Адамзаттың өмірдегі маңызды миссиясының бірі – бала сүю бақыты. Бірақ бұл бақ кез келген жанның пешенесіне жазылмаған. Қос ғашықтың екі жаққа кетіп, ажырасуының бірден бір себебі осы болар.
Мемлекеттік квотаға ілінбеген отбасылардың балалы болуға мүмкіндігі бар
856
оқылды

Бірақ әлемде балаға мұқтаж жандарға  сәби сыйлайтын мүмкіндік көп. Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ), бала асырап алу, суррогат ананың көмегіне жүгінуге болады. Елімізде ЭКҰ жасатқан мыңдаған отбасы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады. Ал барлық шығын мемлекет есебінен төленеді.

Бұл мүмкіндікті Орта Азия бойынша біздің мемлекет қана беріп отыр. Елімізде «бедеулік» диагнозы қойылған 14 мыңнан астам әйел мен 100-ден аса ер адам бар. Олардың кейбіреулері қосалқы технологияларға мұқтаж. 

Бағдарламаға өтініш берушілерге қойылатын талаптар аз емес. Соның ішінде репродуктивті жасы – 18-ден 49 жас аралығында және фолликулярлық резерві жоғары болуы шарт.

Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін одан экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін.  Мұндай шешім үміткерден төмендегі белгілер табылған жағдайда болады. Атап айтсақ, жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері және онкология.

Жалпы, 2022 жылдың аяғында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында  6,5 мың әйелге  көмек көрсетілген. Нәтижесінде, 2 650 отбасында 3 110 сәби дүние есігін ашты.

Өкінішке қарай, бірінші рет жасалған ЭКҰ сәтті бола бермейді. Ал келесі легке ілігу үшін отбасы тағы бір жыл күтіп, квотаға құжаттарды қайта жинап тапсыруы керек. Осы ретте, квотаға енбей қалған үміткерлерге қоғам белсенділері қол ұшын беруді көздеген. Белгілі тележүргізуші, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызы 2022 жылдың қаңтар айында демеушілердің көмегімен «Тегін ЭКО» атты жоба бастаған. Қоғам белсендісі жобаны ашудағы мақсатын былай түсіндіреді:

– Соңғы 2-3 жыл жиі ЭКО орталықтарына барып жүрдім. Өзім жалғыз қыз болғандықтан, екі баламның қарындасы болса екен деп қаладым. Денсаулығыма байланысты табиғи жолмен болмағаннан кейін, жолдасым екеуміз келісіп, ЭКО жасаймыз деп ойладық. 2 жыл бойы ем қабылдадық. Сөйтіп жүргенде, өте көп қыз-келіншектердің мұңын көрдім. Бұл мәселеге бейжай қарай алмай, Салтанат Байқошқароваға мемлекеттік квотаға іліне алмағандарға тегін ЭҚҰ жасауды ұсындым.  Осылайша, өтініштерді қабылдауды бастадық. 500-ге жуық хат келді. Арнайы білікті мамандардан құралған кеңес 5 келіншекке тегін ЭҚҰ жасауды ұйғарды. Шүкір, қазір 4 келіншек аман-есен босанып, бесінші сәбиін күтуде.

Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, осы уақытқа дейін ЭҚҰ мұқтаж жандарға қаржылай көмек беруге жора-жолдас, әріптес-достар көмек қолын созып жүрген.

Десе де, жан-жақтан жиналған қаржы санаулы отбасына жеткен. Аталған мәселені шешіп, көпшілік қауымға көмектесу мақсатымен қоғам белсендісі қор ашуды жөн санаған. Қор «Мариям» деп аталады. Қорға жиналған қаржы  білікті мамандардан құралған қамқорлық кеңестің шешімімен таңдалған, мемлекеттік квотаға іліне алмайтын, сәби сүйгісі келетін келіншекке жұмсалатынын алға тартты.

Сонымен қатар Ләйлә Сұлтанқызы аталған жобаның іске асуына қалың көпшілік куәгер болуы үшін «Ана болғым келеді» атты телебағдарлама ашқан. Аталған тележобаға мемлекеттік «Аңсаған сәби» квотасына іліне алмағандар ғана қатыса алады. 

Еркежан ӘУЕСБЕКОВА,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті