Ұлттық поэтика, әдебиет тарихы мен теориясы, стилистика, текстология, жалпы сөз өнері, қоғамдық ой-сана, Алаш әдебиеті жайындағы тарихи-ғылыми қағидаттар мен құндылықтарды, негізгі ғылыми ұғымдар мен терминдер жүйесін, ғылыми тіл ерекшеліктерін, көркемдік дүниетанымға орай сөз қолдану тәсілдерін терең пайымдап, зерделеген білгір еді.
Дарабоз білімпаздың адамшылық, ізгілік, кісілік, ұстаздық, имандылық қасиеттері, мейірбан келбеті, мәселенің мәнісін жүйелі, жинақы, бейнелі баяндап, аудиторияны намазға ұйытқандай еліттіруі, шабыттандыруы, әділдігі мен әдебі, қағілезділігі мен қырағылығы, сыпайылығы, сырбаздығы қандай еді! «Академик» деп қол қою Әуезов пен Сәтбаевқа лайық, кейде өз-өзімнен ұяламын деуші еді. «Анам Ханша әнші еді, ел адамдары Абайды жақсы білетін еді, әнші-күйші, қиссашы, өлеңшілердің ортасы еді, әкем халық дастандарын тақпақтап, мәнерлеп оқып отыратын-ды» деп сыр ашатын. «Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогика институтында ұстаз болып жүргенімде Мәлік Ғабдуллин Академияға жарты айлық көлемінде қызметке алған еді. Сол бір жылдарда Әуезов Абай шығармаларының түп-төркінін сақтауға, жаңа ғылыми толық академиялық басылымын әзірлеуге басшылық жасады, бар қайрат-жігерін, білімін сарқа жұмсады. Осы бір берекелі істің нәтижесінде Абай, Әуезов мұрасына ден қойғаным ақиқат. ҚазМУ-дегі дипломдық жұмысымның тақырыбы – «Абайдың эстетикалық көзқарасы» еді. Ғылыми жетекшім профессор Бейсембай Кенжебаев та, ресми сарапшы Мұхтар Әуезов болған-ды. Демек, осы ұстаздарымның көшбасшылығы арқасында КСРО Ғылым академиясының Шығыстану институтына аспирантураға қабылданғанда Абайдың шығармашылық өмірбаяны бойынша зерттеу жүргізетін ниетте бекінгенім рас», – деп Зәки аға ғылым жолына қалай түскенін аңдатушы еді.
«Іс үстінде өзім жүйрік, шаршы топта сөзім жүйрік» дегендей, академик Зәки Ахметовтің ғылыми-шығармашылық еңбегінің, ересен білімінің, жиған-терген тәжірибесінің, сөйлеу шеберлігінің, даналық өнегесінің, шиыршық атып ой толғауының тегеурін-қуатын 1970 жылы ҚазМУ-де ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың докторлық диссертациясына ресми оппонент ретінде сөйлегенде барынша таңырқап тыңдадым. Сонда билерше толғанып-буырқанып шабыттанды. Докторлық зерттеуді ғылыми-методологиялық көзқарас тұрғысынан талдап түсіндірді. Сөйтіп, зерделі ой-тұжырымдары киелі қауымды ерекше тәнті етті.
Ойы да, жүзі де жарқын зиялыны көру, тыңдау бір қызықты көрініс қой. Сонан соң 1973 жылы Әди Шәріповтің докторлық диссертациясының авторефератын табыстадым. 1975 жылы Академияның корреспондент-мүшесі атанып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары әрі Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы қызметін атқарды. Институттың ғылыми әлеуетін өркендетуге, ақыл-кеңес беруге, қолжазбалардың, диссертациялық жұмыстардың сапасын арттыруға, Әуезовтің дәстүрін жалғастыруға, ғылыми ойлаудың шарттарын мұқият сақтауға елеулі үлес қосты. Табиғатына жарқылдап-саңқылдап жүру тән екен. Тағылым-тәжірибесімен, жазу өнерімен бөлісті. Ойды шебер, кестелі жеткізуге, шығарманың мазмұнын, сыр-сипатын тайға таңба басқандай айна-қатесіз танытатын айқын тақырып таңдауға үйретті.
1976 жыл болатын. Өлеңтанушы менің «Қазақ өлеңінің әуезділік ерекшеліктері» дейтін диссертациямның қолжазбасын қопара оқып, ақтарып, жан-тәнімен құлағыңа құятын. Өстіп отырғанда, «Сен осы Әди Шәріповтің авторефератын әкелгенде, диссертацияңның алғашқы тарауларын неге көрсетпегенсің?» деді. 2 жыл бұрынғы ЖОО-ның азан-қазан ғимарат ішінде көргенін ұмытпапты. Бір сәтте академик Мұхамеджан Қаратаев есік ашып кіріп келгенде, «Мұқа, ендігі жолы келерсіз, жұмыс талқылап отырмыз» деді. Міне, Зәкеңнің ғылыми қолжазбаға деген ықыласты көзқарасы.
Институттың ғылыми кеңесінде талай-талай диссертанттың сілікпесін шығаратын-ды, шынайы ғылым жасау мақсатында арадай талайтын-ды. Жалпақшешейлік, мәймөңкелеу жоқ-ты. Мысалы, Тұрсынхан Әбдірахманованың, Бейсенғали Наурызбаевтың, Едіге Тұрсыновтың, Мұхамедрахым Жармұхамедовтің, Ақтай Тұрбековтің, Тұрлыбек Сыдықовтың диссертациялары. Сондай-ақ менің докторлық еңбегім. Зәки ағаның байсалды, салиқалы кеңестері өзгеше еді. Түйіндеп, тұжырымдап, жинақтап айтатын-ды. Абайдың 150 жылдығына орай бір топ ғалым өз алдына жеке-жеке еңбектерін жыпырлатып ұсынғанда, солардың барлығын тастүйін қып бір мақсатқа біріктіріп, мемсыйлыққа ұсындырған-ды. Немесе Немат Келімбетовтың ежелгі дәуір бойынша жазған оқулығының бөлімдеріне жаңаша ат қойып, ғылыми диссертацияға айналдырған-ды.
Әр ғалым өзінің жұмысын ұршықша иіріп, иін қандырып, терең толғағанды ұнататын. Шығыстанушы С.Маловтың ММУ-де түркітанудан лекция оқитынын сүйсініп айтатын еді. ММУ-де де ондай мамандар бар, бірақ та С.Малов майталман ғой дейтін.
Зәки аға кісі көңілін қалдырмайды, «адам баласын көркейсін, көсегесі көгерсін» деп тілейді. 1997 жылдың қыркүйегінде менің жетекшілігіммен Ербол Тілешов «Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы романтизм» деген тақырыпта КазГУ-де кандидаттық диссертация қорғамақшы еді. Зәкеңе «Бірінші оппонент болыңызшы» деп қолқа салдым. Келісті. Дәл сол күндерде Өскемен жақта Зәкеңнің нағашысы көз жұмады, диссертацияны сол жақта жүріп оқып, пікірін жазады. Не деген қамқорлық! Не деген ірілік!
Бұл орайда академик Зәки Ахметовтың тағдыр анықтағыштық ұстанымын өз сөзімен өрнектейік: «Өмірде адамның бір тірегі болу керек қой. Менің тірегім – ғылым, әдебиеттану, зерттеу, насихаттау (оқыту)».
Академик З.Ахметовке замана ғұламалары академик В.Жирмунский (1891-1971) 5 рет, академик М.Алексеев (1896-1981) 3 рет хат жазып, оның өлеңтануға әкелген айтулы жаңалықтарын атаған. Ал өзінің ұстазы, орхон жазба ескерткіштерінің білгірі С.Малов (1880-1957) 1949 жылдың 25 желтоқсанында жазған хатында «менің 70 жылдық мерейтойымды атамаңдар, өйткені ретсіз мадақтау, қолпаштау менің жүрегімді тынышсыздандырады» депті.
Ұстазының осы бір жүрекжарды лебізі шәкіртінің де бар болмысын жаулап алған сияқты. Өзім араласқан 30 жылдай уақыт ішінде Зәки ағаның харакетінен, сөзінен қылаудай мін көрмеппін.
Оның «Абай және Лермонтов» дейтін кандидаттық диссертация-сының ғылыми жетекшісі, көне түркі жазбаларының асқан білгірі, мәтінтанушы, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі С.Малов, орыс әдебиеттану ғылымы бойынша кеңесші Еуропа, Шығыс әдебиетінің майталманы, «Едіге», «Қарасай – Қази» жырлары хақында зерттеулер туындатқан В.Жирмунский, Ислам тарихынан лекция оқыған академик И.Крачковский жас ғалымның ғылыми-шығармашылық әлеуетінің кемелденуіне әсер етті. Өзі де орыс, Еуропа, Шығыс халықтарының әдебиетінен мол сусындады.
Орыс тілінде Пушкин, Лермонтов, Некрасов поэзиясының мән-мазмұнын, рухын, астарын жыға танып, жатқа төгілдіретін сахараның жас наушасы Зәки Ахметов 19 жасында жасындай жарқылдап, яғни 1947 жылдың қыркүйегінен бастап 1949 жылдың мамырына дейін Ленинград Мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетінде дәріс оқығаны қандай ғанибет десеңізші! Жас болса да қазақ баласының шалқар білімін білімпаздардың ордасы, ойшылдардың ортасы кәдеге жаратты. Бұл дегеніңіз – тектіліктің, тереңдіктің, зиялылықтың, пассионарлық құлшыныстың нақты көрінісі ғой.
Академик Зәки Ахметов ұлттық өлеңтану ғылымында айрықша кесек ғылыми ой-тұжырымдар өрбіткен зерттеуші, оның «Казахское стихосложение» (1964), «Өлең сөздің теориясы» (1973), «Қазақ өлеңі теориясының негіздері» (2002), «Поэзия шыңы – даналық» (2002) атты зерттеулері айғақ. Өлеңтанушы З.Ахметовтің көрсетуінше, поэзия тілі мен көркем формалар табиғатын ұғып-түсіну үшін өлең құрылысының ішкі құпиясын тексеріп-талдау, тану аса мәнді. Расында, өлең – аса күрделі, сан қырлы құбылыс, халықтың көркемдік дүниетанымы. Бұған Зәкеңнің музыкалық қабілеті, яғни скрипкашылығы көмектескен.
Академик З.Ахметов шығыстанушы Т.Ковальскийдің түркі поэзиясы тарихында ұқсастық пайда болуын ерте дәуірге жатқызғанын қуаттайды. Академик В.Радлов түркі поэзиясындағы ұйқастың дамуы араб-парсы әдебиетінің әсерінен деп жазады. Ұйқасу реті аааб болып келу Шығыс халықтары поэзиясына тән. Түптеп келгенде, осындай ұйқасым тәртібі Абайда бар, тіпті Махмұт Қашғариде де қолданылған дейді. Яғни, өлең сөздің құрылымы – тарихи үрдіс.
Е.Бертельс Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасындағы кейбір поэзиялық мұралардың ұйқасқа құрылатынын орынды келтіреді. Академик В.Жирмунский мен Х.Зарифов түркі поэзиясындағы ұйқастың пайда болуын синтаксистік параллелизммен байланыстырады. Академик Зәки Ахметов ұйқастың соншалықты жоғары дәрежеде дамуына, кең қолданыс табуына ұлттық поэзия тілінің бейнелілігі, сөздің табиғи әуезділігі, сөйлеудің ырғақтық-синтаксистік түзілісі ықпал еткен деген тұжырым жасайды.
Ұлттық өлеңтану ілімі тарихында академик Зәки Ахметов ұйқастың фонетикалық жүйесіне, буын құрылысына, дыбыстар (дауысты, дауыссыз) үндестігіне, ырғақ табиғатына төркіндестігін терең зерделейді. Оның көрсетуінше, ұйқас – поэзияның басты сипаты, тармақ соңындағы сөздердің үйлесімі, дыбыстық жарасымдылықтар, өлеңнің ырғақтық-интонациялық құрылымының айрықша тұрақты тетігі. Ұйқас – өлең сөзді тармақтарға жіктеудің көрсеткіші. Ол көркемдік сана айнасында поэзиялық шығарманың ырғақтық жүйесіндегі негізгі элемент, тұтас буындарды әуезділікке көшіретін тәсіл. Асылында, ұйқастың ырғақ пен интонацияға ықпалы орасан, семантикалық, көркемдік мәні де ерекше.
Зәки Ахметов еңбегінде ұйқас құрамындағы дыбыстың сапасы, әуезділігі, толық мәндегі акустикалық сәйкестігі, сингармониялық үйлесімдігі, түрлері (толымды, толымсыз, құрамды, редифті) ғылыми-теориялық тұрғыдан байыпталады.
Ол ұйқасты ұлттық көркемдік дәстүрлердің баюымен, өлең құрылысының күрделеніп кемелденуімен біртұтастықта қарастырып, қазақ өлеңіндегі ұйқас жүйесінің жоғары деңгейде салаланып-сараланып дамуына ұлттық поэзия тілінің образдылығы, сөздің табиғи әуезділігі, сөй-леудің ырғақтық-синтаксистік түзілісі, ұлттың тарихи санасы ықпал еткен деген тұжырым жасайды.
Академик Зәки Ахметов түркі поэзиясындағы ұйқас гармониясы туралы ой өрбіткен шығыстанушылар Ф.Корш, В.Гордлевский, Т.Ковальский, Е.Бертельс, эпостанушылар В.Жирмунский, Х.Зарифов сияқты оқымыстыларды ілтипатпен атайды. Ғұлама ғалым шумақ құрылысына тән сипат-белгілерді былайша көрсетеді: 1) поэзиялық ойдың белгілі бір дәрежеде аяқталып тиянақталуы; 2) өлең сөйлемдері синтаксистік-ырғақтық тұрғыдан толық мүсінделіп, интонациялық толқындануының аяқталуы; 3) шумақтағы тармақ санының тұрақтылығы; 4) шумақ жасайтын тармақтарда ұйқас тәртібі қатаң сақталады.
Қазақ өлеңінің теоретигі халық поэзиясындағы ән-өлеңдерінің түрлеріне (өлең, қара өлең, айтыс, қайым, жыр, толғау, терме, тақпақ), қазақ ауыз әдебиетінің байырғы өкілдеріне (жырау, жыршы, ақын, өлеңші), көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі мен стиліне зейін аударады. Қазақстан мен Орта Азия жерінде жазба әрі ауыз әдебиеті жоғары дәрежеде дамығанын және 7 буынды өлеңдерді қолданғанын атайды.
Ал 11 буынды өлеңдер түркі халықтары поэзиясында, атап айтқанда, өзбек, әзербайжан, қарақалпақ, татар жырларында және тәжік-иран әдебиетінде бар. Ф.Корштың жазуынша, әзербайжанда 11 буынды өлең, ырғақтық өрнегі 5+6, 6+5 түрі кең жайылған. Осындай тоқылыс Ясауи хикметтерінде ұшырасатынын Зәки Ахметов те көрсеткен.
XVIII ғасырда 11 буынды қара өлең үлгісі кең қолданыс тапқан. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясына арналған «Елім-ай» қара өлең үлгісімен буырқанып-бұрсанып айтылған. О заманда туған кесек дастандар, айталық, Жанақ жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры және Абайдың «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт», «Вадим» шығармалары қара өлең түрімен кестеленген. Қиссалар да осылай.
Шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас құрылысына енгізген жаңалықтарын ғылыми-теориялық тұрғыдан тексеріп таразылайды. Әсіресе, Абай Пушкин өлеңінің мелодиялық байлығын, түпнұсқаның рухын, сырын, интонациясының нәзік реңктерін, ырғақтық суретін әсерлі жеткізгенін сипаттайды. Ауызекі сөйлеудің интонациясын кемелдікпен байытқанын тәптіштейді. Бұл орайда «Бай сейілді», «Ем таба алмай», «Тайға міндік», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Жалын мен оттан жаралып», «Қуаты оттай бұрқырап», «Қатыны мен Масақбай», «Қор болды, жаным», «Сен мені не етесің?», «Сегіз аяқ» өлеңдері жаңашылдық құбылыстарымен қызықтырғанын қадап айтады.
Поэзия мұхитынан, сұлулық дүниесінен жеміс терген, жемісін елге берген алтын ағаның білімдарлығына ділмарлығы, санаткерлігіне ар-ождан, рух тазалығы, көркем мінезі ұштасқан еді-ау! Иә, ғұламаның мұрасында ұлт тілінің керемет сыры, рухы, көркемдігі, тереңдігі, даналық дәрістері біліктілікпен сараланған.
1951 жылдың 5 қаңтарында «Абай және Лермонтов» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Осынау кесек зерттеуде Абайдың аударма саласындағы үздік өнеріне, сөз саптау шеберлігіне, көркемдік ойлау жүйесінің тегеурін-қуатына барынша терең талдау жасайды. Абайдың Лермонтовпен иық теңестіріп тұратындығын әрі бәсекелес те рухтас екендігін келісті әңгімелейді. Қыруар салыстыруларды жүйе-жүйесімен жіктеп тексереді. Абайдың Лермонтовты құштарлықпен аудар-ғанының себебін ол «ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп, өте-мөте бүйрегі бұрылып, ынтасы ауып, жүрегі қалап жақын тұтқанын зерделілікпен таразылап түсіндіреді.
Абай аударған Лермонтовтың «Ой» деген өлеңі жайында «Дүние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақылменен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға әбден берілген күйі де; жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан, көптің атынан айтқан, азулы күштілерге айтқан қатты наразылығы да – бәрі де осы өлеңнен молынан сезіледі» деп жазған. Демек, зерттеуші терең тамырластықты, төркіндестікті, сарындастықты аңғарған.
Задында, Зәки Ахметов абайтану мен лермонтовтануға жаңашыл құбылыстар енгізді. Жас ғалымның тұжырымды ой-пікірлерін академиктер Крачковский, Струве, Баранников, профессорлар Ефимов, Берков, көрнекті лермонтовтанушы
В.Мануйлов қолдап қуаттады. Сөйтіп, оқу мен жазуды, тыңдау мен сөйлеу өнерін, қысқа қайырғанда, бірнеше өнер түрін түбегейлі меңгерген рухани балғын қасиеттің иесі Зәкең зиялы ойшыл қауымның, озат та үлгілі ортаның барша жақсылықтарын бойына тұтастай сіңірді. Осы кезде ұлттық әдебиеттану ғылымының болашақ ту ұстаушысы ретіндегі алғышарттары қалыптасты. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғылыми жетекшісі, орхонтанушы С.Маловтың пікірін келтіре кеткен дұрыс. Ол кісі: «Шәкіртімнің ғылыми танымының тереңдігіне, зерделілікпен ой толғауына, білім деңгейіне және еңбексүйгіштігіне дән разымын» деген екен.
Зәки Ахметов 1965 жылдың 2 ақпанында докторлық диссертация қорғағанда академик-жазушы Сәбит Мұқанов былай деген: «Өлең құрылысы туралы бұрын да аз жазылған жоқ. Зәки Ахметов соларды түгелдей елеп-екшеп, ескеріп, қазақ өлеңін жаңаша пайым, таным, көзқарас, тарихи зерделілік тұрғысынан терең зерттеген. Оның «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты зерттеу еңбегі – бұған дейін айтылмаған толымды, көңілге қонымды пікірлер айтуымен құнды».
Академик В.Жирмунский Зәки Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» зерттеуін түркітануға және өлең теориясына қосылған бағалы еңбек деп есептейді.
Профессор Темірғали Нұртазин: «Өлең құрылысының нәзік құбылыстарын тамыршыдай дөп басып, жатық тілмен ұғынықты жеткізетін сирек талант иесі», – дейді.
Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Зәки Ахметов биік эрудициясымен баурайды, тамыр-тереңімен қопара тексереді, аса білгірлікпен, үлкен мәдениетпен, білімдіге тән әдеп-ибамен сөйлейді, жазады. Толғаныстары мен талдаулары жан-жақты, терең, кең. Жан сарайының кіршіксіздігі сондай, алыс-жақынға қылдай кінәрат келтірмейтіні былай тұрсын, өзінде тіпті тірі пендені жек көру сезімі атымен жоқ еді; адам атаулыға тек ғашық көзбен қарайтын. Қазіргі қазақ әдебиеттануының күмбезін тіреп тұрған күміс баған еді».
Ұлт санаткері Зәки Ахметовтің әдебиет тарихы мен теориясы, ұлттық поэтика мен өлең жүйесі, абайтану мен әуезовтану жайындағы монографиялары Қазақстанның гуманитарлық ғылымы тарихында жарқын белес болып есептеледі.
Серік НЕГИМОВ,
Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дың профессоры