«1941-1945 жылдар...» – бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, адамзат тарихы үшін де орны толмас қасіретті жылдар. Жарты Еуропаны шарпыған қан майданда аталарымыз жастығы мен өмірін қиып, от пен оқтың ортасында толарсақтан саз кешіп, елін-жерін жаудан қорғады. Сол майдан даласында жер құшқандары да қаншама. Ендеше, қаза тапқандарды қастерлеп, аман оралған майдангерлерді құттықтау – ұрпақ парызы. Осы парызды есте тұтқан «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы жыл сайын ардагерлерді ардақтап, құттықтап отыруды дәстүрге айналдырған. Осы жолы да ұлттық компания Астана қалалық «Ардагерлер кеңесі» ұсынған тізім бойынша 9 ардагердің үйіне барып, мерекелерімен құттықтап, бүгінгі бейбіт аспан үшін қарыздар ұрпақ атынан алғыс айтып қайтты. Қарт майдангерлерге сый-сыяпат толы кәрзеңке мен гүл шоқтарын, Акционерлік қоғам басшылығының құттықтау хаты мен ақшалай марапаттарын табыстады. Ашық хатта «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің әрбір ардагердің атына арнаған ыстық ықыласты тілегі жазылған: «Сізді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің батылдығыңыз, ерлігіңіз, абыройыңыз бен Отанға деген адалдығыңыз ұрпақтың жүрегінде және халықтың жадында өмір сүреді! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт және амандық тілеймін» делінген.
Көңілге қанша ауыр болса да жылдан-жылға қысқарып бара жатқан осы күнгі мерекелік тізімнен Қайыр Хасенов, Жақан Сейсебаев, Әбдірахман Сафаров, Рзағұл Байкешев, Михаил Кулик, Василий Сердюков, Екатерина Плужникова, Владимир Дровосеков, Раиса Сафоничева есімді ардагер қариялардың аты-жөндерін көруге болады. Жеңіс сарбаздарының алды бүгінде 100 жастан асып кеткен болса, кейінгілері 96 жасқа толған екен. Кейбірі түрлі себептермен үйлерінде болмаса да, компания өкілдері арнап әкелген сыйлықтарын олардың ұл-қыздарына табыстады. Ал осы күні көзіміз көріп, көңілін сұраған ардагерлердің дені тың, санасы ашық екеніне қуанып қалдық. Мәселен, Жақан ақсақал жасы 98-ге келсе де бізді өзі қарсы алды. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен ақсақалдың жады әлі де мықты. 3 қыз, 1 ұл, 9 немере, 19 шөбересі бар екен. Ұлының үлкені 70-тен, немересінің үлкені 50-ден асқан. Майдан даласының оқиғаларын күні кешегідей жыр етіп айтып отыр. Үш соғысқа қатысқан қария 1942 жылдан 1948 жылға дейін Германия, Жапония және Солтүстік Кореяның майдан далаларында 6 жыл жүріпті. Белоруссия майданынан бастап Украина, Латвия, Литва, Польша, Румыния елдерін азат етуге қатысқан. Берлинге 60 шақырым қалғанда Финляндияға жібереміз деп алып қалған. Осылайша, жеңісті шығыс Пруссияда қарсы алыпты. Одан кейін Қиыр Шығыс майданына аттанған. Әңгіме тиегін ағытса, Жақан ақсақалдың таңды таңға ұрып Жеңіс жолын жыр етуге дайын екенін аңғардық. Бір жағы өзіне әдеттегіден тыс көңіл аударғанына қуанып отыр, бір жағы сағыныш та бар. Кеудесіне орден-медальдарын тағып, бүгінгі күнді асыға күткені байқалады. Сол марапаттарының ең үлкені – «Отан соғысы» Қызыл жұлдыз ордені мен Гвардия медалі. Майданда дүркіндетіп ататын БМ-13 «Катюша» реактивті қондырғысының көздеушісі болған. 1942 жылдан бастап осындағы қажырлы қызметін ескеріп, әскери қолбасшылық 1944 жылы Белоруссия жерін азат етуге атсалысқаны үшін осы наградалармен марапаттаған екен. Майдангер қария бізді үлкен ықыласты ақ батасымен шығарып салды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бүгінгі құттықтай барған қай қарияның шаңырағында да ерекше бір мерекелік көңіл күй сезінеді. Қатары сиреп бара жатқан Жеңіс жауынгерлерінің төрі естелік суреттер мен жазбаларға толы. Тіпті, өздері жоқ болса да, ұл-қыздары келген қонаққа құшақ ашып, дастарқанын жайып күтіп отыр. Тоғыз ардагердің бірі – Қариялар үйінде өмір кешіп жатыр екен. Ондағы атмосфера да алабөтен. Қай қария да ұрпаққа өнеге естеліктерімен бөлісіп, тарихты парыз тұтқан кейінгі буынға арнап алғысын айтып жатыр. Ал ол парыздың ең игісі – Ұлы Жеңіс мерекесіндегі ардагерлерге деген тағзым-құрмет, бейбіт күнге деген берілген баға.