Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының 55 мыңға жуық тұрғыны биыл тағы да шіркейдің шырмауында қалды.
Шеңгелдіні шіркейден құр қағаз құтқармайды
899
оқылды

Былтыр дәл осы уақытта ауданға қарасты барлық ауылды шіркей басып, жұрт көшеге шыға алмай қалған. Төрт түлік мал мен егін шаруашылығымен жан бағатын жұрт ерте көктемнен бастап, жаздың бел ортасына дейін үсті-басын тұмшалап, шіркеймен арпа­лысып шыққан. Облыс басшылығы мамандардың зиянкестерді дәрілеу жұмыстарына үлгермей қалғанын, жағдай ушығып бара жатқан соң ғана жергілікті билік әрекетке көшкенін ашық айтқан. Сөйтіп, жергілікті  билік шектен тыс көбейген шіркейге қарсы қауқарсыз болып шыққан. Жұрт тор бас киіммен, үсті-басын тұмша­лаумен әбіржіп, «Өлмес құлға келер жаздың» кебімен шіркей жойылатын шілдеге де жеткен-ді. 

Малдың төлін талап өлтірді

Өкінішке қарай, билік өткен жылдан сәл де болса сабақ алмапты. Баяғы жартас  – сол жартас. Кабинеттерінде өз жұмыс­тарын алаңсыз атқарып отыр. Ал Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасының маңа­йын­да орналасқан ауыл-аймақ тұрғын­дарын наурыз айынан бері шіркей әбігерге салып қойды. Қазір күн жылынған соң тіпті кө­бейді. Шаруалардың нағыз қарбаласы қы­за­тын уақытта қол байлап қойған шір­кей­лердің әлегі әбден титықтатып тұрға­нын айтады. Ауыл азаматтары әлеуметтік желі, БАҚ құралдары арқылы дабыл қағып жатса да, құзырлы орган өкілдері дәрілеп жатырмыз деген сырғытпа жауапты айтып, алаңсыз отыр. 

Шеңгелді ауылының тұрғыны Хамит Адасқанов ауыл жұрты соңғы 10 жылдан бері, яғни Көксарай су қоймасы салынғалы шіркеймен алысып, азапты күндерін өткізіп жатқанын айтты. Әсіресе, былтыр және биыл шіркейдің жөні бөлек. «Мұның барлығы да жүйелі дәрілен­беген­нің сал­дары. Ауыл шетінде дәрі шашып жүрген көлікті көріп қалдық жақында. Оның әлі пайдасын көрген жоқпыз. Сол баяғы жар­тас. Демалсаң мұрныңа, сөйле­сең аузыңа кіреді. Мал жайылымға түнде шығады. Күндіз қораға қамап отырамыз. Онда да қа­натты жәндіктер  қораның ашық жер­лерінен ішке кіріп кетеді.  Тауық балапан басуды қойды. Малды үйдің ішіне кіргізіп төлдетіп жатырмыз. Тіпті, кейде шіркей үйдің ішін де басып қалады. Аллер­гиясы бар адамдардың бет-аузы ісіп кетіп жа­тыр», – деп шырылдайды ауыл тұрғыны. Кеше ғана туған бұзау қаумалаған қанатты жәндіктерге таланып  өліп қалыпты. Шір­кей­дің талауына түскен құлындар да то­сын­нан келген тажалға шыдас бермей өліп жатыр.

Бұл – Шеңгелдідегі 100 шақты түтіннің жанайқайы. Одан бөлек, Балтакөл, Ба­йыр­құм, Көксарай, Арыс ауданының бірнеше ауылы да қосқанатты жәндік­термен арпалысып, күн өткізіп жатыр. Жасы мен кәрісіне дейін көшеде торлы бас киім, үсті-басы тұмшаланған киіммен жүреді. 

Балтакөлдік шаруалар егіс алқабына бару үшін жәндіктері сәл саябырситын уақытты, яғни қас қарайғанын күтетінін айтты. 

 Дәрілеуге 643 млн теңге бөлінген

Осыдан бір апта бұрын Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг өткізген жауапты сала өкілдері шіркеймен күресте қыруар тірлік атқарылып жат­қанын айтқан-ды. Облыстық энер­гетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезин­фекциялау жұмыс­тары­на, яғни 4 аудан мен 2 қалада шіркей­мен күреске бюджет­тен 643 млн теңге бөлін­генін жеткізді. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалса, қалғаны аумақты залалсыз­дандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысын беруге бағытталған. Демек, дә­рілеу шараларына 600 млн теңге қаралған.  «Көктем-жаз мез­гілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қос­­қанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі салдарынан елді­мекен тұрғын­дарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне зиянын тигізіп, алаңдатып отырғанын білеміз. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойында орналас­қан елдімекен аумақ­тарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезин­секциялық барьерлік өңдеу алаңы    6 492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көле­мі­не байланысты Сырдария өзені био­логия­лық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыс­тарды са­па­лы орындау мақсатында аудан, қала әкім­діктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды», – деген   Б.Полатбеков.

Ал зиянкестермен күресуге бірден-бір жауапты мекеме – Satti Tulik ЖШС дирек­торының орынбасары Қайрат Ерменұлы  шыбын-шіркей, масаға қатысты зерттеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырға­нын жеткізді. «Өңір бойынша 7 нүкте анық­талды. Бұл жерде биологиялық пре­параттар талапқа сай 2 рет қолданылды. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыс­тар­дың барысында 80-85 пайыз ұяны жой­дық. Ал 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз дер кезінде жұ­мыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түр­кістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыс­тарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр», – деп айды аспанға бір-ақ шығарды серіктестік директорының орынбасары. 

Серіктестік директоры орын­басары­ның айтуынша, мамандар шіркей ұяшық­тарының 85 пайызын жойған. Сонда ауыл халқы ұяшықтардың 10-15 пайызынан шық­­қан шіркеймен ғана алысып жүрген болып шығады. Жауаптылардың мұнымен шектелмей «Дер кезінде жұмыс жүргізіл­мегенде қазір Түркістан облысын шіркей басып қалар еді» деп шіренуін қалай тү­сінуге болады?! Бұл орайда шіркейге қатыс­ты жауаптылар айтқан цифрмен нақты жағдайдың арасы жер мен көктей сияқты. 

Желмен жан сақтаған жұрт

Отырар ауданының әкімдігі Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернә­сілдерінің жетілу ошағы болып отырғанын растайды. Отырар ауданы аумағындағы қанатты жәндіктерге қарсы гидрофаунаға зияны жоқ залалсыздандыру жұмыстары соңғы рет 2020 жылы «Көксарай» су реттегішінің шлюздері арқылы Түркістан облысы әкімдігінің Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасы тарапынан жүргізілген екен.  

Осы орайда 2020 жылы өңірде қанатты жәндіктерге зерттеу жүргізіп, олармен күрес жүргізуде едәуір нәтиже көрсеткен Алматы қаласындағы Зоология инсти­тутының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Перизат Есенбекованы сөзге тартқан едік. Ғалым былтыр және биыл шіркейдің шектен тыс көбейгені туралы естіп жатқа­нын айтты. «Біз 2020 жылы Түркістан облы­сында ғылыми жұмыстармен айна­лыс­тық. Қосқанатталырдың таралу оша­ғын зерттеп, оның әрбір нүктесіне мән бе­ріп, бірнеше даму сатысын күнделікті микроскоппен қарау арқылы анықтадық. Дернәсілдерді соңғы даму сатысына жетер-жетпес уақытында өлтіріп үлгеру керек. Соңғы даму сатысына жеткенде өлтіріп үлгере алмаса, ол ұшып кетсе пайдасы жоқ. Алайда біздің жұмыстың нәтижесіне  ешкім мән бермеді. Қаражат та төлеген жоқ. Ол кезде залалсыздандыру бойынша тендерді сайрамдық компания жеңіп алған», – дейді ғылыми қызметкер. 

Сала маманы биыл халықтың шулап жатқанына қарағанда дернәсілдер дер кезінде өлтірілмей қалып жатуы мүмкін екенін айтады. «Әйтпесе, сөзсіз бір нәти­жесі болуы керек қой. Қорытындысы неге көрінбей жатыр? Мұны облыс әкім­дігінің өзі тікелей бақыламаса болмайды», – дейді ғалым.

Ал біздің зиянкестермен күрес жүр­гізу тапсырысын ұтып алған серіктестік басшылығы 85 пайызын жойдық деп айды аспанға бі­р-ақ шығарды. Мұны  құр есеп үшін айтылған деуден басқа лажымыз жоқ. Себебі ауыл халқының дәл қазіргі жағдайы мәз емес.

Дәл бүгін оларды жел құтқарып тұр. «Бір кездері желден зәрезап болушы едік. Қазір жел тұрғанын тілейтін болдық. Жел болса шіркей де ұшып кетеді. Ауыл тұр­ғын­дарының барлығы көшеге шығып, жел басылғанға дейін шаруаларын бітіруге асы­ғады»,  – дейді шеңгелділік Хамит Адасқанов.

Жауаптылардың шіркейді қағаздағы есеппен жоюға тырысқан әрекетінің салдарынан жұрт желдің басылмауын тілейтіндей халге жеткен.  

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы