Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің басшылығына қатысты бірқатар қылмыстық істерді тергеп жатыр.
"Басқарма басшысы қызметтік міндеттерін орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бөлім бастықтарынан 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деп күдіктеліп отыр. Оның орынбасары мен басқарма басшысы жер телімін мемлекет қажеттілігіне алу кезінде бір топ адаммен кәсіпкерден бюджет қаражатын кедергісіз төлеу үшін алдын ала келісім бойынша бес миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді", - деді Шымкент сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Дәурен Ергарин.
Сот күдіктілерге қатысты бұлтартпау шараларын бекіткені хабарланды. Соталды тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәлімет жарияланбайды.
"Бұл ретте Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі", - деді Дәурен Ергарин.