Күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде мемлекеттік рәміздер туралы ой тереңіне бойлай бермейтініміз рас. Десе де, арагідік көзіміз түскенде көк Ту немесе Елтаңбамыздан бір қорғаушы күш пен тұрақтылықтың кепілді сезімін сезінетініміз сөзсіз. Ендеше ол туралы тек жылына бір рет, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні еске алып қойған дұрыс емес. Патриоттық тәрбие үздіксіз жүруі тиіс.
Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің жарқын көрінісі
1,442
оқылды

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақта­нышы мен абыройы. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаз­дыққа деген табанды ұмтылысының сим­волы. Сонымен қатар баршамызды мыз­ғымас бірлікке ұйыстыратын, әрбір аза­матты Отан үшін күнделікті қажырлы ең­бек етуге және үлкен жетістіктерге үн­дейтін күш. Мемлекет басшысы 

Қ.Тоқаевтың өзі: «Қасиетті нышан­дары­мызда қазақтың мыңжылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдік­тің символы саналған. Көк түріктер зама­нында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөн­бейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған тәуелсіздік Туы жел­біреді. Көк байрағымыз – мызғымас мем­лекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азат­тықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұра­нымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тә­уел­­сіздіктің осы үш символы халқы­мыз­ға ерекше рух береді. Әрқайсысы­мыз­дың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы» деген болатын.

Осы орайда өткізілетін салтанатты іс-шаралардың тәрбиелік мәні өте зор. Көпшілік үшін көзіне оттай басылып, көңілінде ыстық табы қалатыны, көбіне Көк байрағымыз. Туды көргенде толқы­майтын адам жоқ. Көк Ту – азаттықтың белгісі. Халқымыз тарихи таңдауын жасайтын сәтте алып байрағы­мыздың көкте желбіреуін жақсы ырымға балап жататынымыз сондықтан. Көк Тудың көкке көтеріліп, желбіреуі – еңсе­міздің көтерілуі. Ол желмен жарысып жазыла түскенде желбіреген дауысынан біздің асқақ та азат рухымыздың үні ес­тіледі. Сондай шараның бірі былтыр Ала­тау баурайында өткен болатын. Қазақ­станның ең үлкен Туы Алматы аспанында желбіреді. Кәсіби парашютші Олег Тощев көлемі 800 шаршы метр болатын көк байрағымызды 3 000 метр биіктікте қа­лықтатып ұшып өтті. Салмағы шамамен 90 келіні құрайтын көк Ту қатты материал­дан жасалған. Сондықтан да бұл акция өте қауіпті әрі орындалуы да қиын еді. Рес­публика күніне орай өткен «Ашық аспан» акциясы аясындағы бұл оқиға Қазақстан рекордтар кітабына енді. Салыстыру үшін айта кетсек, Астананың негізгі Ту бағана­сында орналасқан еліміздегі ең үлкен Ту – 450 шаршы метр, ал көкке көтерілген көк байрақ одан екі есе үлкен. Ол осы бі­ре­гей оқиға үшін арнайы әзірленген екен.

«Бұл акцияның мақсаты – қазақстан­дықтардың патриоттық рухын нығайту, то­леранттылық пен бейбіт аспан концеп­циясын қолдау. Қазақстанның көк бай­рағы – біздің бәрімізді біріктіретін мем­лекеттік рәміз, тәуелсіздігіміздің символы. Біз өз Туымызға дұрыс құрметпен қарауды, мемлекетімізге деген жылы патриоттық сезімді нығайтуды қалаймыз», – дейді ұйымдастырушы Тілек Каналин.

Олег Тощев парашютпен секіру бойынша әлемдік рекорд жаңартқан. Ол 12 жыл ішінде аспаннан 5 800 рет секірген. Спортшы бүгінгі шараға бір ай көлемінде дайындалыпты. Ал жалпы былтыр елі­мізде 5 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шара өткізіліпті. Мәселен, 4 маусым күні бүкіл республика бойынша бір уа­қытта сағат 10.00-де мемлекеттік Гимн орын­далды. Астана қаласындағы «Ата­мекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік Ту тұғырда Мемлекет басшысының қа­тысуымен мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды.

Патриотизм мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады

Мамандар қазақстандықтар арасында патриотизм сезімін арттырудың, мем­лекеттік рәміздерге құрметпен және ұқыпты қарауды үйретудің бірден-бір жолы ақпараттық-насихаттық жұмыстар екенін айтады. Бұл жұмыстар күнбе-күн қалыпты жағдай ретінде жүріп жатуы тиіс. Жас ұрпақтың санасына осы бастан сіңіре берсек, еліміздің тәуелсіздігі де баянды болмақ.

«Патриотизм дегеніміз мемлекеттік рә­міздерді құрметтеуден, дәріптеуден бас­талады. Сондықтан да біздің геральди­калық орталықтың басты мақсаттарының бірі – осы. Яки, сол арқылы жастардың ұлтқа, Отанға деген құрмет сезімін ояту. Мысалы, 1,5 млрд халқы бар Қытай мемлекетінің азаматтары өздерінің қызыл туларын қалай құрметтейді, оны бәріміз де көріп жүрміз. Түркия елі де сол. Ара­ларында саяси мәселелер болып жатқа­нымен, қызыл туы көтерілгенде түрік хал­қы бірігіп кетеді. Біз де сондай деңгейге жетуіміз керек. Біздің болашақ ұрпағымыз көк Ту желбіреген шақта, соның айнала­сынан табылып, жұмыла алатындай, оған құрметпен қарайтындай жағдайға же­туіміз қажет. Ол үшін жасалар жұмыс көп. Бұл тұста тек мемлекет тарапынан қолдау жасап қоймай, қоғам тарапынан, азамат­тар тарапынан да ынта болуы тиіс», – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РМК директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Расында да, көк Туымыздың салта­натты түрде желбірегені – ата-бабамыздың даңқты дәстүрін асқақтатқанымыз. Бүр­кітті байрақ тәуелсіздік мұраттарына адал болуға шақырады, ел халқына ерекше жігер береді. Елтаңбамыз да көзге ыстық, көңілге медеу. Ал Әнұранның рух берер сезімі алабөтен күйге бөлейді. Мамандар біздің елдің мемлекеттік рәміздерінде өзіне тән бір ерекшелік бар екенін айтады.

«Біздің тудағыдай нақты көріністі кез келген елдің жалауынан көре алмайсыз. Қыран құс пен күн біздің елдің ашықтыққа деген, еркіндікке деген құштарлығын айшықтап тұр. Ал Елтаңбамыздағы қос пырақ – қазақ тарихынан ғана емес, адамзат тарихынан хабар береді. Өйткені атты үйретіп мінгеннен бастап адам баласы дамуының жаңа сатысына қадам басты. Ал қазақ үшін ол ажырамас қана­тына айналды. Әнұранға келер болсақ, оның рухты сазы мен жігерлі сөздеріне жетер мазмұн жоқ. Сондықтан да, мем­лекеттік рәміздер – егеменді еліміздің өт­кені мен бүгінінің және болашағы ара­сындағы тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі», – дейді әлеуметтанушы Құралай Шерімбетова.

Мазақ етіп, қорлауға жол жоқ

Еліміздің басты құндылықтарын құр­меттеу – бәріміздің перзенттік парызы­мыз, оған немқұрайды қарайтындарға, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою да міндетіміз. Сондықтан да қоғамдық орындарда немесе өзге де жерлерде мемлекеттік рәміздердің негізгі мақсатынан тыс жатқанын немесе қолда­нылып жатқанын көрсек, бейжай қалмай, тиісті орындарға хабарлағанымыз жөн. Бұл ретте әлеуметтік желілердің көмегі зор. Өкінішке қарай, ондай деректер елі­мізде кездесіп те қалып жүр. Мәселен, Түр­кістан облысында былтыр бір ауыл­дағы мектепте Елтаңба суреті жабыс­ты­рылған шыны урнаның әжетханада тұрған суреті тарады. Сайлау уақытында пайда­ланылатын жәшіктің бұлай тұрғаны заңға қайшы еді. Төле би ауданында болған бұл оқиға үшін мектеп басшылығы ӘҚБтК-ның 458-бабы бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Сондай-ақ Пав­ло­дар облысында да былтыр Елтаңбаны қо­қыс­қа тастаған екі оқиға тіркелді. 

Бірі – облыс орталығы маңында алюми­ний зауытынан 10 шақырым жерде болған болса, екіншісі Ақтоғай ауылында қоқыс­тан табылды. Екі оқиға бойынша да қыз­мет­тік тексерістер жүргізілгенімен, нәти­жесі хабарланған жоқ. Осы және тағы да басқа оқиғалардан соң елімізде мемле­кеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жө­ніндегі заңнаманы күшейту талабы қо­йыл­ған еді. Бұған тіпті Мемлекет басшы­сының өзі назар аударды. 

«Жаһандық экономикада өршіп келе жатқан сын-қатерлер мен бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс жағдайында біз мемлекеттілігімізді нығайту үшін күш-қуатымызды еселей түсуіміз керек. Мем­ле­кеттік рәміздерімізді мазақ етуге, қор­лауға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Мұн­дай әрекеттерге барғандарды қатаң жа­залаған жөн. Біртұтас халық ретінде ұйыса отырып, біз кез келген қиындықты бірге жеңіп, әділетті, тиімді мемлекет құра аламыз. Сонымен бірге жастармен жан-жақ­ты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті», – деді Президент.

Соған сәйкес, биыл қаңтар айында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қор­лау» туралы 372-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын айыппұл құны 3 мың айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК – 3 450 теңге) тең, яки 6 миллион тең­генің шамасында болған болса, енді ол сома 3 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни 10 миллион теңгеге дейін артты. Ал қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзімі 600 сағаттан 900 сағатқа дейін көбейді. Әрине, құр жазалаумен патриотизм ны­ғай­майтыны рас. Сондықтан да ақпа­рат­тық-насихат жұмыстары да толастамауы тиіс.

Нұрлан ҚОСАЙ