Соңғы 5 жылда статистикалық деректер бойынша, 29 487 жасөспірім қыз жүкті болып, 5 792 қыз жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелген жағдайлар ғана.
Балаға «бала» керек пе?
1,621
оқылды

Ал ойнап жүріп от басқан бұдан басқа қаншама жеткіншек бар. Жаңа ғана көктеп келе жатқан жас ғұмыр осылай қор болуда. Журналист Шырақ Байназар жыныстық сауаттылық тақырыбын 4 жылдан бері медиада көтеріп жүр. Жақында ол көрермен назарына «Ерте жастағы жүктілік» атты деректі фильмін ұсынды. 

Фильмнің жабық көрсетілімі­не жиналғандардың қарасы көп болды. Отыз минутқа созылған де­ректі хикаяны көру барысында бі­реудің көзіне жас, енді біреудің кө­мейіне өксік тығылды. Себебі фильмде барлығы шынайы. Ойдан шығарылған оқиға да, рөл ойнап берген актер де болмады. Фильмнің кейіпкерлері – 15-18 жастағы бой­жет­кендер. 

– Соңғы 4 жыл бойы жыныстық сауаттылық туралы подкастар жа­сап, Интерньюстан гранттар ұтып алып жүрдім. Бастаған ісімді ал­ғашында көп адам түсінбеді. Хейт­тер де көп болды. Жыныстық сауат­тылықтың не үшін керек екенін түсіндіретін деректі фильм түсіру туралы идеясы да сол себепті келді. Бұл идеяны фильм продюсері Ғалия Токареваға ұсындым. Ол бірден қолдады. Кейіпкер табу қиын болға­ны рас. Статистикасы жоғары Жам­был, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан кейіпкер іздедім. Бірақ ол жақтағы Денсаулық сақтау басқармасы бізден ат-тонын ала қашты. Соған қарамастан кейіп­керлер таптым. Арасында келісіп, соң­ғы сәтте бас тартқандары да бол­ды, – дейді Шырақ Байназар. 

Деректі фильмде ерте жастағы жүктілік жайлы төрт оқиға баян­далады. Бірінші кейіпкер Адель не­бары 16 жасында босанған. Жігі­ті тастап кеткен. Қазір «Аналар үйі» дағ­дарыс орталығында тұрып жатыр. 

– Өзімнің жүкті екенімді бас­тапқы айларда білген жоқпын. Жі­гітіме сендім. Жүкті екенімді айт­қаннан кейін құда түсіп, анамның алдынан өтті. 3 ай бірге тұрдық. Бі­рақ ұрыс-керіс те көп болды. Сон­дай жанжалдардың бірінде ол маған: «Талақ айтам, бала да, сен де керек емессіңдер. Мен әлі мұндай өмірге дайын емеспін», – деді. Осылайша, жалғыз қалдым. Қазір «Аналар үйін­де» тұрып жатырмын. Сыртымнан бәрі «ерте туып алған» деп сыбыр­лап, әңгіме айтып жатады. Мен бұған кінәлі емеспін ғой, – дейді Адель. 

Қазір Адель – 17 жаста. Кол­леджде білім алып жүр. Болған оқи­ғаға ешкімді кінәламайды. Бірақ көзіндегі мұң, дауысындағы діріл жас қыздың жалғызбасты ана атан­ғанына күйінетінін көрсеткендей. Өзі де әкесіз өсіпті. Қызының да әкесіз өсетініне қапаланады. Бір сөзінде: «Өзім де баламын ғой», – деп күрсінді. 

Ал репродуктивті денсаулық бойынша эксперт Камила Тұяқбай жауапкершілікті ер адаммен теңдей бөлісіп үйренбеген қоғамда әйел­дердің зәбір көруі жалғаса бермек дегенді айтады. 

– Ер балалар жауапкершіліктен оңай құтылып кетуінің себебі, біз бала тәрбиесінде баланы тууды да, асырауды да, жүктіліктің дұрыс бо­луын да әйел адам мойнына іліп қойғанбыз. Бұл жауапкершілікті ер адаммен бөлісіп үйренбегенбіз. Ұят­ты ортада өскен қыздар үлкен­дерге жүктілігі туралы айтудан сон­шалықты қорқатындығынан өлімге дейін барады, – дейді маман.

Фильмнің екінші кейіпкері әйелдер колониясында жазасын өтеп жүрген – Елена. Ол 17 жасында жүкті болады. Бірақ ана атануға психологиялық тұрғыда дайын емес еді. Осылайша, баласынан бірнеше рет бас тартады. Алайда мемлекеттен берілетін жәрдемақы үшін қызын қолына алады. Бірақ жатырынан шыққан өз баласына сүйіспен­ші­лікпен қарай алмайды. Ішіндегі агрессиясын, ашу-ызасын төрт жасар қызынан алады. Ақыры, өз баласын өлтіріп тынады. 

– Мен жүкті болуға дайын бол­мадым. Аборт жасатуға кеш болды. Құрсағымдағы баладан қалай құ­тыларымды білмедім. Себебі жі­гіт­пен тек бір ғана рет кездестік. Екін­ші рет кездесетін кезде, ол Екате­ринбургке оқуға кетіп қалды. Қай­тып оралған жоқ, – дейді Елена. 

Ол әлі де болған іске өкінбейді. Тек колониядағыларға не үшін темірторға қамалғанын айтудан қысылады. 

Иә, көп жағдайда жасөспірім қыз бала ана болуға психологиялық тұрғыда дайын болмайды. Статис­тика бойынша, соңғы 5 жылда 47 ана жаңа туған баласын өлтіру ісіне барған. Ал 5 792 қыз жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелген жағдайлар ғана. Ал Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 150-бабы бойын­ша, аборт жасату үшін кәмелетке толмаған қыз ата-анасының рұқ­сатын алуы керек. Ал жағдайын әке-шешесіне айта алмаған қыздар қылмыстық және тұрмыстық түсік жасатып жатады. 

– Қыздар әдейі қатты заттарға ұрылып, қолда бар құралдармен ба­ланы түсіріп тастауға тырысады. Тұрмыстық аборттарда да уксус қол­данылады. Тұрмыстық және қыл­­мыстық жасанды түсік инфек­циялық шокқа, іріңді қабынулар­ға, жатырды алып тастауға бедеу­лік пен өлімге әкеледі, – дейді Ка­мила Тұяқбай. 

Деректі фильмнің мақсаты – аталған мәселеге мектепте «Жы­ныстық сауат» тақырыбын ашық талқыламайтын Оқу-ағарту минис­трлігінің, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің, тиісті органдардың назарын аударту. Сондай-ақ фильм­де ер балалардың жауапкершілігі мәселесі сөз болды. Қоғам жүкті болған қыздарды ғана айыптайды. Ал заңсыз жыныстық қатынасқа түскен жігіттердің жауапкершілігі жайлы айтылмайды.

– Елімізде ерте жастағы жүктілік статистикасы жоғары. Бұл ста­тис­тика Еуропада 6-7 есе төмен. Себебі Еуропа елдері жыныстық сауат­ты­лық туралы балаға мектеп кезінен бастап оқытады. Неғұрлым бұл та­қы­рыпқа тыйым салған сайын, ақ­парат аз болған сайын жастар бұл қадамды іс-жүзінде көруге асы­ғады. Ал егер қорғанбаған жы­ныс­тық қа­тынастың салдарын білсе, жас­өс­пі­рімдер себебін түсінер еді. Біл­ме­ген­діктен, білімнің аздығы­нан ер­те жүк­тілік мәселесі туын­дайды, – дей­ді фильм авторы Шы­рақ Байназар. 

Оның айтуынша, біздің қоғамда, БАҚ-та бұл тақырып жиі қозғал­майды. Ерте жастағы жүктілік елі­мізде жоқ сияқты, сәбилер қоқысқа тасталмайтын сияқты өмір сүреміз. Бұл мәселенің себеп-салдарына ешкім үңілгісі келмейді. Ерте жас­тағы жүктіліктің тағы бір салдары бар. Ол туралы нақты статистика жүргізілмейді. Яғни, жүкті екенін естіген бойжеткен өз-өзіне қол жұм­сайды. Ал жасөспірімдер ара­сында суицидтің жоғары екенін білеміз. Ендеше соның арасында осындай қыздар да бар. Жыныстық тәрбие берсек, балалар ерте жастан бастап жеке шекараларын қорғап үйренеді. 

– Бұған дейін гинеколог, реп­ро­дуктологтермен түрлі подкастар тү­сірдік. Қазір жиі түсірмей кетсем, аудитория біздің шығарылымдарды іздей бастайды. Бастапқыда «көрер­мен түсінбейтін шығар» деп ой­ласам, қазір көрермендер қызы­ғушылық танытып, түрлі сұрақ­та­рын қойып, кері байланысқа шы­ғады. Ендеше бұл адамға қажет ақпарат, – дейді Шырақ Байназар. 

Фильм Ұлытау облысы, Со­л­түстік Қазақстан облысы және Ақ­мола облыстарында түсірілген. Сондай-ақ деректі туындыны youtube арнасынан көруге болады. 

Көктем ҚАРҚЫН