Осыны ескерусіз қалдырмай, жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өткені мәлім. Ел Президенті қатысқан жиында мемлекеттің бірлігі турасында келелі дүниелер айтылды.
Тұрақтылықтың тірегі
Шынын айту керек, мәдени-этникалық ерекшелігіне қарамастан үлкен ауызбіршілік пен қоғамдық келісімге мүдделі түрде мойынсынатын бүгінгідей ұлттық бірліктің қалыптасуына аталған ассамблея арқылы жол ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында осы ынтымаққа басымдық берілгені аңғарылды. Бірлік күні – татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы қажет. Президент ең әуелі ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналғанын оңды бағалады.
Бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсат – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынас саласындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру болатын. Қазір мемлекет ең бірінші кезекте халық құндылығын бағалайды. Яғни, біз үшін халықтан биік ұғым жоқ. Ал халықтың күші одан әрі мықты әрі бекем болуы үшін бейбітшілік қажет.
– Мен былтырғы сессияда Ата Заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Бұл – Ата Заңымыз қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум. Біз осы бастама көтерілген кезде ел тағдырын айқындайтын маңызды жолдың бастауында тұрдық. Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық. Дәл осындай тарихи сәтте халықтың бірауыздан қолдау білдіруі өте маңызды болды. Осыған орай түрлі ұсыныс айтылды. «Өзгерісті Парламент арқылы жасау қажет» деген пікірлер де болды. Бірақ біз әрбір азаматтың пікірін білген жөн деп шештік. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидатты ұстандық. Осылайша, «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» бүкіл ел болып көз жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Президент елімізде саяси реформалардың жемісті болғанын атап өтті. Бұл тұрғыда былтыр өткен референдумның тарихи маңызы зор. Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан болғаны анық. Мемлекет басшысы жұртымыз жауапты сәтте ұлт ретінде ұйыса алғанын алға тартты. Референдумның түпкі нәтижесі және халқымыздың басты жетістігі жүзеге асты. Сондықтан бірлік дегеніміз – мақсатымызға апаратын жол ғана емес, мемлекеттің ең басты тірегі. Президент әр жиында еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат екенін жиі еске салады. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруы тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болмақ. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымына айналуы қажет.
– Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этнос үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр.
Бұл – теңдессіз жетістік! Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Сабақтастық саяси серпіліске жеткізді
Жалпы, ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты. Республикада еліміздің барлық этносының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастары мәселесін тиімді шешетін ел ретінде халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Сонымен, бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым елдің саяси жүйесінің дамуына да ықпал етті. Қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Мәселен, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас моделі енгізілді. Парламенттің бақылаушылық қызметі күшейтілді, заң шығару рәсімдері оңтайландырылды. Партияларды тіркеу процесі жеңілдетілді. Депутаттық мандатты қайтарып алу механизмі енгізілді. Облыстардың әкімдері мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде тағайындала бастады. Нәтижесінде, азаматтардың елімізді басқаруға атсалысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтардың, ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің нәтижесінде азаматтар жергілікті билікке нақты ықпал ете алатын шынайы тетіктер пайда болды. Конституциялық соттың құрылуы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілуі құқық қорғау саласын түбегейлі күшейтті.
– Референдумда қолдау тапқан жаңа мемлекеттік модель халқымыздың үмітін толық ақтайды және демократиялық дамудың жалпыға ортақ қағидаттарына сай келеді деп сенемін. Ол билікті тұрақты түрде ротациялауды және саяси жүйенің орнықтылығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның дамуын тек демократиялық қағидаттар мен ашық саяси бәсекелестік негізінде күшейте түседі. Ауқымды өзгерістер барысында ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Бұл озық халықаралық тәжірибеге толық сай келеді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз бірлік жайына бекерден басымдық беріп отырған жоқпыз. Қазір әлемдегі геосаяси ахуалдар ушығып тұрғанын бүтін ел біледі. Жаңа, күтпеген басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару мемлекет үшін аса өзекті мәселеге айналды. Егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы артты. Бұл ретте этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни, татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі.
Сессия аясында нақты мәселелерге арналған пікірталас та өтті. Мемлекет басшысы мұны назардан тыс қалдырмады. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Өте орынды ұсыныстың бірі – осы. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажет. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуы тиіс. Президент бұған немқұрайды қарауға болмайтынын, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететінін мәлім етті. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес. Осылай деген Қ.Тоқаев басымдық берілуі тиіс бес бағытты тізбектеп берді. Атап айтқанда, бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау, көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау, ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту мен этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілу ісі айтылды.
– Ассамблея өзін шынайы демократиялық қағидаттар мен құндылықтарға сүйенетін әрі оны нақты жүзеге асыратын аса маңызды қоғамдық-саяси институт ретінде танытты. ҚХА әртүрлі мәдениеттің қатар дамуына және өзара қарым-қатынасына қатысты қағидаттарды сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл – қазіргі әлемнің ең өзекті мәселесі. Әлемдегі қақтығыстар мен соғыстардың бәрі ұлттық тәкаппарлықтан, өзге этнос өкіліне және өзге ұлтқа жақын адам не дос деп қарағысы келмеу салдарынан туындайды. Нағыз патриотизмді ұлттық менмендікпен еш шатастырмау керек. Сондықтан біз ассамблеяны одан әрі дамытамыз. Оның жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіріп, құрамын үнемі жаңартып отырамыз. Біз – бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қызымыз! Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде бәрімізге орын жетеді. Осы киелі мекенде бәріміздің де көздің қарашығындай сақтайтын және сол үшін еңбек етіп, өмір сүретін қастерлі дүниелеріміз бар, – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.
Түйіндей келгенде, ассамблеяның кезекті сессиясы тек этностардың емес, бүтін мемлекеттің мүддесі үшін істелетін жұмыстарды, мақсат-міндеттерді айқындады. Ең бастысы, бірлік пен ынтымаққа селкеу түсірмеу. Ол үшін азаматтар ұлтына, нәсіліне қарамастан бір тудың астында жұмыла алса игі.
М.ХАҚНАЗАР