Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР ПӘ ҚХАХ меңгерушісі Марат Әзілханов, депутаттар, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен ҚХА кафедралар қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ сарапшылық қоғамдастықтың басқа да өкілдері қатысты. Модератор Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясат ғылымдарының кандидаты Талғат Қалиев болған болса, Мәжіліс депутаты Никита Шаталов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Элина Паули, ҒжБМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, QAZAQSTAN республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Илхам Ибрагим, Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев, ҒЖБМ Ғылым комитеті Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы (PhD) Жақсылық Сәбитов және тағы басқалар спикерлер ретінде сөз сөйледі.
Алаң шеңберінде жалпыұлттық бірегейлік, мемлекеттік тіл мен БАҚ-тың азаматтық бірегейлікті нығайтудағы маңыздылығы талқыланды. Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, барлық этникалық топтар арасында мемлекеттік тілді ілгерілету, этносаясаттың біртұтас, дәйекті түрде жүргізілуіндегі ғылымның рөлі, этникалық БАҚ-тарды дамыту және танымал ету жайы, сондай-ақ ҚХА-ның кезекті XXXII сессиясында Мемлекет басшысы қозғаған мәселелер бойынша алдағы жұмыстың негізгі бағыттары сөз болды.
Министр Дархан Қыдырәлі өзінің алғы сөзінде «Көзқарас» алаңы этносаралық саланы нығайту мен дамыту бойынша ғылыми-сарапшылық қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы үшін платформа бола алатынын атап өтті. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен XXXII сессиясы шеңберінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін ғылыми-әдіснамалық негізді дайындауда ғалымдар мен сарапшылардың ерекше рөлі туралы еске салды.
«Бірінші мәселе жалпыұлттық бірегейлік немесе ұлт немесе ел болып қалыптасу туралы екенін білесіздер. Бұл жердегі терминдерді ғалымдарымыз айқындау керек қой деп ойлаймын. Ұлт болып ұйысу, жұрт болып жұмылу – ұдайы жүретін процесс. Тарихқа қарасақ, қазақ халқының қалыптасу жолы арысы сонау қағанаттар кезеңі, қазақ хандығы кезеңі болса, бергісі Алаш пен азат ел болғанға дейінгі сан түрлі сынақтардан өтті. Қысқаша айтқанда, қазақ халқының тарихы бірігі мен кірігуден тұрады. Ұлт немесе ел ұғымын этностық тегіне ғана емес, баршаға ортақ құндылықтар мен азамат концепциясы негізінде қалыптастыру немесе қарастыру маңызды. Осылайша, елдің әрбір азаматы өзін біртұтас елдің ажырамас бөлігі ретінде сезінеді. Екінші мәселе – жалпыазаматтық бірегейлікті нығайту факторы болатын мемлекеттік тілді дамыту. Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі – елдегі басым бағыттардың бірі. Мемлекеттік тілді жалпыазаматтық интеграцияның тиімді құралы, ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістігіне жол ашатын тетігіне айналу керек екендігіне Президентіміз айрықша тоқталды. Үшінші мәселе – жалпыұлтық бірегейлікті нығайту мен қоғамдық келісімді қалыптастырудағы БАҚ рөлін күшейту. Біздің министрлік бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Түрлі этностардың басылымдарын гранттармен қолдап отыр. Төртінші мәселе – этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ғылыми сарапшылықты қамтамасыз ету. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің баяндамасында этносаралық саясат ғылыми тұжырымдарға негізделуі керек деген болатын. Осы ретте Үкіметке осы бағытта терең талдау жасалған тиісті сараптамалық баяндама жасауды тапсырды. Осыған орай, сіздерді осы маңызды құжатты дайындауға атсалысуға шақырамын», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Алаң спикерлері өз сөздерінде азаматтардың әлеуметтік-саяси процестерге қатысу дәрежесін арттыру және жастар бастамаларын кешенді қолдау негізінде жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселелерін қозғады. Әлеуметтік келісімді нығайту үшін мемлекеттік тілді ілгерілетудің тәсілдері мен әдістері талқыланды. Сонымен қатар этникалық БАҚ-тарды дамыту, контент үйлестіру және бірлік пен өзара түсіністікке негізделген құндылықтарды жан-жақты ілгерілету сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.
«Президент өз сөзінде біртұтас ұлт туралы айтты. Мұндағы айтылар ой ұлттың саяси ұлт ретінде әрі қарай дамуын көздейді. Бұл тұста жаңа ұлттың пайда болуы немесе ұлттың жаңаша сипатын енгізу туралы қате ой болмау керек. Оны қоғамға дұрыс жеткізуіміз керек. Ол үшін әуелі ұлт ұғымын ғылыми тұрғыдан дұрыстап түсініп алайық. Оның екі мағынасы бар. Біріншісі – этникалық ұлт болса, екіншісі – саяси ұлт тұрғысынан қарастыру. Этникалық ұлт дегеніміз – бізге ата-анамыздың қаны арқылы тараған ерекшелік. Бұл біздің шығу тегімізді білдіреді. Ал саяси ұлт дегеніміз – азаматтық келісім арқылы қандай да бір игіліктерге қол жеткізіп отырған бір елде тұратын адамдардың тобы. Әрине, осы екі тәсілдің таза ұстанымдарын заманауи өмірде кездестіру мүмкін емес деуге болады. Әрбір қауымдастық ұлт ұғымының өзіндік ұстанымдарын қосып алады. Кейбір мемлекеттер басында этникалық ұлт негізінде қалыптасқан болса, кейіннен миграция мен жаһандық миграция есебінен саяси ұлтқа айналып кетті. Мысалы, Франция мемлекеті. Франктар ғана қоныстанған ел қазір француз ұлты мекендейтін елге айналды. Онда азаматтығы бар адамдардың барлығы өздерін «французбын» деп санайды. Олар шыққан тегінің алжирлық, фломант екендігін жоғалтпай, өзін саяси ұлт тұрғысынан «француз» деп атайды. Қазаргі заманда дамыған елдердің басым бөлігі саяси ұлт аясында қалыптасып келеді. Мен сол мемлекеттің азаматымын дегеннен гөрі, мен сол саяси ұлттың өкілімін деген ұстанымдар нығая түсуде. Біздің де осы үрдістен айналып өте алмасымыз анық. Сондықтан оны қандай сипаттау қабылдау қажеттігін ойлануымыз керек», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР ПӘ ҚХАХ меңгерушісі Марат Әзілханов.
Іс-шара барысында спикерлер осы күн тәртібіндегі төрт мәселе бойынша пікір алмасты. Осы реттен алғанда бұл жиынды аралық меже деуге болады. Өйткені алға қойылған міндеттерді сапалы іске асыру мақсатында алдағы бірлескен жұмыстардың негізгі векторлары анықталды. Ұлт пен тіл мәселесін ҚХА алдағы уақытта түрлі алаңдарда талқылайтын болады. Солардың негізгісі «Көзқарас» талқылау алаңы болмақ. Түпкілікті шешім сол уақытта қабылданбақ.
Нұрлан ҚОСАЙ