Робот иттер адамша сөйлей бастады. Boston Dynamics компаниясының Spot роботтары бұрын адамның тапсырмаларын үнсіз орындайтын. Олар енді сөйлеуді де үйренген
Адамша сөйлейтін иттер
1,142
оқылды

Boston Dynamics робот иттерінің сөйлеген видеосы қытайлық weibo.com микроблогтар қызметінде таралды. Бұрын адамның барлық тапсырмаларын үнсіз орындайтын Spot роботтары енді сөйлей бастады. Олар адаммен қалай және не туралы сөйлесетінін микроблогта таралған видеодан көрген Aikyn.kz хабарлайды.

Фото weibo.com сайтынан алынды

Америкалық Boston Dynamics – роботтар жасауға маманданған инженерлік компания. Ол әскерилердің тапсырысы бойынша төрт аяқты BigDog роботын жасаумен танымал болған.

Boston Dynamics инженерлері танымал болған Spot робот иттерін ChatGPT нейрондық желісіне қосу арқылы сөйлете бастады. Енді робот иттер сұрақтарға жауап береді, өзінің не істейтіндерімен бөліседі.  Инженер мен робот иттің әңгімесін мына видеодан көруге болады.

Роботтың жаңартылған нұсқасында ChatGPT-ды қолдайтын жаңа нейрочип орнатылған. Сондай-ақ  инженерлер оған Spot-тың дауысы шығатын динамик орнатып берген. Роботтың дауысымен Google айналысқан, олар Google Translate қызметіндегі дауысты қолданған. Адам мен робот иттің әңгімесі мына сілтемедегі видеода: 

https://weibo.com/tv/show/1034:4895069262774275?mid=4895069745711244

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Chris Jung 

Робот итті ChatGPT-мен біріктіру арқасында оның мүмкіндіктері өскен. Адам иттің аккумуляторының қуаты қанша уақытқа жетінін сұраса, робот ит оған дәл жауап береді. Сондай-ақ адам кез келген тақырып бойынша сұрақ қоя алады,  роботтың ішіндегі нейрондық желі Google-дан тиісті жауапты іздеп, ақпарат береді.

Робот иттің ең пайдалы ерекшелігі – ол адамның қойған тапсырмаларын қайталап, дауыстап айтып беріп орындай бастайды. Мысалы, адамның: «Қазір не істеп жатырсың, бұдан кейін не істейсің?» деген сұрағына Spot өз істерінің тізімін жасап, дауыстап айтып береді.

Ақырында, робот сұрақтарға басын изеп, артқы аяқтарын бұлғаңдатып, басқа да ым-ишара арқылы жауап беруді үйренген. Робот адамның сұрағына «иә» деп жауап беруге болады деп ойласа, ол жай ғана басын изейді.

Енді Boston Dynamics робот күрделі сұрақтарға ChatGPT-дың көмегімен жауап беруі үшін Spot-қа кеңейтілген ақпараттар базасын қосуды жоспарлап отыр.