Бурабай баурайындағы Щучинск қаласының ортасында тұрған дендрологиялық паркте әлемнің ондаған елдерінен қазақ жеріне жерсіндірілген жүздеген ағаштың түрі бар. Алайда қазір қаржының тапшылығы бұл нысанды да сақтап қалуға қиындық тудырып тұрған сияқты...
Бүгінде елімізде үш дендрологиялық парк бар. Бірі – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында болса, бірі – Шымкент қаласында және тағы бірі – Ақмола облысының Щучинск қаласында. Әлихан Бөкейхан атындағы орман шаруашылығы дендрологиялық паркінің негізін сонау 1961 жылы профессор Владимир Савич қалапты. Аумағы атшаптырым болатын парктің алғашында 44,3 гектар жері болса, қазір жалпы көлемі 39,3 гектар алқапты құрайды.
Дендрологиялық паркте Солтүстік Сібір, Солтүстік Америка, Қиыр Шығыс, Орта Азия, Жапония мен Қытай сияқты ондаған елден жеткізілген ағаштың 1 700-ден астам түрі зерттелген. Қазір сан түрлі ағаштың ішінен ғалымдар табиғаты аса қатал солтүстікке 800-ден астам түрін жерсіндіріп, тамыр жайып жайқалып кетуіне ықпал етіпті.
Ресми деректер бойынша, жалпы Солтүстік Қазақстан аймағында ағашты және талды өсімдіктердің небары 120-ға жуық қана түрі өсіріледі екен. Оның ішінде ағаштардың үлесі тек 17 пайызды құраса, тал мен бұталар 72 пайызды құрайды. Орман алқаптарында ағаштардың көп түрі біркелкі өспегендіктен, облыстың әр аумағында климаттық және топырақ жағдайына қарай түрліше таралған. Осы жағдайды ескерсек, дендропарктің өңірдің фаунасын байытуға зор ықпал ете алатыны назардан тыс қалмауы тиіс екені анық көрінеді.
Мұнда түрлі жылдарда ағаштардың түрлерін өсіру, оларды көбейту тәсілдерін зерттеу, қазір қолда бар солтүстік ормандарын жаңа құнды өсімдіктермен толықтыру – басты мақсат. Сондықтан Дендропарктің негізгі қызметі де cолтүстіктің ызғарлы әрі суық ауа райына төзімді өзге елдер мен өңірлерден жеткізілген ағаш түрлерін көбейтуге бағытталған. Дегенмен адамдардың қолымен жасалған қиянатты жағдайлар ормандар мен жасыл желектің сақталуына елеулі қиындықтар да тудыратынын университетте жылдар бойы қызмет атқарған ғалымдар жасырған жоқ. Институт ғалымы, 25 жылдан астам уақыт осы орман шаруашылығы институтын басқарған профессор Болат Мұқановтың айтуынша, ағаштарды cолтүстіктің табиғатына қарай бейімдеуге баса назар аударылады.
Щучинск дендропаркі табиғаттың өзі сұлу етіп жаратқан Бурабай баурайындағы Шортанды көлі мен Щучинск қаласының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Жерсіндірілген ағаштарды көпжылдық зерттеу барысында жаңа жағдайға бейімдеу мақсатында іріктеу жүргізіледі. Ағаштың бір түрі қалалар мен кенттерді көгалдандыруға пайдаланылса, енді бір түрі сайлар мен жыралардың топырағын нығайту, бақтар мен егістік алқаптарын қорғау сияқты маңызды қызметтерді атқарады. Дендропаркте Сібір, Еуропа, Солтүстік Америка, Қиыр Шығыс, Орта Азия, Жапония және Қытай сияқты басқа да елдерден жеткізілген ағаштар мен бұталардың 2 мыңнан астам түрлері зерттеліп, түрлі сынақтар жүргізілді. Қазір алғашқы 2 мыңнан астам құнды және сәнді түрлерінен шамамен 800-дей түрі сақталды. Оның ішінде 300-і тамақ және емдік түрлерге жатқызылады. Осылардың ішінде Солтүстік Қазақстан аймағында еш қиындықсыз өсіруге болатын төзімділігі аса жоғары 230 түрі іріктелді. Олардың бәрі де көгалдандыруға жарамды. Сондай-ақ 54 түрін орман шаруашылығына, 73 түрін плантацияда, яғни емдік және тамақ түрінде өсіруге болады. Ал 87 түрі ағаш егу шаруашылықтарын қорғауға жарамды. Мұнымен қоса, ол жерде 30-дан астам емдік шөптесін өсімдіктердің түрі бар, – дейді Болат Мұқанов.
Ғалымның айтуынша, дендрологиялық парктегі ағаштардың түрлері мен тұқымына қарай бірнеше арболетумдарға бөлініп тасталған. Әр арболетумда ағаштар мен бұталардың ұқсас түрлері мен тұқымдары топтастырылыпты. Дендропаркте кең таралған ағаштармен қатар сирек кездесетін емен, ұсақ жапырақты жөке, орманжаңғақ, Зибольда жаңғағы, Недзвецкий алмасы, жылтырауық ырғай, қазақ аршасы, жартас қарақаты, маралтамыр, жалаң мия сияқты ағаш түрлері де өседі. Қазір бұл егілген ағаштардың алғашқыларына 50 жылдан астам уақыт болған. Көп ағаштар егілген уақытына қарай жемісін де бере бастаған.
Қазір дендропарктен өсірілген ағаштардың орман шаруашылықтары тұқымдарын алып егеді. Елорданың маңындағы ағаштарға да осы дендрологиялық парктегі ағаштардың тұқымдары алынып егілген. Бірақ кейінгі кезде бюджеттің бөлінбеуінің салдарынан осындай мыңдаған ағаш түрлері өсірілген дендрологиялық парктің жағдайы аянышты халге жетіпті. Болат Мұқановтың айтуынша, дендропарк 2000 жылдардың басында-ақ бюджеттен қаржыландырылуы тоқтатылған. Бұл түйінді мәселенің жыл өткен сайын күрделенуіне әкеліп соғыпты.
– Әлемнің әр түкпірінен ғалымдардың көз майын тауысып, осы жерге жерсіндірген мыңға жуық ағаштың түрі өсетін дендропарктің жағдайы қазір аса алаңдатарлық жағдайда. Өйткені мұнда бюджеттен бір тиын да қаражат бөлінбейді. Тіпті, дендропаркті күзететін күзетші, орманшы да жоқ. Сондықтан орман шаруашылығы институты бұл мақсатқа қаржы бөлінбесе де өз күштерімен барып кезекшілік жасап, тазартып, сенбіліктер өткізіп, күнделікті бақылауға алып қамқорлық жасайды. Бірақ бұл аздық етеді. Бұрын институтта базалық, келісімшарттық және мақсатты қаржыландырулар болатын. Қазір сол базалық қаржыландырулар мүлде алынып тасталған. Бұлай жалғаса берсе, дендрологиялық паркімізден де түбегейлі айырылып қалуымыз ғажап емес, – дейді Болат Мұқанов.
Ондаған гектар алқапты алып жатқан шетелдерден арнайы жеткізіліп жерсіндірілген алуан түрлі құнды ағашқа құнттап қарамау ертең бармақты шайнатуы да әбден мүмкін. Жер өкпесі – орман десек сол тұтас адамзат баласын оттегімен қамтамасыз ететін, ағаштардың ондаған түрлері өсірілетін дендрологиялық паркке қолдау қажет-ақ. Тиісті құзырлы министрліктер мен ведомстволар түйінді мәселеге назар аударар деген сенімдеміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы