Жетісу жерінде құрылыс қарқынды. Жыл сайын жүздеген отбасы пәтерлі болып, мәдени-әлеуметтік нысандар да көптеп салынуда. Дегенмен Алматы облысындағы басты мәселелердің қатарында білім саласындағы үшауысымды және апатты мектептерден біржола құтылу бар.
Әр жылы осы бағытта қомақты қаржы қарастырылып, бірнеше мектептің құрылысы жүргізілгенімен, осыдан оншақты жыл бұрын айтылған үшауысымды білім ошақтарына қатысты күрделі жағдайдың күрмеуі әлі күнге толық тарқаған жоқ. Бұл мәселе бірінші кезекте облыстың Алматы қаласы маңында орналасқан аудандарында асқынып тұр. Мамандар мұның себебінің бірі ретінде еліміздегі шалғай ауылдардан жаппай қоныс аударушылардың басым бөлігінің тірлігіне тіректі Алматы сияқты алып мегаполистен іздейтінімен және нәпақа табу үшін қала маңын паналауға мәжбүр болатынымен түсіндіреді. Оңтүстік астана маңындағы ауылдар арасы соңғы жылдары бір-бірімен қосылуға жақындағанын, бір кездегі саяжайлардың тұрақты елді мекенге айналғанын өзіміз де көріп жүрміз. Сонымен бірге Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында ауылдардың іргесін кеңейтіп, үйлер салуға рұқсат еткенде, сонда тұратын адамдардың балалары баратын мектептер, адамдары емделетін денсаулық сақтау мекемелері және тағы да басқа мәдени-әлеуметтік мекемелер салуға арналатын жер телімдерін ойластырмауы мен жобаланбауы да қиындық туғызады. Күні кеше аймақты дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалармен танысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осы мәселелерге баса назар аударып, бірқатар жобаларға қатысты сын-ескертпелерін айтты.
Құрылыстың қарқыны жақсы болғанымен шешімін күткен тұстар да жетерлік. Әсіресе, білім саласы баса назар аударуды қажетсінеді. Былтыр осы салада 7,9 млрд теңге жұмсалып, пайдалануға берілген 23 нысанның 17-сі – мектеп. Бір облыста бір жылда 17 мектеп тұрғызу жаман дерек емес. Соған қарамастан республикалық жиындарда Алматы облысы үшауысымды мектеп мәселесін шеше алмай отырған аймақтар қатарында тұрақты аталады. Биылға жоспарланған 20 нысанның ішінде тағы 13 мектеп бар. Алайда олар да күрделі проблемаға нүкте қоя алмайды.
– Қазіргі басты міндеттердің бірі әрі бірегейі – үшауысымды мектептерден құтылу. Сондықтан биылғы жобаға енгізілген мектеп санын көбейтіңдер. Мүмкіндік болып жатса, жекеменшік секторды да ортақ іске қол ұшын беруге тартыңдар. Бұл бағыттағы жұмыстар тыңғылықты атқарылуы тиіс, – деп, салаға жауапты мамандарға жобаларды үстінен қайта қарап, пысықтап шығуды тапсырды облыс басшысы.
Дәл қазіргі кезде облыстағы 38 үшауысымды мектепте балалар қысылып-қымтырылып білім алуда. Соған қарағанда, жоғарыда айтылған, биыл салынатын 13 мектеп те білім ошағының жетіспеушілігін бір ыңғайлы ете алмайды.
Талдықорған қаласының да іргесі кеңейіп, қанаты жайыла түскен. Жаңа шағынаудандарда, коттеджді қалашықта тіршілік қызу. Соған сай биыл Талдықорған қаласының 8 шағын ауданында 1 200 орынды және коттедж қалашығында 900 орынды мектеп құрылысы қолға алынбақ. Қасындағы қала басшысынан білім ошақтарының құрылысы қашан басталатындығын сұраған Амандық Ғаббасұлы қанағаттанарлық жауап ала алмады.
– Жобалау жайын айтып ақталма. Биыл бастауға тиіссіңдер. Жұмысың әлі нашар. Қалаға қатыстының барлығын білуің қажет. Тыныштыққа әбден үйреніп алғансың. Оның барлығын доғар, – деп қала әкіміне ескерту берген облыс басшысы тапсырмалардың орындалуын қатаң қадағалайтынын есіне салды.
Жобаланған білім нысандарының сырт келбеті мен сызбасы да әкім көңілінен шықпады. Кейбір білім ошақтарына жаңалық енгіземіз дегендер тым артық кетсе, енді бір мектептер – тым қарабайыр. Жатақханаға қатысты жобаларға да назар аударып, материалдардың сапасын назарда ұстауды жүктеді. Биыл Талдықорған қаласында 4 жалдамалы баспана мен 31 коттедж, 2 несиеге берілетін үй құрылысын бастау жоспарланыпты. Жылдар бойы жұртты алаңдатқан «Қызылтас» саяжайы аумағындағы екі көпір тұрғызылатын болды. Талдықорған қаласындағы жолаушылар тасымалын реттеу мақсатында бірінші жартыжылдықта 36 жаңа автобус жолға шығады екен.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы