Тарихтың ақтаңдақ беттерінде аңызбен һәм ақиқатпен астасқан тарихи орындар аз емес. Есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін мұндай мекендердің шоғыры киелі Әулиеата жерінде көп орналасқан. Міне, сондай рухани байлығымыздың бірі – Жуалы ауданы Теріс ауылы маңынан табылған Баркуаб қалашығы.
Баркуаб, сенде бір сыр бар
1,250
оқылды

Жалпы, тарихи шаһар жайлы ел ішінде түрлі деректер айтылады. Біреулер Баркуаб қаласы Теріс ауы­лының орнында болған десе, осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген тарихшы Ескен­дірбек Төрбеков Баркуаб шаһары Тараз қаласының негізгі орталығы болғанын алға тартады. Тағы бір де­ректерде Баркуаб көне Тараз ша­һарынан 150-200 жыл бұрын пай­да болғаны айтылуда. Сонда жо­ба­мен Баркуаб қалашығы біздің за­манымызға дейінгі І-ІІ ғасыр­лар­да пайда болды деген болжам бар. 

Бұл шаһарда инфра­құ­рылым дамып, қолөнер, егіншілік пен сауда-саттық ерекше екпін алған. Ұлы Жібек жолы бойындағы қала болғандығы да шаһардың дамуына айрықша серпін берген. Ортаға­сырлық араб, қытай, парсы шежі­решілері мен саяхатшылардың жазбаларында Баркуаб үлкен әрі аса дамыған қала ретінде сипат­талады. Осы деректер шаһардың шын мәнінде ірі сауда-эконо­ми­калық, әкімшілік және саяси орталық болғанын растай түседі.

 Баркуаб қаласы орнында ке­зінде Ш.Уәлиханов атындағы Археология институтының ма­мандары Әлкей Марғұлан мен тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал Баркуаб қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.Бартольд анықтаса, 1940 жылы археолог Пацевичтің жетек­ші­лі­гімен Жамбыл археологиялық пунк­ті экспедиция жасаған. 1978 жылы болса, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экс­педициясы зерттеу жұмыстарын қолға алды. Бүгінде бұл қалашық­тан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, туристерді тар­та түсуде. Мұражайдағы тас дә­уірінің белгісі дән өңдегіш астау­лар, темір дәуіріндегі майшамның тұғыры, қыз-келіншектер таққан моншақтар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудыруда. Осы құнды жәдігерлерге жапон ғалым­дары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың кемінде 1448 жыл бұрын пайда болған деген байламға келіп отыр. 

Қалашықтың үлкен қарауыл мұнарасы орналасқан жерге 2017 жылы сол кездегі Жуалы ауданы­ның әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қолдауымен қазба жұмыстары басталып, төбесі қоршалған еді. Қазір қазба орындары алты бө­ліктен құралып тұр. Кейбір бө­ліктер екі қабаттан тұрғызылған. Осыған қарап ғалымдар Баркуаб қаласында көпқабатты үйлер бол­ған деген де болжам айтуда. 

2019 жылы Жуалы аудандық бюджетінен қазба жұмыстарына 10 миллион теңге бөлінсе, 2020 жылы – 6 миллион, 2021 жылы 5 миллион теңге көлемінде қаржы қаралған. Осы қаржы есебінен қазба жұ­мыстарына тарихшы Ескендірбек Төрбеков басшылық жасап, ке­йінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып отыр.

– Қазба жұмыстары кезінде 12 метрлік құдық табылды. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталды. Бұл осыдан 2 мың жылдан астам уақыт бұрын қала тұрғындары астық өсірумен айналысқанын айғақтайды. Одан бөлек, қазба барысында бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамның бас сүйегі табылды. Сондай-ақ бұл тарихи орыннан осыдан 1800 жыл (ХVІІІ ғасыр) бұрынғы көмір қалдықтары аршылып алынды. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл қалашықтың атауы «Битьян» болуы да мүмкін деген болжам бар. Бәлкім, Баркуаб маңайындағы Теріс, Нұрлыкент, Бақалы ауыл­да­ры тарихи қалашықтың аумағында орналасуы да мүмкін. Сондықтан Баркуаб қаласы туралы әлі зерт­тейтін дүние көп, – дейді тарихшы Е.Төрбеков.

Кейінгі үш жылда Баркуаб қа­лашығының орнына 3 мыңнан аса турист келіп, тарих қойнауына үңілген екен. Олардың қатарында Атырау, Ақтау, Түркістан облыс­тарынан бөлек, Ресей мемле­кеті­нен келген туристер де бар. 

Кезінде Жуалы ауданын бас­қарған, қазба жұмыстарына тіке­лей ұйытқы болған Бақтияр Көп­босыновтың айтуынша, олар Бар­куаб қаласының орнын ойламаған жерден тапқан екен. 

– Теріс ауылындағы орта мек­тепте шағын музей бар. Бір жолы сол мектепке барып 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыраның қойылғанын көрдім. Кейіннен ауыл тұрғындары аулаларындағы жерді қазғанда әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар тауып алып жатқа­нын айтқаннан кейін зерттеу жұ­мыстарына кірістік. Құнды жәді­герлердің табылған ізімен жүріп осы төбені анықтадық. Содан 2018 жылы тарихи қалашыққа қазба жұмыстарын жүргізудің маңызын дәлелдеп, қазынадан қаржы қарау мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Б.Көпбосынов. 

Ғалымдар Баркуаб қаласын­да табылған сенсациялық бұйым­ның бірі – Қаңлы мемлекеті тұ­сындағы құмыра деп отыр. Құ­мырада тіпті шебердің саусақ­тарының ізі де сақталып қалған. Дәл осындай құмыралар Арыс өзенінің маңынан табылған екен. Түркістан мен Шардарадағы қазба жұмыстары кезінде де осындай құмыралардың бірнеше үлгісі анықталған. Қаңлы құмырасын сол жәдігерлермен салыстыра отырып, ғалымдар Баркуаб қа­ласы біздің заманы­мызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген деген бай­ламға келіп отыр. Сон­дай-ақ зерт­теушілер Бар­куаб қа­ласы Қаңлы мемлекеті билеуші­лерінің жазғы резиден­циясы бол­ғанын айтуда. Қазба жұмыс­тарын жүргізген­дер Жуалы ауданы маңындағы үлкен қор­ған­ның ас­тында Бар­куаб қаласы жа­сы­ры­нып жат­қа­нына сенімді. Қазба жұмыста­ры­на осы қорған­ның ор­наласуы өзіндік кедергісін кел­тіріп жатқан көрінеді. 

 Археолог Александр Бернштам мен Василий Каллаурдың еңбек­теріне сүйенсек, Баркуаб қалашы­ғы ертеде «Иркут шаһары» деп те аталыпты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да «Теріс» деген мағына береді. 

 Қазба жұмыстарының басы-қасында болған өлкетанушы Дәу­летжан Байдалиев бізбен тілдескен кезінде адам таңғаларлық бірнеше жайтты баян етті. 

– Баркуаб қаласынан табылып жатқан жәдігерлер адамды таңғал­дыруда. Мәселен, таңбалы тас ата­латын жәдігерге ою-өрнектер қалай таңбаланғанын түсіну қиын. Бейне бір табиғи құбылыстар тасқа ою салып кеткендей. Дәл сондай, мұнда балық шаруашылығында пайдаланылған тастар да архео­логтардың қызығушылығын ту­дыруда. Сондай-ақ қазба орын­дарынан кетпен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар табылуда.

Ал ең таңғаларлығы, 30 метр тереңдіктен табылып жатқан мо­ла­лар болып тұр. Онда мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұны ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтып жатыр. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді.

Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышы төбе атанып кеткен жер бар. Ар­хеологтар осы жерден қазба жұ­мыстарын бастап, үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түсті. Және бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырлар та­былды. Бұл шын мәнінде таңғала­тын нәрсе. Сонда осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғы­зылып, онда кәріз жүйесі орна­тылғаны ғой.

Осы орайда, ғалымдардың ойын сан саққа жүгіртіп отырған тағы бір жайтты айтып өтсек. То­пырақтан аршылып алынып жат­қан жәдігерлердің ішінен үлкен пішінді жалғыз бас табылды. Де­несі жоқ басты зерттеушілер: «Ер­тедегі хандар өз жауларының ба­сын кесіп алып, шатырының ма­ңы­на іліп қойған. Бұл Томирис ша­уып алған Кир патшасының ба­сы секілді» деген болжам жа­сау­да, – дейді өлкетанушы.

Қалай дегенде де, ежелгі Бар­куаб қаласы әлі жан-жақты зерт­теуді қажет етеді. Алайда 2021 жылдан кейін қазба жұмыстары тоқтап қалғаны қынжылтады. Мұн­дай үлкен жобаға қомақты қаржы керек. Ал Жуалы ауданы әкім­дігі қазынадан ондай қаржы таба алмайтыны белгілі. Сон­дық­тан жергілікті билік өкілдері қазба жұмыстары қашан қайта жан­данатынын нақты айта алмауда. Бұл мәселеге облыс, қала берді, рес­публика көлемінде көңіл бөле­тін кез келген секілді. Себебі осын­дай бір ғана тарихи орынмен әлем елдері туристік кластерді қарқын­ды дамытып, мемлекетке қомақты қаржы түсіруде. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы