«Айтбай» мешіті – Сыр өңіріндегі ежелден келе жатқан тарихи әрі қастерлі орынның бірі. Бұл ғимарат тоғыз жолдың торабын түйістіріп, қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған көне шаһардың тарихымен тығыз байланысты.
Көк күмбезді үйдің құпиясы
948
оқылды

Дерекке сәйкес, бұл мешіт 1878 жылы Айтбай Шілдебайұлының ықпалымен салынған көрінеді. Қастерлі орынды салу үшін халық­тан 40 мың рубль жиналған деген де ақпар бар. Сол уақытта Алла үйін Әулиеата шеберлері – Ысқақ пен Камал тұрғызған екен. Еңселі ғимараттың биіктігі 14 метрді құ­райды. Нысан сәулет өнерінің әсем үлгісімен әрленіп, қыш кір­піштен қаланған. Алғашында ме­шіттің төбесі қаңылтырмен жабы­лып, іші сыланып, әктелген. Ұзақ жылдар бойына ел игілігіне қызмет еткен мешітке 1980 жылы «Қазақ жобалау – қалпына келтіру» инс­титуты тарапынан толық қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізіліпті.

Тағы бір мәліметке сәйкес, та­рихи нысан 1802 жылы салынды деген сөздер айтылады. Мешіт асар­лату әдісімен тұрғызылыпты.

Сол заманда мешітті тұрғызуға Жаппас руынан шыққан Айтбай деген кісі ықпал еткен көрінеді. Өз заманында Ресей патшасы Нико­лайға Айтбай елдің мәселесін қо­йып, шешіп қайтқан көрінеді. Ол уа­қытта Ресей патшасы кез келген адамды қабылдамайды екен. Хан, болыс адамдармен ғана дидар­ласқан. Тіпті, бай саудагерлердің өзі патшаға базынасын айтып, кіре алмайтын болса керек. Соған қа­рағанда Айтбай өз заманының білгірі, хан, болыс болуы мүмкін де­ген тұжырым айтылады. Бірақ әлі күнге дейін көпшілікке мешіт атауы берілген Айтбай деген кі­сінің өмірдерегі беймәлім күйде қалып тұр. Әйтеуір, бұл мешітті тұрғызуға сол уақытта адамдардың бірі байлығымен, екіншісі білек күшімен асарлатып қолғабыс жа­саған деген болжам бар. 

Ал мешітті соқтырған тұлғаның тікелей ұрпағы саналатын Сәуле Алпысбайқызы атасының өз за­манында шаруашылық жұмыс­тарымен айналысқан адам бол­ғанын алға тартады. 

«Айтбай атам сол заманда Қы­зылордадағы көптеген тарихи ны­сандарды салуға ұйытқы болғаны айтылады. Атап айтқанда, мешіт­тен бөлек, теміржол вокзалы ғи­маратын, қазіргі Н.Бекежанов дра­ма театрының орнында Пио­нерлер сарайын салғызуға ықпа­лын тигізген екен. Күнделікті ас­тындағы атымен осындай құрылыс нысандарын аралап, сапасын ба­қылап жүреді екен. Атамыздың қала орталығындағы «Қызылорда» қонақ үйінің орнында жеке үйі мен шайханасы да болған деседі. 2000 жылдар шамасында «Айтбай» ме­шітіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, үлкен ас берілді. Сол кездегі облыс әкімінің арнайы ша­қыруымен, тікелей ұрпағы ре­тінде осы жұмыстардың басы-қасында болдым. Алайда атам Айтбай Шіл­дебайұлы жайында әлі де нақты деректер аз. Мұрағаттарда оның өмір жолы жайында араб тілінде жазылған мағлұматтар бар көрі­неді. Бірақ мұрағат сөресінде шаң басқан күйі зерттелмей келеді», – дейді немересі Сәуле Айтбаева.

Жалпы, көк күмбезді үйдің бұ­дан өзге де ашылмаған құпиясы аз емес. Ертеректе тарихи нысанның ішіне арнайы құдық салынып, жер­асты жолы жүргізілген деген де­ректер жиі айтылады. Кезінде ғи­мараттың бір бөлмесінен са­лынған арнайы құдық әлі күнге дейін сақтаулы екен. Сол заманда құдық­тың айналасы арнайы кір­пішпен өріліпті. Бүгінде қайта жаң­ғырту жұмыстарынан кейін құдыққа қақ­пақ салынып, бетін кілеммен жа­уып тастаған. Қандай мақсатта са­лынғанын дөп басып ешкім айта ал­маған құпия құдық бүгінде көз­ден таса тұр. Ал жерасты жолы екі бағытқа, яғни бірі ескі әскери ко­митет ғимаратына апар­са, екіншісі дария жағасына бас­тайды деген ақпар жиі айтылады. Алайда күні бүгінге дейін құпия жол жөнінде де нақты мәлімет кездеспейді.

«Бұл мешіт қала тарихындағы ең ежелгі әрі құнды нысан са­на­лады. Мешіт ғимаратында арнайы құдық пен жерасты жолы бар деген қауесет жалған емес. Құдық әлі күнге дейін сақтаулы. Ал жер­асты жолынан жүріп көрген ешкім жоқ. Бірақ бір адам бойлайтын өткел мен жалғыз аяқ жолдың бар екені жиі айтылады. Бұл ескі ша­һар жау қоршауында қалғанда жерасты жолы бас сауғалайтын орын ре­тінде салынған деген де­рек айты­лады. Кейіннен жаң­ғыр­ту жұмыс­тары кезінде жер ас­тына түсетін өткел бекітіліп тас­талса керек. Бірақ әлі күнге дейін құ­пия жолдың ақиқаты нақты айтыл­майды. Өйткені бұл орын ғылыми тұрғыда мүлде зерттелген емес», – деп түсіндірді бұл жа­йын­да тарихшы Бақытжан Ахметбек.

Кейбір дін өкілдері бұл құ­дықта бір кездері су толып тұ­ратынын айтады. Жерасты суы мөлдір де тұщы болған көрінеді. Оны ауызсу ретінде пайдала­­ныпты. Сондай-ақ ертеде адамдар құдықтағы су мөлшеріне қарап, дария деңгейінің қандай екенін де бағамдап отырған екен. Бірақ ке­йіннен құдыққа келетін су жол­дары бекітіліп, көп жылдан бері пайдаланусыз тұр. 

Тарихшылар жерасты жолы­ның сол заманда саяси астары зор болған деген де пікірде. Ел басына күн туған шақта адамдар құпия жолмен бас сауғалаған деген ақ­парды алға тартады.

«Тарихта Қоқан қашқан деген дерек бар. Бұл осы «Айтбай» меші­тінен басталатын жерасты жолына байланысты болса керек. Сол за­манда Ресей басқыншыларынан қорғанып, Қоқан хандығы тұсын­да бас сауғалағандар осы жолмен сол аралықтан 300-400 метрдей қашықтықта орналасқан ескі әскери бөлімшеге қашқан деген ақпар бар. Алайда бұл жорамал ғана. Әлі күнге дейін бұл тарихи орын зерттелген жоқ. Негізі, ел тарихы үшін маңызы зор мұндай құпия орындар Сыр өңірінде аз емес. Бәрі де зерттеу жұмыстарын жүргізуге сұранып тұр. «Айтбай» мешітіндегі құпия орындар соның бірі саналады», – деп ойын то­лықтырды тарихшы.

Тарихи дерекке жүгінсек, Орта Азия хандықтарының ішінде Хиуа, Қоқан хандықтары ертеде Сыр өзенінің орта ағысындағы жер­лерге билігін жүргізгені айтылады. Негізінен, Қоқан хандығының құ­рылуы XVIII ғасырдың басында Ферғана аңғарында басталған. Ал хандық дәуірі XIX ғасырда Әлім хан мен Омар хан тұсында аяқталса керек. 

Бір кездері Ақмешіт бекінісі керуен жолындағы үлкен қамал болыпты. Қоқандықтар сол тұста ақмешіттік керуендерден салық алып, зекет жинайтын бекініске айналғаны тарих парақтарынан айтылады. Соған байланысты тарихшылар айтқан Қоқан қашқан ұғымының астарында бір ақиқат жатуы бек мүмкін. 

Ал дін тұрғысынан келгенде құдық пен құпия жол жайында нақты дәлел жоқ. Дін өкілдері оның қандай мақсатта салынғанын дөп басып айта алмауда. «Негі­зі­нен, «Айт­бай» мешітінің тарихы 1878 жылдан бастау алады. Сол кезде салынған құдық мешіттің бір бөл­месінде әлі күнге дейін сақ­та­лып тұр. Бүгінде құдыққа темір қақ­пақ салынып, бетіне кілем тө­селді. Бұл бөлмеде мұсылман ба­уыр­лар намаз оқып, бес парызы­ның бірін өтейді. Бірақ құдық­тың салыну мақсаты бізге беймәлім. Бүгінде Ислам ді­ніне бет бұрып, бес уақыт нама­зын оқып жүрген жандардың қатары күн санап артып келе жатқаны қуан­тады. Әсіресе, жаман әдеттер­ден бойын аулақ салған жас ұр­пақ­тың діни сауатының артуы елді­гіміздің ір­гесі беки түскенін аң­ғартады», – дейді «Айтбай» меші­тінің найб имамы Асқар Жұбанов.

Осылайша, мешіт аумағындағы жерасты жолы мен құдықтың ақи­қаты әлі күнге дейін беймәлім күй­де қалып тұр. Сыр бойындағы сы­рын ішіне бүккен тарихи орын­ды зерттеу жұмыстары қолға алын­са, өткен тарихымыздан сыр шер­тетін көптеген құнды мағлұ­маттар ақтарылар еді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы