Бала тәрбиесі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық басты тақырыпқа айналғалы қашан. Соңғы жылдары бұл мәселенің төңірегінде айтылмаған ұсыныс, өзгертілмеген заңнама, қолға алынбаған жоба қалмады десек те болады.
Теріс иілген шыбықты түзей алмайсың
662
оқылды

Әйтсе де, күн сайын қоғамның бас ауруына айналған жасөспірімдер арасындағы қылмысты ауыздықтап, отбасындағы тирандарды жауапкершілікке тартқызу қиын болып тұр. Мәселенің мәнісі Мәжілісте өткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің тақырыптық отырысында тағы да талқыға салынды. 

Жиынға жетекшілік еткен комитет төрағасы Асхат Айма­ғамбетов күн тәртібіне сәйкес, алдымен орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері және психология сала­сындағы басқа да мамандардың әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бо­йынша жүргізіп жатқан жұмыс­тарын тыңдаудан бастады. Өйт­кені соңғы бір айдың көлемінде болған балалар арасындағы бул­лингтің артында отбасындағы жанжал мен тұрмыстағы тиран­дарды жауапкершілікке тартқызу мәселесі тұр. Депутаттардың ай­туынша, соңғы төрт жылда от­басындағы тирандардан таяқ жеп, құқық қорғау орындарына хабарласқандар саны 3 есе өскен. 

Кешенді шаралар қабылдау керек

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов Бас прокуратураның деректерін келтірді. Деректер бо­йынша, соңғы кезеңде балаларға қатысты және кәмелет жасқа тол­мағандар арасындағы құқық­бұзушылық саны анағұрлым артқан. Оған әсер етіп отырған 5 факторды атап өткен ол: «Ұр­пақтар сабақтастығы, ата-ана­лардың мектептегі тәрбие про­цесіне қатысу төмендігі, отба­сындағы тәрбиенің осалдығы, интернет кеңістіктің ашықтығы, пандемияның салдары агрес­сорлар мен әлімжеттікті артты­рып отыр», дейді. Соңғы жағ­дай­ларға қатысты министрлік шұғыл кеңес өткізіп, білім басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі дербес жауапкершілік айқындалғанын айта келіп, алда атқарылуы тиіс маңызды мәселелерге тоқталды. 

Біріншіден, мектеп психо­логтары жеткіліксіз. Маман­дар­дың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сон­дықтан қазір психолог жұмы­сы­ның жаңа моделін қабылдау ма­ңызды. Оның ішінде ЖОО-дағы психолог мамандарды даярлау бағдарламасын қайта қарау қа­жет. Бастауыш, орта, жоғары сы­нып балаларына арналған психолог бірлігін енгізуді ұсы­нып, олардың жұмысын цифр­лан­дыру қажет. Екіншіден, бү­гін­гі күні бала тәрбиесін орында­мау бойынша ата-аналардың үстінен жазылған әкімшілік құ­қықбұзушылық сандары артқан. Сол себепті ата-ана жауапкер­шілігін арттыру үшін белгіленген санкцияны күшейткен жөн. Сон­дықтан вице-министр хабар­ламағаны үшін жазаны қатаңдату қажет екенін жеткізді. Үшін­ші­ден, еліміздегі деванттық мінез-құлқы бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір мұн­дай 196 бала тәрбиеленіп отыр­ған 5 арнайы білім беру ұйы­мы бар. Қиын мінезді жасөс­пірімдермен кейс-менеджмент технологиясы бойынша жеке жұ­мыс жүргізуді енгізу маңызды. Төртінші, балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құру – өзекті. Айталық, балаларға арналған сим-карталар енгізу арқылы олардың әлеуметтік желілерді ата-анасының рұқсатынсыз пай­далануына, түнгі уақытта интер­нет желісіне қосылуына шектеу енгізу қажет. Және ата-аналардың бақылау тәсілін қолдану бойынша кең көлемді ақпараттық жұмыс­тар жүргізу кезек күттірмеуі тиіс. Бесіншісі – суицид туралы ақпа­ратты бала денсаулығы мен да­муына зиян келтіретін ақпарат тізіміне жатқызу, балалар арасын­дағы суицизмнің себеп-салдарын анықтау бойынша ведомство­аралық ереже енгізу керек. Ал­дағы уақытта ата-аналар акаде­мия­сын құрып, мұғалім, оқыту­шы, ата-ана үштігінің жұмысын күшейту міндеті тұр. Алтыншы интернетті бақылау мәселесіндегі балаларға қатысты мемлекеттік саясатты өзгерту де өзектілігін жойған жоқ. 

Тең мүмкіндік тәртіпті түзейді

Өз кезегінде сөз алған Қазақ­стандағы Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл Аружан Сайын өс­келең ұрпақты тәрбиелеу туралы ұсынысын жеткізді. Бала құқы­ғын қорғау туралы ұсыныстарды қолдайтынын айтқан омбудсмен алдыңғы кезекте олардың бос уақытын тиімді өткізіп, өзге ба­лалармен тең білім алуына мүм­кіншілік беру жағын қарастыру қажеттігіне назар аударды. «Ерім» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер тумайды» деген сөздің мән-маңызына тоқталуды жөн көрген ол: «Мемлекет те балалардың бо­лашағы үшін атқаруы тиіс дү­ниені өзіне міндет етіп алу керек. Ведомствоаралық органдар ара­сындағы өзара әрекеттесуді ны­ғайта отырып, балалардың терең білім алып, қосымша қабілетін танытуға маңыз берген жөн. Ба­лалардың құқықтары қандай жағ­дайда бұзылады? Бұл қо­ғам­дағы білім деңгейінің төмендеуі мен бос уақытын тиімді өткізе алмаудан басталады. Балаларға қатысты мемлекеттік саясатты толығымен қайта қарастыратын болсақ, онда бүгіннен бастап ба­лаға жақсы білім алып, спортпен, өнермен, ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін барлық бағыт­тарды қарастырған абзал. Себебі қазір жағдайы жоқ отбасылардағы балалардың мүмкіндігін ашуға мүмкіндік беретін құралдар жа­салмайды. Сондықтан жалпыға бірдей білім беру жүйесі аясында барлық балаға бірдей қосымша білім беруге назар аударғым ке­леді. Себебі көптеген ата-ана­лардың баласын қосымша спорт пен үйірмелерге беруге ақшасы жоқ», – дейді Аружан Сайын. Отырысқа қатысушылар да бұл ұсынысты қолдап, балаларды автоматты түрде үйірмелерге жаз­дыратын тетікті қарастыру қа­жеттігін жеткізді.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов мәселенің мәнісін балалар мен ата-аналар арасындағы ақпа­рат­тық сауаттылықтың төмен дең­гейінен іздеуге шақырды. Себебі 2022 жылғы әлеуметтік зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, қазақ­стандық ата-аналардың ай­туын­ша, балалардың әлеуметтік же­лілер мен интернетке тәуелділігі 72 пайыздан асқан. Өкінішке қарай, көбісі бұл кеселмен кү­ресудің жолын білмейді. Сол үшін министрлік балалар контен­тінің сапасы мен сипатына ба­қылау жүргізіп, заңсыз контентті бұғаттау үшін белсенді жұмыс істеп жатыр екен. Мысалы, был­тыр балалардың ақпараттық қа­уіпсіздігіне қатысты 8 650 заң­бұзушылық анықталған. Сондай-ақ министрлік өкілі ата-аналарға құлаққағыс ретінде баланың тұ­тынатын контентін бақылауға ар­налған сайттар мен қосымша­ларда зиянды ақпаратты бұғаттап, қосымшаны уақыт орнатуға мүм­кіндік беретін функциялар барын айтты. Одан бөлек, тұр­мыстық зорлық-зомбылық құр­бандарына арналған дағдарыс орталығын көбейту маңызды. 

Татуласу тәжірибесіне түзету енгізілмек

Жасөспірімдердің санасы мен мінез-құлқына теріс әсер ететін негізгі себептердің бірі – от­ба­сындағы зорлық-зомбылық. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың баяндамасына сенсек, тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қатысты жыл сайын полицияға 100 мыңнан астам қо­ңырау түседі екен. Алайда аг­рессорлардың барлығы жауап­кер­шілікке тартылмайды. Заң­нама өзгерді, бірақ жәбірле­ну­шілердің көбісі агрессорға қар­жылық психологиялық тәуел­ді­лікте болғандықтан жанжалдан қашып, арыз жазудан бас тар­тады. Өз кезегінде Ішкі істер ми­нистрлігі әр сигналға жауап бе­ру шараларын қабылдаға­ны­мен, олардың 6 пайызына шара қолдана алмайды. Өйткені арыз­сыз қолданыстағы заңнамаға сәй­кес, тирандарды жауапқа тар­ту қиын. Жазасыздық адам құ­қы­ғына қол сұғуды әдетке ай­налдыратынын айтқан Игорь Лепеха: «Ендігі жерде арызсыз-ақ тұрмыстық құқықбұзу­шы­лықтар­ды тіркеуден анықтаушы сипатқа көшу тәжірибесін қолдану керек. Себебі полиция кеткеннен кейін отбасындағы жанжал жалғасуда, кейде бұл неғұрлым ауыр зар­даптарға әкеледі. Сондықтан ұсынылған түзетулер жәбір­ле­нушінің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік беру ұсыны­лады. Сондай-ақ татуласу тәрті­біне де түзету енгізу керек. Мы­салы, өтініш жазылып, материал сотқа жетсе, ерлі-зайыптыларға тек бір рет қана татуласуға мүм­кіндік беріледі. Екінші рет жә­бірленушінің қалауы болса да сот тиранды жауапқа тарту туралы шешім қабылдайды. Тәжірибе көр­сеткендей, агрессордың сен­діруі мен қысымының нәти­же­сінде татуласу орын алады. Был­тыр сотқа 47 мың әкімшілік іс жіберілсе, оның 20 мыңы тарап­тардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Әкімшілік кодекс шең­берінде әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анық­та­лып, қайталама құқықбұзушы­лықтар бойынша қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұл­ғайтуды ұсынып отырмыз», – дейді. Алайда ол жазаны қатаң­датумен жағдай оңалмайтынын жеткізді. Себебі тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың түпкі себеп­терін жоймай зорлық-зомбы­лықты ауыздықтау қиын. Ға­лымдардың зерттеуінше, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың шы­найы себептерін әлеуметтік тұ­рақсыздық пен моральдық-адам­гершілік қағидалардың құлды­рауынан да іздеген абзал. 

Ата-аналар ақша табуға жауапты

Баяндамашылардан кейін сөз алған депутаттар да бірқатар ұсы­ныс айтты. Депутат Ринат Зайы­тов «үш ауысымда оқитын мек­тептің үйдей тапсырмасын қа­да­ғалап отыруға қазіргі ата-ананың уақыты жоқ» деп отыр. Оның ай­туынша, қазіргі ата-аналар тәр­биеге емес, әлеуметтік мәсе­ле­ге жауапты. Оның міндеті тәр­бие емес, ақша табуға ауысып кеткен. Сондықтан депутат әлеу­меттік теңдік мәселесін орнату, баланың ұстаған телефонынан бастап, қалтасындағы ақшасына дейін шектеу қажет екенін жет­кізді. Сондай-ақ ол қоғамға қа­уіпті балаларды қоғамнан оқ­шау­лап, арнайы мектептерде оқы­туды қолға алу қажеттігіне тоқ­талды. Ал қылмыс жасап, құқық­бұзушылыққа жол берген бала­лардың жауапкершілігін отба­сына теңдей бөліп беру керек екен. «Бұл болмаса, қылмыс арта береді. Баланың жауапкершілігіне жүрдім-бардым қараған ата-ана­сына да айыппұл салып, қыз­ме­тінен алуды, керек болса, қосым­ша мемлекеттік төлемдерді қыс­қарту қажет. Одан кейін телеар­надағы отбасылық жанжалдар, көргенсіз бағдарламалар тоқта­тылуы тиіс», – дейді депутат. Әріп­тесінің сөзін қолдаған Құ­дайберген Бексұлтанұлы да бала­лардың құқығына қатты көңіл бөле бермей, жауапкершілігіне де ден қоюды сұрап отыр. Себебі қа­зір ұстаздар ата-ана түгілі, ба­ланың бетіне қарап сөйлеуден именетін жағдайға жетті. Ал де­пу­тат Қазыбек Иса балалар ара­сындағы буллингті бүкіл ел болып талап етпесе, жылы жауып қою әдетінен арылу керектігін айтады. Заңгер Айгүл Орынбек сараптама қорытындысын жасайтын инс­титутты тәуелсіз институт ретінде қалыптастыру маңыздылығына назар аудартты. Өйткені зорлық-зомбылық оқиғаларында тергеу­ші мен прокуратура тарапынан сарапшыларға қысым жасалады екен. Сондай-ақ психологтер да мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер тарапынан тұрмысы төмен от­басы балаларын ортасында ала­лап, көзге шұқып көрсетуі де суи­цидтің себебіне айналып отыр­ғанын жеткізді. 

Тараптардың ұсынысын тың­дап шыққан Асхат Аймағамбетов бұл бағытта жұмыла істелген жұ­мыстың нәтижелі боларына сен­дірді. Алдағы уақытта айтылған ұсыныстар жан-жақты қаралып, депутаттар мен жауапты орган өкіл­дері әйелдер мен балаларға қа­тысты зорлық-зомбылық мә­селелерін шешуді заңдық тұрғыда реттеуге кіріспек.

Жадыра МҮСІЛІМ