Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде кредиттік тарихқа енгізілген мәлімет алмасу тәртібі туралы келісімді, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімді, сондай-ақ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады.
Кредиттік тарихтың құжаты қаралды
1,080
оқылды

Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) шеңберінде кредиттік  тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы ратификациялық келісім бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасы­мова баяндама жасады. Ол заң жобасы ЕАЭО Бірыңғай қаржы нарығын қалыптастыру тұжы­рымдамасын іске асыру аясында әзірленгенін айтты.

– Келісім ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің резиденттері үшін басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан банктерде несие ресурстарын алуға өтініш берген кезде тең жағдайлар жасауға, сондай-ақ банктерге несие беру туралы шешім қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін беруге бағытталған. Бұл ЕАЭО аясында трансшекаралық кредиттеуді дамытуға ықпал етеді, – деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсен­ғалиев қосымша баяндамасында.

Келісім несиелік есептерді трансшекаралық алмасу тәртібі мен берілетін ақпараттың тізбесін, соның ішінде кредиттік есепті ұсыну туралы сұрату, кредиттік тарих субъектісінің келісімі, кредиттік есептің өзі, сондай-ақ несиелік тарихты даулауға қатысты құжаттарды анықтайды. Ол резиденттерге несие беру бойынша шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Екінші келісім Орталық Азияның аймақтық экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) институтын құруды реттейді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ин­ститут 2015 жылы 11 мемлекет пен 7 халықаралық ұйым қатысуымен құрылып, екі жылдан кейін үкіметаралық ұйым мәртебесін алған.

– Қазақстанның Орталық Азия өңірлік эко­номикалық ынтымақтастығы институтына мүше болуы мүше елдер үкіметтерінің өңірлік ынтымақ­тастық процестеріне қатысуын кеңейтуге, өңірлік ынтымақтастық жобаларын жоспарлау және іске асыру бөлігінде олардың әлеуетін жақсартуға, олардың біліктілік деңгейін арттыруға ықпал етеді, – деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұқаш Ескендіров қосымша баяндамасында.

Ол институттың ОАӨЭЫ мүше елдерінде озық тәжірибе алмасуға негізделген инно­ва­циялық шешімдерді қамтамасыз ету, стратегиялық және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру секілді функциялары барын атап өтті.

Бұдан бөлек депутаттар БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факуль­тативтік хаттаманы ратификациялады. Мәжі­лістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мү­шесі Елнұр Бейсенбаев қосымша баяндамасында атап өткендей, Қазақстанның Хаттамаға қосылуы мүгедектердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және инклюзивтілік қағидатын жүзеге асыруға ықпал етеді. 

– Хаттамада Конвенцияда бекітілген құқық­тары бұзылған жағдайларда жеке шағымдарды қарау тетіктері белгіленеді. Бұл Қазақстан Республикасының азаматтарына өздерінің эко­номикалық, әлеуметтік және мәдени мүдделерін халықаралық тұрғыда қорғау құқығын қамтамасыз етеді, – деді Е.Бейсенбаев. 

Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар жауапты органдарға әлеуметтік маңызды та­қырыптар бойынша депутаттық сауалдарын жол­дады.