Мұстафа Шоқайдың осы кезге дейін толық өмірбаяны да жазылмағанын ескерсек, Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естелік кітабының теңдесі жоқ. Сол себепті ұлы тұлғаны арнайы зерттегісі келген тарихшы не саясаткер өзінің алғаш қадамын осы еңбектен бастағаны жөн. Өйткені шығарма­шылық қиялда алдымен ұлы тұлғаның өмірі мен саяси қызметінің қысқаша болса да жүйесін жасап алмай, ол туралы толымды туынды жасау қиын.
«Менің Мұстафам»
1,001
оқылды

Айрықша зерделілікпен жазыл­ған, алайда автордың өзі «Оқыр­мандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өті­немін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп аса қарапа­йым­дылық танытқанымен, шынайы шындыққа толы еңбекті толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұл – жарына деген ерекше терең түсі­ніс­тік пен айрықша ықыластан туған тамаша туынды. 

Естелік Мұстафа Шоқайдың ата баба шежіресінен басталады. Атасы Торғай датқа, әкесі Шоқай, анасы Бақтылы туралы тұңғыш мәліметтер беріледі. Мұстафа отбасында ерке өсе­ді, оқу-жазуды анасынан бес жа­сында үйренеді. Ағасы Әліш аш­қан төрт жылдық медресені екі жылда бітіреді. Есте сақтау қабілеті өте күш­ті Мұстафа үйіне келген қонақ­тарға бар білгенін айтып, құранды да оқып береді екен. Ата-анасы түрік мұғалімінің айтуымен көз тимесін деп Мұстафаның басы­на үкілі бөрік кигізген көрінеді. 

Орыс қоныс аударушылары мен шенеуніктерінің озбырлықтарын басынан өткізген Шоқай аса зерек­тігімен ерекшеленген баласының орысша оқып, өз құқығын өзі қор­ғай алуын ойлайды. Арнайы барып келісілген Перовск училищесіне оқу басталарда ауырып бара алмай, Сұлутөбе стансасындағы теміржол орыс мектебінде оқиды. Оны бітір­геннен соң «Перовск училищесін 1902 жылы бітірген деген құжат алады. Әсілі, қайта-қайта медресе ашып жүрген Әліш Сұлутөбедегі мектепте оқып жүргенде інісінің училищемен байланысын жоғалт­паған сияқты. Әйтпесе, ол кезде Қа­зақстанның оңтүстік өңіріне мәлім болған оқу орны сабаққа қатыспағанға бітірді деп құжат бере салмайды ғой. 

Мұстафа Шоқай өмірінде оның Ташкенттегі ерлер гимназиясында­ғы оқуы маңызды кезең болды. Осында орыс тілін жетілдіре түсіп, өлкенің жергілікті халқының арыз-шағымдарына көмектесіп, қо­ғамдық жұмысқа белсенді араласа бастайды. Сөйтіп, жергілікті халық­тың теңсіздігін көреді. Оның үстіне, оқуды үздік бітіргенде Түр­кістан генерал-губернаторы Сам­соновтың алтын медальді «бұра­тана» баласына қимай, оны орыс оқушысына жаз­дыруы Мұстафа сезімінде терең із қалдырады. Бірақ Зепрометов бұл ұсыныстан бас тартып, өзіне тиесілі күміс медаль­мен шектеледі.

1910 жылы Мұстафа Шоқай Ре­сейдің маңдайалды оқу орында­рының бірі Петербор университетіне түсіп, онда терең білім алып, Ба­тыстың өркениетінен сусындай­ды. Орталықта да қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласады. Сол кездегі оның беталысын бірге оқып жерген бір топ студенттермен жазған тіл мен діннің тазалығын сөз еткен 1913 жылы Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетіне жазылған хаты пен «Сиратул-Мустаким» (Тура жол) ұйымын жақтаушыларға қарсы бағытталған үндеуі айқын байқ­а­тады. Студент кезінде-ақ «Сен ақ патшаға жақын тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Мына мәселе былай болуы керек еді, былайша уәде берілген еді, бірақ олай бол­мады» деген мазмұндағы өтініш хаттар, әртүрлі хабарлар өзі дүние есігін ашқан Ақмешіттен жиі келіп тұрған көрінеді. Мәселенің көбі жер дауымен, әсіресе қоныс аудару басқармасының орыс қоныс аударушыларына бөліп беру үшін тартып алған жерлері – көшпенді халықтың тіршілік негізіне айналған қыстауларына байланысты болған көрінеді. Мәселелер өте қиын, айлар бойы шешімі табылмай, кейде Сенат мәжілісіне дейін жетіп жатыпты. 

Мұстафа Шоқайдың Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ұсынысымен 1916 жылғы 15 та­мыз­да Мемлекеттік думаның жа­нын­дағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде Түркістан өлкесінде сапарда болуы оның кейінгі өмірінде ерекше рөл атқарады. Осы сапарынан кейін тағы да Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік думаның Мұсылмандар фракциясындағы хатшылық жұмысында орналасады. Мұстафа Шоқай өзіне Еділ және Қырым татарлары, Кавказ халық­тары, Орал башқұрттары жүктеген түрлі саяси міндеттерді өте жақсы орындайды. Егер 1917 жылғы төң­керіс болмағанда оның Мемлекеттік думаға мүшелікке сайлануы да мүм­кін еді.

Патшаның тақтан түсуі, Уа­қытша үкіметтің құрылуы орыс революцияшыл демократтарының ықпалын пайдалану мүмкіндігін туғызғаны белгілі. Наурыздың соң­ғы күндері Петербордағы Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда Ақмешіттен делегат болып сайланған Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына шақы­рылған болатын. Содан Ташкентке кетер алдында Петербор қалалық жұмысшы, солдат депутаттары ке­ңесінің төрағасы Чхеидзеге жолы­ғады. Араларындағы сұхбат Түркіс­тан туралы болады. Өздерінің бас­таған жұмыстарының жайы туралы Н.Чхеидзенің сұрағына Мұстафа: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан авто­номияға әзірлік жасап жатыр­мыз», – деп жауап қайтарады. Бұл жауаптан екі нәрсені аңғаруға бо­лады. Біріншісі, Алаш жетекші­лерінің автономия туралы ойлары­ның алға шыққанын білдірсе, екіншісі – осындай лауазымды кісімен тең сөйлесе алу Мұстафаның да ой өресін байқатқан болатын. 

Мұстафа Шоқай сәуір басында Ташкентте болады. Ол Түркістан ұлттық комитетінің төрағалығына сайланады. Өлкеде автономия үшін күреске жол ашылады. Алайда сол кездегі өлкедегі саяси-әлеуметтік жағдай, әсіресе діни ұйымдар ара­сындағы қатынастар аса күрделі болатын. Осыларды толық түсінген Орталық кеңес пен оның төрағасы Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті, өлкелік жұ­мысшы және солдат депутат­тары­ның кеңесі мекемелерімен тиімді қатынас жасау, революцияның алғашқы күндері құрылған арала­рында байланысы жоқ, бола қой­ғанда көбіне қайшылықты қарым-қатынасты екінші қатарға қойып, түрлі мұсылман қоғамдарын, комитеттер мен одақтарды бір орталыққа біріктіруге ұмтылады. Үлкен қажыр-қайрат, шебер ұйым­дастырушылық жұмысты қажет еткен бұл тірлік оң нәтижесін бер­мей қалмады. Мұстафа Шоқайдың жетекшілігімен Қоқанда өткен төртінші ұлттық құрылтайында Түркістан автономиясы жария­ланды. Бірақ ол барлығы 64 күн ғана өмір сүреді. Кеңес жүйесі оның басшыларының барлығын дерлік тұтқындады. Ал Мұстафа Шоқай Ферғана тауларын аралап, талай тағдырлы қауіпті бастан кешіріп, Ташкентке жетіп, Мария Яковлевна Горинаны іздейді. Алайда ол кү­йеуімен ажырасып, басқа мекенде тұрып жатқан болатын. Мәскеуге кетуге дайындалып, жазғы киім­дерін алуға үйіне келгенде осында күйеуімен келісіп тұрып жатқан Мұстафа Шоқайға жолығады. Мария Яковлевна болашақ жарын 1916 жылы Түркістанға келген сапа­рында генерал Сахиб-Гарей Ени­кеевтің балалармен бірге болғанда көрген еді. Күйеуі өлкелік проку­ратура мүшесі болғаннан соң Пе­тербор делегациясы Мариялардың үйінде де қонақ болады. Сол кездегі Мұстафа туралы: «Ол астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі екендігі көрініп тұратын. Өте ұқып­ты болатын. Оның қасында жүру қызықты көрінетін» деп жазуынан ұшқын қалған сияқты. Бұл ұшқын енді жалынға айналып, екеуін де мәңгілік жылытқан еді... 

Барлығы 64 күн ғана өмір сүрген Түркістан Мұқтариятын Кеңес әскерлері қиратып, Қоқанды күлге айналдырғаннан соң Мұстафа Шо­қай қашып шығып, Ферғана тау­ларын аралап, талай қиыншы­лықты бастан кешіріп Ташкентке жетеді. Осындай кезде таңдау өзіне сүйеніш болар, өзін бұрыннан білетін, та­би­ғатын таныған, бұл кезде күйеуінен ажырасып, Мәс­кеуге кетуге дайын­далып жүрген Мария Яковлевна Горинаға түседі. Ол болашақ жары­ның талап етуімен 1918 жылдың 18 сәуірінде мұсыл­мандықты қабыл­дап, екі өзбектің куәлігімен мешітте имам некесін қияды. Содан басына 1000 сом бәй­ге тігілген Мұстафа Шоқайға жа­ралы әскер киімін ки­гізеді де ма­мыр­дың бірінде Таш­кент­тен алып шығып, түрлі жағ­дай­лармен кейін екеуі екі айырылып, келер жылдың мамырында Тиф­листе жолығады. Одан Грузияда екі жылдай тұрып, қызылдар Тифлисті басып алғаннан соң Түркия арқылы Францияға жетеді. Осында жиырма жылдан артық тұрып, айрықша қажырлы саяси қызметі және ерек­ше шы­ғарма­шылық жұмысымен әлемге танылады. 

Мария Шоқай өз естелік-кіта­бының алғашқы «Мұстафа Шо­қайдың саясатқа араласа бастауы» және «Алғашқы саяси сабақтар деген шағын бөлімдерінде жарына саясаткер ретінде бірсыпыра нақты сипаттамалар берген. Ол саяси қызметке араласқан алғашқы жылдарынан бастап ешбір партияға кірмей, социализмнен алшақ де­мократ ретінде өз халқын жанындай жақсы көрген, оның болашағына сеніммен қараған. Көзқарас көк­жиегі кең болғандықтан, өз ойын еркін жеткізетін, пікірлесіп отырған жанның жүрегіне жол таба алатын қайраткер болғандықтан, Мұстафа Шоқай көпшілікті басқару үшін саясат адамының тез шешім жасай алатын саяси сауатты, қатал мінезі болуы керек деп түсінген. Бұған оның Мұстафа Кемалға таңғалып, оны биік санауы, Түркістан үшін осындай реформашы болса деп тілеуі дәлел бола алады.

Ал «Мұстафа Шоқай – саясат­кер» атты бөлімде жалпы саясат адамының соғысты жақтаушылар және бейбіт өмірді қуаттаушылар болып екі түрлі болатынын, ал Мұстафа бейбіт саясатты қолдаушы еді дейді. Сондықтан ол халық­тардың федерация ішіндегі бауыр­ластығын, өз мемлекетінің еге­мендігін, азаттығын арман еткен. Осындай себептермен Түркіс­тан­дағы кеңестік кезеңдегі тірліктердің барлығының басында жергілікті халықтың өздері болғанын қалаған ол «мемлекетте жаман халық жоқ, жаман адамдар бар» деген сөзді жиі айтады екен. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың «Мен халыққа қарсы емеспін, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөзбен күре­судемін» дегенінен мынандай түйін түюге болады. Ол Ресейді жеріне жеткізе сынағанда оны әсте орыс халқының отаны ретінде емес, пат­шалық биліктің, кеңестік жүйенің орталығы болғаны үшін сынаған.

Мария Шоқай алғаш рет аты әлемге танылған тұлғаның табиғи жаратылысына, рухани дүниесіне терең зер салады. Үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым жанның сонау Еуропаның ортасында жүріп, елін сағынған сәттері шебер жа­зылған. Мұстафа Шоқайдың жан дүниесін аша түсуімен құнды бір­неше мысалдар келтіре кетелік.

Парижге барған алғашқы жыл­дар Шоқайларға аса ауыр болды. Күнелтудің қиыншылығы, күнде­лікті тірліктің таусылмайтын күй­беңі әбден қажытып, Мария Шоқай ауырып қалды да 1923 жылы Гер­манияда қатты инфляциялық жағ­дайды пайдаланып, алты айдай Берлинде тұрды. Сол кезде жазыл­ған және «Жалғыз қалғанда адам түрлі ойға қалады. Көбінесе, ойла­рым мені ауылыма, жаман ниетпен істемесем де, моральдық азап ше­гулеріне өзім себепші болған жа­қын­дарыма жетелейді» деп үлкен күйзеліспен басталған хатта Мұс­тафаның отбасына, ағайын-туыс жақындарына деген көңіл күйі әде­мі-ақ берілген. «Мен үшін ең қым­батты, ең жақын адамдардың көбі бұл күнде арамызда жоқ. Мен олар­дың ешбірімен соңғы рет арыз­дасып, қоштаса алмадым. Егер сен біздің туыстар арасындағы қа­тынастарды білген болсаң, менің қайғымның қаншалықты орынды екенін, шын мәнінде орны толмас екенін түсінер едің...» болмаса «Көз алдында ұлы мен немересінен бір­дей айырылып әрі сүйікті ерке ұлы мен де қасында болмаған қарт анам­ның қалай қайғырғанын кім білсін? Ол менің өз анам емес екенін, алайда оны өз анамдай жақсы көретінімді сен, әрине, білесің. Ол идеал ана болатын» деп жазуы жү­регі жұмсақ жанның шынайы сезі­мін айқын айғақтайды. Ал «Бауы­рымның (Сыздық ағасын айтып отыр – Ә.Б.) менімен көрісе алмай көз жұмғанын ойлаудың өзі мен үшін қаншалықты ауыр» деген жолдар хат иесінің адами болмысын, туыстық ықыласын айқын таны­тады. Осы ағасы Қоқандағы қыз­метінен кейін інісінің Ферғана тауларын аралап жүріп дарға асыла жаздағанын естіп: «жақсылық пен жамандықты ұғынуға мүмкіндік бе­ретін оқиғаларға разы болуың керек» деп тамаша ақыл айтқан бо­латын. Сондай-ақ Мұстафа Шо­қайдың елге деген өзгеше сағы­нышын мына бір оқиғадан да аңғару қиын емес. 1922 жылы Париждегі Тро­кадеродағы этнография музе­йінде болғанда Мұстафа сондағы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да аспапты орнына қояды. Жүзі жабырқау тар­тып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазды. 

Естелікте Мұстафа Шоқайдың саясаткерлік қасиеттеріне де шы­найы сипаттама берілген. Автордың жазуынша, ол ешқашан өз мінезін түзеуден және оқудан жалықпаған. Сондай-ақ тар ауқымды ұлтшыл­дықтың дұшпаны болған, бүкіл Түркістан ұлтының бірігуі жолын­дағы күрескердің: «…Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Геогра­фиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді. Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деуі де кемел ойлардың жарқын көріністері болатын.

Мұстафа Шоқаймен араласқан әрбір адам оны сыйлайтын, жеке қабілетін, адами болмысын қастер­лейтін. Бұған бірнеше мысал келті­руге болады. Кеңес үкіметі Түркіс­тан автономиясын құлатқаннан соң Мұстафа Шоқай Ташкентке жетіп, үйінде уақытша тұруға рұқсат ал­ғанда Өлкелік прокуратурасының мүшесі, Мария Яковлевнаның бұ­рынғы күйеуі Мұстафаның жағда­йын білмеді емес, жақсы білді, алай­да ол үнсіз келісім берді. Ал Ма­рия Шоқай 1918 жылғы 24 қара­шада Челябинскіде жалғыз өзі бөлініп қалуға мәжбүр болып, келер жылдың мамыр айының бірінде аман-есен, жүйелі жүріспен, аялы алақандардың қамқорлығымен Тиф­листің вокзалына жетуі Мұс­тафа Шоқайдың елдегі белгілі кі­сілер алдындағы таза беделінің арқасында болғанына дау жоқ. 

Түркістан халқының бірлігін аңсаған Мұстафа Шоқай бұл мақ­сатқа жетудің өте қиын екенін біліп, әрдайым былай дейді екен: «Біздің Түркістан үшін ең қорқынышты­сы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен бі­лемін. Мен халқымның тыныш­тығын және бірлігін қалаймын». Сол себепті ол өзінің саяси істерінде барлық күш жігерін Түркістанда әлеуметтік реформа жасауға жұм­сайтын айтып: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермейді, біз өзіміз бірте-бірте мемлекет органдарын қолға алып, өзімізді өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді екен.

Саясатта да намысқой әрі жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегіне жол табатын ол пікірта­ласта қызуқанды, өз пікірін дәлел­деуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болған көрінеді. Мұ­ны Мұстафа Шоқайдың эписто­лярлық мұрасынан, ондағы әртүрлі ұлттардың 100-ге тарта түрлі саяси көзқарастағы өкілдерімен, саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен т.б. жазысқан үш жүздей хаттардан байқау қиын емес. Оның психоло­гияға жетік болғанын, қандай та­қырыпта болмасын сабырлылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсетіп отырғанын айқын аңғарасың.

 Мария Шоқай жарының ең үлкен кемшілігі ретінде сенгіштігін атап, осы тез иланғыштығының кесірінен үлкен қиындықтарға да ұшырағанын жазған. Мұстафа Шо­қайдың азғантай адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге ренжіп қа­латындығы, алайда қателіктерді кешіре салатындығы, тез ұмыта­тыны, кейін оны есіне де алмайтыны ерекше қасиеттер ретінде атап көрсетілген. Оның бойында саяси менмендік атымен жоқ, саяси интри­гандарды жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін өзі қор­лаумен бірдей еді дейді. 

Сондай-ақ саясат адамы ретінде Мұстафа Шоқай шен құмарлықтан аулақ болған, бірақ өзі қаламаса да алдыңғы қатарда болуға оны тағдыр мәжбүр еткен. «1917 жыл естелік­терінен үзінділер» деген еңбегінде өзі Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің төрағасы болып сайланғанда: «Өз басым Түркістан ұлттық қозғалысының құрылысына ең соңғы қарапайым қара жұмыс­шы-мердігер болып қатыссам да, өзім­ді асқан бақыттымын деп есеп­тер едім!» деп жазуы оның шынайы қа­ра­пайымдылық қасиетін танытады. 

Отанын жанындай жақсы көр­ген Мұстафа Шоқайдың оның келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретіндегі болмысы да өте сәтті шыққан. Өмірінің соңғы сәттерінде, 40-жылдарда, соғыс кезінде ол үнемі Түркістанның боль­шевиктерден құтылуын ар­ман­дап: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғыл­данар едім. Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алмасып, бірін-бірі терең танып және түсініп, жарасымды қатынас дәрежесіне көтерілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылмақ» деп жазды. Бұл сөздер бірінші, Мұстафа Шо­қайдың өз елінің болашағын, тәуелсіз болуын армандайтынын танытса, екіншіден, оның терең білімді, азаттығы үшін күрескен Түркістанның тарихын да жақсы білетінін көрсетеді. Мұндай мақ­сатқа жету үшін ол мемлекеттік мас­штабтағы қызмет қажет, соғыс­тан бас тарту, оны болдырмау керек, жер бетінде барлық адамға орын жетеді деп ойлаған.

Мұстафа Шоқайдың өзге Алаш жетекшілерінен өзіндік ерекшелік­тері де жоқ емес еді. Біріншіден, Түркістан атауы Ұлы дала, Түркістан өлкесі, Бұхара мен Хорезм хандық­тарын қосқандағы тұтас күйін қам­тыды. Сондықтан 800-ден астам ең­бектерінің 230-дайы тікелей Түр­кістан атауымен байланысты. Екін­шіден, Мұстафа Шоқай берісі Түркістанның, арысы бүкіл түркі халқының азаттығы үшін күресті. Үшіншіден, өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық сая­сатына қарсы ұйыстырудың нәти­жесінде ғана мүмкін деп түсінді. Осы таным Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін ерекше ма­ңызды, айрықша мәнге ие болады. Сондықтан да ол Ресейдің езгісін­дегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым татар­ларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүрген ке­зінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтардағы халықтардың ортақ отарлық езгіден құтылуын арман­дауы, сол үшін күресуі жайдан-жай емес болатын. 

1940 жылы Германияның Фран­цияны басып алуы, 1941 жылы мау­сым айында большевиктерге қарсы соғыс ашуы Шоқайлардың онсыз да жеңіл емес өмірлерін тіпті қиын­датып жіберді. Олар күн көру үшін қажет нәрселерінің бәрін са­туға мәж­бүр болады. «Яш Түркістан» 1939 жылы соғыс басталған соң жер-жердегі абонементтермен ара­дағы байланыстар үзіліп, шықпай қала­ды. Енді Мұстафа Шоқай күн­діз-түні радионың жанына болып, түрлі толқындардағы хабарларды тың­дап, керекті жерлерін жазып алы­п оты­рады. Осы жайлар есте­лік­те бы­лайша жазылды: «Ол хабар­лар­ды тыңдау үшін қолынан келгенін істеп бағатын, оның сол халін көз­бен көрмесе, сөзбен жеткізу қиын. Ұзақ толқындар мен қысқа тол­қын­дарды, кейде неміс, кейде түрік ра­­диосын ауыстырып қойып жата­тын». Осы­лай соғыс Мұстафа Шо­қай­дың бар жұмысын тоқтатып тастады. Бұрын­ғы тынымсыз тірлік, үнемі асығып жүру артта қалды. Енді қолы бос болғанымен хат та жазбайды, еш­кім­мен қатынасқа да түсе алмайды. 

Соғыс жағдайынан Франция­дағы эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түр­кияға кетіп жатты. Шоқайларға да кетуге мүмкіндік бар еді, Америкаға визалары болатын. Алайда ол «Ма­ған паналайтын орын берген мем­лекетті тастап кету, өз Отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп ой­лады. Жары да осы ұстанымда бол­ды. Бұл әділеттілікке сүйенген, заң­дылықты қастерлеген елге деген шынайы ықыласы болатын.

1940 жылы 13 мамыр күні не­містер Парижге басып кіреді. Гер­мания Францияны басып алған­нан кейін Мұстафа Шоқай тұтқын­далып, Кампиен түрмесіне жабы­лады, одан босатылған соң Гер­ма­нияға, Берлинге кетуге дайында­лады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу тура­лы ұсыныс жасалды, бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей, оларға ештеңе айта алмайтынын түсін­діреді. Сонымен, 1941 жылдың та­мыз-қараша айлары тұтқын лаге­ріндегі түркістандықтарды аралау­мен өтті. Қараша айының ішінде бір адам Мария Шоқайға жарының хатын әкеп береді. Онда тұтқындар арасындағы адам төзгісіз ауыр жағдайларын, жазықсыз жандардың мазаққа ұшырап, аз ғана қателіктері үшін бірден ату жазасына кесіліп жатқанын жазған болатын. Қайта­рында ауруға шалдығып, 27 желтоқ­санында Мұстафа Шоқай жұмбақ өліммен дүниеден озды.

Осындай қазағым айтқандай, сегіз қырлы, бір сырлы бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шо­қайға арналған тұңғыш әрі нақ­ты мәліметтерге толы естелік ша­ға­тай тілінен аударылып, тұңғыш рет қазақ тілінде 1999 жылғы Мұстафа Шо­қайдың таңдамалы шығарма­лары­ның екі томдық жинағына «Менің Мұстафам» деген атпен енді. 2000 жылы Стамбұлда «Тұран» мәдениет қоры естелікті екінші рет жеке кітап етіп бастыр­ды. 2007 жы­лы жарық көрген Мұстафа Шо­қай­дың таңда­малы шығармаларының үш томдық жинағына да енген болатын. 

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт Ата атындағы 

Қызылорда университетінің профессоры, 

саяси ғылымдар докторы