«Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері» жобасы аясында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының білікті дәрігерлері Шығыс Қазақстан облысында төрт күндік тәжірибе алмасу шарасына қатысты.
Шығыстағы сәтті төрт күн
618
оқылды

Жұмыс сапарының алғашқы күнінде ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия бо­йынша орынбасары, жоғары санатты  ней­рохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев 8 күрделі операцияны сәтті жасап шықты. Оның ішінде 1-еуі  бұрын облыстық ауруханада жасалып көрмеген стенозды стенттеу болса, қалған 7-еуі күрделі аневризма эмболизациясы бойынша жасалды. Сондай-ақ Мыңжылқы Бердіқожаев роботталған хирургияның даму кезеңдері бойынша өңірдегі дәрігерлерге дәріс оқыды және 21 науқасқа дәрігерлік кеңес жүр­гізді. 

– Осыдан бір жыл бұрын миына қан ке­тіп, аневризмасы өскен науқасқа операция жаса­дық. Аневризманы микроспиральмен жаптық та, тамырына стент қойдық. Облыстық ауру­ханада бұл операция бұрын-соңды жасал­маған. Қалалық ауруханада бас тамырында анев­ризмасы бар, анатомиясы өте қиын науқасқа арнайы методика бойынша өңірлік әріптес­теріме микрокатетерді өткізу, стентті ашуды жасап көрсеттім. Базилярлық артерия анев­ризмасына стент пен спираль қойып тағы бір күрделі ота жасадық. Соңғы кезде наркозсыз операция жасауды тәжірибеме көптеп қолда­нып жүрмін. Соны да мұнда көрсеттім. Опера­циялар күрделі болғанымен, бәрі сәтті өтті. Науқастар палатаға ауыстырылды, қазір жағ­дайлары қалыпты, – дейді ҚР ПІБ Медицина­лық орталығы ауруханасының нейрохирург дәрігері Мыңжылқы Бердіқожаев.

Аурулардың алдын алуда диагностикалау, заманауи әдістерімен бөлісу, емдеу және сауықтыру саласында тәжірибе алмасу, күрделі операциялар жасаудағы жаңаша әдістермен бөлісуде аурухананың оториноларинголог дәрігері Талапбек Аженов те өңірдегі лор дәрігерлері үшін дәріс оқып, 28 науқасқа жеке дәрігерлік қабылдау өткізді. Сондай-ақ Талап­бек Аженов  облыстық ауруханада мұрын қуы­сына 4 күрделі операцияны сәтті жүргізгенін атап өту маңызды: мұрын арақабырғасын тү­зе­­тудің модификацияланған әдісі (эндос­копиялық септопластика); іріңді синуситпен ауыратын науқастың анатомиялық ақауын жойып, энодоскопиялық реполисинусотомия жасады; энодоскопиялық санациялық реполи­синусотомия, яғни бөгде зат алып тасталды (пломбалау материалы); созылмалы іріңді-гипер­пластикалық полисинусит бойынша полипозды тіндерді алып тастау мақсатында жасалған энодоскопиялық полисинусотомия.

Жұмыс сапары аритмолог дәрігер Ринат Камиев жасаған 2 операция мен 31 дәрігерлік кеңес, гинеколог дәрігер Әділ Әдрешев миомэктомия және субтотальды гистерэктомия бойынша жасаған 5 күрделі операциясымен толықты. Сонымен қатар ревматолог дәрігер Нұрлыгүл Садырбаева ревматологиялық бейіндегі 8 пациентке дәрігерлік кеңес берсе, аурухананың пульмонолог дәрігері Мәдина Есенгелдина 10 науқасты қабылдады және өңірдегі әріптестеріне дәріс оқыды.

Директордың стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, м.ғ.д., про­фессор Насрулла Шаназаров «Онкология­дағы фотодинамикалық терапия» және «Фото­динамика­лық терапияның көмегімен жатыр мойны обырының алдын алу» тақыры­бында өңірдегі әріптестеріне 2 дәріс оқып, тәжірибелік презентация жасады. 

Барлығы 19 операция, 98 дәрігерлік кеңес, 7 дәріс берумен қорытындыланған жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Іс Басқар­масы Медициналық орталығы және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойы­лғанын да атап өту маңызды.