Қазір әлеуметтік желіде аккаунт ашып, ақша тауып жатқандар көп. Блогер дейтін бір топ қауымның қатары жыл санап артып келеді. Көбісінің күнделікті ішіп-жегенін көрсетіп, жарнама үшін жұртты жарға жығып жатқанының да куәсі болып отырмыз. Қажеттілігі бас пайдасынан аспайтын мұндай аккаунтардың қатарын соңғы уақытта ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты оятуға күш салып отырған әскери бөлімнің ресми парақшалары толтырып отыр.
Смартфонды қару еткен сарбаздар
1,156
оқылды

Осы орайда біз әлеуметтік желі арқылы әскери қызметтің күнделікті тіршілігін көрсетіп, жастардың бойындағы жігерді жануға жұмыс істеп жүрген әскери мобилографтарды әңгімеге тарттық. Олардың көзге көрінбейтін жұмысының артында ұрпақ тәрбиелеудегі орасан зор еңбек жатқанына куә болдық.

Идеологиялық жұмыс жемісін беріп келеді

Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздардың мойнына жүктелген жауынгерлік міндет­тердің қатары көп. Мәселен, олар халық­аралық маңызды шаралардан бастап елдегі түрлі мерекелік жиындар кезінде қауіп­сіздікті қамтамасыз етіп, күн сайын ел ты­ныштығын күзету керек. Сондай-ақ Ұлттық ұлан бөлімшелері сотталған әйелдердің, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуіне арналған қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін, түрмелерді және тергеу изо­ляторларын қоспағанда, қылмыстық-ат­қару жүйесінің қауіпсіздігі орта, барынша жоғары, төтенше және аралас мекемелерін күзетуді қамтамасыз етеді. Тіпті, маңызды мемлекеттiк объектiлердi және арнайы жүк­тердi күзетуге де қызмет көрсететін оларға төтенше жағдайлар оқиғаларының алдын алу да қоса жүктеледі. Ал арнайы мақсаттағы «Б» бөліністері ел аумағында қарулы қыл­мыскерлерді залалсыздандыру, заңсыз әскерилендірілген немесе қаруланған құ­рылымдар, ұйымдасқан қылмыстық топ­тардың әрекетіне тосқауыл қоятын арнайы операцияларға қатысуы тиіс. Міне, Ұлттық ұлан сапындағы әскерилердің атқарып отырған осындай маңызды қызметтері туралы бейнежазбаны бүгінде Инстаграм әлеуметтік желісіндегі national_guard_kaz парақшасынан көруге болады. Ұлттық ұланда баспасөз қызметінің маманы болып қызмет істейтін Мақсат Насыр ресми па­рақ­шаны өзі жүргізіп, мобилограф ретінде әртүрлі видеоролик түсіреді. 

– Әлеуметтік желідегі парақшамызды жасөспірімдер мен жастарды әскери қыз­меттің қыр-сырымен таныстырып, Отан қорғауға шақыру үшін аштық. Қазір де тек сол мақсатта бейнероликтер түсіреміз. Әскери салаға ауысып келгеніме бір жыл болды. Бірақ ер азамат болған соң әскери өмірге бала күннен қызығып өстік. Оның үстіне, бұрын «Жетісу» телеарнасында «Ел қорғаны» деген хабарда жұмыс істедік. Со­дан бері әскерге деген қызығушылық артып, қоғамдағы сарбаздың оң имиджін қа­лып­тастыруды мақсат еттім, – дейді Мақсат Насыр. 

Әскерилердің күндегі қызметін көрсету үшін көп техниканың да қажеті жоқ секілді. Себебі мобилограф ұялы телефоны арқылы да видео түсіріп, монтаждап, желіге салуға мүмкіндік көп. Сөйтіп жүріп-ақ бір жылдың ішінде Ұлттық ұланға кіретін барлық қыз­мет түрлерін шолып, желі қолданушыларына таныстырып шығыпты. «Жыл сайын өтетін түрлі оқу-жаттығулардан бастап түзеу мекемелеріндегі қарауылдық қызмет, ішкі қауіпсіздіктің қалқанына айналған сарбаз­дардың күнделікті жұмысын да жеткізуе тырыстым. Ұлттық ұлан дегенде елдің ішкі қауіпсіздігі елестейді. Көпшілік концерт­терде немесе халықаралық жиындарда ті­кеден тік тұрып қызметте тұрған сарбаздарды көреді. Алайда арнайы жасақтағы жігіттер мен кинологтардың оған дейін оқиға орнына барып тазарту жұмыстарын жүргізіп келетінінен хабарсыз. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» болатыны секілді, шараға дейін олар халықтың қауіпсіздігі үшін қыруар жұмыс атқарады. Ата-ана үшін баласының амандығы, оның не ішіп, не киіп жатқаны маңызды. Сондықтан біз ата-анасының сұрақтарына жауап беру үшін күн сайын сарбаздың сәлемін, олардың күн­делікті режимін, тамақтанып жатқан сәті­нен қызықты видеороликтер түсіріп отыра­мыз», – дейді ол.

Бастапқы кезде «әскери салаға қызыға­тындарды қалай жинаймыз?» деп бас қатырған сәттер де болған. Бірақ әлеуметтік желідегі жазбаларға қызығушылық та­нытып, күнделікті пікір қалдыратындардың саны күн сайын өсіпті. Қазір ресми па­рақ­шаның 69 мың жазылушысы бар. Олардың арасында Отан алдындағы міндетін атқа­рып, елі мен жерін қорғағысы келетін жас­тардан жиі хат келеді. Сондықтан моби­лограф әлеуметтік желідегі идеологиялық жұмыстар өз жемісін беріп келе жатқанын жеткізді. Десе де, әрбір бейнежазбаны жарыққа шығарар алдында жеті рет өлшеп, бір рет кесу дұрыс деген сөз. Өйткені жұрт­тың назарына ұсынуға болмайтын әскери құпияға абай болу аса маңызды.

«Парақшамызда тікелей эфирлерді де ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, сарбаз­дардың ант беру рәсімін міндетті түрде тікелей эфирде көруге болады. Ондай кезде қаралым жинаушылардың орташа саны 30-50 мыңға дейін жетеді. Бұл 69 мың жазы­лушысы бар парақша үшін желінің алго­ритмі бойынша жақсы көрсеткіш. Әрбір жазбадан соң кері байланысқа шығып жататын жазылушылар да көп. Ұлттық ұлан сапына қызметке тұруға сұранатындар бар. Әсіресе, Құрмет қарауыл ротасына қызығу­шылық танытатын жігіттер жетерлік. Сосын былтыр арнайы жасақтың балаларымен бірге сұранып, Жамбыл, Түркістан, Қызыл­орда облыстарындағы «Қарасора» жедел алдын алу шарасынан арнайы репортаж жа­садық. Өте жақсы қаралым жинады. Жа­сақ жі­гіттерінің қызметіне тәнті бол­ған­дардан оң пікірлер келіп түссе, ата-аналары, жа­қын­дары байланысқа шығып өз бала­ларын да осы қызметте көргісі келетіндерін айтып хат жазды», – дейді Мақсат Насыр. Мұндай әде­мі кадр түсіру үшін мобилограф кейде дрон мен бейнестудияның көмегіне жүгі­неді. Бәрінен маңыздысы кадрдың сәтті шығуы кәсіби жеделдік пен ашықтық қағидасын ұстануға байланысты. Әлеуметтік желідегі әскери тәрбиенің маңызын арттыру жұмысы мұнымен тоқтап қалмайтынын айтқан ол: «Алдағы уақытта Ұлттық ұлан сарбаздары туралы қысқаметражды фильм түсіру ойда бар» деп отыр.

Халыққа көзбояушылық ұнамайды

Қорғаныс министрлігіне қарасты Аста­надағы Құрлық әскерлерінің құрамындағы 68665 десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімінің бүкіл тынысын жұрт бұл күні Тик ток желісіндегі «Столичная бригада в/ч 68665» парақшасынан көріп отыр. Әскери бөлімшедегі тіршіліктің тамырын телефон арқылы жұртқа көрсетіп, жастардың жігерін жануға, Отан қорғаудағы міндетті мақсат еткісі келетіндердің қатарын көбейтуге жұмыс істеп келе жатқан аккаунтқа 38 мың оқырман жазылған. Ал олардың күнделікті хаты мен ұсыныс-тілектеріне жауап беріп, күн сайын сарбаз өмірін сымсыз телефонға түсіретін кәсіби мобилограф емес, қара­пайым әскери қызметкер болып шықты. 

Әскери бөлімнің мәдени бос уақыт ор­талығының бастығы, капитан Әлихан Ка­сенов әлеуметтік желідегі әскери бөлімнің парақшасын ашқанына бір жыл болыпты. «Бұл парақшаны ашудағы мақсат – жастар арасында үгіт-насихат жүргізу, олардың әскери өмірге деген қызығушылығын арт­тыру. Алғашында аккаунт ашу оңайға соқ­қан жоқ. Себебі Қорғаныс министрлігінің бұйрығы бойынша бөлімшеде ұялы телефон ұстауға болмайды. Сосын бейнеролик түсі­ретін кезде әскери тәртіппен жүріп қалған жігіттерді камера алдында жүріп-тұрғызу қиын еді. Көбісі камерадан қашады. Де­генмен алғашқы бейнероликтен кейін-ақ әлеуметтік желіде оң пікір жазған оқыр­манның көптігін аңғардық. Қазір әскери­лердің өздері сұранып, өз бөлімшелеріндегі қызметті көрсетуді сұранып жатады. Жа­қында бейнероликке түскен 15-20 әскери қызметші келіп алғысын айтып жатыр. Әскери қызмет болған соң тәулік бойы қыз­метте тұрады. Ондай кезде отбасында тү­сінбестік болуы заңдылық. Ал өз жолдасын, баласын желіде көріп жанұя мүшелері ара­сында түсініктіп орнапты. Кейбіреуі доста­рының алдында абыройы артып, жора-жолдастарының арасында маңызды қызмет­те жүргенін мақтаныш ететіндер бар. Күн­делікті әскердегі өмірді, сарбаздардың тыныс-тіршілігін барынша ашық беруге тырысамыз. Балаларының Отан алдындағы міндетті орындап жатқанын мақтан етіп, жылы лебізін білдіріп жататын ата-аналар бар», – дейді Әлихан Нұрымжанұлы.

Әлеуметтік желіде аккаунт жүргізуді әуесқой ретінде бастаған Әлихан қазір тәжірибелі мобилографтардың өзін шаң қаптырып, операторлыққа әбден машық­танған. Өзінің айтуынша, халыққа көзбояу­шылық ұнамайды. Сондықтан сарбазды шынайы өмірін көрсетуді бірінші кезекке қоятын ол: «Біздің парақшадағы бейнежаз­балар арнайы дайындықсыз түсіріледі. Біз көрерменге көзалдау жасағымыз келмейді. Сол үшін барлығы тосыннан түсірілген. Мысалы, жақында сарбаз асханасы туралы ролик түсірдім. Бір түнде ғана 700 мың қа­ралым жинады. Оқырмандардың тарапы­нан «комиссия келгендегі тамақ мәзірі», «арнайы түсірілген» деген пікір жазғандар бар. Шын мәнінде бұл видео тосыннан түсірілді. Таңертең жұмысқа келсем, сар­баздар асханаға кіріп жатыр екен, түсіре салдым. Бұл видеоны бірнеше сайттарда да көрсетті. Шынайы шықпаған дүниені оқыр­манның өзі де көргісі келмейтін еді. Біз әс­кердегі өмірді ғана көрсетпейміз, жастар ара­сындағы трендтерге қатысамыз. Мы­са­лы, таяуда сондай бір видеоролик бір деген­нен 1 млн 300 мың қаралым жинады», – дейді. 

Бүгінде әскери бөлімшенің әлеуметтік желідегі парақшасы тәулік бойы тынбайды. Бір тәулік қаралмай қалса, хат қоржынға келген хаттарды оқудың өзіне біраз уақыт кетеді екен. Ал әрбір оқырманның сауалына жауап беруге әскери қызметкердің уақыты шектеулі болғандықтан, кейде оқырман сұрағына кешіктіріп жауап беруге тура келеді. Айтпақшы, әскери бөлімшенің әлеуметтік желідегі парақшасы да темірдей тәртіпке бағыну керек. «Азаматтық өмірдегі блогерлер секілді кез келген дүниені өз бетімше сала алмаймын. Түсірген бейне­роликті алдымен бөлім командирі, тәрбие жөніндегі орынбасар, құпия бөлімдердің бастықтары көреді. Құпия ақпараттың бар-жоғы тексерілген соң ғана саламыз. Сосын бізге келген хаттар мен пікірлерге де сараптама жасаймыз. Бірақ теріс пікірлерді де ешқашан өшірмейміз», – дейді ол. 

Әскери бөлімшенің оқырмандарының арасында десантшы атанып, арнайы мақ­саттағы бөлімшелерге жұмысқа тұрғысы келетіндер көп. Олардың арасында әскери қызметке қызығатын қыз балалар да бар. Ал қазақ әскерінің келбеті саналатын десант­шы-шабуылдаушы бригаданың бүгінгі келбетіне қызығушылық танытушылардың жас айырмашылығына келсек, жазылу­шылардың 76 пайызы – еркектер, ал әйел­дердің үлесі – 24 пайыз. Оның ішінде 18-24 жастағылар – 28, 25-34 жас аралығындағылар – 38, 35-44 жастағылардың үлесі 22 пайызды құрайды. Парақшаның 91 пайыз оқырманы қазақстандықтар, 54 пайызы украин, 3 пайызы қырғыз, ал Беларусь пен Өзбекстан 1 пайыз екен. Алайда оқырман арқылы аккаунтты коммерциялық мақсатта қолда­нудың қажет емес екенін айтқан Әлихан Нұрымжанұлы: «Бізге ақша табу мақсат емес, бізге керегі сол, қоғамдағы әскер тура­лы қатып қалған қатаң түсінікті жойып, жас­тарды патриоттық рухта тәрбиелеу», – дейді. Сондықтан да болар, Қорғаныс ми­нистрлігі арасындағы ресми парақшалардың арасында ол жүргізетін әлеуметтік желідегі аккаунттың қаралымы жоғары. 

Жадыра МҮСІЛІМ