Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы об­лысы мәслихатының депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысының тапсырма­ларынан туындаған міндеттерді талқылады. Кездесуде Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы жөнінде де сөз қозғалды.
Мәслихат депутаттарымен кездесті
1,125
оқылды

Өз сөзінде Палата Спикері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте ел Президенті жүктеген міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да мәслихаттармен байланыс күшейе түсетінін жеткізді.

Осыған орай Сенат Төрағасы алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындап берді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жаңа формациядағы заңдарды әзірлеп, қабылдау жұмысына мәслихат депутаттарын белсенді жұмылдырған жөн. Ал сенаторлар өңірлердің даму мәселелеріне баса мән беруге және жүйелі проблемаларды шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал етуге тиіс.

«Әр өңірде өзіне тән өзекті мәселелер бар. Олардың басым көпшілігі, Президентіміз атап көрсеткендей, инфрақұрылымға, әлеуметтік нысан­дар­ға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асыры­луына қатысты. Сенат депутаттары осы мәселелерді орталық деңгейде жүйелі түрде көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал етеді. Былтыр Парламент 86 заң қабылдады. Олардың 13-іне депутаттардың өздері бастамашы болды. Қабылданған заңдардың бәрі елдің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінде Президентіміз бекіт­кен он ұлттық жоба іске асырылуда. Оның бәрі – өңірлерге тікелей қатысы бар құжаттар. Бәріміз бірге олардың сапалы және жедел іске асырылуын қамта­масыз етуіміз керек», – деген Мәулен Әшімбаев әріп­тестерін Мемлекет басшысы жүктеген мін­деттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Сенат Спикері бүгінде елімізде жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын, соның барысында мәслихаттардың рөлін арттыру да маңызды қадам екенін айтты. Мәулен Әшімбаев қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамаларға бірқатар мемлекеттік функцияны орталықтан өңірлерге беретін тиісті түзетулер енгізілгеніне назар аударды. Алдағы айларда осы бағытта тағы біраз жаңа нормалар қабылданады.

«Бүгінде Президентіміз басқару жүйесін орталық­сыздандыру мәселесіне үлкен мән беріп отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жуырда әкімшілік реформалар бойынша бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, Үкіметтің біраз функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді. Әкімшілік реформаның келесі кезеңінде бірқатар құзырет жергілікті билік органдарына берілуге тиіс. Осыған қатысты тиісті заңдарды алдағы айларда қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, әкімшілік өзгерістердің жаңа кезеңі жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейтуге жол ашады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Төрағасы мәслихаттарға материалдық-техникалық және әдістемелік көмек көрсету мәселе­сіне де тоқталып өтті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарына арналған тұрақты семинар­лар, тренингтер және тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды. Мұндай бастамалар жергілікті өкілді орган депутаттарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретіні анық.

Сонымен қатар сапар барысында Сенат Төрағасы Алматы облысының белсенді жастарымен кездесті. Ол жас саясаткерлердің жаңа буыны Президентіміз белгілеп берген Әділетті Қазақстан құру бағдарын әрі қарай жалғастыратынына сенім білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, 2019 және 2020 жылдары Жастар және Волонтерлер жылы болып жарияланды. Білікті жастарды елдік істерге тарту үшін Президент­тік жастар кадрлық резерві құрылды. Мемлекет қа­шан­да сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныс­тарыңызды тыңдауға дайын. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің де негізгі мақсаттарының бірі осы. Сіздерді аталған жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Еліміздің болашағы жастарға тікелей байланысты. Осы жауапкершілікті сезініп, әрқайсыңыз өз салаңызда еліміздің дамуына зор үлес қосасыздар деп сенеміз», – деген Палата Спикері әр адам өз бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастыру үшін терең білім мен кәсіби қабілет қажет екенін айтты.

Бұдан басқа, Сенат Төрағасы өңірге сапары кезінде «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымымен кездесті.