Америкалық университеттің ғалымдары Тынық мұхиттың түбінде ыстық бұлақтар атқылаған тесіктер тапты. Тесіктерден атқылаған сұйықтық тараған мұхит суы басқа жермен салыстырғанда 9°C градусқа жылы болған. Бұл түтіктердің Тынық мұхиты мен Солтүстік Америка тектоникалық плиталарының түйіскен жерінде орналасқаны анықталды.
Тынық мұхитындағы жойқын жер сілкінісі
2,801
оқылды

Жақында бірнеше америкалық университеттің ғалымдар тобы Тынық мұхиттың түбінде ыстық бұлақтар атқылаған тесіктер тапқан. Тесіктерден атқылаған сұйықтық мұхиттың суынан 9°C градусқа жылы болған. Science журналында жарияланған мақалада бұл түтіктер Тынық мұхиты мен Солтүстік Америка тектоникалық плиталарының түйіскен жерінде орналасқаны айтылған. Aikyn.kz ғылыми мақалаға сүйеніп мұхиттың түбіндегі шұңқырлар мен жойқын жер сілкінісінің арасында қандай байланыс бар екенін түсіндіреді.

Фото Science журналынан алынды

Ғалымдар анықтаған тесіктер Ванкуверден (Канада) Калифорнияға (АҚШ) дейін созылып жатыр. Олар 4 км тереңдікте жатыр және жағалаудан 80 км қашықтықта орналасқан. Әрбір тесіктің орташа өлшемі шамамен 5 сантиметрді құрайды. Бірнеше жүзге дейін жеткен тесіктер өте тығыз орналасқан, кейбір жерлерде 1 шаршы метрде 3-4 тесік табылған. 

2015 жылдың соңында Техас университетінің геофизика институтының ғалымдары алғаш рет Солтүстік Американың батыс жағалауында созылып жатқан бұрын белгісіз тесіктерді тапқан еді. Америкалық ғалымдардың жаңа зерттеулері қорқынышты құбылысқа тап болған – бұл тесіктер ыстық сұйықтықты белсенді түрде шығара бастады.

Фото Science журналынан алынды

Түтіктерден атқылаған сұйықтық неліктен қауіпті? Алғашында зерттеушілер мұндай құбылысты шаян тәрізділердің тіршілік әрекетінен туындаған деп болжаған. Шұңқырларды солар қазды деп ойлаған. Бірақ тесіктер мұқият зерттелгенде бұл теория негізсіз деп танылған.

Енді Тынық мұхитының тесіктерінен сұйықтық атқылап, соның әсерінен түтіктердің маңындағы теңіз суының температурасы 9°C-ға көтерілген. Осы түтіктерден атқылап жатқан сұйықтықтың химиялық құрамында бор мен литийдің шектен тыс мөлшері, хлорид, калий және магний табылған. Таңқаларлығы олардың жасы 2 миллион жылдан астам болғаны анықталған.

Солтүстік Американың батыс жағалауында табылған тесіктер болашақта болатын жойқын апаттың жанама дәлелі екенін ғалымдар растап отыр.

Фото hightech.fm сайтынан алынды

Тынық мұхитындағы тесіктерден атқылаған сұйықтық пен жойқын жер сілкінісінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Бұл сұраққа жауап беру үшін зерттеуге геологтар мен сейсмологтар тартылған. Қорытынды нәтижелерге сәйкес, бұл тесіктер Тынық мұхиты мен Солтүстік Америка тектоникалық плиталарының түйіскен жерінде орналасқаны белгілі болған.

Пластиналар қазір белсенді фазада екені және бір-біріне қарай жылжып келе жатқаны дәлелденген. Екі ірі тектоникалық плитаның арасында бос орын азайған сайын, саңылаулардан шығатын сұйықтық жоғары қысымның салдарынан мұхит түбінің тереңінен атқылап жатыр. Ал сейсмологтар бұл процестердің нәтижесінде 9 баллдық апатты жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтады.

Екі плитаның бір-біріне соғылуы мұхитта биіктігі 30,5 метрге дейін цунамидің пайда болуына әкеледі. Әзірше, жер сілкінісінің қашан болатыны белгісіз. Оны есептеу үшін қазір америкалық ғалымдар жаңа зерттеулер жүргізіп жатыр.