Қай кезде де әлеуметтік теңдік пен адам құқығы мәселесі көкейкестілігін жойған емес. Адам құқығын ардақтайтын елдер де алдымен осы мәселені реттейді.
Ерекше жастар өмірден өз орнын таба ала ма?
2,443
оқылды

 Ал "өз елімізде осы тұрғыда қолға алынып жатқан нақты қандай іс-шаралар бар және осы істің басы-қасында кімдер жүр?" деген сұрақ туындайтыны сөзсіз.

 Сондықтан Қазақстанмен серіктестігіне 30 жыл толып отырған «Шеврон» компаниясының қолдауымен ашылған IteachMe қорының жетекшісі Захира Бегалиевамен сұхбаттасуды жөн көрдік. Мүмкін бұл сұхбатымыз басқа адамдардың де тағдырын өзгертуге септігін тигізіп қалар.

 Захира Оңғарбайқызы, ерекше күтімді қажет ететін жандардың бүгінгі өмір ауаны туралы ТВ сюжеттері мен БАҚ беттерінен ақпараттарды аңғарып жүрміз. Дегенмен қоғамдағы осы мәселеге сіздің көзіңізбен қарағанда, қандай баға берер едіңіз?

Бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар 700 мыңнан астам адам бар. Бірақ бұрын көбі көзге түсе бермейтін. Себебі үйінен шыға алмайды, кемістігінен қаймығып, қоғамнан жасырынып өмір сүріп келді. Ал қазір тек қоғамдық ұйымдар емес, мемлекеттік ұйымдар да да мүгедектігі бар жандар қуыстанбай өмір сүруі үшін қолдан келгенін  жасап жатыр. Сондықтан қазір қайда барсаңыз да, арбаға мінген, балдаққа сүйенген жандарды жиі көресіз.  

Осы арада БАҚ беттерінде, телеарна сюжеттерінде мүгедектігі бар жандарға аяушылықпен қарау басым екенін айтқым келеді. Мысалы, көп жағдайда мүгедек жандардың еміне ақша, көмек сұралып жатқаны көрсетіледі. Керісінше, мұндай жандардың барлық жағынан өз қабілетін танытып, қоғамға белсене араласып жатқаны аз насихатталады. Мысалы, БАҚ-та паралимпиадаға қатысқандарды, өте жоғары деңгейге шыққандарды көрсетеді, ал қарапайым қажеттілігі бар адамдар туралы өте аз баяндалады.

 Мүгедек жандарға қатысты қордаланған мәселелерді реттеуге, қоғамдық сананы өзгертуге өзіңіз жетекшілік ететін ITeachMe қоры қаншалықты ықпал етіп отыр?

 Өзімнің де мүгедектігім бар. Жас кезімде «қалай жұмыс істеймін, қайда барамын, кім мені жұмысқа алады?» деп көп ойланатынмын. Ол кезде көзқарас әрқилы болды. Сол уақытта өмірге толыққанды араласу жолдарын сілтейтін адам болса екен, сондай бір ұйым құрылса екен дейтінмін. Бір-бірімізді үйретіп, үлгі болып жүрсек деген ой болды. Алайда денсаулығында кінәраты бар адам біраз салада жұмыс істей алмайды. Сондықтан осындай жандарды қоғамға бейімдеп, кәсіби маман болып қалыптасуына көмектесу жолдарын қарастырдым.

Осы ниетпен 2020 жылы IteachMe қорын аштық. Біздің көздеген мақсатымыз – тең мүмкіндік тудырып, заманауи мамандықтарға үйрету, өз қабілетін ашып, өмірден орнын табуына септесу.

Қазір  қорымыздағы жастарды Digital саласындағы кәсіптерге үйретеміз. Бұған интернет, ақпараттық технологиялардың дамуы тең мүмкіндік тудырып отыр. Мысалы, монитордың арғы бетінде отырған жұмыс берушіге сенің аяғың ауыра ма, жоқ па, әлде қолдарың епті ме, жоқ па, ол маңызды емес. Сондықтан түлектерімізге мамандық иесі болып шығуы үшін бірінші кезекте кәсіби шыңдалуға мүмкіндік береміз, сол дағдыларыңызды нарыққа сатыңыз дейміз. «Ел сізге мүсіркеп қарамасын, кәсіби маман ретінде құрметтесін» деп құлшындырамыз.

Қордың азғана уақытта талай адамға қанат бітіріп, шыңдалуға мүмкіндік беріп отырғаны қуантады. Мұндай үлкен, сауапты істі жүзеге асыру оңай емес. Ойға алған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткендер болды ма?

Әрбір идея қолдаусыз іске асуы өте қиын. Сондықтан ең бірінші қадамымыздан бастап «Шеврон» компаниясымен бірге жұмыс істеп келеміз . Біз бірінші оларға өз тұжырымдамамызды жіберіп көрдік. Оларға қатты ұнады. Оған қоса, 2020 жылдан бері нарықта Digital саладағы мамандықтарға деген сұраныс артты. Көп адамға бұл жақсы мүмкіндік беретініне көзіміз жетті. Сонымен, «Шеврон» компаниясымен осы бағдарламаны бастап кеттік. Алғашқы жылы 16 адамды ғана оқыта алдық. Жыл өткен сайын олардың  қатары көбейіп, биыл  112 адамға мамандық үйреттік. Олар жұмысының екінші аптасында-ақ табыс таба бастады.

Мұндай демеу, қолдау аса маңызды. Неге десеңіз, адами капитал екі есе жоғары нәтиже береді. Бір жағынан жұмыс берушілер өзіне білікті қызметкер табады, мысалы интернетте фриланс-қызметте жүргендер көп. Қазір барлық сауданың кез келген түрі интернетсіз жасалмайды. Әлеуметтк желілерде де белсенді болуың керек. Ал осыған қажетті жақсы мамандар аз. Сондықтан біз осындай маман иелерін дайындап, нарыққа қосылуына жағдай жасаймыз.

«Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан басқа да игі істерге өз бағаңызды берсеңіз.

Мүгедектігі бар адамдарды, әсіресе жастарды IT саласындағы мамандықтарға үйретіп жатырмыз. Басқа салалардағы кәсіпкерлер де бизнесін дөңгелету үшін көп бас қатырады. Мысалы, COVID-тен кейін көп салаға жүк түсті. Талай кәсіпкер өз бизнесінен айырылды, қайтадан нарыққа ілесе алмай қалды. Мұндай кәсіпкерлерді біз EcoBusinessLab деген жобамызда оқытып жатырмыз. Олардың жаңа идеяларына, яғни бұрынғы бизнесіне қан жүгіртеміз. Бұл жобада оларға біз пайда табуды ғана үйретпейміз, сонымен қатар экологияға зиян келтірмеудің амалдарын қарастырамыз. Сонымен қатар әмбебап дизайнмен айналысамыз, бұл барлық адамға ыңғайлы дизайн деген сөз. Осындай жобалар арқылы кәсіп иелерінің рейтингі жоғары болуына көмектесіп, идеясын іске асыруы үшін грант беріп отырмыз.

 Ерекше күтімді қажет ететін отандастарымыз барлық салада бәсекелесе алатындай жағдайға жете алды ма? Олардың бағы қандай мамандықтардан жанады?  

Мүгедектігі бар адамдарға интернет курстардан тез өтіп, қалыптасуына көбірек мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілер, видеомонтаж, графикалық дизайн, мобильді қосымшалар мен анимациялық роликтер жасау сияқты машықтың бәрі біздің курстарда үйретіледі. Бұл курстардың бәрін біз аспаннан алып жатқанымыз жоқ, сол кәсіпте жетістікке жеткен іскерлермен ақылдасып, қандай мамандарды жұмысқа алатынын біліп, зерттеу жүргіземіз. Оларға «қандай оқу орындарын бітіріп келсе жұмысқа аласыз?» деп шегелеп сұрап аламыз. Осы мақсатта жұмыс беруші қажеттіліктерінің картасын жасадық. Курстарымыз осындай терең талдаулардан құралып отыр.

Бірақ бұл курстар бір орнында тоқырап тұрмайды. Мысалы, биыл Figma бағдарламасымен жұмыс өзекті болса, келесі жылы Canva-да істеуді үйретеміз деген сияқты үнемі уақыт сұранысына бейімделіп отырмақпыз. Былтыр ғана Instagram трендте болса, биыл TikTok сұраныста. Сол сияқты Reels-та да белсенділік бар.

Шындығында, курстан өткен жастарға нарықта сұраныс бар ма?

Бұрын IteachMe жобасын бастағанымызда сұраныс аз болатын. Жұмыс берушілердің күдігіне тап болдық. «Мүгедектігі бар адам ауырып қалса, жұмыс жүрмей қалмай ма?», «жұмысқа шықпай қалмай ма?», «қосымша ақша беруім керек бола ма?» деп алаңдайтын. Қазір біз «Шеврон» компаниясымен қосылып, мүгедектігі бар адамды жұмыс берушіге басқа қырынан көрсетіп отырмыз. Енді олардың санасында бұл «ең шыдамды жұмысшы», «ең сенімді жұмысшылар» деген түсінік қалыптаса бастады. Бүгінде жұмыс берушілер өздері маман іздеп келетін болды. Осы мақсатта арнайы бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Олар осындай шараларымызға келіп, мықты деген мамандарды өз компаниясына шақырады. Осылайша, кәсіп иелері пайда тауып қана қоймай, қоғамға жақсылық әкеледі.

Қоғамға бейімделген қор түлектері – нақты адам тағдыры мен мансап жолы туралы, ал ең маңыздысы ешкімге алақан жайғызбайтын лайықты табысы бар азамат жайлы баяндап бере аласыз ба?

Әлбетте, Ұлпан есімді Шелекте тұратын 25 жастағы қыз туралы айта аламын. Өзі үйінен, анасының қасынан шықпай, елге көрінуден қорқатын. Біздің курсты оқып шыққан соң бір жыл бойында SMM маманы болып жұмыс істеді, ал қазір бізде менеджер болып жұмыс істейді. Түрлі тұсаукесер, промо-материалдар әзірлейді. Ұлпан өмірге толық бейімделіп кетті деп айта аламын. Қызылордалық тағы бір жігіт туралы айтсам болады. Ол да үйінен қарыс қадам шықпаған, жұртпен араласудан қаймығады  екен. Кейін біздің soft skills-тен өткен соң автобусқа мінгенді жақсы көретін болдым дейді. Қазір қоғамдық көлікке мінгенде ешкімнен ұялмаймын, қорықпаймын, неге десеңіз, менің де тең мүмкіндігім бар деп өзі айтады. Мұнда жастар тек мамандық игеріп, машығын шыңдап қана қоймайды. Бір-бірін тауып, отбасын құрып жатқандар да бар.

Өмірге бейімделу мектебінен өткен студенттеріңіз қай мамандықтарға әуес? Осындай бір көрсеткіш, яғни зерттеулер бар ма?

SMM копирайтинг, графикалық дизайн, мобилография, motion-дизайн мен UX/UI-дизайн мамандықтарына сұраныс бар. Осы бес мамандықты қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ ым-ишара тілінде оқытамыз. Мәселен, қазір Digital салада қазақ тіліндегі контент өте аз. Сондықтан курсымызға деген сұраныс өте жоғары. Тіпті, бізде оқығысы келген мүгедектігі жоқ адамдардың саны 6 мыңнан асып жығылады.

Әлбетте, мұның барлығы да мүгедек жандарға дем берері сөзсіз. Дегенмен осындай курстардан өтемін дегендерге қойылатын нақты талаптар бар ма?

 Біз тек мүгедектігі барларды ғана емес, ниет білдіргендердің бәрін курсқа қабылдап жүрміз. Бірінші кезекте бұлар – жастар, бизнеспен айналысатындар, жұмыс берушілер, «Шеврон» сияқты корпоративтік жауапты компаниялар және БАҚ-қа өткіземіз. БАҚ-ты да қосқан себебіміз, журналистер бұл мәселені халыққа қалай жеткізсе, қоғам солай қабылдайды.

Амандық болса, сәуір айында IteachMe 7.0 басталады. Былтыр 6 мың болса, биыл одан да көп болады деген болжам бар. Былтырғы желтоқсан айында курсымызға 112 адам қатысып, оның 82-сі, яғни 90 пайызы жұмысқа орналасты.

 Бастапқыда IT деген сөзді білетіннің бәрін ала беріппіз. Себебі сұраныс қандай екенін білмедік. Ал кейінірек оқыта келе 3 кезеңі бар іріктеу ұйымдастыратын болдық. Біріншіден, ниет білдіргендер өтінім жібереді. Сосын базалық компьютерлік машығы бойынша тестілеуден өтеді. Одан кейін эссе-сұхбатқа өтеміз. 2022 жылы 180 адамды қабылдасақ, олардың 112-сі финалға өтіп, өз портфолиосын жасап, жұмыс берушілердің алдында курстық жұмысын қорғап шықты. Енді біз оларды жұмысқа орналастырамыз. Ал оған ілінбегендер келесі іріктеуге қатыса алады. Ол үшін ниет білдірушілер бүкіл Қазақстаннан IteachMe сайтында өтінім қалдыра алады. Телефон арқылы хабарласуға мүмкіндік бар. Ауыл мен қаланың цифрлық теңсіздігін ескере келе, ауылдық жастарға көбірек мүмкіндік бергіміз келеді.

 

Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!