Қалалық әкімдік сынға жауап беріп, биылға жоспарлаған жол жөндеу жұмыстары туралы ақпараттар берген де болатын. Алайда сол «қызу» жұмыс әлі басталар емес. Оның есесіне, сапасыз төселген жол жабындылары қармен бірге еріп, қала шетіндегі көше жолдарын айтпағанда, орталық көшелердің асфальт жабындысындағы олқылықтар әр жерден андыздап шыға келді. Дәл қазір шағын қаладағы ойдым-ойдым көшелердің барлығында жол қатынасы қиындап тұр. Жүргізушілер көліктерін күнде жөндетуге мәжбүр. Тиісті орындарға шағымдар көптеп түсуде. Әлеуметтік желілерде де арыз-шағым көбейген. Тұрғындар тарапынан наразылық күшейгенін ескерген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаменті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері жолға жауапты мекемелердің мамандарын қатыстыра отырып, арнайы рейд өткізді.
Талдықорғандағы Сланов, Абай, Абылай хан, Уәлиханов көшелерін аралап, ойылған асфальтты өз көздерімен көргендер алдағы кезде сапасыз жұмыстар салдарынан қысқа мерзімде жүруге жарамай қалған жолдар туралы мәліметті https://adildik.kz сайтына жібере алатынын, онда айтылғандар немесе жазылған деректерге қатысты тексерулер жүргізіліп, сапасыз асфальтқа қатысты заң бұзушылықтар анықталса, шара қолданылатынын мәлімдеді. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының жетекшісі Дәулет Құлымбаевтың айтуынша, Уәлиханов және Балпық би көшелерін қайта құрылымдау үшін 2019 жылы 500 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы толық біткендіктен мердігер компанияға ақшасы түгелімен төленген. Бірақ сапаның нашарлығы кесірінен жол белгіленген мерзім аяқталмай жатып, қайтадан таз қалпына түскен. Осыған байланысты Талдықорған қалалық әкімдігі жыл соңына дейін ойылған жолға жөндеу жүргіземіз деп отыр. Мұнда сапасыз жұмысты қабылдап алған мекеме және тапсырыс берген қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірге мердігердің мәселесін де майшаммен қараған жөн болар еді. Егер жол жөнделмесе, халықтың наразылығы күшейе берері анық. Осыған орай қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Алтынбеков Уәлиханов пен Балпық би көшелерінің жолын айтпағанда, екі көшенің қиылысындағы адам тұрмақ автокөлік өте алмайтын үлкен шұңқырдың пайда болғандығын айта келе, бұл жайында мердігер «Высотник» ЖШС-на ескертіліп, ойылған жерді мамыр айының 15-не дейін қалпына келтіру міндеттелгенін мәлімдеді. Егер жолды реттемесе, сотқа береміз деп отыр.
Жетісу облысы орталығындағы жол жұмыстарымен бұрыннан осы істерді атқарып келе жатқан оншақты мердігер компания айналысады. Олар салған асфальтты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары қабылдап алады. «Егер салынған асфальттың сапасы талапқа сай болмаса, қабылданбайды» дейді ондағылар. Алайда пайдалану мерзімінің жарым-жартысына жетпей жүруге жарамсыз болып жатқан жолдар жыл сайын алдан шығады. Шаралар қолданылды дегенмен, олардан нәтиже болып жатқан жоқ. Жыл өтпестен бұрынғысынан нашар күйге түсетін көшелерді көргенде жүрегің ауырып, мемлекеттің миллиондарына ішің ашиды. Биыл Талдықорған қаласындағы 9 көшеге жөндеу жұмыстары басталыпты. Олардың ішінде жылдар бойы жырланып келе жатқан «Шайқорған», «Үйтас» саяжайларындағы ойқы-шойқы жолдар бар. Сонымен қатар «Жастар – 1», «Солтүстік – Батыс» тұрғын алаптары мен 8-9 шағын аудандарында жаңа жолдар төселеді.
Көше жолдарының бүлінуі себебі көп. Соның ішінде ала жаздай ай қарап жүретін жылуға жауаптылардың жылыту маусымы басталған кезде, күздің жауын-шашынды, лай-батпақты кезінде жолдардың асты арқылы өтетін жылу жүйелеріндегі ақауларды жөндеуге кірісетіндігі. Халықтың қамын ойлаған қала әкімдігі жандары қысылғанда «Талдықорғанжылусервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жазда ғана төселген асфальт жабындысын қазуға рұқсат беруге мәжбүр. Жылу немесе су жүйесі жөнделген соң қайта төселген асфальт бұрынғыдай сапалы болмасы айдан анық. Кей жерлері ойылып, кей тұстары көтеріліп, бірер аптада жүруге жарамай қалады. Соның кесірінен жүргізушілер мен тұрғындар әбігерге түседі.
Табиғаты күрт құбылып тұратын Жетісудың ауа райы да жолдың тез бұзылуына әсер етеді. Қыстың ортасында жауған жаңбыр асфальтті тоңға айналдырып, артынша соққан аяз оның жарылуына әкеліп соқтырады. Көктем шыға ары-бері заулаған автокөлік жарығы көбейген жолды үгітіп, азғана уақытта тас-талқанын шығарады. Осылайша, салынғанына көп болмаған көшелер жарамсыз болып жатады. Жол төсеудің нормалары мен ережелерінің толық сақталмауы, жабындының беріктігіне қойылатын талаптардың орындалмауы да жыл сайын төселетін жолдың сапасына кері әсер етеді. Енді осыған автокөлік салмағы мен мердігердің жауапсыздығын, тапсырыс берушінің немқұрайлылығы мен қабылдаушының қырсыздығын қосыңыз. Ақыр соңында сапасыз жолдың зардабын жұртшылық тартады.
Арнайы тексеру шарасына қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаменті превенция және парасаттылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Өмірбековтің айтуына қарағанда, облыс орталығындағы жолдың жайын анықтауға арналған мұндай рейд алдағы кезде тұрақты жүргізіліп тұрады. Талдықорған қаласы бойынша ғана емес, бүкіл облыс аумағында осындай шаралар ұйымдастыру ойластырылып отырған көрінеді. Биыл жыл басында «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» атты жоба іске қосылыпты. Соған сай әрбір өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа бейім 5-6 сала анықталған. Жетісу облысында автомобиль жолдары, жер қатынастары, тұрғын үй, құрылыс, медицина, білім және салық салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым екені белгілі болған. Осыған орай жолға қатысты тексеру жұмыстары тұрақты жүргізілмек. Оған әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер мен мемлекеттік органдардың талаптары да негіз болып тұр.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы