлімшесінің ауданда бол­мауында сияқты», – дейді өз сө­зінде Нұртуған Тұржанов.

Ал аудан тұрғыны, ел жана­шыры Көлбай Данабай атал­­мыш жобаның елге берері зор бола­тынына үмітпен қарай­ды. Биыл Сырда дария деңгейі жылдағыдан едәуір көтеріліп, теңізге мол су құйылған. Жоба сапалы жүргізіл­се, елдің ырысы артып, несібесі молая түсер еді деген пікірде. 

«Негізі, Көкарал бөгетін сақ­тап қалу жобасы аясында көп­теген ұсыныс-пікірлер ай­тылып жүр. Алайда ғылыми негіз­ге сү­йене отырып, сарап­шылардың оң қорытындысын алған жобаны құптауға болады. Өйткені бұл жоба 18 жылдан бері қызу талқы­ланып келеді. Осы уақыт аралы­ғында көптеген ұсы­ныс-пікірлер айтылды. Түрлі идеялар ортаға салынды. Бірі –Көкарал бөгетін биіктету керек десе, екінші біреу бөгетті сәл батысқа жылжытып, белгілі бір мөлшерде көтеру ке­рек деп есептейді. Бүгінгі жоба сондай қызу талқылау нәтиже­сінде мақұл­данып отыр. Сон­дық­тан бұл жобадан халық үлкен үміт күту­де. Ең бастысы, тиісті жұмыс­тар өз деңгейінде атқа­рылып, ел игілігіне қызмет жа­сай­ды деп сенеміз», – дейді Көлбай Данабай. 

Жалпы, жоба аясында ат­қарылып жатқан жұмыстар тө­ңіре­гінде Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетовтен сұ­рап көрдік. Аудан әкімі Мем­лекет бас­шысының тапсыр­масына сай, Кіші Аралды сақтап қалу бо­йын­ша шұғыл шаралар ­қа­былдан­ғандығын, тиісінше ­Көк­а­рал бө­гетін сақтап қалу және Сыр­дария өзенінің аты­рауын қалпына келтіру жо­ба­сының былтыр бастау алған­дығын айтты. 

«Айта кетейік, жобаны бас­тау­­­ға былтыр 500 млн теңге бө­лін­­се, биыл 1 млрд 200 млн тең­ге қаралды. Соған сәйкес, Тұ­щы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қар­а­шалаң-2 каналдарына меха­никалық тазарту жұмыстары жүр­гізіл­ді. Осыған орай, Бөген ауыл­­дық округінде орналасқан «Са­рытерең» каналын қазу был­тыр басталып, бүгінде аталған жұмыстар аяқталды. Нәтиже­сінде, 1 500 гектардан аса шабын­дық аумақты суландыруға және теңіз суының тұщылану аума­ғы­ның ұлғаюына септігін тигіз­бек», – деді бізге аудан әкімі. 

Мәліметке сәйкес, алғаш­қы­да жобаны жүзеге асыру­­ға 20-дан астам техника мен 40-қа жу­ық жұмысшы күші тартылған. Маң­ызды нысан құрылысын ба­қы­лау облыстық Табиғи ресурс­тар жә­не табиғат пай­далануды реттеу басқармасына міндеттелген. 

Жалпы, ел үміт артқан жоба­дан теңіз жағасын мекендеген тұрғылықты халық көп жақсы­лық күтеді. Ең бастысы, бастал­ған іс жар ортадан тоқтап қал­май, құрылыс жұмыстары жо­ғары деңгейде атқарылуы қатаң бақылауында болуы тиіс. Бұл – Арал халқының басты талабы.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы