Атап айтқанда, ТМД елдері арасындағы жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу және жолын кесу жөніндегі келісім және Кеден одағының аумағындағы еркін экономикалық аймақтар жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштердің ұлттық және шетелдік иелерінің құқықтарын тиімді қорғау мен сақтауды қамтамасыз етудің маңызы зор екенін айтады. ТМД елдері 2021 жылдың мамырында қол қойған тиісті келісім осыған бағытталған.
«Келісімді қабылдау – дер кезінде қолға алынған әрі қажетті шара. Өйткені ол мемлекеттерге жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ТМД елдерінің кедендік шекаралары арқылы жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өткізу мәселелерінде тығыз ынтымақтастық жасауға мүмкіндік беретін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.
Ал палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Динара Шүкіжанованың айтуынша, ратификацияланған хаттаманың негізгі мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде заңнаманы үйлестіру, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру бөлігінде өткен жылы қабылданған түзетулерді ескере отырып, құқықтық және редакциялық өзгерістер енгізу.
«Республиканың көптеген аумағы шынымен де санитарлық-эпидемиологиялық қызмет инвесторларын тартып, жаңа өндіріс орындарын іске қосса да, барлық нысан тиісті қарқын алған жоқ. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін заңнамалық реттеудегі олқылықтар бірқатар қиындыққа әкеліп соқты. Соның салдарынан әлеуетті инвесторлар үнемі дайын бола бермейді», – деді Д.Шүкіжанова.
Бұдан бөлек, бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстандағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын және кейбір заңнамалық актілерге, соның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Жиында депутаттар жер, ішкі көші-қон, шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы, моноқалалар туралы, самокаттар қозғалысын реттеу мәселелерін көтеріп, Үкімет басшысы мен оның орынбасарларына және Бас прокурорға депутаттық сауал жолдады.
Мәселен, белгілі заңгер Базарбек Бақытжан банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді мемлекетке қайтару керегін жеткізді. Қазір Бас прокуратураның ақпараты бойынша екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 миллион гектар болатын 3,9 мың ауылшаруашылық мақсатындағы жер тұр екен. Оны қаржы ұйымдары не өздері пайдаланбайды, не мемлекеттік меншікке қайтаруға асығып отырған жоқ.
«Заңды белден басқан жемқор әкімдердің кесірінен пайларынан, яғни шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып ақиқат іздеп, пайларын қайтару жолында соттасып әлек болып жүр. Соттар болса үлескерлердің жерін банкке кепілге кою туралы келісімшарттарды бұзу жөніндегі талап арыздарын көп ретте қараусыз қалдырады не болмаса талапты қарау мерзімі ескіріп кеткенін алға тартып қанағаттандырмай тастайды. Ендеше нақты жер реформасынан бастап екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігіндегі жерлерге ие болуымыз керек. Бұл да халықтың жері екенін ұмытпауымыз қажет», – дейді ол.
«AMANAT» партиясы депутаты бұл мақсатта Үкімет пен Бас прокуратура бірлесе отырып, 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап – шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керегін және үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңи мүмкіндігін қарастыру керегін ұсынады. Сондай-ақ коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 миллион гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94-бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет. Азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізілуі тиіс.
Ал «AMANAT» партиясы фракциясының келесі мүшелері Ұ.Тұмашинов пен Е. Саиров Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жүйелі шешу туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл ретте олар халықты шекара маңына тұрақтандыру және ынталандыру мақсатында еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалардың жалақыларына аудандық 1,5 үлестік қосымша коэффициент қосуды ұсынады. Сондай-ақ олардың еңбек өтілінің 1 жылын 1,5 жыл етіп есептелуін қарастыру қажет. Тек осындай шаралардың арқасында жетіспей тұрған дәрігер, ұстаз, мал дәрігерлері, агроном тағы да басқа жас мамандарды сол аймақтарда тұрақтануына ықыласын арттыруға болады. Одан да өзге атқарылар шаруа жетерлік.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуға тікелей тапсырма берген болатын. Бұл көпір, Ертіс өзенінің арғы жағында орналасқан бес шекаралық аудан: Күршім, Қатон Қарағай, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай халқының өмір бойғы арманы. Көпір құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бірақ биылғы жылға бөлінген қаржының көлемі 4 млрд теңгені құрайды. Ол дегеніміз – қажетті қаржының оннан бірі ғана. Халыққа аса қажетті күрделі құрылыс нысанын Үкімет бұлайша қаржыландыратын болса, Президенттің тапсырмасы ондаған жылға созылып кетеді. Ал ол кезде айтылған шекаралық бес ауданда тұратын халықтың қалмауы да мүмкін», – дейді халық қалаулылары.
Аманаттықтар көтерген келесі бір проблема Теріскейге көш жайы. Депутат Д.Мұқаев: «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7 923 адам қоныс аударған. Олардың 1 320-і қандас және 6 603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8 652 адамға квота бөлінген. 2021-2025 жылдарға арналған бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де, оң нәтижесін бермей отыр. Себебі көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай», – дейді ол.
Осы ретте солтүстікке көшуге ынталы азамат көп екенін, былтыр Dauletten қайырымдылық қоры арқылы 36 адамнан тұратын 5 отбасы қоныс аударғанын атап өткен депутат жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Одан бөлек, қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру қажет. Бұл демографияға серпін бермек. Сондай-ақ қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек.
Жалпы отырыста «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері С. Мұсабаев, Е. Жаңбыршин Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» радиоактивтік қалдықтар қоймасын рекультивациялау жұмыстары туралы депутаттық сауал жолдады. Мұндағы жұмыстар басталмай жатып екі рет тоқтап қалған, бөлінген миллиардтаған қаражат бір емес, екі рет игерілмеген, Президенттің Үкіметке берген тапсырмасы осылайша орындалмай қалып отыр. Парламент мінберінен бірнеше рет көтеріліп қол жеткізілген Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының 2022 жылғы 23 желтоқсанындағы хаттамасы да орындалмаған.
Сонымен бірге жиында тозығы жеткен және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі де сөз болды. Бұл проблема еліміздің барлық аймағында өте маңызды болып тұр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес республика бойынша жалпы тұрғын үй қоры 54 731 көппәтерлі үйді құрайды, оның ішінде 752 үй апатты, 3 024 үй тозығы жеткен деп танылған. Мәселен, Атырау облысында 119, Астана қаласында 206-ға жуық апатты үй бар.
«АМАNАТ» партиясы бұл мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. 2021 жылы өңірлерде тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы бекітілді. Қазір бұл бағыт «Халықпен бірге!» атты партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады, оған сәйкес
30 мыңға жуық тозығы жеткен және апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің иелері жаңа пәтерлерге көшуге мүмкіндік алуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдайды өзгертуге қолдан келгенше ықпал етуде. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, аталған мәселені түбегейлі шешу үшін тек жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз, сондықтан қаражатты республикалық бюджеттен де қарастыру керек. Отбасы банкі арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды ұйымдастыру қажет», – дейді фракция мүшелері.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары сауал жолдап қана қоймай, қарауына екі заң қабылдады. Олар – «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар
және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы және «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар
және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы.