Матростарды мақтанышпен қарсы алғандардың қатарында Астана қаласы қорғаныс істері департаменті мен қалалық әкімдік өкілдері, Қарулы Күштердің және Ауған соғысы ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілері, сондай-ақ матростардың ата-аналары қатысты.
Осыдан тура бір жыл бұрын елордадағы Жастар сарайында Әскери теңіз-күштеріне баратын жастар үлкендердің ақ батасын алып әскерге аттанған еді. Енді, міне көзді ашып-жұмғанша бір жыл уақыт зырғып өтіпті. Әскери-патриоттық шығарып салу рәсімін ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл тек әскерге баратын жастардың ерік-жігерін жанымайды. Мұндай тәрбиелік мәні бар игі іске куә болғандардың да көңілін толқытып, зор жауапкершілікті қуанышпен қабылдауына септігін тигізеді. Мәселен, сарбаздарды шығарып салуға келген 720 оқушы ертеңгі күні ел мен жерді қорғап сарбаз атанады. Алдыңғы толқын ағалар атқарған абыройлы міндетінен кейінгі толқын інілері өнеге алса, «ел қорғаны» деген қасиетті сөздің қадірін білуді қанына сіңіріп өсері хақ. Сондықтан олардың әскерден оралуын да салтанатты түрде қарсы алудың өзіндік мәні бар. Мәселен, үйіне қайтқан сарбазды қарсы алушылардың ақжолтай тілегі мен ақ батасы көпшілікті ойлантып, бойында мақтаныш сезімін тудырмақ.
Осылай деген «Қарулы күштердің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов туыс-туғанның ортасына оралған теңізшілерді құттықтап, азаматтық өмірге бейімделіп, болашағына дұрыс бағдар жасай білуіне тілектестік білдірді. Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Жұмабек Хасенов те «әскер» атты өмір мектебінен өткен матростардың барлығын Отан қорғау жолындағы абыройлы міндетін атқарып келуімен құттықтады. «Әскерге барған әр сарбаз шыңдалып, шынығып келді. Олардың бәрі әртүрлі қару-жарақтан атуды үйренді. Жауынгерлік кемелердің жорығына қатысып, Әзербайжан, Иран, Ресей порттарында, нақты әскери кемелердің бортында болды. Бүгінде теңізшілер ғана емес, әскери-теңіз күштерінің кеңеюін көрсететін десанттық-шабуылдау батальонының сарбаздары да бар. Өйткені бұл – Каспий маңы өңіріндегі егемендігіміздің кепілі», – деді ол.
Мерзімді әскери міндетін өтеп келген запастағы матрос Айболат Аманкелді болашақта әскери сала бойынша білімін шыңдап, Отан қорғау жолындағы міндетін жалғастыруды жоспарлап отыр. «Әскери тәртіпке бейімделіп, төзімді болуды үйрендік. Көптеген дос таптым. Әскер жастарға үлкен мүмкіндік ашып отыр. Келісімшарт бойынша қызметті жалғастыруға немесе ҰБТ тапсырмай жоғары білім алуға болады. Әркімнің жүрек қалауы шешеді», – дейді ол.
Матрос Мұхаметжан Жанахметов те «Қызмет алдында қорқыныш болды, бірақ уақыты келгенде қорқатын ешнәрсе жоқ екенін білдік» деп отыр. Көп нәрсені үйретіп, үйден жырақта жүріп жақынның қадірін сезіндірген сарбаз өмірі туралы жеткізген ол: «Бұрын білмеген қару асынып, өзімді сарбаз ретінде сезіну, тіпті әскери кемеге бару – қызықты әрі тәжірибеге бай кезең болды. Өмірімде осындай кезең болғанына қуанамын», – дейді. Әскер өмірден өз жолын табуына және барды бағалауды үйреткенін айтқан матрос Мақсат Досбаев болса бір жылдың өзінде алдағы арман-мақсатын айқындап, ары қарай қандай таңдау жасау керек екенін бағамдап келгенге ұқсайды. Сондай-ақ ол берері мол, көкейге түйдіргені көп Әскери теңіз күштеріндегі десанттық шабуылдаушы батальон құрамына алғысын білдірді.
Білектің күші, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен қорғап келе жатқан кең-байтақ жердің әр тасын сақтап, ел қорғау ісіне ерекше мақтанышпен кірісуге келешек ұрпақты үндейтін шараның тәрбиелік маңызы осында жатыр. Сарбаз атанып, әскерге барған әрбір матростың бойын мақтаныш сезім кернесе, олардың әр сөзіне елітіп өскен ертеңгі ұрпақтың да рухы мықты, еңсесі биік болары анық.
Ж. АСҚАРБЕК