Білмеймін, құдай маған бір қарыс маңдай берген, тақылдамайтын таңдай берген, көз берген, көп сөйлемейтіндей сөз берген, қарлығаштың ұясындай мұрын берген, қысқасы, «бәрін бұрын» берген... Бірақ неге екенін өзім де білмеймін, көшеде жаяу жүргіншілермен соғысып қала беремін...
Соғысып қала беремін...
573
оқылды

Оларды не басып кетемін, басып кеткен кезде, алды-артыма қарамай қашып кетемін! Өйткені мен де жаяу жүргіншімін... Құдай құлағымнан бұрағандай, «Өмір сүру қиын, мырзалар!» деп ойланып келе жатып, біреумен бетпе-бет соғысып қалдым. Сөйтсем, қала әкімі екен! Қуанғаным-ай, 

анау-мынау емес, қала әкімімен соғысып қалдым ғой! 

– Неменеге мәз болып тұрсың? – деді ол түнеріп. 

– Кешіріңіз, ойланып кетіппін... – деп әкімге қарасам, маңдайы шодырайып, ісіп қалыпты. Қаланы көркейтуге түк пайдасы жоқ әкімге мүйіз «сыйлағаным» үшін он күн қамалып, екі күн көше сыпыруға мәжбүрлендім. Енді ештеңе ойламаспын! «Туу, пәленбай мың несиемді қалай жабамын, а?»  деп ойланып келе жатқанмын, көзімнің оты жарқ ете қалды! Біреумен соғысып қалдым! Қарасам, бір мәжіліс депутаты! Қуанып кеткенім! Ойебай, 

анау-мынау емес, депутатпен соғысып қалдым ғой, депутатпен! 

– Жыбыжы, мыбыжы! – деді ол.

 – Кешіріңіз, не дедіңіз?

– Ибәбу, мибәбу...

Сөйтсем, мақау депутат екен ғой! Осындай үндемейтін, халық жағдайын ойлағысы келмейтін, өздеріне ыңғайлы мақау депутаттар керек қой, билікке! Депутат темір тарақ алып, шашымды тарай бастады. Әдейі, батыра тарағанда бар ғой, көзімнен жас парлады дейсің! Құдайым-ау, енді ештеңе ойламаспын! Құдай тағы ұрды. Астана көшесінде көлбеңдеп келе жатқанмын! Тарс етіп, соғысып қалдым! Қарағым келмеді. Қорқып тұрмын. 

– Көзің көз бе, әшейін домалақ бірдеңе ме? – деп сұрады ол. 

– Кешіріңіз, ойланып кетіппін.

– Нені ойлап кеттің? 

– Сайлауалды әділетсіздіктер туралы... 

– Онда шаруаң қанша? Кіммен соғысып қалғаныңды білесің бе? Премьер-министрмен соғысып қалдың!

Қуанып кеткенім-ай! Премьер-министрмен соғысып қалдым ғой! Досыма айтсам сенбес деп, дереу ұялы телефоныммен селфи жасап үлгердім. Ол менің шашымды асықпай біртіндеп жұлып, қолыма берді. Рахмет айтып, кетіп қалдым. Енді ештеңе ойланбаспын! «Украина жеңе ме? Ресей жеңе ме? Бұл соғыс қашан аяқталады?» деп ойланып кеткенмін ғой. Сарт етіп, соғысып қалдым. Бітті шаруа! Досым маған күлме! Маңдайым шотыр-шотыр. «Мен сияқты кедей байғұс қалай үйленсін?» деп ойлап келе жатқанмын ғой. Сарт ете қалдым. Қуанғанымнан құшақтай алдым. Ол да мені құшақтап, жіберер емес. Сол жібермеген күйі некемізді қидық. Қазіргі әйелімді айтамын да... Абайлап жүріңіздерші...

Мұхтар ШЕРІМ