Біз үшінші мегаполистің шет аймағы саналатын «Сәуле» шағынауданында орналасқан №35748 әскери бөлімінде болып, сарбаздардың өмірімен танысып қайттық.
Жаңа қабылданған сарбаздар үйретілуде
Аумағы бірнеше гектарды алып жатқан әскери қалашықта сарбаздардың үй-жайы, жатын орнына арналған казармалардан бөлек әскери қызметшілердің көпқабатты қызметтік үйлері сонадайдан көз тартады.
Біз барғанда сарбаздар сап түзеп, жаттығу шараларын жүргізіп жатыр екен. Батальон штаб бастығы, капитан Әли Айдын бізге сарбаздардың өмірі мен тыныс-тіршілігінен хабар беріп, таныстырып жүрді.
Капитан алаңда еліміздің 3 өңірінен, яғни Қостанай, Алматы және Қонаев қалаларынан 1 апта бұрын ғана әскер қатарына қабылданып, осында келген жас сарбаздардың дайындық шараларын жүргізіп жатқанын айтты. Әр аймақтан келген 146 сарбаз мұнда 1 ай бойы әскер өміріне бейімделіп, шынығады. Одан соң көрші қалалардағы әскери бөлімдерге бөлінеді. Мәселен, Алматыдан келген 50 сарбаздардың тең жартысы осында қалса, қалғаны «Жібек жолындағы» әскери бөлімге жіберіледі. Сол сияқты Сарыағаштағы әскери бөлімге де біразы бөлінеді. «Қазір жастардың көзқарасы өзгерген, олар әлдеқайда тез дамып жатыр. Оларды тәрбиелеудің басқаша амал-тәсілдері керек. Сол себепті Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы жас сарбаздарды жаңаша тәсілдермен баулу үшін «Отар» гарнизонында бөлімдегі өте тәжірибелі, ең үздік деп іріктеліп алынған офицерлер мен сержанттарды оқытып, білімін жетілдіріп, тесттен өткізіп жібереді. Жаңа жүйе аясында сарбаздарды идеологиялық тұрғыда тәрбиелеу аса маңызды рөл атқарады. Ең алдымен олардың әскерге не үшін келгенін, мұнда жүрудегі басты мақсатын ұғындыру қажет. Күн сайын таңертеңгілік сапта баптар мен жарғылардың түрлерін, яғни сарбаз сарбазды ұруға, адам адамды балағаттауға болмайтынын, ондайға жол бергендерге қатаң шара қолданылатынын түсіндіреміз. Дәл қазір мұнда бөліміміздегі сайдың тасындай іріктелген офицерлеріміз сарбаздарды әскери өмірге бейімдеп жатыр», – деді штаб бастығы бізбен әңгіме барысында.
Байқағанымыздай, сарбаздар мұнда сапта жүруді, өзін ұстауды және автоматты жерден көтеру сияқты алғашқы дайындықтардан өтеді. Қонаев қаласынан сәуір айының соңғы күндерінде келген жас сарбаз Рамазан Рүстемовтің көзінен от байқадық. Отан қорғау алдындағы борышын өтеуге келгеніне ризалығын жеткізді. «Ата-анам да әскери адамдар. Бала күнімнен мен де әскер қатарында болуды қалайтынмын. Сондықтан мұндай форманы киіп, Отан алдындағы борышымды өтеуге дайындалып жатқанымды сезіну бойыма күш-жігер, отаншылдық рух береді. Мұнда келгенімде салмағым 116 келі болатын. Қазір күнделікті дене шынықтырып, жаттығулар жасаудың нәтижесінде салмағым 106 келіге түсті. Өзімді жеңіл сезініп келемін. Әскер өміріне де үйреніп қалдым»,– дейді жас сарбаз.
Фильмнен әскер әрекеттерін көреді
Одан соң сарбаздардың үй-жайы саналатын казармаға беттедік. 1-ші және 2-ші қабат толығымен жас сарбаздардың жататын, сабақ оқитын орындарына арналған. Жатын төсектерінің жанындағы тумбаларға барлығына бірдей күнделікті пайдаланатын заттар қойылған. Ақ жағаларын күн сайын жуып, үтіктеп алады екен. Тұрмыстық бөлмеде үтік, шаш үлгісін реттейтін заттар орналастырылған. Одан кейінгі сабақ өтетін сыныптарда сарбаздар қолбасшының ұсынысымен бекітілген әскери фильмдер көріп отыр екен. Әрине, офицер фильмнің кейбір тұсынан тоқтатып қойып, ондағы соғыс тактикасын, идеологиялық тұрғыдағы әскерлердің әрекетін түсіндіріп жатыр. Фильмді жай ғана көріп қоймай, әрбір деталіне мән беру керек екені айтылуда. Тағы бір сыныпта жалпы әскери жарғылар үйретілуде. Мұнда да телевизор қойылған. Сабақ барысында қазір әлемде болып жатқан соғыстар төңірегінде сөз болып, ондағы қолданылып жатқан техника да назардан тыс қалмайды екен.
Әрбір жатын бөлмеде бейнебақылау қойылыпты. Оларды 24 сағат бойы арнайы наряд тапжылмай бақылап отырады. Мұнда сарбаздар ротасының таңертең ұйқыдан оянып, кешкі жатар орынға дейінгі әрбір уақыты, яғни күн тәртібі түзілген. Сабақ кестесі бөлек.
Таңғы сағат 6.40-та ұйқыдан оянып, төсек жинап, жуынған соң таңғы жаттығуға кіріседі. Онда аяқ және қолға арналған жүру және 1 000 метрге дейін қашықтыққа жүгіру бекітілген. Қарусыз
есепке қоян-қолтық ұрысы дайындығы да бар. Сағат 7.40-та таңғы ас мерзімі. Таңғы астан шығып, бір орында және жүру арқылы қарусыз қозғалыс жасау саптық жаттығуы. Взвод командирлері оларға әскери қызметшінің ортада қауіпсіздігі, өртке қарсы қауіпсіздік шараларын жеткізеді. Сағат 9.50-ден бастап жалпы әскери жарғы даярлығы аясында сабақтар басталады. Онда бұйрық беру, бұйрықты тыңдау, оны бұлжытпай орындау сынды жарғылар түсіндіріледі. Одан кейінгі сабақта әскери қызметшінің міндеттері оқытылады. Қарумен және қарусыз жүру барысындағы саптық даярлықтан соң түскі ас. Сағат 15.00-ден кейін тағы дене даярлығы, сапта жүру, командирге бару сияқты жаттығулар үйретіледі. Кейін өзіндік дайындық барысында олар қаруларды жинап, шашу тәсілдерін үйренеді. Кешкі сағат 18.00-ден бастап бұқаралық спорт түрлерімен айналысады. Жігіттер сағат 19.40-тан 22.00-ге дейінгі уақытты жеке қажеттіліктеріне арнайды екен. Кестеге «Хабар» телеарнасын көру бекітіліпті. Бұл жас сарбаздардың бір күнгі күн тәртібінің кестесі. Келесі күні де дәл осыған ұқсас шаралар қарастырылған. Олардың қатарында бекітілген уақытқа газтұмылдырық киіп үлгеру, атыс даярлығы, сарбаздың соғыс кезіндегі әрекеттерін үйрету шаралары бар. Тәрбие жұмыстары да қарастырылған. Ал демалыс күндеріне арнайы жоспар бекітілген.
Сарбаздар мөлшермен тамақтанады
Сенбі, жексенбі күндері кешкі сағат 17.00 мен 18.00 дейінгі аралықта ұялы телефонмен сөйлесуге уақыт беріледі. Одан бөлек, взвод командирлері сарбаздардың ата-аналарымен арнайы WhatsApp желісінде чат ашып қойған. Егер демалыс күндері ата-анасы, туысы келетінін хабарласа, оған уақыт бөлінеді. Карантин сынды шектеу шаралары болмаса, оларды сыртқа сейілге жіберуге де мүмкіндік қарастырылыпты. Мұнда ата-ана мен баласының қауышу, кездесу бөлмесі бар. «Иә, ата-аналар балаларына тәттілер әкеліп жатады. Бірақ оған рұқсат берілмейді. Себебі біз олардың асқазанын күнделікті ас-ауқат мөлшеріне үйретіп жатырмыз», – дейді капитан.
Асханаға күн сайын бір әскери қызметші арнайы кезекшілікке тұрады. Ол мұндағы тазалықты, тағам мөлшерін, сарбаздардың келетін уақытын реттеп бақылап, үйлестіріп тұрады. Ал сарбаздардың күнделікті ас-ауқаты құндылығы ағзаға пайдалы, калориясы жоғары тағамдармен бекітілген. Барлығы да мөлшермен беріледі.
Әскери қалашықта монша, спортзал, жаттығу алаңдары қарастырылған. Механизмді бригада болғандықтан, мұнда техниканың барлық түрі кездеседі. Ұрыста жүру машинасы, танктер, жүк көліктері, зеңбірек түрлерінің барлығы да әскери техниканы сақтайтын паркке қойылған.
Мұнда жас сарбаздардан бөлек әскер қатарына қабылданғанына 6 ай болғандар да бар. Бірақ олардың жатын орны бөлек казармада. «Біз жаңадан келгендер мен бұрынғыларды мүлдем қоспаймыз. Тіпті, асханаға бару уақытының арасына да үзіліс қойылған. Бұрынғы сарбаздар мотоатқыштар батальонында. Қазір өз роталарында взводтарына бөлініп, жауынгерлік дайындық үстінде. Дәл қазір материалдық базаны қысқы кезеңнен жазғы кезеңге ауыстырып жатыр. Әр взводтың өзіне бекітілген рөлі бар. Сол лауазымдары бойынша сабағын өтеді», – деп атап өтті Әли Айдынұлы. Әскери бөлімде 6 батальон бар. Мотоатқыштар батальоны, артиллериялық дивизионы, зениттік және штабтық, материалды қамтамасыз ету батальондарына бөлінген.
Біз сарбаздарға 1 жыл көлемінде барынша әскерге керекті дүниелерді үйретеміз. Әскери жаттығулардан бөлек психикалық, идеологиялық тұрғыда сабақтар өтіп, патриоттық сезімін оятып, физикалық және моральдық тұрғыда дайын сарбаз етіп жібереміз», – дейді тағы бірде штаб бастығы.
Осылайша, әскери гарнизонның жауынгерлік дайындығын, оқу корпусы мен жатын орнын көріп, әскер өміріне қанықтық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етер айбынды әскеріміздің барына марқайып қайттық.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы,
Назгүл НАЗАРБЕК (фото)